Жандар Асан: «Бүгінгі күннің талабы – шынайы әрі нақты ақпарат беру»

0
2941

Педагог мәртебесі туралы заң қабылданғалы қандай өзгерістер болып жатыр? Аталған заң педагог кадрларын дайындайтын ЖОО-ға қалай әсер етті? Президент Жолдауында айтылған ғылымды дамыту жөніндегі тапсырмалар қалай орындалып жатыр? Жоғары оқу орындарының баспасөз қызметі не нәрсеге басымдық беруі тиіс? Осы және басқа да мәселелер бойынша Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ресми өкілі – Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Жандар Асан сұхбат барысында айтып берді.

ПЕДАГОГИКАЛЫҚ МАМАНДЫҚТАРҒА ТАПСЫРАТЫН СТУДЕНТТЕРДІҢ САНЫ КЕМІП КЕТКЕНІ РАС

Жандар Тұрарұлы, биыл педагог мәртебесі туралы заң қабылдағаны белгілі. Осы жайт педагог мамандарын дайындап жатқан Қыздар педагогикалық университетіне қалай әсер етті?

– Былтыр «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданды. Бұл заңды қабылдау барысында еліміздегі бүкіл педагог қауымдастықтың ұсыныстары мен тілектері тыңдалды. Ол бір адамның ғана қолынан өткен жоқ, көптеген талқылаулардан, көптеген азаматтардың ұсыныстары мен тілек, талаптары қаралып барып қабылданды. Бұл заң бізге не береді дегенге келсек, біріншіден соңғы кездері педагогтардың беделі төмендеп кеткені, сәйкесінше ол педагог мамандығына тапсыратын студенттердің санына да әсер еткені жасырын емес. Осы олқылықтың орнын жою мақсатында педагог мәртебесі заңы үлкен септігін тигізді. Қазақстандағы педагог біріншіден ол қоғамның айнасы, қоғамды алға жетелейтін негізгі локоматив деп айтуға болады. Жан-Жак Руссоның «ұстаз – өзінің уақытын аямайтын, өзгенің уақытын аялайтын тұлға» деп айтқан жақсы сөзі бар. Мұның астарында үлкен мән, мағына жатыр. Сондықтан бұл заң педагогтардың қоғамдағы беделін артырумен қатар олардың еңбекақысының артуына да септігін тигізді. Қарап отырсаңыздар, мектеп мұғалімдерінің, ЖОО оқытушыларының еңбекақысы жылдан-жылға артып келеді. Оған қоса педагогикалық университеттердің де мән-маңызы көтерілді. Олардың абыройы мен беделіне әсер етті. Сондай-ақ педагог мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттердің шәкіртақысының өсуіне ықпал етті. Биылғы оқу жылынан бастап педагогика мамандығында оқитын студенттердің  шәкіртақысы өсті. Міне, осындай жайттардың барлығы биыл педагогика мамандығына түсетін студенттердің артуына әкелді. Биыл университетімізге тапсырушылар саны жылдағыдан жоғары болды. Бұл жақсы жаңалық. Оның үстіне университет әлеуетінің артуына әсер етті.

