Мұрат Темірәлиев: «Егемендік елдік мұраттарға жол ашты»

0
2855

Мұрат ТЕМІРӘЛИЕВ – қазіргі Түркістан облысының Түлкібас ауданында дүниеге келген. Таеквондодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, қара белдіктің 5-ші дан иегері, аталған спорт түрінен халықаралық және республикалық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы, халықаралық деңгейдегі төреші. Сондай-ақ, «Болашақ» бағдарламасының түлегі.

 «БАСТЫ МАҚСАТ – ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ТҰҒЫРЫН БАЯНДЫ ЕТУ»

– Мұрат Әбдімәлікұлы, әңгімеміздің әлқиссасын «тәуелсіздік», «егемендік» ұғымдарын парықтаудан бастасақ… Сіз үшін бұл ұғымдардың қадір-қасиеті қаншалықты маңызды?

– Әрине, әр ұлт, әр халық үшін егемендіктен артық қасиетті де қымбат ештеңе жоқ. Осыдан 30 жыл бұрын тарихи таңдау жасап, мемлекеттік тәуелсіздігін жариялаған Қазақстан Республикасы бүгінде беделі биік, айбыны асқақ, келешегі кемел мемлекет. Ынтымақты ұран, татулықты ту еткен бейбіт халқымыздың осынау табысы, еліміздің қарқынды дамуы тұрақты саясат пен ішкі бірліктің арқасы, мемлекетіміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының жеңісі. Рухы биік, намысы үстем бабаларымыздың ғасырлар бойғы асыл мұраты – азаттықты аялау, тағдыры ортақ тұтас халқымыздың татулығын сақтау болса, біздің асыл мұратымыз осы Тәуелсіздіктің тұғырын баянды етіп сақтау.

Біз бүгін азаттықтың екінші мүшеліне аяқ бастық. Әрбір елдің жылнамасында оның жаңа тарихының бастауы болған тағдыршешті кездер болады. Біз үшін жаңа дәуірдің арайлы таңы 1991 жылы 16 желтоқсанда атты. Тұтас дәуірлердің куәсі болған халқымыз сан ғасырлық бұралаң әрі қиын жолмен жүріп өтті. Адам баласы сияқты мемлекет те өмірінде екі ғұмырлық босағаны аттайды. Біріншісі – жарық дүниенің есігін ашу, екіншісі – ересек өмірдің табалдырығын басу. Екеуі де – қайталанбас, қастерлі мезеттер. Бұл – Әбу Насыр әл-Фарабидің айтып кеткен орамды сөзі, өнегелі өсиеті.

– Жақсы пайым екен. Дұрыс-ақ. Ал енді осы егемендік жеке өзіңізге қандай мүмкіндіктерге жол ашты? Нендей мақсаттарыңыздың орындалуына септігін тигізді?

Биыл рухы асқақ, тұғыры биік төл мемлекетіміздің азаттық алғанына 30 жыл толады. Қарапайым тілмен айтқанда, нағыз ердің жасында, ұлы мақсаттардың басында тұрмыз. Төл тарихымыздың ұзынсонар жолында азаттық деп аласұрған, еркіндік деп екпіндеген халқымыздың мұратын орындау бақыты бүгінгі біздің ұрпақтың еншісіне тиіпті. Олай болса, бұл күн ұрпақтардың ұлы арманы орындалған ордалы тойы, мерейлі де мәртебелі мерекесі. Аман-саулық – адамның нағыз бақыты болса, тәуелсіздік – халықтың жалғыз бақыты. Бұл – туған еліне егемендік пен еркіндікті қарулы қолмен емес, бейбіт жолмен алып берген әйгілі Махатма Гандиден қалған қанатты сөз. Расында да, тәуелсіздік пен теңдік, азаттық пен елдік қай халық үшін де дәмі балдай, мәртебесі таудай асыл ұғымдар болып саналады.  Мен үшін де солай. Менің спорттағы жетістікке жетуіме, әлемнің дүбірлі додалары мен байрақты бәсекелерінде бағымның жануыма тәуелсіздік тікелей себепкер болды десем артық айтқаным емес. Таеквондоға деген қызығушылығым егемендікке қол жеткен 1990 жылдан бастау алады. Әлі есімде, Алматы технологиялық университетінде білім алып жүрген кезім.  Бір күні университетте «Мұстафа Өзтүрік таеквондо мектебі жігіттер мен қыздарға арналған секцияларға қабылдау жүргізуде» деген хабарландыруды оқыдым. Ол кезде Мұстафа Өзтүріктің атағы аспандап тұрған кез. Өзіміз де спорттан қара жаяу емеспіз. Бағымды сынап көрейін деп бардым. Қабылдандым. Барлығы солай басталған. Сонымен қатар, бұл спортты таңдауыма өткен ғасырдың 90-жылдары елімізде шығыс жекпе-жегі кеңінен тарала бастағаны да өз әсерін тигізді деп ойлаймын.

