Тектілігін танытқан қаламгер

0
1668

Елімізге танымал дарынды қаламгер Бақберген Амалбеков ағамыз жайлы тағылымдық мақаланы жазар кезде есіме еріксіз сонау өзіміз түлегі болып табылатын Түркістан облысының Сарыағаш ауданына қарасты Дербісек елді мекеніндегі бұрынғы Надежда Крупская (қазір Елшібек батыр) атындағы орта мектепте оқыған шағымыз түсті. Аталған білім ордасы талай намысты да жігерлі, тәуелсіздігіміздің тірегі атанған тұлғаларды тәрбиелеп шығарды. Қазір олардың бәрі де таңдаған мамандықтары бойынша кең байтақ еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етіп жатыр.

МЕКТЕПТЕН ШЫҚҚАН ТҰҢҒЫШ ЖУРНАЛИСТ

Жалпы, менің білуім бойынша осы мектептен үш журналист шықты. Олар әңгімемізге өзек болып отырған сан қырлы қабілет иесі Бақберген Амалбеков, қазір шырайлы Шымкент шаһарында тұратын Үбәйділлә Әшіров және осы жолдардың авторы.

Ерекше тоқтала кетер жайт, ол уақытта республикамыздағы журналистер даярлайтын жоғары оқу орны тек Алматыдағы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті болатын. Жазу-сызу өнеріне құштар жастар көп болғандықтан түсу де жеңіл емес-ті. Дегенмен, білім ордасының түлегі Бақберген аға қолына кәмелеттік аттестат алысымен әкесі Түймебайдың ақ батасын алып, кез келген жастың қол жетпес арманына айналған бұрынғы астана, яғни әлемдегі көрікті қалаға аттанды.

Бір ғажабы, жайдары жаз айларында бұл шаһар мүлдем құлпырып кетеді. Жасыл желек жамылған саябақтар, көшелер, арықтардан сылдырап аққан мөлдір де тұнық сулар кімнің болсын назарын аудармай қоймайды.

Қазақстанның барлық облыстарынан білім іздеп, болашақта ақын-жазушы боламын деп келген бозбалалар мен бойжеткендер Алматының салтанатын барынша арттырып жібереді.

Біздің мектептің 1970 жылғы түлегі Бәкең де алдағы сынақтарға мұқият дайындалды. Жатақханадан берілген орынды қанағат тұтып, романтикаға толы жастық шақтың жетегіне ілесіп, қызық қуып кеткен жоқ. Өйткені, бұл шаһарда оны қолдап, қолтығынан демейтін лауазымды көкесі болмады. Тек қана ата-бабаларының аруағына, өзінің он жыл бойы санасына түйген біліміне ғана сенді. Мұны, әрине, емтихан барысында көрсетті. Журналистика факультетінің ғұлама ғалымдары зерделі бозбаланың мұнда келмес бұрын жергілікті және республикалық басылымдарда жарық көрген мақалаларын оқып, таңдаған кәсібіне бейімділігін бірден байқады.

Барлық мемлекеттік сынақтардан сүрінбей өтті. Өздігінен көп сөйлей бермейтін, бірақ ақырын жүріп анық басатын жігіт алғырлығының арқасында университет студенті атанды. Әрине, оның сол кездегі бастан кешкен қуанышын тілмен айтып жеткізе алмаспыз.

Міне, осы руханият саласындағы көрнекті тұлғаның ғұмырындағы сол алғашқы бақытты сәттерін ол кісіден төмен сыныптарда оқыған біз де естідік. Оған еліктеп, көкейімізде болашақта журналист болсақ деген үлкен арман бүршік жарды. Тіпті, оның жазғы каникул кездерінде өндірістік практикада жазған суреттемелерін, көркем дүниелерін іздеп жүріп, тағылым алатынбыз. Сол шақтың өзінде ешкімге ұқсамайтын қолтаңбасымен, суреткерлік қырларымен дараланатын.