– Президент Жолдауында ғылым, инновация алдымен оқу орындарында бастау алу керек деп айтқаны бар. Осы тұрғыда сіздерде қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында білім беру мен ғылымды дамытудың нақты тетіктерін атап көрсетіп, білім беруді заманға сай  артыруды тапсырды.  Осыған орай қазақстандық педагогикалық  ЖОО-лар арасында бірінші болып Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті педагогикалық білім беруді трансформациялау жұмысын қолға алды. Бұл дегеніміз – университет өз алдына басты миссия ретінде Қазақстандағы педагогикалық жоғары оқу орындары арасында көшбасшы болуды қойды. Қазіргі таңда факультеттердің барлығы жоғары мектеп және институт ретінде қалыптасып, қайта құрылды. Сәйкесінше университеттегі көптеген білім беру бағдарламалар уақыт сұранысына сай өзгеруде. Нақты айтсам бұл жерде 7 негізгі трек енгізілді. Соның ішінде екі трек биылғы оқу жылында пилоттық жоба ретінде енгізіліп отыр. Оған қоса көшбасшы бағдарламалар институты қалыптасып, жаңа білім беру өнімдері ұсынылады. Студенттердің өзін-өзі басқаруы кеңейтіледі. Сондай-ақ Президент өз Жолдауында ғылымды дамыту тұрғысында да айтты. Біздің университет педагог кадрларын дайындап қана қоймайды. Университет отандық ғылымды дамытуға да ұйытқы болып келеді. Оқу орнында қазір ғылыми жұмыстар 28 бағыт бойынша жүргізіледі. Біздің жас ғалымдар соңғы үш жылда 20-дан астам ғылыми өнертабыстық патентке қол жеткізді. Патент дегеніміз ол ғылымды әрмен қарай дамытудың алғышарттарының бірі. Ол ғалымдардың негізгі еңбегінің жемісі. Оған қоса біздің жас ғалымдар еліміздегі педагог мамандықтарын дайындайтын жас ғалымдардың басын қосып, 2018 жылы Қазақстан жас педагог ғалымдары қауымдастығын құрды. Бұл қауымдастық ортақ ғылыми жұмыстардың іске асуына, жастардың ортақ диалогын құруға және көптеген мәселелердің оңтайлы шешілуіне ықпал етіп келеді. Сонымен қатар университет базасындағы ғылыми зертханаларында экологиялық жобалар, оның ішінде Алматы қаласының экологиялық ахуалын жақсартуға бағытында да көптеген жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мәселен, өткен жылы университеттің 75 жылдығы қарсаңында  Жаратылыстану институтының базасында ғалымдардың ұйымдастыруымен ағаш көшеттері тиімді әдіс арқылы өсіріліп, олар қаланың экологиялық ахуалы нашар аймағына отырғызылды. Бұл шара алдағы уақытта да жалғасын таба беретін болады.

– Биыл пандемияға байланысты жоғары оқу орындар қашықтан білім беріп жатыр. Қашықтан білім беру қиын болып жатқан жоқ па?

– Иә, пандемияға байланысты барлық сала өзгеріске ұшырады. Жоғары оқу орындарының барлығы былтырғы наурыз айынан бастап қашықтан оқыту жүйесіне көшті. ҚР Білім және ғылым министрлігінен осындай талап келген соң біздің де білім алушылар түгелдей қашықтан оқыту жүйесіне көшті. Қашықтан оқыту бізге аса бір қиындық тудырған жоқ. Себебі университет 2012 жылдан бастап қашықтан оқыту технологиясын өз тәжірибесінде қолданып келеді. Қазір университет қабырғасында білім алып жүрген студент, магистрант, докторанттарды қосқанда 6 мыңнан астам білім алушы бар. Олардың барлығы қашықтан оқып жатыр. Қашықтан оқыту барысында университет білім берумен қатар бірқатар жобаларды да қолға алып жатыр. Мысалы, Цифрлы волонтер жобасы аясында университет оқытушылары ауылдық жердегі мектеп мұғалімдеріне, оқушылар мен олардың ата-аналарына онлайн білім берудің тетіктерін үйретті. Бұл шараға студенттеріміз де атсалысты. Сондай-ақ пандемия кезінде психологиялық қолдау көрсету қолға алынды. Университеттің психолог мамандарынан құралған топ қандай да бір психологиялық көмекке мұқтаж азаматтарға өздерінің ақыл-кеңестерін берді. Осы уақытқа дейін мыңнан астам адамға психологиялық қолдау көрсетілді. Екіншіден, университеттің баспасөз бөлімі онлайн білім беруге өз септігін тигізді. Мәселен профессор оқытушылардың бейне лекцияларын түсіріп отырды. Сондай-ақ университеттегі жалпы жұмысты үйлестіріп, әлеуметтік желі арқылы  маңызды хабарларды таратып, ақпараттармен бөлісіп, яғни студенттермен қатар оқытушыларды да құлақтандырып отырдық.

БҮГІНГІ УАҚЫТТЫҢ ТАЛАБЫ ШЫНАЙЫ ӘРІ НАҚТЫ АҚПАРАТ БЕРУ

– Жандар мырза, баспасөз қызметі де студенттердің қашықтан білім алуына ықпал етіп жатқанын айттыңыз. Осы баспасөз қызметінің жұмысына тоқталып өтсеңіз, ақпарат таратумен қатар басқа қандай қызметтерді атқарып жатсыздар?

