Биыл жалпыға бірдей декларацияны кімдер тапсырады?

0
1154

Барыс жылында жалпыға бірдей декларация тапсырудың екінші кезеңі басталды. Соның аясында тағы бірқатар қызметкер мен олардың жұбайлары кіріс пен мүлік туралы есеп беруге міндетті. Бұған дейін тек лауазымды тұлғалар ғана декларация тапсырса, енді қарапайым қызметкерлер де өз кірісін жариялайды.

Қазақстанда жалпыға бірдей декларация тапсыру міндеті 2021 жылы енгізілген болатын. Бастапқыда лауазымды мемлекеттік қызметкерлер, мемлекеттік функцияны орындауға уәкілетті және оларға теңестірілген адамдар өз кірісін жариялауға міндеттелді. Жұбайларына да дәл сондай талап қойылған. Енді биыл олардың қатары толықты.

Олар:

  • мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері (білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және тағы басқа салалар) және олардың жұбайлары;
  • квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жұмыскерлері және олардың жұбайлары.

Осылайша, биыл дәрігерлер, мұғалімдер, спорт пен мәдениет қызметкерлері және ұлттық компаниялар мен басқарушы холдингтердің мамандары декларация тапсыруға міндеттеледі.

Жалпыға бірдей декларация тапсырудың бастапқы сатысында барлығы активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны (250.00 формасы) толтырып тапсырады. Оны бір рет қана ұсынады. Артынан жыл сайын кіріс пен мүлік туралы декларацияны (270.00 формасы) жіберіп отыру қажет. Сонда салық органдары түскен табысты қарап, бұған дейінгі декларациямен салыстырып отырады.

Алғашқы декларацияда біраз мәліметті көрсету керек. Олар:

  • Қазақстаннан тыс жердегі мүлік (жылжымайтын мүлік, жер учаскелері, теңіз және әуе кемелері, көлік пен арнайы техника, тіркеуіштер, шетелдегі банктерде жатқан ақша, заңды тұлғаның жарғылық капиталындағы үлес);
  • Қазақстандағы мүлік (тұрғын үй құрылысындағы үлес, бағалы қағаздар, инвестициялық алтын, зияткерлік меншік нысандары, авторлық құқық, қолма-қол ақша, кредиттік қарыздар);
  • сенімгерлік басқаруға берілген мүлік (жылжымайтын және жылжымалы мүлік, жер телімдері, үйлер, саяжайлар, көліктер).

Бастапқы декларацияда айлық есептік көрсеткіштің 10 000 еселенген мөлшерінен (34 500 000 теңге) аспайтын сомасы көрсетіледі. Оны үйде сақтауға болады. Ал, жеке тұлғаның қолма-қол ақшасы ол сомадан артық болса, онда оны банктегі есепшотқа салып қою қажет.

Заң бойынша декларация тапсырудың екі мерзімі бар. Олар:

  • декларация қағазбен тапсырылса, оны 15 шілдеден кешіктірмей апару қажет;
  • электронды форматта – 15 қыркүйекке дейін.

Декларация электронды құжатпен мемлекеттік кірістер комитетінің «Салық төлеушінің кабинеті» (cabinet.salyk.kz), электронды үкімет (egov.kz) немесе eSalyq azamat мобильді қосымшасы арқылы жіберуге болады. Ал, қағазбен тапсырылса, салық органына, ХҚКО-ға немесе поштаға бару керек.

Айта кетейік, Қазақстанның Салық кодексі бойынша жалпыға бірдей декларация тапсырудың төрт кезеңі қарастырылған. Биыл екінші кезең, келесі жылы үшінші кезең басталады. Соның аясында заңды тұлғалардың құрылтайшылары, басқарушылары және олардың жұбайлары, жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары декларация тапсырады. Ал, 2025 жылы төртінші кезең енгізіледі. Сол кезде халықтың басқа да санаттары мүлік пен ақша туралы есеп беруге міндеттеледі.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here