Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысы аясында «Мәдениет. Өнер. Руханият» секциясы аяқталды. Бұл талқылау алаңында құрылтай мүшелері идеология ісіне қатысты пікірлерін ортаға салды. Атап айтсақ, отбасы құндылықтарын нығайту, қазақша контентті дамытып, тіліміздің қолдану аясын кеңейту, елдегі тарихи-мәдени нысандарды қорғау, өңірлердегі қаламгерлердің шығармашылығын насихаттау және баспа ісін жүйелеу туралы келелі ұсыныстар айтылды.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «Мәдениет. Өнер. Руханият» секциясында өзекті мәселенің аз болмағанын жасырмады.
– «Мәдениет. Өнер. Руханият» секциясына қатысты айтар болсақ, мәселенің кең ауқымы қозғалғаны сөзсіз: балаларға тәлім-тәрбие беру, қоғамдық мәдениетті қалыптастыру, кітап баспасы қызметін дамыту, сонымен қатар кино индустриясына қатысты өзекті аспектілер, дәстүрлі құндылықтарды қалыптастыру әрі тасымалдылығын арттыру және басқа да мәселелер. Бұл мәселенің барлығы қызу реакция туындатқаны сөзсіз. Өйткені, әрбір қатысушы өз көзқарасын білдіруге тырысады. Ұлттық құрылтай мүшелерінің нақты ұсыныс беретіні қуантады және олардың көпшілігі алдағы уақытта қосымша талқыға түседі, – деді Аида Балаева.