Одан бұрын да «Қазақстан пионері», өзіміздің жергілікті «Қызыл ту» газеттерінен туындыларын қиып сақтап қоятынбыз. Редакциядағы басшыдан бастап барлық әріптестері оның сөз саптасына, тың ізденістеріне тәнті болып жататын. Бөлім меңгерушісі Тәңір Нұржанов ауылдан штаттан тыс тілші ретінде жиі қалам тартып тұратын маған: «Сен Дербісектегі орта мектепті аяқтаған Бақберген ағаңды білетін шығарсың. Ол да сонау бір жылдары бізбен байланысты өзің секілді оқушы кезінен бастаған, қазір тынымсыз шығармашылықпен айналысудың арқасында биік шыңға ұмтылып келеді. Саған да соның жолын берсін», – дейтін.

Бақберген Түймебайұлын жақсы білетінім, оның туған бауыры Бауыржан өзімнің сыныптасым. Ол да әдебиетке өте құштар жігіт. Білім ордасын аяқтар кезде шығарманы өлеңмен жазып шыққан дарын. Амалбековтер әулиеті бұл уақытта біздің ауылмен іргелес жатқан Жүзімдік деп аталатын елді мекенде тіршілік кешті.

Ағайындылар біздің ауылдағы білім ордасына көрші жатқан қоныстан қатынап оқыды. Сыныптасым болған соң Бауыржанмен бірге олардың қасиетті шаңырағына жиі барып тұратынмын. Әкелерін көрген жоқпын. Бірақ, әулеттің абыройын асырып отырған Ханшайым апамыз қандай тамаша кісі еді. Өзі мені туған ұлынан кем көрмейтін. Барын алдымызға қойып, аузынан «Айналайын қалқам» деген жүрекке жылы тиетін сөзі түспейтін.

Кім мәңгілік жүреді дейсіз. Сол асыл апамыз да о дүниелік болып кетті деген суық хабарды естігенде көңіліміз түсіп, төбемізден біреу тап бір салқын су құйып жібергендей сезіндім. Бұл уақытта мен Қостанай шаһарында қызмет атқарып жатқандықтан дер кезінде топырақ салуға қатыса алмадым. Жер шалғайлығы да кейде зиянын тигізеді.

Ана үшін әр перзенттің орны бөлек қой. Бұл шаңырақта қос ұлынан басқа Роза, Клара, Ержан секілді балалары да өсті. Алайда, ана жүрегі Алматыда оқып жүрген Бақбергенге алаңдайтын. Оны жиі айтатын. Қулық-сұмдығы, адам баласына ешқандай қиянаты жоқ тұңғышын іні-қарындастарына әрдайым үлгі етіп отыратын.

Өзім білетін замандастарымның айтуына қарағанда, әулеттің басшысы Түймебай атамыз да балаларының бәрінің де парасатты, кішіпейіл, білімді болып қалыптасуына жете көңіл бөлген. Өздері тіршілік кешкен елді мекенде негізінен жеміс-жидек өсірілетін. Жүзімдері көздің жауын алып, алмалары балдай тәтті болатын. Көршілері темірдей тәртіпті жақсы көретін, бір сөзді, сыйласқанның қадір қасиетін бағалайтын неміс ұлтының өкілдері еді. Олар бұл отбасын өздеріне өнеге тұтты.

ЖУРНАЛИСТИКАДАҒЫ ТЫҢ ІЗДЕНІСТЕР

Алматыдағы студенттік кезең босқа өткен жоқ. Ол өзі жүрегі қалап түскен университеттегі мамандығын жан-жақты меңгеруге талпынды. Өздеріне дәріс берген журналистика факультетіндегі көрнекті профессорлар Тауман Амандосов, Темірбек Қожакеев, Әбілфайыз Ыдырысов және басқа да ұлағатты ғалымдардан мол тағылым алды. Олардың әрбір лекциясы мен семинарлары өте әсерлі әрі есте қаларлықтай өтетін.