– Кез келген мекеменің баспасөз қызметі тек ақпарат таратумен ғана шектелмейді. Ол – сол ұйымның немесе мекеменің қоғамдағы имиджі мен беделіне тікелей әсер етеді. 2017 жылы қазан айында университет қабырғасында Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі құрылды. Бұл құрылымдық бөлімдегі бейне студия университеттің профессор-оқытушыларының бейне лекцияларын түсіріп, өңдеп оқу орнының Youtube желісіндегі ресми арнасына орналастырады. Ол әсіресе қазіргі студенттердің қашықтан оқуы кезінде пайдасын тигізіп жатыр. Оған қоса университеттің «Қыздар университеті» газеті бар. 2005 жылы алғаш рет «Ақтоты» деген атаумен жарық көрген газетке 2018 жылдың қаңтар айында ребрендинг жұмыстары жасалды. Қазір бұл басылым D2 еуроформат стандартында жарық көреді. Бұрын жалпыуниверситеттік газет болса, қазір «республикалық қоғамдық саяси жастар газеті» деген атауға ие. Басылымға түбегейлі өзгерістер енгізу барысында оның дизайнын өзгертіп қана қоймай, мазмұнына, бағытына, оның қаузайтын мәселелерінің ауқымына жаңашылдық енгіздік. Онда университеттің жаңалықтарын берумен қатар жастар арасындағы мәселелерді, білім және ғылым саласындағы жаңашылдықтарды, енгізіліп жатқан өзгерістердің барлығын қамтып отыр. Сондай-ақ руханият мәселелерін де назардан тыс қалдырмаймыз, тарих, әдебиет тақырыптары да қозғалады. Әсіресе қазіргі қоғам сұранысына сай сыры ашылмаған, зерттеуді қажет ететін ақтаңдақтар жайлы да тың материалдар жарияланып отырады. Сонымен қатар қазір әлеуметтік желілер трендте екендігі рас. Университеттің instagram, facebook, Youtube, твиттер, телеграм сынды желілерде ресми парақшалары бар. Сәйкесінше осыларда күнделікті қазақ, орыс және ағылшын тілінде ақпарат таратылады. Сонымен қатар, баспасөз бағыты бойынша бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс орнатамыз. Университеттегі көптеген жаңалық отандық БАҚ-тың назарынан тыс қалмайды. Бұл сәйкесінше оқу орынның қоғамдағы абыройы мен беделіне әсер етеді.

Қазір ақпараттың заманы. Бүгінгі уақыттың талабы шынайы, анық ақпарат беру. Шынайы ақпарат дегеніміз ол сіздің имиджіңіздің, сіз басқарып отырған мекеменің беделі мен қоғамдағы абыройына әсер етеді. Бұл тұрғыдан алғанда қазір ақпарат құралдары, бұқарамен, қоғаммен байланысты үлестіретін кез келген мекемеде баспасөз қызметі құрылған. Елімізде баспасөз қызметі саласының кеңінен жұмыс істей бастағанына көп бола қойған жоқ. Ары кетсе он шақты жылдың көлемі болған шығар. Оған дейін ақпарат керек болатын болса ол белгілі бір тұлғадан, ресми өкілден немесе мекеменің жетекшісінен алынған ақпараттар. Ал енді баспасөз қызметі бүкіл жаңағы сол жұмыстың бәрін үйлестіретін маман. Өйткені қазіргі кез ақпараттың тасқыны. Сол тасқынға қарсы тұру, соның ішінен сұрыптап шынайы ақпаратты беру ол өз ісінің қабілеті, қарымы мен  біліктілігі үлескен маманның қолынан келеді деп ойлаймын.

– Қазір көптеген мәселе әлеуметтік желі арқылы жарияланып жататыны белгілі. Желіде университетке қатысты қандайда бір пікір жарияланса оны қалай қабылдайсыздар?

Жалпы әр адамда әртүрлі ой, пікір бар. Сол пікірмен санаса білу керек, бұл дегеніміз оларды тыңдай білу деген сөз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын бекіткенін білеміз. Бұл тұжырымдаманың міндеті әлеуметтің қандайда бір мәселесіне құлақ түріп, оның оңтайлы шешілуіне ықпал ету. Соңғы жылдары бұл тарапта көптеген оң өзгерістер болып жатыр. Мәселен, әлеуметтік желі қазір басты трендтердің біріне айналды. Халық өзінің қандайда бір мұқтаж, белгілі бір тиісті органдардан, мекемелерден шешімін таппаған мәселелерін әлеуметтік желіге жариялау арқылы оның оңтайлы шешілуіне ықпал етуде. Бұл алға қарай нақты қадамдар жасалды деген сөз. Соған сәйкес әлеуметтік желіде жазылған пікір, ұсыныстарға жауап қату баспасөз бөлімінің жұмысына кіреді. Желіге жіті мониторинг жасап отырамыз. Бұл қандайда бір мәселенің одан әрі ушығып кетпеуіне себепкер болып, оңтайлы шешілуіне ықпал етеді.

