Кореялық ЕBS телеарнасының журналистері Текелі шаһарында

0
832

Осы аптада қала әкімі Батыр Молдахметов халқымыздың ұлттық салт-дәстүрлері жайында арнайы телебағдарлама түсіруге келген Оңтүстік Корея ЕBS арнайы білім беру жүйесі (Educational Broadcast System) телеарнасының журналистерін қабылдап, туризмді өркендету бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен, болашақта қолға алынатын жобалармен таныстырды. Шағын шаһарымыздың туристік әлеуетін өз телеарналары арқылы корей еліне таныстыруға ниетті журналистерге ризашылығын жеткізді.

Олар көркем табиғатымызды, әсем де көрнекті жерлерімізді аралап, сұлу тау табиғатымен жарасым тапқан қаланың келісті келбетін айшықтайтын бейнебаян түсіреді. Тіршілігімізбен біте қайнасып жатқан ұлттық ерекшеліктерімізге, салт-дәстүрлерімізге, ұлттық өнер мен спортқа, әсіресе, халқымыздың ата-бабаларымыздан жалғасып келе жатқан шаруашылығына, саятшылық өнеріне, атқа міну мәдениетіне, сонымен бірге, бала тәрбиесіне ерекше қызығушылық танытып, бесікке салу, тұсаукесер секілді жоралғыларға, көкпар, аударыспақ, теңге ілу сынды ұлттық ойындарға ерекше назар аудармақ.

Журналист Сон Жун Хванның айтуынша, олардың Текеліге арнайы атбасын бұруына қаламыздың тұрғыны, белгілі саятшы Файзолла Бүркітбайдың әлеуметтік желілерге салған құс баптау, ат баптау, саятшылық өнері жайындағы суреттері мен ақпараттары себеп болған.

Ұлжан Ұлдаханқызы, Текелі қаласы әкімінің баспасөз хатшысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here