Білімдінің сөзін тыңда, айтқанын үйрен, іске асыр

0
3051

Бүгінгі күні дамыған елдер жоғары сапалы білім жүйесімен жұмыс істейді. Өйткені, қазіргі заманда елдің бәсекеге қабілеттілігі оның білімді адамдарымен анықталады, сол себепті білім беру жүйесі болашақтың талабына сәйкес дамуы керек. Мектеп оқушыларын жаңаша әдіс-тәсілдермен оқытып, алған білімдерін өмірде қолдана алатын функционалды сауатты етіп тәрбиелеу қажеттілігі де осы себептен туындап отыр. Білім мазмұнын жаңғырту – сапалы білім, жарқын болашаққа негізделген.

Орыс халқының педагогы К.Ушинский: «Мұғалім – өзінің білімін  үздіксіз көтеріп отырғанда ғана мұғалім, ал оқуды, ізденуді тоқтатқанда, оның мұғалімдігі де жойылады», – деген екен.

Иә, шынында да, осы мамандықты жүрек қалауымен таңдаған жандар үнемі ізденіс үстінде жүреді. Ал, педагогикалық шеберлікті шыңдауға көмегін берген «Өрлеу» БАҰО» АҚ облыс бойынша филиалының ұйымдастыруымен орта білім беру ұйымдарының қазақ тілінде оқытатын қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне арналған «Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімінің кәсіби құзыреттіліктерін дамыту» тақырыбымен өткен мұғалімдердің біліктілігін арттыру курсының маңызы өте зор болды. Курсқа қатысқан біздер жаңартылған білім беру бағдарламасы жағдайында үлгілік оқу бағдарламасы мен оқу жоспарына шолу жасап, оқыту мақсатын диагностикалау, пән бойынша дамытушы тапсырмаларды дайындау, сандық білім беру ресурстары мен виртуалды зертханаларды пайдалану сияқты теориялық білім алдық.  Сондай-ақ, қазақ тілі мен әдебиет пәні бойынша белсенді әдістерді қолдану, қалыптастырушы, жиынтық бағалауға арналған тапсырмаларды жүйелі құру, тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым дағдыларына тиімді әдіс-тәсілмен жаттығулар әзірлеу, эссе жаздырудың тиімді жолдары туралы теория мен практиканы ұштастырып дәріс берген жетекшіміз Қылышбекова Нұрсауле Уканбайқызының еңбегі десем, артық болмас. «Білімдіден не пайда, білгенін көпке айтпаса, үйреткеннен не пайда, қайырымы қайтпаса» деген екен А.Байтұрсынов. Өз басым Нұрсауле апайдан үшінші рет курс оқыдым. Және де алғыстан басқа айтарым жоқ. Өйткені, әр кезде әр қырынан танылатын тренердің ұйымдастырушылық қабілеті мені қызықтырады. Талап ете отырып, нәтижеге бағытталған өнімді жұмыс жүргізетін маманның күнделікті сабағы қызықты әрі мазмұнды. Әсіресе, практикаға негізделген жұмыстар, қолданылған әдіс-тәсілдер әр мұғалімге  жұмыс барысында көмекке келеді деп ойлаймын. Үнемі кәсіби біліктілігін арттырып, жаңашылдыққа ұмтылған педагог қана шығармашылықпен, зор қуатпен еңбектенеді. «Білімді болу деген сөздің мағынасы – белгісіз нәрсені ашуға қабілетті болу» деген Әл-Фарабидің сөзіне жүгінетін болсақ, ел ертеңі білімді ұрпақпен ғана өлшенбек.

«Мұғалім – мәңгі нұрдың қызметшісі, ол барлық ой мен қимыл-әрекетіне ақылдың дәнін сеуіп, нұр құятын тынымсыз лаулаған жалын иесі» деген екен Я.Коменский. Біздер, тынымсыз лаулаған жалын иелері, білімімізді жетілдіре жүріп, өзгелерді оқытайық, өзіміз де үйренейік.

Ардақ Бекбауылқызы,
Күреңбел қазақ орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Алматы облысы,
Кербұлақ ауданы, Сарыөзек ауылы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here