Адамзат тарихындағы ең жойқын эпидемиялар мен пандемиялар

0
4815

2020 жылдың 11 наурызында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) COVID-19 індетіне байланысты пандемия (жаңа ауру түрінің жаһандық ауқымда таралуы) жариялағанын білесіздер. Соңғы рет ДДСҰ мұндай қадамға 2009 жылы барды. Сол 2009-2010 жылдары барша әлем «доңыз тұмауы» деген атпен белгілі H1N1 вирусымен алысты. Бір жылда барлығы 255 мыңдай жұқтыру дерегі тіркеліп, әлемнің 140 елінде 2,6 мыңдай адам көз жұмды. Өкінішке қарай, H1N1 вирусына қарағанда 2019 жылдың желтоқсанында бастауын Ухань қаласынан (Қытай) алған COVID-19 індетінің ауқымы біз ойлағаннан да орасан зор болып шықты. Қазірдің өзінде әлемде індетті жұқтырғандар саны 176 млн-нан асты. Коронавирус 3,8 млн адамның өмірін жалмады. Ал, пандемия ауқымындағы ауру әлемде алғаш рет таралып отырған жоқ. XX ғасырдағы «испандық» деген атпен мәлім тұмау адамзат тарихындағы ең ірі пандемия саналады. Өйткені, 18 айда әлемнің 550 млн адамы (сол кездегі әлем халқының үштен бірі) «испандық тұмауды» жұқтырып, кемінде 50 млн адам бұл індеттің құрбаны болды. Тіпті, кейбір мамандар бұл тұмаудан 100 млн адамның өмірмен қоштасқанын айтады.  Жүз жыл бұрынғы «испандық тұмаудан» кейін өткен ғасырды айтпағанда, осы ХХІ ғасырдың өзінде атипиялық пневмония (SARS), «құс тұмауы» (H5N1), Эбола (Ebolavirus), Зика безгегі (ZIKV) сияқты жұқпалы аурулар әлемді біршама әуреге салды. Дегенмен, медицина саласы мен вирусология ғылымы дамыған бүгінгі заманда барлық індетпен адамзат күресе білді. Демек, бүгінде кез келген белгісіз індетпен күресуге, оның таралуына жол бермеуге, сөйтіп адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік мол. Ғасыр тарихы бар «Qazaq» газеті бүгін әлемді үрейде ұстаған эпидемиялар мен пандемиялардың тарихына шолу жасайды.

Афина обасы (б.з.д. 430-426)

Афинада орын алған оба – адамзатты шайқалтып жіберді. Ежелгі дәуірдегі адамдар сырқатты жіктеуді және диагностикалауды білмеген соң оған «оба» деген жалпылама атау берді. Сонымен, Афинада спартандықтармен соғыс кезінде найзағайдың жылдамдығымен таралған инфекция жұқтырған адамдарды бірнеше күн ішінде өлім құштырған белгісіз ауру пайда болды. Сарапшылардың болжауынша, сол тұста 100 мың адам індеттің құрбанына айналды.

Афиналықтар оны «бұл Құдайдың жазасы» деп ойлады. Бірақ, көптеген   ғалымдар «ауруды іс жүзінде шаһарға Мысырдан келген матростар мен саудагерлер тасымалдады» деп топшылады. Аурудың кең таралуына қалада адамдардың шамадан тыс толып кетуі, тұрғындар мен солдаттардың нашар тұрмыс жағдайлары ықпал етті.

Афина обасынан зардап шеккен ежелгі грек тарихшысы Фукидид соңында аурудың белгілері туралы тізім қалдырды. Оның ішінде безгек, асқазан-ішек жолдарының бұзылуы және улану белгілері де болды. Қазіргі зерттеушілер Афина обасының құрбандарының қалдықтарынан іш сүзегі қоздырғышының ДНҚ-сын тапты, оның белгілері Фукидид сипаттағанға ұқсас келеді.

Гален обасы (165-180)

«Өлім періштесі Рим індеті кезінде есікті бұзады» деген сөз қалған. Ол Рим  империясы әскерлерінің Таяу Шығыстағы жорықтардан алып келген эпидемия зардабына жатқызылды. Сарапшылар оны аусыл немесе қызылша деп болжады,  қазір ол туралы нақты мәліметтер жоқ.

