Талабы таудай тау-кен саласы

0
995

ERG (Eurasian Resources Group) құрамына енетін «Қазхром» компаниясының Ақсу ферроқорытпа зауытында №42 пешке арналған жаңа газ тазарту жүйесі пайдалануға берілді. Бұл жүйе өндіріс кезінде пайда болатын шаңның 99,5 пайызын ұстап, қоршаған ортаға зиянды шығарындылардың көлемін едәуір азайтады. Соның нәтижесінде өңірдің ауасы тазара түседі. Бұл туралы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі хабарлады.

Жобаның құрылысына 7 миллиард теңге инвестиция салынды. Жабдықтар Германия мен Чехия елдерінің жетекші өндірушілерінен – «Siemens» пен «ZVVZ» компанияларынан алынған. Жүйеде 4 мыңнан астам арнайы сүзгі бар және ол сағатына 950 мың текше метр ауаны тазарта алады. Жылына шамамен 16 мың тонна шаң қоршаған ортаға таралмай, ұсталып қалады.

Жобаның бас инженері Александр Сидлецкийдің айтуынша, №42 пеште алғаш рет чехиялық мамандар зауыттың нақты жағдайына бейімдеп жасаған жаңа механикалық шаң тазарту жүйесі қолданылған. Бұл жүйе ұсақ шаң бөлшектерін тиімді сүзуге және өндіріс процесіндегі кез келген өзгеріске жылдам бейімделуге мүмкіндік береді.

Бүгінде зауытта 11 газ тазарту қондырғысы жаңартылды. Бұған дейін бірінші балқыту цехында жұмыстар аяқталса, қазір төртінші цехтағы жаңғырту аяқталуға жақын қалды.

«Біз бәріміз таза әрі қауіпсіз ортада өмір сүргіміз келеді. Сондықтан ERG-дің экологиялық бастамаларын жүзеге асырып, зиянды шығарындыларды азайту үшін озық технологияларға инвестиция салып келеміз. Біз тек экологиялық талаптарды орындап қана қоймай, әлемдік деңгейдегі үздік тәжірибелерді енгізе отырып, табиғатты қорғауды негізгі мақсаттардың біріне айналдырып отырмыз», – дейді Ақсу ферроқорытпа зауытының директоры Мұсабек Мақашев.

Айта кетейік, талабы таудай тау-кен металлургия кешені ел экономикасында маңызды орын алады. Бұл туралы 22 шілдеде Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков айтты. 

«Салада 14 трлн теңгеге өнім өндіріліп, жалпы ішкі өнімнің 8%-ын құрап, 224 мың адам жұмыспен қамтылып отыр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша салаға 1,7 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды. Саладағы еңбек өнімділігі бір жұмысшыға шаққанда 102 мың долларды құрап, 9,4%-ға өсті», – деді вице-министр Үкімет отырысында.

Тау-кен секторында металл кендерінің үлесі 20%-ды, өңдеу өнеркәсібінде металлургия үлесі 40%-ды құрап отыр.

«Өткен жылы кен өндіру 7,8%-ға, ал металл өндірісі 6,9%-ға өсті. Биыл бірінші жартыжылдың қорытындысы бойынша кен өндірісі мен металлургияда оң динамика сақталып отыр», – деді Олжас Сапарбекұлы.

Жанар ДӘУЛЕТҚЫЗЫ

БІЗДІҢ  АНЫҚТАМА:

«Қазхром» АҚ – бұл әлемдік деңгейдегі заманауи вертикалды интегралданған компания, әлемдегі тау-кен металлургия саласы бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі, хром кенінің сапасы бойынша әлемдегі озық компаниялардың үздігі. Жер қойнауын барлаудан бастап, пайдалы қазбаларды өндіру және байыту, жоғарғы қосымша құнымен өнім шығаратын металлургиялық өндірістен тұратын тау-кен металлургиялық кластерінің толық циклы болып табылады. Компания жылына 6 млн тонна хром кенін және 1,8 млн тонна ферроқорытпа өндіреді.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here