Сол кездегі өзімен қатарлас оқыған жігіттер мен қыздардың көпшілігі уақыт өте есімдерін ел таныған мемлекет және қоғам қайраткерлеріне, басылымдардың редакторларына айналды. Қаламы жүйрік ақын-жазушылар атанды. Олардың бәріне бірдей тоқталып жату да мүмкін емес. Бір ғана мысал келтіре кетелік. Студенттік өмірдің қуанышы мен қиындығын бірге бөліскен курстасы Сауытбек Абдрахмановты алайықшы. Ол министр дәрежесіне дейін көтерілді. Қаншама лауазымды қызметтерді атқарды. Ұзақ жылдар бойы республикалық «Егемен Қазақстан» басылымына басшылық етіп, оқырманы көп парасат ордасына айналдырды. Бұл сегіз қырлы-бір сырлы тұлға бұл күндері Қазақстан Республикасы Парламанті Мәжілісінің депутаты. Ұлттық Ғылым Академиясының академигі. Ізденімпаз азамат «Абыз Әбіш» деп аталатын құнды еңбегі үшін Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды. Былтыр жетпіс жылдық мерейтойын атап өтті. Оның өмірі еліміздегі қалам ұстаған барша іні-қарындастарына ғибрат. Мұны баяндап отырған себебім, кімді болсын азаматтық тұлғасы мен кісілік келбетін, өмірлік мұратын достарына да қарап бағалауға болады. Бұл тұрғыдан алатын болсақ, Бәкең өзін өте бақыттымын деп есептейді.

Қайталанбас жастық дәурендері бірге өткен, қазақ журналистикасының майталмандарының бірі, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері замандасы жайлы былайша сыр шертеді:

– Мен Бақбергенді көптен бері білемін. Ол сонау Сарыағаш ауданындағы орта мектепті бітіре салысымен журналистика факультетіне түсті. Қысқа мерзім ішінде жүрегі қалаған кәсіпке деген қарым-қабілетін, білімге деген шексіз зейінділігін танытты. Ол уақытта қаншама жер-жерден келген талапкер жастардың арасынан топ жарып, алғы шептен көріну айтуға ғана жеңіл болатын.

Диплом алған соң өзінің ғұмырлық серігін тауып, шаңырақ көтерді. Жан-жары Бақыт та есеп саласының білгір кадрларының бірі. Ширек ғасыр банк саласында қызмет атқарды. Екеуі ұрпақ сүйіп, солардың қызығына бөленді.

Сонау Көкшетау шаһарында жергілікті әрі талантты бауырларымызбен тіл табыса жұмыс істеп, қазақ журналистикасын өркендетуге бір кісідей үлесін қосты. Қаншама кейінгі жастар одан үлгі алды. «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған мақалалары, публицистикалық еңбектері лайықты бағасын алды.

Университетте бір үйдің ұл мен қыздарындай болып кеткен жастар 1975 жылы журналистика факультетін тәмамдап, арнайы жолдамамен жан-жаққа қызметке аттанды. Кейбір дерек көзіне қарағанда, ол бастапқыда Ақмола облыстық газетіне жіберіліпті. Алайда, журналистік еңбек жолын ата-бабаларының құтты қонысы болып келетін киелі Қазығұрт өңірінде бастады. Меніңше, бұл аймақтағы ерекше қасиетті тауды білмейтін қазақ жоқ. «Қазығұрттың басында кеме қалған, ол әулие болмаса неге қалған» деген ғибратты сөздер қандастарымыздың жадында шығар.

Ол осындағы бұрынғы аудандық «Ленин өсиеті» (Қазір «Қазығұрт тынысы») деп аталатын газетте қызмет атқарып, жергілікті әріптестерімен кәдімгі тонның ішкі бауындай араласып кетті. Өңірдегі жасампаз еңбек адамдарын шығармашылығына арқау етіп, замандастарының тыныс-тіршілігін жарқырата көрсетті. Әріптестері оның қалам қарымын байқады. Ол тілшілік қызметімен қатар қолы бос уақытында поэзияға ден қойып, түрлі тақырыптағы өлең шумақтарын ақ қағаз бетіне түсірумен болды. Осы бағыттағы ізденістерін де тынбай жалғастыра берді.

Алматы қашан да шығармашылық және мәдениет ордасы болған. Онда қолына қалам ұстаған жігіттерді рухани жағынан жақындастыратын әрі байланыстыратын орта бар. Өзіңнің бойыңдағы дарыныңды көрсетуге толық мүмкіндік жасалған. Баспалар да жеткілікті. Сондықтан да болар, оны әсем шаһар өзіне тартты да тұрды. Көп өтпей бұл қалаға қоныс аударды.

Қателеспесем, сол уақытта «Жазушы» баспасына редакторлық жұмысқа алынды. Шынымен ниет қылған адамға қай қызметті де абыроймен атқаруға болатындығын дәлелдеді.