Індетті сипаттаған дәрігердің атымен ол «Гален обасы» деп аталған. Сырқат сол жылдары 5 миллионға жуық адамның өмірін қиғаны белгілі. Сол күндері  тәулігіне 2 мыңдай адам қайтыс болған. Гален бұл сырқатты  жұқтырған адамдарда температура, диарея, фарингит және терінің бөртпесі болатынын сипаттаған.

Гален обасы «Антонин обасы» деп те аталды. Ол – Рим императоры Маркус Аврелий Антониннің есіміне орай аталған. Оның патшалығы осы сұмдық кезеңге тап келген.

Бір ғасырға жетер-жетпес уақыт өткен соң, Рим империясында тағы да Гален обасы тіркеліп, тарихта ол басқа «Киприан обасы» атымен қалды. Бұл атауды осы ауруды сипаттаған – Карфаген Киприан епископының атауымен атады. Болжам бойынша, індет 1 млн-ға жуық адамның өмірін қиды.

Юстиниан обасы (541-750)

Юстиниан обасы – адамзат тарихындағы алғашқы тіркелген оба пандемиясы. Ол сол кездегі өркениетті әлемнің бүкіл аумағына таралып, 90 млн-нан астам адамның өмірін қиған. Бұл атауды Византия императоры І-ші Юстинианның құрметіне атады. Бұл аурудың тарихы оның «Шіркеу тарихы» атты кітабында антиохиялық заңгер Евагрий Схоластиктің сипаттамасында жазылып қалды. Бұл жұмыс бойынша ауру негізінен бубонды және септикалық түрінде өткен. Бірінші жағдайда өсінділер адамның денесінде пайда болды, сол арқылы ауру адамды анықтауға мүмкін болған. Екінші жағдайда адамда инфекцияның сыртқы белгілері болған жоқ. Симптомдар арасында температураның жоғарылауы, ентігу, делирий және пульстің жылдамдығы байқалды. Инфекцияның бұл түрі ең үлкен қорқыныш тудырды, өйткені дені сау адам инфекциядан бірнеше күнде қайтыс болып жатты.

Қара өлім (1346-1353)

Қара өлім – адамзат тарихындағы ең танымал пандемиялардың бірі. Әлем тұрғындарының едәуір бөлігіне әсер еткен аурулар туралы әңгімелегенде оны жиі еске алатын болған. «Қара індеттің» салдарынан 200 млн адам өлім құшқан. Ол жердегі адамдардың шамамен 60 пайызына тең болды.

Обаның негізгі тасымалдаушылары егеуқұйрықтар мен басқа да кеміргіштер және жәндіктер болған. Оба Қытайға бірінші болып жеткен. Хэбэй провинциясында одан халықтың 90 пайызы өлім құшқан және зардап шеккен. Содан кейін ауру Моңғолияға тараған, сөйтіп көпес керуендермен бірге Үндістанға жеткен. Әрі қарай Сирия мен Египетке, біртіндеп солтүстікке қарай таралған. Осылайша індет Еуропаға жайылған. Оны кәрі құрлыққа саудагерлер   алып барған.

Ресей бұл ауруды соңғылардың бірі болып жұқтырған. Басқа қалаларға қарағанда оба Мәскеуде, Смоленскіде, Киевте, Черниговта және Суздальда орын  алған. Алайда, ол оңтүстікке қарай ауысып, ауру Днестр, Дон және Хопер өзендерінің арасындағы аймаққа таралған.

Юстиниан обасы сияқты бұл сырқат көпшілік арасына бубонды және септикалық жүйеде дамыған. Алайда, өкпенің қабыну формасы да болған. Онымен  ауырған науқас жөтел мен гемоптизге ұшыраған.

Коколицтли эпидемиясы (1545-1554)

Тосыннан келген эпидемиядан ацтектер қирандылар астында қалған. Бұл  эпидемияның табиғаты туралы ғалымдардың әлі күнге дейін дәлелі жоқ. Бұл індет Мексика мен Орталық Америкада 15 млн адамның  өмірін  жалмаған. Оның атауы ацтектердің «коколицтли» сөзінен шыққан, яғни ол «зиянкестер» деген мағынаны білдіреді. Ұзақ уақыттар бойы бұл геморрагиялық қызба деп есептелсе, қазір зерттеушілер оның қоздырғышын іш сүзегі деп санайды.

