Өндірісте өз орнымды табуға себеп болған өр тұлға

0
2518

Қазақта «жақсыдан шарапат» деген бір тамаша сөз бар. Тегінде, жақсы адамдардың пейілі баршаға шұғыласын тең шашатын күн сияқты ғой. Алыс жүрсең де сәулесі түсіп, жүрегіңді жылытып тұрады. Кез келген адам баласы бұл өмірде жақсы көретін адамына қолынан келетін жақсылығын жасағысы келіп тұратыны белгілі. Менде сондай әсерде жүрмін. Шалғайда жүрсе де, қолынан келетін жақсылығын жұртқа жасағысы келіп жүретін Кочинге не жасасам деп ойладым. Ол – өмір жолымдағы тәрбиелі тәлімгерім, «ардагер құрылысшы», құрылыс саласының құрметті құрылысшысы, білікті басшысы – Владимир Федорович Кочин! Осы бір азамат туралы қолға қалам алмаққа оқталғанда, тіліме «Өндірісте өз орнымды табуға себеп болған өр тұлға» деген тіркес орала берді. Шынында да, мені қызмет баспалдағымен көтерілуіме ықпал еткен адамдардың бірі де, бірегейі де осы Владимир Федорович болатын.

Құрылыс қайраткерімен етене таныстығым сонау жетпісінші жылдардың аяғында басталып еді. Ол кезде Кочин мырза Арқалық қаласындағы Ауырқұрылыс министрлігіне (Минтяжстрой) қарайтын облысымыздың жетекші тресі саналатын құрылыс «Торғайалюминстрой» тресінің басшысы қызметін атқаратын. Торғайда, таза қазақы ортада өскен менің орысшамның онша оңып тұрғаны шамалы. «Орыс тілін білмесең, нан тауып жей алмайсың» дейтін заманда, өзге ұлт өкілінің қазақ баласына жанашырлық танытып, арқадан қағуы – оның жүрегінің кеңдігі, көрегендігі емей немене?! Ол адамды ұлтына, тегіне қарап емес, істеген ісіне, біліктігіне сай бағалайтын ой өресі биік, парасатты басшы. Кеңес уақытында өндірісте басшылардың көзі түскен маманды баптап, тәрбиелеп, дұрыс жолға салып жіберетін дәстүр бар еді. Владимир Федорович маған солай тікелей тәлімгерлік танытып, көп нәрсеге көзімді ашты.

Қазір өткен күндерді есіме түсіріп отырсам, институтты (ЦИСИ) бітірісімен жолдамамен жаңадан ашылған облысқа келіппін. Мені бірден жұмысқа аға прораб қылып қабылдап, ашылғанына 1-2 жыл болған Валиханов атындағы совхозға жіберді. Мен құрылыс шебері (мастер) болып істегім келетінін айтсам да, онымды құлақтарына ешкім ілмеді. Кейін, жұмыстың ретімен Арқалық қаласына ауысқанымда тәлімгеріммен жиі кездесіп тұрдық. Кездесетін жеріміз Арқалық қаласының қалалық партия комитетінің ғимараты болатын. Онда қала басшылары бізден құрылыс саласының қарқынын сұрайтын, сол кездері тәлімгерім (Кочин В.Ф.) мені сыртымнан бақылап жүр екен. Бір күні ол мені өзіне жұмысқа шақырды. Мен осылай бір күнде облыстың жетекші тресінің «Промстрой» құрылыс мекемесінің бас инженері болып шыға келдім.

Мен «Тәуелсіздік тартуы» кітабымда басылған «Өшпейтін өнеге иесі» атты естелігімде мемлекет және қоғам қайраткері Еркін Нұржанұлы Әуелбеков туралы ойтолғамымда Владимир Федорович туралы бірнеше мәрте ілтипатпен еске алған екенмін. Иә, менің өмірде тұлға болып қалыптасуыма осынау екі тұлғаның да ықпалы ерекше болатын. Орайы келіп тұрғанда сол естеліктен үзінді келтіре кетейін: «…Әуелбековтің ауыл шаруашылығының тәжірибелі әрі аса шебер ұйымдастырушысы екенін жақсы білетін, «ұлтымыздың көсемі» атанған Димекең – Дінмұхамед Қонаев оны ашылғанына 6-7 жылдай болған жаңа Торғай облысына І хатшы етіп жіберді. Экономикасы даңғыл жолға түсе қоймаған, кем-кетігі жеткілікті жаңа облысқа Ерекең – Еркін Нұржанұлы Әуелбеков кемелденіп, ел ағалығына иек артқан кезі 48 жасында келіп еді. Өткен ғасырдың 80-ші жылының көктем күндерінің бірінде маған трест басшысы Кочин Владимир Федорович телефон шалып, ертең біздің басқармамызбен танысуға және салып жатқан нысандарымызды көруге облыс басшысы Әуелбековтің келетінін айтып, дұрыстап дайындалуымды тапсырды. «Менің басқарма бастығы тұрғанда басқармамыздың қандай жұмыстар атқаратынын менің мәлімдегенім қалай болар екен?» деген сұрағыма ол кісі: «Асқарбек Назарбекұлы, мен Сіздің бастығыңызды бір адамдай жақсы білетін болғандықтан айтып отырмын, ол кісінің мұндай жағдайда аяқ асты ауырып қалатынын білмеуші ме едіңіз?» – деп жауап қайырып, «Қорғаушысы, қолдаушысы бар сендер бақыттысыңдар ғой» деп сөзін аяқтады. Шынында да, тікелей бастығым Надеев Анатолий Николаевич дейтін балалар үйінде тәрбие алған қырғыз жігітінің министріміз немесе басқа да лауазымды басшылар келгенде кенеттен ауырып қалатын «әдеті» бар еді. Келесі күні таңертең сағат онда (ол кісі айтқан уақытымен жүретін, – авт.) басқармамыздың маңына ақ, қара «волгалар» қаптап кетті. Кочин В.Ф айтқандай, бастығым аяқасты «ауырып» жұмысқа шыға алмай қалды, келген басшыларды қарсы алуға шықтым, бойымда аздаған қобалжу бар.