– Қазіргі күнгі баспасөз саласындағы медиа маман қандай болу керек?

– Өзім әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің магистратурасын тәмамдағаннан кейін баспа саласында, бірқатар республикалық телеарнада, оның ішінде кез келген телеарнаның нақты өзегі саналатын жаңалықтар қызметінде жүргізуші, редактор болып қызмет атқардым. Газеттерде жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары сынды қызметтерді де атқардым. Менің ойымша, өз ісін білетін, өз ісіне маманданған баспасөз хатшысы газет, телеарна, сайтқа ақпарат берудің тәсілдерін  меңгеруге тиіс деп ойлаймын. Аз уақыт болса да сол мектептен өткен абзал. Өйткені газетке ақпарат берудің тәсілі басқа да, телеарнаға мәлімет беру тәсілі мүлдем басқа. Сол сияқты сайтқа ақпарат беру формасы өзгеше. Сондықтан осындай кәсіби дағдыларын меңгерген медиа маманы кез келген жағдайда жұмысты тиісті деңгейде атқарады деген ойдамын. Осы саладағы азды-көпті тәжірибем, одан кейінгі отандық бірнеше жоғары оқу орындарының медиа саласында жетекшілік жасау сияқты қызметтер осы саладағы біліктілігімізді одан әрмен жетілдіруге ықпал етті. Бүгінде білім мен ғылымның қарашаңырағы Қыздар университетінің баспасөз саласында еңбек етіп келе жатырмын. Біздің еншіміздегі басты миссия – осы оқу орынның қоғамдағы беделін, оның бағыты мен бағдарын жұртшылыққа түсіндіру. Қоғам мен осы оқу орын арасындағы алтын көпір міндетін атқару. Кез келген баспасөз саласының маманының негізгі миссиясы осындай болу керек деп ойлаймын. Ол жаңағы шынайы ақпарат беруі тиіс, оның жұмысы өзі қызмет атқаратын мекемемен тікелей байланысты. Сондықтан баспасөз хатшысы тек қана пресс-релиз таратып, сайтқа мәлімет берумен айналысады деген қате ұғым. Баспасөз қызметі саласы ол біріншіден, оқу орында қолға алынған жұмыстардың барлығын егжей-тегжейлі, жұртшылыққа өтімді болатындай әдемі ақпаратпен қамтамасыз ету. Сондай-ақ өзі жұмыс істейтін мекеме жайлы қоғамда тарап жатқан негатив пікірлерден, оның беделіне нұқсан келтіретін қандайда бір ақпараттартың терістігін нақты деректермен жоққа шығару. Оны дәлелдеу. Баспасөз хатшысының тағы бір міндеті – бұқаралық ақпарат құралдарымен университет арасында дәнекер болу.

– Жандар Тұрарұлы, әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан: Индира БІРЖАНСАЛ

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА

Жандар Тұрарұлы АСАН 1990 жылғы 12 мамырда қазіргі Түркістан облысының Түлкібас ауданында дүниеге келген.

2007 жылы «Түркібасы» қазақ-түрік лицейін, 2011 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін, 2014 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің магистратурасын үздік бағамен тәмамдаған. Гуманитарлық ғылымдар магистрі.

Еңбек жолын «КТК» телеарнасының «Жаңалықтар» ақпараттық-сараптамалық бағдарламасының тілшісі қызметінен бастаған.

Әр жылдары «Шамшырақ» қоғамдық-саяси газеті бас редакторының орынбасары – жауапты хатшысы, «Хабар 24» телеарнасының бағдарлама редакторы әрі жүргізушісі, Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің Ақпараттық-имидждік орталығының басшысы қызметтерін абыроймен атқарған.

2017 жылдан бері Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Имидждік саясат және қоғаммен байланыс басқармасының басшысы болып еңбек етеді.

Бірнеше деректі фильмнің және ақпараттық-танымдық энциклопедиялық жинақтың авторы.

Отандық және шетелдік ғылыми журналдарда 20-ға жуық ғылыми мақаласы шыққан.

Республикалық беделді басылымдарда 500-ден астам публицистикалық мақаласы жарық көрген.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here