«ТАЕКВОНДОМЕН АЙНАЛЫСУЫМА ЫҚПАЛЫН ТИГІЗГЕН ТҰЛҒА – МҰСТАФА ӨЗТҮРІК»

– Қазақстандағы таеквондо спортының тарихы 1991 жылдан бастау алады. Егемендіктің елең-алаң кезінде оның негізін қалаған ұлтымыздың бағына біткен талант, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, қара белдіктің 6-шы дан иегері Мұстафа Өзтүрік екені көзіқарақты қауымға белгілі. Бұны айтып отырғандағы себеп – 1993 жылғы тамыз айында Нью-Йоркте өткен әлем чемпионатына Мұстафа Өзтүрік бастап барған тұңғыш ұлттық құрама команданың сапында болған екенсіз. Аты аталған спорт саңлағымен қалай таныстыңыз? Аты аңызға айналған азаматтың адами болмысы мен шеберлікті шыңдаудағы тәсілдері турасында және таеквондо спортын дамытудағы рөлі жайында айтып өтсеңіз…

– Расында да, елімізге осы спорт түрінің дамуына даңқты спортшы Мұстафа Өзтүрік пен Бексейіт Түлкиев сынды ағаларымыздың сіңірген еңбегі орасан зор. Менің де таеквондомен түбегейлі айналысуыма ықпалын тигізген Мұстафа ағамыз. 90-жылдардың басында осындай азаматтардың бастамасымен Қазақстан таеквондо федерациясы құрылды. Сол жылдары олар штаб-пәтері Оңтүстік Кореяның Сеул қаласында орналасқан әлемдік таеквондо федерациясына арнайы барып, елімізді аталған ұйымның ресми мүшесі етіп тіркеді. Оған Мұстафа ағамыздың қара белдіктің 6-шы дан иегері атануы да үлкен септігін тигізгені рас. Біздің таныстығымыз да сол кезден бастау алды. Жаңа да айтып өттім, студент бола жүріп, таеквондо секцияларына тұрақты түрде қатысып жүрдім. 1992 жылы таеквондодан Қазақстан чемпионаты өтті. Дүбірлі додаға қатысу үшін Алматы қаласы мен Алматы облысындағы іріктеу турнирлерінде бағымды сынап, жеңімпаз атандым. Қазақстан чемпионатында да жұлдызым жанып, қарсыластарымды ұтып, таеквондо спорты бойынша ел құрамасының сапына алындым. Команданың бас жаттықтырушысы Мақсұт Нарбаев, Исатай Қабеков және Диқан Ақаев сынды ағаларымыздың тәлімін алдық. Біз жаттығатын жерге Мұстафа Өзтүрік пен Бексейіт Түлкиев жиі келіп, ақыл-кеңестерін айтып тұратын. Сондай абзал азаматтармен сұхбаттасып, әңгімелесудің өзі бір ғанибет еді ғой. Содан 1993 жылы ұлттық құрама команда Нью-Йоркте өтетін әлем чемпионатына тұңғыш рет қатысты. Оны мұхиттың арғы жағындағы алып елге Мұстафа Өзтүрік пен Бексейіт Түлкиев ағаларымыз бастап барды. Ұлттық құраманың сапында сегіз салмақ дәрежесінде 8 спортшы болдық. Осы орайда айта кетейін, сол жылдары елімізде шығыс жекпе-жегімен айналысатындардың қатары өте көп болатын. Көпшіліктің, әсіресе жастардың ынта-ықыласы да өзгеше болатын ол кезде. Десе де, мыңдаған өреннің арасынан үздік атанып, жаһандық жарысқа жолдама алғандар қатарында болғаным еткен еңбек пен төгілген тердің арқасы екендігі рас.

– Осы спорт түрі бойынша жеткен жетістіктеріңізге шолу жасап өтсеңіз…

– Жеті жылға жуық уақыт бойы Қазақстан ұлттық құрамасы сапында өнер көрсеттім. Үш дүркін ел чемпионы атандым. Орталық Азия біріншілігінде бас жүлдені қанжығама байладым. Әлемнің кіл мықтылары қатысқан халықаралық турнирлерде жеңімпаз атанып, алтын медаль иелендім.

