Мемлекетке қажетті мамандарды дайындайтын оқу орны

0
733

Орал политехникалық колледжі – Батыс Қазақстан облысында 1956 жылдан бері құрылыс саласы бойынша мамандар дайындаушы әрі алғашқы техникалық және кәсіптік білім беретін көне оқу орындарының бірі. «Құрылысы осыдан 65 жыл бұрын Орал өзенінің ескі арнасынан басталды. Өзен сағасына бірнеше шатыр тігіліп, мектеп әкімшілігі, оқу кабинеттері және оқу-өндірістік шеберханалар орналасты. Содан бері қоғамға қажетті жүздеген мамандарды даярлап шығарды. Болашақ үшін жасалып жатқан бұл шаруа қазіргі күні де жалғасып келеді», – деп өткен күннен естелік айтты аталған колледждің алғашқы басшысы Борис Пальгов.

«Біз «Білім, ғылым және инновациялар» үштігі билеген постиндустриалды әлемге қарай жылжып келеміз» деп Елбасы айтқандай, шарықтап дамыған бүгінгі заманда ғылым мен техниканы игеру маңызды. Тұңғыш Президенттің бастамасымен 2017 жылы «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» бағдарламасы қолға алынған болатын. Осыдан төрт жыл бұрын қолданысқа енгізілген бастаманың нәтижесінде отандық жастардың тегін білім алуына мүмкіндік берілді. Бұл бастама арқылы институт пен университетте ақылы оқуға мүмкіндігі жоқ жастар мемлекеттің қолдауымен кәсіптік-техникалық білім беретін оқу орындарында тегін оқып, шәкіртақы алып, дипломы бар мамандық иесі атанады. Оның үстіне бұл мамандықтарға сұраныс зор. Яғни, үш жыл оқып алған дипломы сандық түбінде жатып қалмайды.

Кәсіптік білімге бет бұрған әрбір жеткіншек тоғызыншы сыныптан кейін өзіне сәйкес мамандықты политехникалық оқу орындарының сайтынан көре алады. Сондай оқу орнының бірі – біз сөз етіп отырған 65 жылдық тарихы бар Орал политехникалық колледжі.

«Политехникалық» ұғымы ЖОО-да бір уақытта бірнеше техникалық мамандықтарды дайындайтынын білдіреді. Техникалық салаға қызығатын жастар үшін мамандықтардың саны өте көп. Олар слесарь, дәнекерлеуші, сылақшы, сырлаушы, фрезер сияқты мамандықтардан тұрады. Жастар арасында машина жасау, есептеу техникасы немесе құрылыс мамандықтарына сұраныс жоғары. Аталған мамандықтар көпке танымал болмаса да, техникалық колледж түлектері ешқашан жұмыссыз қалмайды.

«Кәсіптік білімнің сапасын арттыру, материалдық-техникалық базаны нығайту, әлеуметтік әріптестікті ұйымдастыру, еңбек нарығын талдау және бақылау Орал политехникалық колледжінің басым бағыттары болып табылады. Қазіргі уақытта еңбек нарығында гуманитарлық бағыт белең алғанымен, инженерлік-техникалық кадрларға деген сұраныс керісінше жоғары. Бүгінде дәнекерлеушілер, автомеханиктер және краншылар техникалық мамандықтардың беделдісі саналады», – дейді директордың оқу-өндірістік жұмысы жөніндегі орынбасары Михаил Горлов.

Бүгінде колледжде мемлекеттік тапсырыс бойынша 563 студент оқиды. Оларға жоғары білімді 64 педагог білім береді. Барлық мамандықтар өңірлік еңбек нарығында үлкен сұранысқа ие. Алғашқыда бір ғана мамандықпен басталған колледж бүгінгі таңда 5 мамандық, оның ішінде 11 біліктілік бойынша мамандар дайындайды. Олар кран жүргізушісі, автокөлік жөндеуші, дәнекерлеуші, құрылысқа қажетті бірнеше мамандық және электрмонтаждаушы секілді мамандықтар бар. Студенттерге спорт залы, асхана, акт залы, кітапхана, медициналық кабинет, 3 зертхана, 10 оқу-өндірістік шеберхана және компьютерлік кабинеттер қарастырылған.  