Коколицтлимен ауырған адамдарда көздің, терінің және зәрдің түсінің өзгеруі синдромдары болған екен. Олардың терісі жасыл-сары немесе қара реңкке ие болатын болған. Тіл де қара түске түседі екен. Осы белгілер пайда болғаннан кейін көп ұзамай адамда сандырақ пен конвульсия, құлақтың артындағы ауыр түйіндер, кеуде мен іште ауырсыну пайда болған.

«Мексикаға бұл ауруды испандар алып келген» деген де әңгіме қалған.

Алексей Михайлович тұсындағы оба (1654-1655)

Осы эпидемиядан қанша адам өлгенін нақты ешкім айтып бере алмайды. Ол – шамамен 300 мыңнан 1 млн-ға дейінгі аралықты қамтиды. Дегенмен, осы аралықта орын алған оба ауруы империя тарихындағы ең аянышты өлім болып саналады.

Індет Орталық Ресейдің 25 әкімшілік бірлігіне – Алексин, Вологда, Звенигород және Звенигородск ауданы, Қазан, Калуга, Карачев, Кашин және Кашин ауданы, Коломна, Кострома, Мәскеу, Муром, Нижний Новгород, Пржемысл, Переславль-Залесский, Переяславль Рязанский, Суздаль, Тверь, Торжок, Новоторжский ауданы, Тула, Углич, Шуя және Ярославль аумағына  тараған. Тіпті, Мәскеудегі шіркеу зираттарына жерленген адамдардың саны көп болған. Мәйіттер қайтыс болғаннан кейін бірнеше жыл бойы жұқпалы болып саналғандықтан, эпидемиядан кейін ұзақ уақыттар бойы бұл зираттарда жаңа жерлеу рәсімдерін жасауға тыйым салынған.

Лондондағы үлкен оба (1665-1666)

Бұл эпидемия негізінен Ұлыбританияда өріс алған. Сонымен қатар, ол Еуропаның басқа елдеріне де әсер етіп, енді біріне сауда жолдары бойымен жеткен. Эпидемияның ауқымын бұрынғымен салыстыруға болмайтын еді. Тарихшылардың айтуы бойынша, одан 100 мыңға жуық адам қайтыс болған. Алайда, бұл Лондондағы жалғыз мәселе емес еді. Эпидемия басыла салысымен, қалада ғаламат өрт пайда болып, алып шаһардың көп бөлігі төрт күнде күлге оранған.

Марсель обасы (1720-1722)

Бұл эпидемия өзінің ауқымы мен өлім деңгейі бойынша Ұлыбританияға  ұқсас. Індет  жайлаған үш жыл ішінде Францяиының Марсель және Прованс қалаларында өмір сүріп жатқан шамамен 100 мың адамды қырып жіберген. Дәстүр бойынша оны саудагерлер әкелген. Сарапшылар оны Сеид, Триполи және Кипр арқылы Сириядан шыққан «Гранд Сен-Антуан» кемесі әкелді деп санайды. 

Француздар аурудың қаупін тез түсініп, Марсельді карантиндік аймақ деп жариялаған. Тұрғындарға қаладан шығуға және өзге аймақтардан қалаға келушілерге тыйым салынған. Алайда, карантинді бұзушылар да болған, соның кесірінен ауру бірнеше жақын қалаларға тараған. Бірақ, көп ұзамай ластанған аймақтың айналасына тас қабырғалар орнатылып, карантинді бұзушыларға өлім жазасы кесілетін болған. Осының арқасында ауру салыстырмалы түрде төмендеген.

Холера пандемиясы (1816-1860)

Бұл індет те бүгінгі коронавирус сияқты. ХІХ ғасырдағы тырысқақ «Ғасыр обасы» деп аталған. Бұл Александр Пушкиннің Большое Болдино кентіндегі отбасылық үйінде бастан кешірген екінші тырысқақ ауруы. Ұлы ақын осы кезеңде  «Евгений Онегин», «Белкиннің ертегілері», «Кішкентай трагедиялар», «Коломнадағы үй» және басқа да көптеген кішігірім шығармаларды жазды.