«БОЛАШАҒЫНАН ҮЛКЕН ҮМІТ КҮТТІРЕТІН ЖАСТАР ӨСІП КЕЛЕДІ»

 – Ұзақ жылдар бойы Қазақстанның таеквондо федерациясының бас хатшысы, еліміздің таеквондодан ұлттық құрама командасының басшысы сынды қызметтерді атқарғаныңызды білеміз. Арыстай азаматтар іргетасын қалап кеткен таеквондо спорты бойынша Қазақстан ширек ғасырдан астам уақытта қандай жетістіктерге жетті? Бүгінгі беталысы көңіліңізден шыға ма?

– Еліміздегі таеквондо спортының пайда болған кезінен бастап осы салада қызмет атқарып келеміз. Жоғары оқу орнын бітіргеннен соң кәсіби маманданған салама емес, спортқа таңдауым түсті. Бастапқыда өз спорт клубымды аштым, шәкірт даярладым. Олардың қатарында республикалық, халықаралық дәрежедегі жарыстардың жеңімпаздары баршылық. Солардың арасынан Нариман Шәкіров, Мерей Расилов, Рамиль Ашмахунов, Асхат Әбілдаев, Абзал Анарқұлов сынды сайыпқырандар суырылып шығып, түрлі дүрмектерде атой салды. 2005 жылы федерация басшылығы тарапынан ұсыныс түсіп, бас хатшы қызметіне тағайындалдым. Сондай-ақ, сол жылдан бастап таеквондодан Қазақстан ұлттық құрама командасының басшысы қызметін қоса атқардым. Менің бірнеше тілді меңгергенім де бұған өз әсерін тигізді деп ойлаймын. Мақтанғанымыз емес, сол қызметтерді атқара жүріп, жанашырлықпен еңбек еттік. Көптеген нәтижелерге де қол жеткіздік. Атап айтқанда, 2005 жылы Алматы қаласында тұңғыш рет жасөспірімдер арасында Азия чемпионаты өткізілді. Бұл чемпионатта бірқатар шәкірттеріміз жеңімпаз атанып, ел мерейін үстем етті. 2006 жылы Тайландтың Бангкок қаласында өткен Азия чемпионатында Арман Шылманов алтын, Ренат Кұралбаев, Батырбек Есдаулетов, Сағыныш Қалымбетов, Екатерина Дмитриева, Зарина Шамшатқызы қола медальдерге ие болды. 2006 жылы Катардың астанасы Дохада өткен ХV жазғы Азия ойындарында ұлттық құрама команданың мүшелері қола жүлделерге ие болды. Сол жылы Вьетнамда өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Жалғас Бекқасымов тұңғыш рет чемпион атанды. 2007 жылы Қытайдың Пекин қаласында өткен әлем чемпионатында Аслан Батыкулов пен Назгүл Тажиғұлова және Арман Шылманов қола жүлделерге ие болды. Ал, 2008 жылы ТМД елдерінің ішінен алғаш болып қазақ таеквондосы тарихта бұрын-соңды болмаған ірі жетістікке ие болды. Арман Шылманов Пекин Олимпиадасының қола жүлдегері атанды. Осы спортшы 2009 жылы Данияның Копенгаген қаласында өткен әлем чемпионатында 3-ші орынға ие болды. 2010 жылы Сингапурда өткен жастар арасындағы тұңғыш Олимпиада ойындарында ұлттық құрама командасының мүшесі Нұрсұлтан Мамаев күміс жүлдені қанжығасына байлады. Айта берсек, бұл тараптағы тізім созыла береді. 2014 жылы Алматыда тұңғыш мәрте «Федерация Кубогы» Республикалық турнирі өтті. Сол жылы елімізде өткен барлық жарыстар марқұм Мұстафа Өзтүрікті еске алуға арналды. Бүгінде елімізде таеквондомен айналысатындардың саны көп. Олардың арасында болашағынан үлкен үміт күттіретін жастар да баршылық.

– Ұлттық құраманы бірнеше жыл қатарынан дайындауға өз үлесіңізді қостыңыз. Бүгінде халықаралық деңгейдегі төрешісіз. Осы тараптағы жетістіктеріңізге тоқталып өтсеңіз…

– 2012 жылы ұлттық құрама команда мүшелерін Лондон Олимпиадасына бастап апарған мамандардың бірі болдым. Сондай-ақ, әлемдік спорт додасында төрешілік жасадым. Бұл орайда да бірқатар жетістіктерге қол жеткіздім. Әлем мен құрлық чемпионаттарында, Азия ойындары мен әлем кубогында және басқа да көптеген турнирлерде қазылық еттім. Ұйымдастырушылар тарапынан еңбегім лайықты бағаланып, түрлі бәсекелерде ең үздік төрешіге тиесілі арнайы сыйлықты қанжығаладым. «Азияның ең әділ қазысы» деген атақ та бұйырды.

