Жигули Дайрабаев: «Қоғамда Жер қатынастары туралы заң жобасының алар орны ерек»

0
2511

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен Жер реформасы жөніндегі комиссияның екінші отырысында ауыл шаруашылығы саласындағы жер қатынастарын дамыту мәселесі талқыланған болатын. Ал, комиссияның бірінші отырысында 55 ұсыныс, атап айтқанда, 11 ұйымдастырушылық, 29 экономикалық және 15 құқықтық сипаттағы ұсыныстар түсті. Оның барлығы қазір уәкілетті органдар мен жұмыс топтарында талқыланып жатыр. Отырыс соңында «Қазақстан фермерлер одағы» РҚБ-нің президенті Жигули Дайрабаев Жер реформасы жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары болып сайланды. Осы орайда Жигули Молдақалықұлымен Жер реформасы жөніндегі комиссияның жұмысы туралы сұхбаттасқан едік.

– Жигули Молдақалықұлы, 25  ақпан күні Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге беруге толық тыйым салу туралы түпкілікті саяси шешім қабылдаған болатын. Президенттің бұл шешімін қалай қабылдадыңыз?

– Бұл өте орынды шешім. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы  қоғам тарапынан көтеріліп отырған негізгі мәселелер бойынша түйінді шешімін айтып, бұл мәселеге нүкте қойды. Алайда, көпшілік арасында, әсіресе, әлеуметтік желілерде әлі де жекелеген түсініспеушіліктер кездесуде. Сондықтан, жердің шетелдіктерге берілмейтіні жөнінде нақты шешім қабылданғанын жіктеп тұрып айту қажет.

– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылған Жер реформасы жөніндегі комиссияның екінші отырысында комиссия төрағасының орынбасары болып сайландыңыз. Осы екінші отырыста қандай мәселелер талқыланды? Алдағы жоспарларыңыз қандай? Комиссия алдында қандай міндет тұр?

– Төраға орынбасары болып сайлануым маған үлкен жауапкершілікті міндеттейді. Сондықтан, көпшіліктің сенімін ақтауға тырысамын. Ал, екінші отырысқа келсек, ол жерде комиссия жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында экономикалық мәселелер және құқықтық мәселелер жөніндегі екі жұмыс тобы құрылды. Отырыста мына мәселелер қаралды:

– Қазақстандықтарға жалға берілетін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің шекті ең жоғары мөлшерлерін бекіту туралы Үкімет қаулысын қабылдау;

– Жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылау функцияларын Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетінің қарамағына қайтару;

– Жердің нысаналы мақсатын бағбандықтан басқа мақсаттарға өзгертуге заңнамалық тұрғыда тыйым салу;

– Qoldau платформасын Қаржы министрлігіннен алып, Ауыл шаруашылығы министрлігінің қарамағына беру және оны «Ауыл шаруашылығы жануарларын cәйкестендіру» ақпараттық жүйесімен интеграциялау.

Комиссияның отырыстары аптасына бір рет өтетін болады. Одан бұрын жан-жақтан түсіп жатқан ұсыныстар жұмыс топтарында қаралады.

– Жерге қатысты Заң жобасының бірінші оқылымы кеше Мәжілісте өтіп, төменгі палата жерді шетелдіктерге беруге біржола тыйым салуды көздейтін заң жобасын мақұлдады. Осы туралы ойыңыз қандай?

– Кеше ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Заң жобасымен ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге және шетелдік компанияларға, шетелдік үлесі бар қазақстандық компанияларға, азаматтығы жоқ адамдарға, халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтарға беруге толық тыйым салу көзделген. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин айтқандай, мақұлданып отырған бұл жер қатынастары туралы заң жобасының Қазақстан қоғамында маңызы да, орны да ерекше. Себебі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен әзірленген осы құжаттың нәтижесінде халқымыздың назарында жүрген сұрақ бойынша нақты шешім қабылданды. Енді жерімізді шетелдіктерге сатуға да, жалға беруге де толықтай тыйым салынады.

Рас, көптің көкейінде жүрген Заңның тездетіп қабылдануы осы мәселенің төңірегіндегі алып-қашпа әңгімелерді, түрлі қауесеттерді тоқтатуға, осылайша халықтың наразылығын тудырмауға қатты әсер етер еді. Осы бір өзекті мәселенің түйіні шешілгеннен кейін комиссияның да жұмысы жанданып, көптеген шешуін таппай жатқан мәселелерді қарастыру қарқынды түрде жүретін болады. Ал, Қазақстан қоғамында кешегі Жер қатынастары туралы заң жобасының алар орны ерек.

– Жигули Молдақалықұлы, ашық әңгімеңізге алғыс айтамыз!

Айта кетейік, «Ел қадірін ер біледі» дегендей, Президент Қасым Жомарт Тоқаев Қазақстан азаматтарының пікірін ескеретінін көрсетті. Мәселен, 2016 жылдың 6 мамырында Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығымен ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік компанияларға, сондай-ақ, шетелдік үлесі бар қазақстандық компанияларға жалға беруге, бұдан басқа Қазақстанның азаматтары мен заңды тұлғаларына ауыл шаруашылығы жерлеріне жеке меншікке беруге қатысты мораторий енгізілді. Мораторий мерзімі 2021 жылдың 31 желтоқсанында аяқталатынын ескере отырып, Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы жылы 25-ші ақпандағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында жер мәселесі қашанда халқымыз үшін аса маңызды екендігін айта отырып, шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға, жалға беруге заң жүзінде біржола тыйым салуды тапсырды. Президенттің тапсырмасынан кейін тиісті заң жобасы әзірленіп, 15 наурызда Мәжілістің қарауына енгізілді. Жаңа заң жобасы аясында Жер кодексі және Көші-қон сынды үш заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Индира БІРЖАНСАЛ, «Qazaq» газеті

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here