Аты аңызға айналған облыс басшысы туралы трест бастығы Кочиннің «Асқарбек Назарбекұлы, құрылыстан білмейтін сұрағыңыз болса, білмейтініңізді жасырмаңыз, сен түгілі әжептәуір тәжірибем бар деп есептейтін менің өзімнің ол кісінің алдында тізем қалтырайды» деген сөзі есімде» (А. Бектемісов, «Тәуелсіздік тартуы», «Фолиант» баспасы, Нұр-Сұлтан – 2020 ж. 136 б.).

Көріп отырғаныңыздай, Владимир Федорович жауырды жаба тоқымайтын, шындыққа тура қарайтын әділ, іштарлығы жоқ адам. Ол мені облыс басшысына өзі ертіп жүріп, жақсылап таныстырды. Соның әсері болар, Еркін Нұржанұлы маған оң қабақ танытып, кейін қызметте өсуіме көп жәрдемін тигізді. Басқармамызбен танысып, салынып жатқан құрылыс нысандарымен танысып болған соң, облыс басшысы Кочинге қарап: «Владимир Феодорович, есіңізде ме? Мен бірде Сізден жергілікті жігіттерден басшы қылып тағайындайтын кімдер бар деп сұрағанымда, Сіз жауап бере алмай күмілжіп қалып едіңіз. Мына жігіт кімнен кем?» – деп жөнімен кеткен еді. Көп ұзамай мені Кочин В.Ф. «Отделстрой» құрылыс мекемесіне бастық қылып жіберіп, кейінірек «Жилстрой» құрылыс мекемесіне басшы қылып тағайындады.

Әуелбеков пен Кочин бір-бірін жақсы түсініп, көзге көрінер көп жұмыс істеді, қарамағындағы қызметкерлеріне оң көздерімен қарады. Сол жылдары Арқалық қаласында, жалпы Торғай облысында құрылыс қарқынды жүрді. Осындай іскер азаматтармен үзеңгілес жүріп, туған жеріме пайдам тигенін өзіме бір мәртебе санаймын. Қолымызбен қалаған көптеген нысандар халықтың игілігіне жарады.

Кочин мырзаның тағы бір ерекше қасиеті, оның көлденең сөзге ермейтін беріктігі еді. Қызмет барысында менің үстімнен де талай шағымдар түскені рас. Бірақ, оның бәрі күншілдердің жөнсіз жаласы екенін білгендіктен, трест басшысы ондай орынсыз сөздерге құлақ түріп, былқ етпейтін. Осылай ол қаулап тұрған өсектерді құлағына да ілмеді. Бұл шамалы басшының қолынан келе бермейтін қасиет қой. Жұмыста туралықты, тазалықты, сапаны талап етті. Біз ол кісіге қарап бой түзедік, үлгі алдық, солай қалыптастық. Одан жаман болғанымыз жоқ. Өмірден өз орнымызды таптық. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген осы болар!

Кеңес үкіметінің құлауы басқалардан гөрі Торғай облысына ауыр тигені белгілі. «Балапан басына, тұрымтай тұсына» дейтін заман орнады. «Бір күн дәм татқанға қырық күн сәлем» деген ғой, бір кездегі тәлімгерім Владимир Федорович мені, менің отбасымды ұмытпапты. Әкем, Торғайдың тарлан ақыны Назарбек Бектемісовтің 90 жылдығын лайықты атап өту жөнінде бастама көтеріп, көп іс атқарды. Облыстағы тиісті мекеме басшыларына кіріп, сонау Торғайда жатқан ақынның ең жақын інісі әрі Жангелдин аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қарсақбай Бірмағанбетовке қоңырау шалып, жоғары жаққа хат жаздырып, әкем жайлы мақалалар жариялатуға мұрындық болғаны – қалайша жүрегіңді жібітпесін! Өзге ұлт өкілінің қазақ ақынының мұрасына жанашырлық танытып, жасы келгеніне қарамай, жанын сала кіріскені адамды тілмен айтып жеткізе алмайтын сезімге бөлейді екен.

Өткен жылдары, жоғарыда айтқанымдай, туған әкемнің 90 жылдығы аталатын болып, біраз қиналғаным есімде. Сонда ғой, соңғы жылдары «Ғасыр ақыны» атанған қазақтың марқасқа ақыны Мұқағали Мақатаев ақын:

Ойлап па ем, болады деп мұнша халім,

Қызда болсаң, мен саған мұң шағамын, – дегеніндей болып, өзім жақсы таныған В.Ф. Кочинге өтінішпен шыққан едім. Ол өз кезегінде, сол кезде облыстық әкімдіктің сыртқы саясат бөлімін басқарған Байменова Зәуре Әнуарбекқызына барып, шаруамның оң шешімін табуына септігін тигізіп еді.

Сөзімді қорытындылай келе, Қазақстан еліне, оның ішіне Тобыл-Торғай өңіріне өлшеусіз үлес қосқан өндіріс майталманы, құрылыс қайраткері, заманының адал қызметкері, пайымды парасат иесі, бүгінде 80 жасқа толып отырған тәлімгерім Владимир Федорович Кочинге шын жүректен алғысымды білдіріп, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеймін!

Асқарбек Бектемісов, Қазақсан Жазушылар одағының мүшесі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here