– Мұрат Әбдімәлікұлы, жақында төрешілік қызметіңіз халықаралық жарыста мамандар тарапынан жоғары бағасын алыпты. Сол туралы айтып берсеңіз…

– Биылғы жылдың 5-6 наурыз күндері аралығында АҚШ-тың Флорида штатының Уинтер Хэвен (Winter Haven) қаласында таеквондодан Florida Sport Taekwondo State Open and Team Trials ашық чемпионаты өтті. 7 жастан бастап ересектерге дейін қатысқан спорт бәсекесі коронавирус індеті басталғалы бері офлайн режимде ұйымдастырылып отырған алғашқы жарыс екенін атап өткім келеді. Дәстүрлі чемпионатта АҚШ-тан бөлек көршілес елдердің де спортшылары бақтары мен баптарын сынады. Екі күн бойы жалпы саны 800-ге жуық спортшы өзара мықтыны анықтады.

– Жарыстың мақсаты мен деңгейі қандай?

– Ашық чемпионат бірнеше жыл қатарынан ұйымдастырылып келеді.  Жарыстың басты мақсаты – таеквондодан Флорида штатының құрама командасының сапына «жүзден – жүйріктерді» тарту және АҚШ-тағы аталған спорт түрін дамыту.

– Осындай деңгейдегі жарысқа төрешілік жасауға қалай шақырту алдыңыз және чемпионат жолындағы қызметіңіздің жоғары бағалануының сыры неде?

– Жыл сайын АҚШ-тың ашық және ұлттық чемпионаттарына төрешілік жасау бойынша арнайы шақырту алып, халықаралық деңгейде төрешілік қызмет атқарамын. Сондай-ақ, Құрама Штаттар еліндегі байрақты бәсекеге 2013 жылы Қазақстанның таеквондодан ұлттық құрама командасының және Алматы қаласының құрама командаларының жаттықтырушысы ретінде де қатысқан болатынмын. Биыл да аталған чемпионат ұйымдастырушылары тарапынан төреші ретінде шақырту алдым. Жарыс жолында жалпы саны 50-ден астам төреші қазылық жасады. Олардың басым бөлігін халықаралық деңгейдегі мамандар құрады. Соның ішінде Төрешілер алқасы мен Ұйымдастыру комитеті төралқасының шешімімен «Ерлер арасындағы үздік төреші» атағына ие болдым. Чемпионат барысында төрешілердің қызметі әділдік, мұқияттылық, спортшыларды нақты әрі айқын бағалау, ойындар кезінде қателіктерге жол бермеу сынды басымдықтар бойынша бағаланды.

– Мұрат Әбдімәлікұлы, Сіздің таеквондо спортының дамуына сіңіріп жүрген еңбегіңіз біршама екенін сала мамандарына кеңінен таныс. Таеквондодан халықаралық дәрежедегі спорт шеберісіз, қара белдіктің 5-ші дан иегерісіз, аталған спорт түрінен халықаралық және республикалық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы болумен қатар халықаралық деңгейдегі төреші қызметін де атқарып келесіз. Елбасының бастамасымен қолға алынған «Болашақ» бағдарламасының түлегісіз. Сонымен қатар, аталған спорт түрі бойынша ғылыми-зерттеу жұмысын да жүргіздіңіз. Сол жайында айтып өтсеңіз. Ғылыми еңбегіңіздің әлемдік таеквондоның дамуына қосатын үлесі қандай?

– 2016 жылы «Болашақ» бағдарламасы арқылы оқуға түсіп, Швейцарияда «Sport administration and Technology» мамандығы бойынша магистратураны тәмамдадым. Білім алып жүрген кезде ғылыми-зерттеу жобасы ретінде «Әлемнің таеквондо федерациясына мүше ұлттық қауымдастықтардың таеквондо клубтары үшін клубтық басқару жүйесін құру жетістіктерінің негізгі факторлары» («Key factors of success of building Club Management System for Taekwondo clubs of WTF Member National Associations») тақырыбын алдым.

– Ізденісіңіз жайында тарқата айтып берсеңіз. Мақсаты не? Міндеті қандай?

