Ұлт ұстазы үйінде «Музей түні» өтті

0
1640

18 мамыр – Халықаралық музейлер күні. Әлем елдерінде жарты ғасырға жуық аталып келе жатқан бұл күнді еліміздегі барлық музейлер ашық есік күні деп жариялап, келушілерді ақысыз қабылдайды. Кешкі уақытта «Музей түні» атты мәдени іс-шаралар ұйымдастырады. Елімізде 2006 жылдан бері бұл игі бастама дәстүрге айналған. Алматы қаласы Музейлер бірлестігіне қарасты сегіз музей де биылғы «Музей түнін» жылдағыдан өзгеше леппен, бай мазмұнда өткізді.

Музей-үйде «Ахмет Байтұрсынұлы – Ұлт ұстазы» көрмесі көпшілік көзайымына айналды. Белгілі суретші Алмас Сырғабайдың Алаш зиялылары мен Ахметке арналған топтамалық суреттері көрмеге қойылды. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің биылғы музей түнінде киелі қара шаңыраққа келушілердің легі таңғы 10:00-ден басталды. Халықаралық музейлер күніне орай жылда өткізілетін «Тарих. Тұлға. Музей» атты музей түні акциясы Ұлт ұстазы музейінің алаңқайындағы бюсті мен өткен жылы тұлғаның 150 жылдығы қарсаңында ғалым атындағы саябақта бой көтерген еңселі ескерткішке гүл шоқтарын қоюдан басталды. Тұлғаның бүгінгі күні көзі тірі туыс ұрпақтары әкесі Байтұрсынның ағасы Ақтастан тараған Шаймерденовтар әулетінен Амандық, Орал, Роза және келіні Базаркүл, Ұлт ұстазының інісі Мәшен қажының шөбересі Жәнібек Серікұлы Байтұрсынов, сонымен бірге немерелес туыс-тумалары қатысты.

Белгілі актер, «Ахмет. Ұлт ұстазы» телехикаясында басты рөлді сомдаған Байғали Есенәлі, тарихшы Досалы Салқынбек, ғалымдар Жаңалық Балтабаева, Роза Бақбергенова, Гүлжаһан Орда, Гаухар Балтабаева, Жұмашай Рақыш, Нәзира Сәрсек, белгілі күйші Аршын Кәсімбайұлы, қолөнер шебері Қуанышбек Рахыман, «Қазақ» газетінің бас редакторы Жасұлан Мәуленұлы, ақын, журналист Тоқтарәлі Таңжарық, әдебиеттанушы, журналист Олжас Жолдыбай, жас ақын Нұрбол Мұратбекұлы қатарлы игі-жақсылар, университет және мектеп ұстаздары бастаған өскелең жас ұрпақ тағзым жасады.

Жиынның ең маңызды рәсімі «Ұлттың ұлы ұстазы» атты тұлғаның 150 жылдығына орай дайындалған ұжымдық жинақтың сыйға тартылуы болды. Жинақ құрастырушылары – Ержан Алаштуған мен Дәурен Қуат. Былтырғы жылы жарық көргенімен, қолына кештеу тиген бұл жинақты ақын Ержан Алаштуған елордаға іссапармен жол жүріп бара жатқандықтан, музей-үйдің жетекшісі Райхан Имаханбетке сеніп тапсырды. Музей жетекшісі жиын барысында аталған кітаптың тұсаукесер рәсімін жасап, мұнан бөлек өзінің авторлығындағы «Ғасыр саңлағы» кітабын келген құрметті қонақтарға сыйлады.

Музей түніне арналған концерттік бағдарламаның шымылдығын Ахмет Байтұрсынұлы кейпінде келушілерді қарсы алған Айдын Беріков пен Қаныш Сәтбаев рөліндегі Тұрлыбек Төлеуғалиев тарихи тұлғалардың қанатты сөздерімен ашты. «Музей түніне» арналған жиынның тізгінін ақын, алаш мұраларын зерттеуші, музей-үйдің меңгерушісі Әділет Ахмет ұстады, ол ағартушы ұстазға арналған «Ахмет» атты толғауынан өлең оқыды. Мұны көріп қанаттанған мектеп оқушылары ортаға суырылып шығып, Ахмет Байтұрсынұлы өлеңдерін мүдірместен жатқа оқып, көпшіліктің алқауына бөленді.

Белгілі күйші, Алтай-Тарбағатай күйшілік мектебінің белді өкілі Аршын Кәсімбайұлы өзінің «Ұлт ұстазы – Ахмет» атты күйін орындады. Концерттік нөмірлер арасында белгілі тарихшы ғалым, музей-үйдің ғылыми қызметкері Светлана Смағұлова «Ахмет Байтұрсынұлы кім?» атты квест-викториналық ойынын қатар жүргізіп отырды. Ұлт ұстазы өмірі мен шығармашылығы туралы дайындалған сұрақтардың дұрыс жауабын шеше білген қатысушылар сыйлық еншіледі.

Ақын, республикалық, халықаралық жыр мүшәйраларының жеңімпазы, дарынды жас, С.Көпбаев атындағы №186 мектептің қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі Нұрбол Мұратбекұлы өзінің «Мағжан» атты өлеңін оқыды.

Мерейлі басқосуда кеш қонақтарынан лебіз сұралды. Ахмет Байтұрсынұлының туыстары ағынан жарылып, ғұламаның ұрпақтары көрген соңғы тарихи ауыр кезеңдерден естелік баян айтты.

Ақсақалдардың ақжарма лебізінен кейін белгілі қолөнер шебері, ұлттық аспаптар жасаушы, «Қосмұра» шеберханасының жетекшісі, Ахмет Байтұрсынұлының былтыр табылған домбырасын қалпына келтірген әрі екінші телнұсқасын жасап, музей қорына сыйлаған Қуанышбек Рахыманұлы өнерден шашу шашты.

Алаштанушы, ахметтанушы ғалымдар да Ұлт ұстазының ұлағатты еңбектерінен дәлелдер келтіре сөз сөйледі.

Әділет Ахметұлы өзінің Ұлт ұстазына арнап жазған «Атыңнан айналайын төте жазу» атты өлеңін тарту етті.

Жиын соңында музей-үйі жетекшісі Райхан Имаханбет тұлға тағылым мектебімен тығыз байланыста жұмыс жасайтын қала және қала маңы мектеп мұғалімдерінің белсенділерін, сонымен бірге «Ахмет Байтұрсынұлы мұрасы мәңгілік» атты танымдық дәріске қатысқан Алаш арысы мұрасының жанкүйерлерін марапаттады.

Шағын да болса шаттыққа толы, ұлт ұландарының санасына салар салмағы қорғасындай зор шараның соңы ақ дастарханда ұласты.

Халықаралық музейлер күніне орай өткен «Тарих. Тұлға. Музей» атты музей түні акциясы түн ауғанға дейін жалғасты. Ашық есік күні болатынын әлеуметтік желі арқылы хабар алып, түнделетіп келіп тамашалағандардың ұзын саны жылдағыдан да көп болды.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here