Қазақстан мен Еуропалық одақ стратегиялық серіктестікті одан әрі дамытуға мүдделі

0
715

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов Еуропалық одақтың Қазақстан Республикасындағы Елшісі Алешка Симкичпен кездесу өткізді. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесу барысында тараптар қазақ-еуропалық өзара іс-қимылдың ағымдағы жай-күйі мен перспективаларын қарастырып, стратегиялық маңызды бағыттардағы өңірлік ынтымақтастық мәселелерін қозғады, сондай-ақ алдағы сапарлар мен бірлескен іс-шаралар кестесін келісті. Биыл өтетін екіжақты және өңірлік іс‑шараларға дайындық мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Арман Асқарұлы биыл сәуір айында Самарқанд қаласында өткен «Орталық Азия – Еуропалық одақ» саммиті барысында жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды тиімді жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.

Өз кезегінде Алешка Симкич Еуропалық одақтың тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз етуге, өзара көлік байланысын нығайтуға және «жасыл» энергетиканы дамытуға бағытталған екіжақты және өңірлік жобалары туралы мәлімдеді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты өзара іс‑қимыл мәселелері бойынша тұрақты диалогты жалғастыруға дайын екенін растады.

БІЗДІҢ  АНЫҚТАМА:

Еуропалық одақ – Қазақстанның негізгі сауда және инвестициялық әріптесі. 2024 жылы тауар айналымы 48,7 млрд АҚШ долларын құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16,9%-ға артты (ҚР экспорты – 38,1 млрд доллар, ҚР импорты – 10,6 млрд доллар). 2005 жылдан бері Қазақстан экономикасына тартылған еуропалық инвестициялар көлемі 200 млрд доллардан асты. Қазақстанда еуропалық қатысуы бар 3 мыңнан астам компания жұмыс істейді.

Есбол ТӨРЕҚҰЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here