– Әлемдік таеквонда федерациясына тиесілі «Global Membership System (GMS)» атты портал бар. Сол порталдың қызметкерлері осы тараптағы ғылыми-зерттеу жұмысты жүргізуге ұсыныс білдірді. Бұл портал 2010 жылдан бері жұмыс істейді. Бұл жаһандық портал спортшыларға, жаттықтырушылар мен бапкерлерге, төрешілерге, команда дәрігері мен команда өкілдеріне арналған. Атап айтқанда, порталда көптеген ақпараттар топтастырылған. Сонымен қатар, онда өтетін халықаралық деңгейдегі жарыстарға қатысу бойынша ақпараттар, төрешілер мен жаттықтырушыларға арналған семинарлар туралы жан-жақты мәліметтер, «Adidas», «Nike»,  «Daedo», «Mooto» сынды және тағы да басқа әлемдік спорт брендтерінің жарнамасы топтастырылған. Порталға мүше болу үшін оның мүшелік жарнасын төлеп, лицензиясын алады. Бұл портал, біріншіден, әлемдік таеквондо федерациясының қызметін дамытып, оның бюджетін арттыруға септеседі. Екіншіден, аталған спорт өнімдерін өндіретін компаниялардың түсімін арттырады. Ерекше атап өтетін жайт: портал пайдаланушылары үшін спорттық тауарлармен қатар, әуе билеттері мен қонақ үй бағаларына да жеңілдіктер қарастырылған. Бұл өз кезегінде шетелде өтіп жатқан жарыстарға қатысушылар үшін өте тиімді. Мақсатты маркетинг арқылы сауда-саттық көлемі де жыл сайын артып келеді. Бүгінде порталға мүше болғандардың саны миллионнан астам адамды құрайды. Олардың барлығы да таеквондо спорты саласындағы адамдар. Бұрын портал лицензиясына ие болу үшін өтінім ұлттық таеквондо федерациялары арқылы жүзеге асатын. Әлемдік таеквонда федерациясы порталды одан әрмен қарай дамыту үшін және таеквонда клубтарын порталға мүшелікке тартуды оңтайландыру мақсатында ғылыми-зерттеу жобасын қолға алды. Бұл зерттеуді жүргізуге ұсыныс жасауының өзіндік себебі де бар. Спорттағы тәжірибем, ұзақ жылғы жаттықтырушылық және төрешілік қызметтерім есепке алынды.

Бұл жобаны зерттеу барысында негізгі мысал ретінде Қазақстан таеквондо федерациясын алдық. Мәселен, бір ғана Алматыда 80-нен астам таеквондо клубы бар. Зерттеу барысында сала мамандары мен клуб жаттықтырушылары арасында сауалнама жүргіздім. Халықаралық турнирлерде төрешілермен, жаттықтырушылармен сұхбаттасып, осы мәселе бойынша ойларын зерделедім. Портал мамандарымен де жұмыс істедік. Бес ай бойы ғылыми-зерттеу жүргізіп, тұжырымдама жасадым. Қазіргі уақытта әр мемлекеттегі таеквондо ұлттық федерациясына мүше кез келген клуб порталға өздері тікелей өтінім беріп, мүшелікке қабылдана алады.

Бүгінде Қазақстанда таеквондодан 1 ұлттық және 17 аймақтық федерация мен 350-ге жуық клуб бар. Қазір халықаралық турнирлерге қатысу үшін ұлттық федерацияға мүше клубтар порталға өздері тіркеліп, өз клубтары атынан қатысуға мүмкіндік алды. Бұл жүйе рейтингтік халықаралық турнирлерге қатысу үшін таеквонда клубтарына зор мүмкіндік береді. Сонымен қатар, аталған жоба Ұлттық федерациялардың жұмысын да оңтайландырды.

– Мұрат Әбдімәлікұлы, алдағы жоспарларыңыз жайында бөліссеңіз.

– Қазіргі күнде төрешілік қызмет бойынша білімім мен біліктілігімді жетілдірудемін. Мәселен, қазір биыл Жапония астанасы Токио қаласында өтетін Олимпиада және Паралимпиада ойындарына төрешілерді іріктеу жүргізілуде. Бастапқыда 2019 жыл Мәскеуде таеквонда спорты бойынша халықаралық дәрежедегі төрешілерге арналған семинар жиын өтті. Жиын соңында 50 төреші іріктелініп алынды. Сол үздік елуліктің сапында мен де бармын. Ең соңында сол 50 төрешінің ішінен білімі мен білігі мол 30 төреші іріктелініп, Паралимпиада ойындарында қазылық жасамақ. Онда да жақсы нәтиже көрсетемін деген сенімдемін.

– Ел даңқын асқақтатар жеңісті һәм жұлдызды күндеріңіз көп болғай. Тәуелсіз елдің мерейын тасыта беруіңізге тілектестік білдіремін.

Сұхбаттасқан: Жандар АСАН

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here