Қаншама жыр жолдары дүниеге келіп, ақындық шеберлігін шыңдай түсті. Өздерін қазақ әдебиетінде танытып, оқырмандардың тарапынан жоғары бағаларын алған азаматтармен араласып, қимас достар тапты. Сол кезеңде жас шаңырақ иелерімен өздері көпке әйгілі Көктөбенің баурайында жалдап тұратын үйінде кездесіп, әріптес ретінде сырласқан сәттерім әлі күнге дейін көкірегімде жаттаулы.

БЕЙНЕТПЕН БАҒЫНҒАН БЕЛЕС

Алматы оны қалың жұртқа танытып қана қойған жоқ. Өмірлік жан-жарын да тапты. Сол уақытта көрікті шаһардағы беделді бухгалтерлік техникумды ойдағыдай аяқтаған қазақтың ару қызы Бақыт есімді бойжеткенді ұнатып, жеке шаңырақ көтерді. Қазір содан бері де қырық жеті жылдың жүзі болып қалыпты. Осы жеңгеміздің қолынан да талай рет дәм таттық.

Табиғаты талай өнер адамдарын тамсандырған жер шоқтығы Көкшетауды бір көрудің өзі бауырларымызға таңсық емес пе?! Кезінде осы уақытқа дейін ондағы Бурабай көлі мен Оқжетпесті талай ақындар кезінде жырға қосты. Жазушылар мен журналистер төл туындыларына арқау етті.

Бақберген аға мен Бақыт жеңге жарасымды жұбайлар атанып, тіршілік кешіп жатты. Алайда, асыл жарының әкесі Қабдош пен анасы Батиха өмірден ерте өтті. Шаңырақ иесі қолы шебер, ұсталығымен жұртшылыққа танылған азамат еді.

Бірде ол үйдің тұңғышы әрі кісілігі мол ақжарқын мінезді қызын шақырып алып: «Қарағым, шешең екеуміз де мәңгілік емеспіз. Ертең анау-мынау бола кетсек, артыңнан ерген бауырларыңа қамқорлық жасарсың. Солар саған аманат», – деді.

Оның ата-анасы қазіргі Ақмола облысының орталығынан жиырма бес шақырымдай жерде тұратын. Ажал ешқашанда айтып келмейді. Бәрі бір Алланың қолында. Ең алдымен отбасын айрандай ұйытып отырған әкесі, екі жыл салып шешесі дүние салды. Үйде шиеттей төрт сіңілісі мен екі інісі қалды. Бұл қайғылы жағдай кімге де ой саларлық еді.

Осы аяулы да қымбат жандар қайтыс болған соң ерлі-зайыптылар бір шешімге келіп, Көкшетау шаһарының тұрғындары атанды. Әлі де қолдауға мұқтаж ұл мен қыздарға қамқорлық жасады. Олар да ер жетіп, өз қатарларынан қалған жоқ. «Жақсы жезде әкеңдей» деген бар емес пе?! Олардың бәрі де Бәкеңді ерекше құрмет тұтады. Бақыт жеңгемізді аналарындай ардақтайды.

Қазір өткен күндерге көз жүгіртетін болсақ, Бақберген Түймебайұлының сол жылдан-жылға көркейіп жатқан қалада ғұмыр кешкендеріне қырық жылдан асыпты. Бастапқыда Жанайдар Мусин секілді белгілі қаламгер басшылық еткен «Көкшетау правдасы» деп аталатын басылымда қызмет атқарды. Жәкең өте адамшылдығы мол, кейінгі інілеріне қайырымды, дарын иелерін тани білетін азамат-ты. Бақберген ағаны да қадірлеп, бейнетқорлығын көре білді.

Бұл да оның сенімін ақтады. Осы өңірдегі талант иелері Төлеген Қажыбаев, Қорғанбек Аманжолов, Маман Ементаев және басқа да байырғы журналистермен бір мақсат жолында аянбай еңбек етті. Өзінің көкейтесті тақырыптарды қозғай білуімен көзге түсті. Сөйтіп, облыстағы оқырмандардың назарын аударды. Қалам қуатымен аймақтағы білікті де білімді қаламгерлердің қатарына қосылды.