«Құрылыс нарығының дамуы «Қолжетімді тұрғын үй» бағдарламасын орындауға қажетті мамандарды талап етеді. Бұл колледждің «Жас маман» жобасына қатысуының негізгі себебі болып отыр. Сондай-ақ, оқу орны құрылысшыларды оқыту үшін 260 млн теңгеге импорттық жабдықтарды сатып алды. Қомақты инвестиция әлеуметтік серіктестермен тығыз байланыста жүргізілген. Заманауи құрылғылардың тұсаукесеріне облыстың ірі құрылыс компаниялары қатысты. Соның ішінде «СКФ Отделстрой», «Домостроитель», «БатҚаз», «Орал Полимер» және басқалар бар. Өз саласында жұмыс істейтін мамандар колледж базасында қайта даярлаудан және шеберлікті шыңдау курсынан өте алады. Осындай мүмкіндік беретін арнайы орталық ашылып, бір сөзбен айтқанда, кәсіби мамандардың білімі мен шеберлігін арттыратын жаттығу лагеріне айналды. Орталық халықаралық үлгідегі сертификаттар бере алады, өйткені колледж аккредиттеуден өтті. Ал, жұмыспен қамту орталығы болса, бізге өздерінде тіркелген жұмыссыздарды сұранысқа ие мамандықтарға оқытуға жіберіп отырады. Айта кетейік, Орал политехникалық колледжі облыстағы өзге колледж оқушыларын «World Skills» Республикалық және халықаралық байқауға дайындап тұрады. Қысқа қайырғанда, «Жас маман» жобасы көп қырлы колледжге жаңа мүмкіндіктер ашады», – деді Михаил Горлов.

«Білім – таусылмайтын байлық» дегендей, колледж студенттерінің дипломдық жұмысы да өзгеше. Теориялық білімді өндірістік тәжірибемен ұштастырған студенттер ғана дипломдық жұмысын қорғай алады. Оқушылар әлеуметтік серіктестердің өндірістік базаларын қолдана отырып, ұйым мен колледж арасында жасалған келісімшарттар негізінде практикадан өтеді. Бүгінгі таңда колледждің серіктестері жоғарыда аталған компаниялар болып табылады. Болашақта колледж басқа мамандықтар бойынша дуальды оқыту жүйесін енгізуді және әлеуметтік серіктестер шеңберін кеңейтуді жоспарлап отыр. Жыл сайын оқу орнын 200-ге жуық түлек бітіреді. Тәжірибе көрсеткендей, 80 пайыз түлек жұмысқа орналасады.

Рас, қазіргі уақытта осы салада мамандар жетіспейді. Алайда, өндірістік-техникалық саланы таңдаған білімді түлектердің болашағы айқын. Орал политехникалық колледжінде білім аламын деген үміткерлер жанына жақын мамандықты таңдауда қателеспесе болғаны. Оқу орнының студенті атану үшін қажетті құжаттар тізімі санаулы. Яғни, аттестат, жеке басын куәландыратын құжат, фотосуреттер мен ҰБТ тапсырғаны туралы анықтама болса жеткілікті. Содан кейін үміткерлер арасында конкурс өткізіліп, үздіктер студент атанады.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

«Мамандықты дұрыс таңдау – ол өмір сәттілігінің негізі» екенін ескерсек, елімізді көркейтетін білікті жастар елдің болашағы екені сөзсіз. Ал, кәсіптік-техникалық білімге сұранысты арттыру – мемлекеттің бұл бағытта білім беретін оқу орындардың алдына қойып отырған талабы. Өйткені, осыдан төрт жыл бұрын қабылданған «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» бағдарламасының түпкі мақсаты биылғы жылдың соңына дейін 720 мыңдай адамды тегін кәсіптік-техникалық біліммен қамту болатын. Демек, бағдарламаның аяқталуына аз ғана уақыт қалды. «Балапанды күзде санайды» дегендей, бағдарламаның төрт жылда қаншалықты нәтижелі болғанына ағымдағы жылдың күзінде көз жеткіземіз. ҚР Статистика комитетінің мәліметінше, елімізде 740 кәсіптік және техникалық оқу орны болса, онда қазір барлығы 475,4 мың студент оқып жатыр.

Индира БІРЖАНСАЛ, шолушы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here