ҚазҰУ командасы волейболдан ХІ жазғы универсиадада жеңіске жетті

0
1686

Түркістанда ҚР жоғары оқу орындары арасында волейболдан өткен XI жазғы универсиада ойындары нәтижесінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың ерлер командасы кезекті тамаша жеңісіне қол жеткізді.

Оқу орнының басшысы Жансейіт Түймебаев спортшыларды айқын жеңісімен құттықтады. Ректор университет құрама командасы мен оның бапкері, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Виктор Журавлевтің ерен еңбегі мен жоғары кәсіби деңгейін атап өтіп, жастарға спорт пен оқуда жаңа табыстар тіледі.  

Универсиаданың спорт алаңдарындағы тартысты дода 12 мамырда басталып, бүгін өз мәресіне жетті. Жарысқа еліміздің 10 жоғары оқу орнының ең мықты командалары қатысып, бақ сынасты.

Қазылар алқасы шығарған қорытынды бойынша, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті I-орынды қанжығасына байлап, жеңімпаз атағын сақтап қалды. Ал II-орынды Қ.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті иеленсе, жүлделі III-орынға Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті лайықты деп танылды.

Сондай-ақ бүгін Алматы мен Талдықорған ЖОО-ларының 6 командасы қатысқан қыздар арасындағы волейболдан турнир аяқталды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ командасы І.Жансүгіров атындағы Талдықорған университетінің командасынан басым түсіп, жеңіс тұғырынан көрінді.

Барша жеңімпаздарды шын жүректен құттықтаймыз! Спортшыларға сәттілік, күш-қуат пен зор сенім тілейміз!

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here