Қыздар университетінің студенті – дизайнерлер конкурсының жеңімпазы

0
4497

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенті Әсел Ахметжанова Халықаралық жас дизайнерлер байқауында екінші орынға ие болды. Бұл туралы оқу орнының баспасөз қызметі мәлімдеді.

Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған шығармашылық конкурс Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде өтті.

Байқауға Қазақстан, Ресей, Татарстан, Башқұртстандағы жоғары және орта арнаулы оқу орындарының оқытушылары мен білім алушыларының шығармашылық жұмыстары ұсынылды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, сайысқа жалпы саны 116 жұмыс келіп түскен. Қатысушылардың еңбектері «Көркем текстиль», «Графикалық дизайн», «Экслибрис және графика», «Сән және аксессуарлар» номинациясы бойынша бағаланып, іріктелді.

Жас дизайнерлердің жұмыстарын Англия, Аргентина, АҚШ, Израиль, Польша, Италия, Греция сынды мемлекеттердің танымал мамандарынан құралған қазылар алқасының мүшелері сараптады.

Байқау қорытындысы бойынша Қыздар университетінің атынан қатысқан Әсел Ахметжанованың «AiBi» киім топтамасы жоғары бағаланып, екінші орынға лайық деп танылды.

Киімдер топтамасының басты ерекшелігі – ұлттық стильге маңыз берілген.

Коллекция оқу орны жанындағы «Сән әлемі» шығармашылық орталығында дайындалған.

Орталық білім алушылардың шығармашылығын дамытып, жас дизайнерлердің дарыны мен мүмкіндіктерін ашу бағытында қызмет атқарады. Сонымен қатар мұнда киім модельдеу, пішу және тігу сияқты жұмыстар жүргізіледі.

Орталықта дайындалған киім үлгілері мен коллекциялар халықаралық және республикалық деңгейдегі көрмелерде көпшілік назарына ұсынылып, мамандар тарапынан жоғары бағасын алып үлгерді.

– Құрылған сәттен бастап орталық студенттердің шығармашылық және кәсіби дамуын басты назарда ұстайды. Білім алушылар ұлттық және заманауи нақыштағы ерекше киім үлгілерін тігудің қыр-сырымен танысып, теориялық білімдерін тәжірибе жүзінде шыңдауға мүмкіндік алады. Сонымен қатар студенттерге «Мататану», «Материалдарды өңдеу» және «Тігін бұйымдарының технологиясы» пәндері бойынша дәрістер де өтеді, – дейді орталықтың жетекшісі, Қыздар университетінің аға оқытушысы Ұлжан Бегешова.

Бүгінге дейін қол жеткізген нәтиже де жоқ емес. Студенттердің жұмыстары халықаралық, республикалық сән байқауларында жоғары бағаланып, үздік атанып келеді. Университет ұстаздары сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарын жасауды болашақ мамандарға жете таныстыру арқылы олардың кәсіби шеберлігін арттыруды көздеп отыр.

Орталықта айына бірнеше киім үлгілері тігіледі. Жас шеберлер коллекциялардың ерекшелігіне, бір-біріне ұқсамауына ерекше назар аударады. Көздің жауын алатын туындыларды көпшілікке таныстыру мақсатында жыл сайын шығармашылық жұмыстардың көрмесін ұйымдастыру да дәстүрге айналған.

Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here