Білім ордасына Универсиада кубогы тапсырылды

0
1065

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде XI Жазғы универсиада ойындарының жеңімпазы – ҚазҰУ командасының спортшылары мен жаттықтырушыларын марапаттауға арналған салтанатты жиын өтті.

Шараны ашқан оқу орнының басшысы Жансейіт Түймебаев спортшы жастарды үлкен жетістіктерімен құттықтады. Биыл жетінші жыл қатарынан командалық есепте алға шыққан ҚазҰУ командасы мен жаттықтырушылардың жоғары кәсіби деңгейі мен ерен еңбегін атап өтіп, алғыс білдірді.

Өз сөзінде ректор қара шаңырақтың ұлттық және QS, Times сынды әлемдік рейтингтердегі биік жетістіктерін жастарға жеткізе отырып, спортпен қатар, оқуда да озық болуға, өзгелерге үлгі болуға үндеді.

«Спорт – университеттің ғана емес, елдің де мерейі. Сондықтан универсиадамен қатар, Олимпиада және өзге де әлем чемпионаттарында әрқашан жеңіске жете беріңіздер» дей келе, білім ордасында спорттың бұқаралық сипат алуын, ол үшін жан-жақты жұмыс жүргізуді тапсырды.

Спортта да ҚазҰУ студенттері салған дара жол бар. Әлемдік спорт элитасының қатарына Ермахан Ибраимов, Асхат Жіткеев, Светлана Подобедова, Дарсиль Эссамамбо, Дмитрий Баландин, Айдос Сейпілұлы, Елдос Сметов, Зябкина Виктория, Элмира Сыздықова, Денис Уланов, Алмат Кепесбаев сынды университет спортшылары еніп, ел намысын абыроймен қорғады.

Жиында сөз алған команда капитаны, баскетболдан спорт шебері Қадір Жалғасбек университет басшысына жеңіс кубогын тапсырып, жан-жақты қолдау үшін ризашылығын білдірді.

Сондай-ақ шара барысында белгілі жаттықтырушылар – Ербол Отыншиев, Галина Синельникова, Ермек Келгенбаев, Балауса Алпысбаева, Светлана Сиротиналарға «Ерен еңбегі үшін» медалі тапсырылып, сый-құрмет көрсетілді.

Айта кетсек, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ командасы Жазғы универсиадаға спорттың жалпы 35 түрі бойынша қатысып, 60 университет арасынан үздік шықты. Оның ішінде 19 спорт түрінен жеңіске жетті. Спорттың жеті түрі бойынша 2-орын және алты түрі бойынша 3-орын алды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here