ХІХ ғасырда тырысқақтың үш ошағы болды. 1816 жылдан 1826 жылға дейін – Еуропа мен Азияда, 1829 жылдан 1851 жылға дейін – ол Еуропа мен Азиядан басқа, Солтүстік Американы да қамтыды. Сонымен қатар, індет 1852-1860 жылдар аралығында әлемнің көптеген бөлігін шарпыған. Осы уақыт ішінде 60 млн-нан астам адам тыныс алу жолының қабынуынан қайтыс болған. Холера тек нәжіс жолымен, яғни қоршаған ортаның ластануы салдарынан жұқтырылуы мүмкін деген қорытынды жасалған. Холераның негізгі белгілері – дегидратация, құсу, диарея, тәбеттің болмауы, дененің тырысулары болған. Ауыр жағдайларда тері көк түске боялып, қол терісі әжімдермен жабылған, көздердің ішке кіріп кетуі көрініс берген. 

Аусыл обасы (1877-1977)

Бұл ауру ежелден адамзатқа қауіпті сипат әкелген. Індет Үндістанда басталған. 1877 жылдан 1977 жылға дейінгі кезеңде аусыл планетамыздағы жарты миллиардтан астам адамның өмірін жалмаған. Оны вакцина ойлап тапқан кезде ғана жеңу мүмкін болған. Сонымен қатар, карталарда және сызбаларда аусылмен күресу жоспарлары көрсетіліп, олар нақты әскери қимылдарға ұқсаған. Бұл аурудан соңғы өлген адам 1978 жылы тіркелген. Аусыл медициналық фотограф Джанет Паркердің өмірін қиды. Бүгінгі таңда вирус ресми түрде жойылды деп саналады. Бұл – адамдар толық жеңген алғашқы ауру.

Адамдар аусылмен ауырғанда олардың денесін бірнеше күн ішінде жаралы бөртпелер қаптап кеткен. Олардың температурасы көтеріліп, аяқ-қолдарын зілбатпен қатты ауру қинаған. Кейінгі кезеңдерде адамдар делирийге түсе бастаған, бұзылған сана мен конвульсия пайда болған. Ең ауыр түрінде теріден массивті қан кетулер болған. Оның соңы өлімге әкеліп соқтырған.  

Орыс тұмауы (1889-1890)

Бұл пандемияның себебі тұмау вирусы болған. Бірақ,ғалымдар оның вирустың қай түрінен болғанын әлі анықтай алмаған. Бастапқыда ол A тұмауы, H2N2 кіші түрінде көрінген, кейінірек зерттеушілер бұл A тұмауы, H3N8 кіші түрі деген қорытындыға келген.

Тұмауды жұқтырудың алғашқы жағдайлары 1889 жылы желтоқсанда Санкт-Петербургте тіркелген. Аурудың таралуына дамыған көліктік инфрақұрылым ықпал еткен. Ол жылдары Еуропаның 19 ірі елі теміржол арқылы байланыста болған. Осыған байланысты бірнеше ай ішінде ауру бүкіл солтүстік жарты шарға таралған.

Сол тұста бұқаралық ақпарат құралдары телеграфты ақпаратты қолданып жүргендіктен, жаңалықтардың күн тәртібі көп жағдайда бүгінгі күнге ұқсас келген. Адамдар күнделікті індет жұқтырғандар мен өлгендердің санын біліп отырған. Сондықтан бұл тұмаудың эпидемиясы әлемдегі алғашқы «Медиа пандемия» болып та саналады.

Тұмау вирусы адамның жоғарғы тыныс жолдарының тітіркенуінен болатын жөтелді тудырған. Сондай-ақ, бас аурулары, масаң болу белгілері және температураның көтерілуі байқалған. Вирус ағзаның қорғаныс жүйелерін әлсіретіп, екінші реттік инфекцияның қосылуына мүмкіндік берген, ол өз кезегінде   асқынулар тудырған.

Испан тұмауы (1918-1920)

Ростов мемлекеттік медицина университетінің инфекциялық аурулар кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы Юрий Амбалов (Ресей) испан тұмауын қазіргі COVID-19 пандемиясымен ұқсастығын салыстырады. H1N1 кіші түрінің А тұмауы болып табылатын испан тұмауы екі жыл ішінде жарты миллиардтан астам адамға жұғып, 50-100 млн адамды жалмап кеткен. Оба мен шешек ауруымен қатар, бұл пандемия тарихтағы ең жаман аурудың бірі ретінде есте қалды.

