Бар қазақтың Өзбекәлісі

0
1173

Халқымыздың біртуар азаматы, мемлекет және қоғам қайраткері, ұлт жанашыры, өнер мен мәдениетті, салт-сана мен қазақы дәстүрді дамытудың озық үлгісін көрсеткен Өзбекәлі Жәнібековтың туғанына 90 жыл толуына орай жер-жерде игі шаралар өткізілді.

Қазақстанның алғашқы астанасының бірі, қасиетті Сыр өңірінің орталығы – Қызылордамыздағы көрікті көшелердің біріне Өзбекәлі Жәнібековтың портрет-билборды ілінді. Облыста өткізіліп жүрген мәдени жиындарда қазақ мәдениеті мен өнері үшін ерекше еңбек еткен үлкен тұлғаның адами қасиеттері жайында әңгіме өрбітіп жүрген жайым бар. Кешегі кеңестік заманда Қазақ тілі туралы заңның қабылдануына, Наурыз мерекесінің ортамызға қайта оралуына, Ленинградтағы Эрмитаждан тайқазанды Түркістанға әкелуіне, Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қайта жаңғыртуға зор үлес қосты. Ұлы қайраткер Темірбек Жүргеновтың мәдениет пен өнердегі, ғылым мен білімдегі идеология саласының жалғастырушысы әрі ізбасары бола білді.

Қазақстан комсомолы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков даңғайыр диқан, екі мәрте Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың қасиетті қара кетпенін жастар бригадаларына тапсыру рәсіміне қатысты. Байқоңырдан ғарышқа ұшқан екінші ғарышкер Герман Титовты Мәскеуге арнайы барып, Қазақстанға алып келді. Қармақшы және Шиелі аудандарында халықпен кездесті. Қазақ елі, оның тарихы, болашағы жайында мазмұнды әңгіме өрбіді. Герман Титов және Ыбырай атаның арасында үйлесімді сөз болды. Мұны ұйымдастырған да Өзбекәлі Жәнібеков еді. Үлкен тұлғалардың жанында сол кездегі Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Хасен Бектұрғанов, облыстық жастар комитетінің жетекшісі Абылай Айдосов болды. Бұл да бір тарих.

Рас, рухани құндылықтардың көш басында жүрген Өзбекәлі Жәнібеков есімі халқының жүрегінде ұзақ уақыт сақталады.

Ержан УӘЙІС,
Маяқұмда Өзбекәлі Жәнібеков оқыған мектеп түлегі,
тележурналист, дипломат,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here