Кімді болсын, қайда жүрсе де елге, айналасындағы қоршаған кісілерге сыйлы ететін оның адалдығы мен маңдай тері. Сонымен қатар, ежелден келе жатқан «Өзі жақсы кісіге қайда болсын бір кісілік орын бар» деген сөз де бар емес пе?!

Республикалық басылым басшылары өңірдегі талантты, өзекті мәселелерді көтере білетін, ұлтжанды халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын әріптестердің жарық көрген дүниелерін оқып, қадағалап жүреді. Көкшетауда кәсіби жағынан әбден шыңдалған Бақберген Түймебайұлын еліміздегі баспасөздің қара шаңырағы болып табылатын «Егемен Қазақстан» газеті өздеріне сол облыстағы меншікті тілші етіп қабылдағаны да күні кеше секілді еді.

Осы кезде оған басқа өңірде жүрсек те біз де қуанған едік. Зырылдап өтіп жатқан уақытта шек бар ма?! Содан бері де қаншама жылдар сынаптай сырғып өтті. Кейіпкеріміз де аталмыш кезеңде әбден кемеліне келіп, шығармашылық жағынан тиісті деңгейге көтерілді.

Өзі туралы мақтанды сүймейтін ағамыз сол баяғы Алла тағала берген салмақты да сабырлы қалпынан танбады. Ешкімге дабыра қылмай-ақ бірнеше поэзиялық, көркем және публицистикалық жинақтарды баспалардан жарыққа шығарды. Ешқашан да қол жеткенге тоқмейілсіген емес.

Сіңірген еңбегіне қарай «Қазақстанның Құрметті журналисі», «Ақпарат саласының үздігі» және басқа да журналистер қауымына берілетін мәртебелі атақтар мен дипломдарды иеленді.

Ол жастайынан сүйіп қосылған ғұмырлық серігі Бақыт жеңгеміз екеуі ұл мен қыздарына тағылымды тәрбие берді. Қазір олардың бәрі таңдаған кәсіптері бойынша қызмет атқарады. Бір ұлы Әсет Елордамыз Нұр-Сұлтанда тұрады. Келіншегі Зарина екеуі де білікті мамандар. Қыздары Қарлығаш, Әсел де әке-шешелерінің мақтанышы. Жеті немерелері ерлі-зайыптының көз қуаныштары.

Республикамызға белгілі қаламгердің бір перзенті Ботагөз әкесінің жолын қуды. Ол Еуразия ұлттық университеті журналистика факультетінің түлегі. Қазіргі таңда «Егемен Қазақстан» газетінде жұмыс істейтін жас мамандардың бірі. Оның сәтті қадамдары келешегінен үлкен үміт күттіреді.

Көрнекті журналистің туған інісі Бауыржан бауыры жөнінде шын жүректен ақтарыла: «Ағасы бардың жағасы бар» демекші, Бақберген көкеміз әулетіміздің басшысы әрі бәйтерегі іспетті. Ата-анамыз дүниеден өткен соң ол бізге әке орнына әке, шеше орнына шеше болды. Өзі астанамыздан едәуір жерде тұрса да, әлі күнге дейін хал-жағдайымызды біліп отырады. Біз де оны, яғни інілері мен қарындастары сағынып, маңызды шаруаны қолға алғанда, ең алдымен ақыл-кеңесіне сүйенеміз», – деді.

Бәкең мерейлі жасқа толса да сергек әрі ширақ. Әсемдік пен сұлулыққа құштар. Табиғат аясында серуендегенді жаны сүйеді. Жалпы, қаламгерлер қалың жұртшылықтың бел ортасында жүреді. Ақын-жазушылар мен ғалымдар үнемі шығармашылық ізденіс үстінде болады. Онымен дидарласып, сыр бөлісудің өзі бір ғанибет. Бұл күндері республикаға тарайтын бір басылымның өңірдегі тілшісі ретінде де белгілі.

Бәріміз ардақ тұтатын Бақберген Амалбеков жаңа жылдың басында жетпіс жасқа толды. Оған алдағы уақытта да мықты денсаулық, отбасында бақыт, шығармашылық табыс тілейміз. Ешқашанда жаныңыз жамандық көрмесін, ұрпақтарыңыздың бақытына бөлене беріңіз, асыл аға!

Оразалы ЖАҚСАНОВ,
Қазақстанның Құрметті журналисі 

ҚОСТАНАЙ ҚАЛАСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here