Словения көршілеріне орыс газынан бас тартуға көмектеседі

0
2128
БАҚ өкілдері мен белсенділер Брюссельдегі (Бельгия) Еуропарламент алдында тұр. Билбордта «Еуропа, Путин соғысын қаржыландыруды тоқтат» деп жазылған...

Словения солтүстіктегі көршісі Австрия мен солтүстік-шығыстағы көршісі Венгрияға Алжир газы жеткізілетін құбыр жүргізеді. Осылайша, Любляна Вена мен Будапештке ресейлік энергия ресурстарынан бас тартуға көмектеседі. Бұл туралы Словения премьер-министрі Роберт Голоб мәлімдеді.

«Солтүстік пен шығыс көршілерімізге, соның ішінде мажарларға көмек қолын созайық. Венгрия толығымен Ресей газына тәуелді. Австрия да осындай жағдайда тұр. Көршілер ресейлік энергия ресурстарына тәуелділіктен өздігінен құтыла алмайды», – деп ашық айтты Роберт Голоб.

Үкімет тізгінін осы жазда қолына ұстаған премьердің бұлайша көсілуіне басты себеп – қараша айында Словения Алжирмен жылына 300 млн текше метр газ импорттауға келісім жасады. Оңтүстік Еуропадағы Словенияға көгілдер отын Африканың солтүстігіндегі Алжирден Жерорта теңізі мен Италия арқылы газ құбырымен келеді. Бұл Словенияға Ресей газын сатып алуды үштен бірге дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Ал, көрші елдерге жаңа газ құбырын жүргізсе, ағындардың бір бөлігін Австрия мен Венгрияға да бағыттауға мүмкіндігі болады.

Теңізге шыға алмайтын және сұйытылған газ партияларын алу мүмкіндігінен айырылған Венгрия Словениядан басқа барлық көрші елдермен отын импорты туралы келісімге қол қойды. Соған қарамастан Венгрия тұтынатын газдың 85 пайызын әлі Ресейден сатып алады. Ресейлік көгілдір отын Венгрияға «Түрік ағыны» газ құбыры арқылы келеді.

Еуропалық Одақтың мүшесі ретінде Венгрия Брюссельдің Ресейге Украинаға басқыншылық жасағаны үшін салған барлық санкциясына қосылды. Ал, 27 елдің басын қосқан Одақ әзірге ресейлік газға санкция салған жоқ. Дегенмен, тамыз айының басында Брюссель газ тұтынуды 15%-ға шектеудің төтенше жоспарын мақұлдады. Бұған Будапешт қарсы болды. Алайда, құжатты мақұлдауға Венгрия кедергі келтіре алмады. Себебі, аталған құжат Еуропалық Одаққа мүше елдердің көпшілік дауысымен қабылданды. Бұл – бір. Екіншіден, Брюссель 5 желтоқсанда ресейлік мұнайды барреліне 60 доллардан артық бағаға сатып алуға тыйым салды. Сол күні Ресейдің теңізбен тасымалданатын мұнайына жарияланған эмбарго да күшіне енді. Венгрия бастапқыда Еуропалық Одақтың Ресейдің мұнайына қарсы бағытталған санкцияға бір айға жуық уақыт бойы тосқауыл қойып келді. Үшіншіден, Еуропалық Одаққа мүше басқа елдер сияқты Будапешт Киевке болысқан жоқ. Төртіншіден, Венгрия ресейлік газды рубльмен сатып алуға келісті. Осы төрт фактордан кейін Мәскеу Будапештке жылы қабақ танытты. Қазір Венгрия газды Ресейден еш кедергісіз импорттап жатыр. Дегенмен, мажарлар бәрібір ресейлік көгілдір отыннан бас тартуға ниетті және импортты әртараптандыруға кірісті. Бұл сөзімізге Словения премьер-министрінің жоғарыдағы мәлімдемесі дәлел. Неге десеңіз, Роберт Голоб Венгрия премьер-министрі Виктор Орбанмен кездескеннен кейін жаңа газ құбыры туралы мәлімдеме жасады. Екі елдің үкімет басшылары газ құбырының құрылысына мүдделі екендерін растады. Аталған жоба шамамен екі-үш жылдан кейін іске қосылады.

«Біз ресейлік газға тәуелділікті жойғымыз келеді. Сондықтан көгілдір отынды басқа елдерден тасымалдау мәселесін жан-жақты қарастырып жатырмыз», – деді Виктор Орбан.

Бір айта кетерлігі, Венгрияға қарағанда Австрия Ресейді Украинаға басқыншылық жасағаны үшін айыптап, Киевке барынша қолдау көрсетіп келеді. Ал, Австрия Украинадағы соғысқа дейін Еуропалық Одақ елдерінің ішінде Ресей газына тікелей тәуелді мемлекеттің бірі болған еді. Аз уақыттың ішінде Вена ресейлік газға тәуелділікті азайта алды. Ресей мен Украина арасында қарулы қақтығыс басталған 24 ақпанға дейін Ресейден газдың 80%-дан астамын импорттаған Австрия қазір импорт көлемін 21%-ға дейін төмендетті.

«Біз ресейлік газға тәуелділіктен құтылатын үлкен қадам жасадық», – деді Австрияның энергетика министрі Леонора Гевесслер.

Айта кетейік, соғысқа дейін Ресей газы Еуропалық Одаққа келетін барлық газдың шамамен 40 пайызына тең болды. Ал, бұл көрсеткіштің 15 пайызға дейін төмендегені бағаның өсіп, энергия жұмсайтын салаларға түскен жүкті ауырлатты. Алайда, Брюссель энергетика саласында Мәскеуге енді тәуелді болғысы келмейтінін анық байқатты. Осылайша, Еуропалық Одақ мыңдаған адамның өмірін жалмаған соғысты қаржыландыруды тоқтатып, Ресей президенті Владимир Путинді ықпал ету тетігінен айырмақ. Әрине, мұндай батыл шешімдер еуропалықтардың қалтасын қағады, экономикаға кері әсер етеді. Бұған Брюссель дайын екен. Оны «тәуелділіктен құтылудың ауыр өтемі» деп санайды.

Мадияр ӘЗИЗҰЛЫ

БІЗДІҢ АНЫҚТАМА

5 желтоқсанда «Үлкен жетілік» (АҚШ, Канада, Жапония, Франция, Ұлыбритания, Германия, Италия) пен Аустралия және Еуропалық Одақ елдері Ресей мұнайын барреліне 60 доллардан артық бағаға сатып алуға тыйым салды. Сол күні Ресейдің теңізбен тасымалданатын мұнайына да жарияланған эмбарго күшіне енді. Ал, Ресейдің мұнай өнімдеріне 2023 жылдың 5 ақпанынан бастап баға шегі белгіленеді. Сөйтіп, олар Кремльдің соғысқа жұмсап отырған бюджетін шектемек.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here