Эпидемия Бірінші дүниежүзілік соғыстың соңында басталған. Оны  зерттеушілер әскердегі жағдайдың ауыртпалығының салдарынан көреді. Антисанитариялық жағдайлар, дәрумендердің жетіспеушілігі, дұрыс тамақтанбау және шектен тыс адамдардың көптігі сырқаттың кеңінен етек жаюына ықпал еткен.

Испан тұмауымен алғашқы науқастар АҚШ-та пайда болды, бірақ пандемияны бірінші болып Испания жариялады, сондықтан тұмау соның атымен аталып кетті. Бір айдың ішінде тұмау Испанияда 8 млн адамға жұққан. Вирус жұқтырғандардың көпшілігі 20 мен 40 жас аралығындағы сау адамдар.  Испан тұмауынан 25 апта ішінде әлем бойынша 25 млн адам қаза тапты.

Мұның алдыңғы пандемиядағыдай, көлік байланысының тасқыны вирустың таралуына ықпал етті. Алайда, көптеген қалалар мен елдердің билік буындары  індеттің таралуының алдын-алу мақсатында  карантиндік режим енгізді. Аляскадан – Оңтүстік Африкаға дейінгі барлық елді мекендерде ауруды жұқтырып, қайтыс болғандар саны арта түсті. Бос жерлер белгісіз  зираттарға  толып кетті және қабір қазушылар жетіспеді. Сондықтан қайтыс болған «испандықтар» табытсыз және жерлеу рәсімдерінсіз жаппай жерлене бастады. Өлімнің негізгі себебі – вирустың осы түрінің ерекше сипат алғандығы болды. Індет жұқтырған адамдардың өкпе тіндері жойылды, соның салдарынан тыныс алу жүйесі сұйықтыққа тез толып кетіп жатты.

Азия тұмауы (1957-1958)

Ол  жанама түрде «Гонконг тұмауы» деп те аталды. Бұл эпидемия Қытайда пайда болды және оған А тұмауының H2N2 кіші түрі ықпал етті. Эпидемия Қиыр Шығыстан басталып, біртіндеп батысқа қарай жылжи отырып, ақырында АҚШ-қа жетті. КСРО-да оның өршуі 1957 жылдың наурызынан мамырына дейін байқалды. Оның құрбандары көбінесе үш жасқа дейінгі балалар және 40 жастан асқан адамдар болды. Бұл ауруға найзағай бағыты тән болды, соның салдарынан адамдардың қаза табуы бір-екі күн, кейде бірнеше сағаттан кейін орын алып  жатты.

Кейбір мәліметтерге сенсек, вирустан 1,5 млн-ға жуық адам қайтыс болған. Кейбір сарапшылар оның нақты санын 5 млн-ға жеткізіп отыр. Олардың пікірінше, сол жылдары Азия елдерінде халық санағы қате жүргізілген. Он жыл бойы «Азиялық тұмау» құс тұмауымен араласып, мутацияға ұшырап – H3N2 жаңа кіші түріне ұласқан. Оның алғашқы эпидемиясы Гонконгта тіркелген. Сондықтан ол «Гонконг» атауын алған. Кейін Вьетнам мен Сингапурда індеттің жаңа жағдайлары анықталған. Күзге қарай ол Үндістанға, Филиппинге, Солтүстік Австралияға, Еуропаға және АҚШ-қа жеткен. 1969 жылға қарай ол Жапонияда, Африкада және Оңтүстік Америкада тіркелген.

Бұл вирус алдындағы вирусқа қарағанда әлсіздеу болып шықты. Мамандар  оны көптеген адамдардың «Азия тұмауына» иммунитеті барлығы және онымен  күресетін тиімді дәрілердің пайда болуымен түсіндірді. Соған қарамастан ол бір жылға жетер-жетпес уақытта кем дегенде миллион адамның өмірін қиып кетті.

Иммунитет тапшылығы вирусы (АИТВ) (1980 жылдан бастап)

Бұл эпидемия қырық жылдан астам уақыттан бері адамзат баласын азаптап келеді және әлі күнге дейін оның емі табылған жоқ. Бүгінгі терапия мен дәрі-дәрмектер аурудың ағымын тек баяулатады, бірақ одан құтылуға дәрменсіз болып  отыр.

