Оралда айкидодан алғашқы қалалық турнир өтті

0
924

Орал қаласының дене шынықтыру жəне спорт бөлімінің тікелей қолдауымен алғаш рет айкидодан қалалық турнир болып  өтті. Оған Батыс Қазақстан облысының айкидо айкикай федерациясының шəкірттері қатысты. 9 мамыр – Жеңіс күніне орайластырылған шара қаламыздағы №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде ұйымдастырылды.

Турнир басталмай тұрып, Жеңіс күніне арналған викториналық сұрақтар қойылып, оған жарысқа қатысушылар өз жауаптарын берді. Ал, «Рандори – тәсілдерді еркін орындау» бағдарламасы бойынша турнирде 7 жəне 18 жас аралығында өзара бақ сынасқан айналысушылар сайыс соңында қалалық дене шынықтыру жəне спорт бөлімінің диплом жəне медальдарымен марапатталды.

Турнирге айкидодан нұсқаушы Асан Молдағали мен тәжірибелі айкидошы Әділбек Ибрагимов төрелік етті.

Турнирдің марапаттау рәсіміне Түркияның Стамбұл қаласындағы айкидо клубында нұсқаушы болып істейтін жерлесіміз, 3-ші дан иесі Нина Атабай қатысты. Ол қаламызға арнайы өзінің жеке іссапарымен келген болатын.

Нина Атабай турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлерін құттықтап, «айкидоның Оралда жұмыс істейтіні – бұл өте қуантарлық іс» деп атап өтті.

Асан НАРЫНБАЙҰЛЫ,
Батыс Қазақстан облысының
айкидо айкикай федерациясының нұсқаушысы

Орал қаласы

Суреттерді түсірген: Самат Мусин.

P.S. Негізінен айкидо жарыс үшін шығарылған жоқ. Тек өзін өзі шыңдау мен қорғанысқа, адам мен табиғатқа деген сүйіспеншілікке арналған, қарсыласқа да құрметпен қарауға үйрететін жауынгерлік өнер болып құрылған.

Бүгінгі таңда Ресей мен басқа шетелдерде айкидодан жарыстар өткізіліп жүр. Сол себепті де арнайы турнир Оралда да бастау алды. Яғни, айкидо біздің елде де басқа спорт түрлерімен қатар мемлекет есебінен қолдау тауып, жұмыстарымыз жандана түссе дейміз.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here