ЮНЭЙДС (Біріккен Ұлттар Ұйымының АҚТҚ/ЖҚТБ бойынша бағдарламасы) деректеріне сенсек, АИТВ құрбандарының саны тек 2018 жылы 1,1 млн-ға жеткен, ал жалпы АИТВ-дан 40 млн-нан астам адам қайтыс болған. Қазір онымен ауырған 37 млн-нан астам адам есепте тұр.

Еске сала кетейік, бұл вирус қан арқылы, жыныстық жолмен және анадан балаға жұғады. Денеге түскеннен кейін ол иммундық жүйенің жасушаларын бұзады, терапия арқылы олардың саны көп ұзамай азаяды. Иммундық жүйе жеткілікті түрде әлсіреген кезде адам ағзасында АИТВ болмаса, оның орнына  басқа аурулар пайда болады.

Қазіргі кезде АИТВ-мен өмір сүретіндердің көпшілігі Оңтүстік Африкада, Нигерияда және Үндістанда тұрады.

Шошқа тұмауы (2009-2010)

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының «Шошқа тұмауын» пандемия деп  жариялауы халық наразылығын тудырды. «Шошқа тұмауы» іс жүзінде пандемия кезінде жалпы байлығы 18 млрд доллардан асқан фармацевтикалық компаниялардың жасаған қастандығы болды» деген нұсқаны қолдаушылар көп. Бір қарағанда, онша қорқынышты емес сияқты. ДДСҰ мәліметтері бойынша, ауруды жұқтырып, қаза тапқан адамдардың жалпы саны 18 мыңнан сәл асқан. Шын мәнінде, бұл тек зертханалық расталған жағдайлар, ал бүгінгі таңда АҚШ-тың ауруларды бақылау және алдын алу орталығының мәліметтері бойынша 575 деп есептеледі. Ал, вирустың құрбандары – 400 адам.

Алғаш рет бұл тұмау Мексикада тіркелген, ол жерден оның екінші  – «мексикалық» аты шыққан. Аурудың негізгі белгілері: бас ауруы, безгек, жөтел, мұрыннан су ағу, диарея, құсу және іштің өтуі.

Эбола безгегі (2013-2015)

Эбола эпидемиясы – негізінен Батыс Африканы қамтыған. Оның  «импортталған» жағдайлары әлемнің кейбір жерлерінде тіркелгенімен, ол ешқашан пандемияға ұшырамаған.

Холера жағдайында бұл ауру тыныс алу жолымен берілмейді, бірақ оны ауру объектілерге немесе ауырған жануарлар мен адамдардың қаны арқылы алу оңай   көрінеді.

Батыс Африкада болған Эбола эпидемиясы жергілікті дәрігерлерді таңқалдырды. Олар бір уақытта көптеген жұқтырушыларға дайын болмады және мұндай инфекциялармен күресу тәжірибесі де болмаған. Алдымен Эболаның белгілері тұмауға ұқсаған. Мұндай сәтте адам шаршауды сезініп, қалтырап, тәбеті төмендеп, әлсіздік, бұлшық ет ауруы, тамақ ауруы және буындардың сырқырауы болады екен. Бұл кезде температура 38 градустан жоғары көтеріледі. Кейінірек адамда ентігу мен кеуде ауыруы, сонымен қатар, бас ауруы күшейеді. Пациенттерде қызыл бөртпе пайда болатын көрінеді. Кейбір жағдайларда адамда қан ұюының төмендеуімен байланысты ішкі немесе сыртқы қан кетулер де болуы мүмкін. Адамның өлімі, көбінесе, ағзадағы қан мен басқа сұйықтықтардың жетіспеушілігінен болады, оны науқас диарея мен құсу салдарынан жоғалтатын  деседі.

Халықаралық қоғамдастықтың көмегімен Эбола эпидемиясы да жеңіліске ұшырады, бірақ 11 мыңнан астам адамды өзімен бірге ала кетті.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Қазір әлемдік қауымдастық COVID-19 індетімен күресуге барын салып келеді. Ендеше, ондаған млн адамды құрбан еткен «испандық тұмауды» жеңген әлем жұрты бұл коронавирусты да ауыздықтайтынына еш күмән жоқ.

Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here