Tolyq Adam: Абай даналығы – AlmaU білім бағдарламасының өзегі

0
6016

AlmaU қазақстандық жоғары білімге жаңа тыныс, тың серпін әкеліп отыр. Бүгінде AlmaU – гуманитарлық-экономикалық бағыттағы үздік университет ретінде (Білім сапасын қамтамасыз ету жөніндегі тәуелсіз агенттіктің нұсқасы бойынша) тек кәсіптік дағдыларға ғана емес, ең әуелі өмірлік құндылықтарды қалыптастыруға баса назар аударып отыр. «Tolyq Adam» бағдарламасы – осы ұстанымның айқын көрінісі.

Бағдарламаның атауы қазақ халқының ұлы ақыны, ойшылы әрі ағартушысы Абайдың «толық адам» іліміне сүйенеді. Бұл – жан-жақты дамыған, ойы терең, жүрегі нұрлы, қоғам алдындағы борышын сезінген тұлға бейнесі. Биыл 180 жылдығы аталып жатқан ұлы ойшылдың даналығы бүгінгі күннің талабымен үндесіп, ұлттың асыл мұрасын заманауи білімнің жаңа өрнектерімен сабақтастырып тұр.

AlmaU-дың көздегені – тек маман даярлау емес, қайсар рухты, парасатты ақылды, мейірімге толы жүректі азамат тәрбиелеу. Яғни, бойына «ыстық қайрат» – қайсарлық пен табандылықты, «нұрлы ақыл» – парасат пен білімді, «жылы жүрек» – мейірім мен ізгілікті тоғыстырған кемел тұлға қалыптастыру.

Бұл мұратқа жету үшін AlmaU арнайы LEADER құзыреттер жүйесін ұсынады. Оның әр әрпі – болашақ тұлғаның ажырамас қасиеті:

  • Lifelong Learning – Өмір бойы оқу, іздену;
  • Empathy – Басқаның жайын түсіне білу, жүрекпен сезіну;
  • Analytical / Critical / Creative Thinking – Терең ой, сындарлы көзқарас, шығармашылық ізденіс;
  • Discourse – Сөз мәдениеті, пікірталас әдебі;
  • Ethics – Арұят, адамгершілік қағидаттары;
  • Resilience – Төзімділік, бейімделгіштік, қайсарлық.

«Толық адам» бағдарламасы – заманауи білімнің мәні мен мақсатын терең қайта саралаудың жемісі. AlmaU бұл арқылы білімді тек академиялық дайындықпен шектемей, оны руханиятпен, мәдениетпен, этикамен және жан тұтастығымен толықтыратын жаңа үлгі ұсынып отыр. Бүгінгі заманда технологияның бәрін игеріп үлгеру мүмкін емес, бірақ ең бастысы – студенттің жүрегіне мызғымас тірек, санасына бейімделгіштік пен еркін ой сыйлау. Дәл осы қасиеттер адамды құбылмалы дүниеде жолынан жаңылдырмай, саналы қадам жасауға жетелейді.

AlmaU негізін қалаушы әрі ректоры Асылбек Қожахметов Tolyq Adam бағдарламасының өзегін былай сипаттайды:

«Tolyq Adam бағдарламасын ойластырғанда біз үшін басты мақсат – жай ғана жаңа әдістеме ойлап табу емес еді. Бізге халқымыздың болмысын, мәдениетін, мінезін айқындайтын, сонымен бірге заман талабына жауап бере алатын құндылық негізін табу қажет болды. Біз адал еңбек, әділдік, қауымға ортақтық сезімі, жанашырлық пен әркімнің өмірлік миссиясын ұғынуы секілді дәстүрлі бағдарларды сақтауды көздедік. Осы құндылықтардың түп-тамырын біз Абайдың «Толық адам» ілімінен таптық. Толық адам – өткеннің қиялдағы бейнесі емес, ол бүгінгі заманның тұлғасы: ойы озық, рухы биік, әр қырынан дамуға ұмтылатын адам. Біз университетімізде дәл осындай жастарды тәрбиелегіміз келеді.»

Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының талаптарын сақтай отырып және академиялық еркіндікті тиімді пайдаланып, AlmaU бірқатар пәндерді Tolyq Adam бағдарламасының мақсаты мен философиясына бейімдеді. Нәтижесінде бұл бағдарлама барлық 1-курс студенттері міндетті түрде меңгеретін 7 негізгі пәннен тұрады. Мәселен, «Ұлы кітаптар» курсында студенттер уақыт сынынан өткен жауһар шығармаларды оқып, солардан өзіне тиесілі өмірлік мағына табады. «Мен және әлем» пәні әркімнің жеке тарихын жаһандық өзгерістермен сабақтастырып, қоғамдағы орнын терең ұғынуға жол ашады. «Философиялық диалог» ойлау мәдениетін дамытса, «Биохакинг» тән мен жанды аманат санап, оған жауапкершілікпен қарауды үйретеді.

Бұған қоса, бағдарламаға «Өмір дизайны», «Сыни ойлау мен креативті жазу» және «Қоғамға қызмет ету» сияқты бірегей университеттік курстар енгізілген. Бұл пәндер студентке тек білім ғана емес, өмірлік бағыт береді: ойды шыңдап, рухты бекітеді, жүрекке мейірім ұялатады және құндылықтық ұстанымын берік етуге жол ашады.

Осылайша, бұл курстар студенттерге тек академиялық білім ғана емес, сол білімді өмірде қолдануға дайындық береді. Бұл әсіресе әлеуметтік маңызы зор бастамалар арқылы жүзеге асады. Соның айқын үлгісі – Қазақстанда алғаш рет AlmaU оқу бағдарламасына енгізілген «Қоғамға қызмет ету» пәні.

Бұл пән – жай ғана теория емес, жүректен шыққан істердің алаңы: мұнда студент тек дәріс тыңдап қана қоймайды, нақты әлеуметтік жобаларды жүзеге асырады. Олар алдымен нақты қауымдастықтың мұқтажын зерделеп, содан кейін бейүкіметтік ұйымдармен, қорлармен, жергілікті жұртпен бірлесе отырып жобасын іске асырады. Яғни, студент бастан-аяқ толық тәжірибеден өтеді. Соңғы 10 жылдың ішінде осы пән аясында 500-ден астам әлеуметтік жоба жүзеге асырылды. Көптеген түлектер университеттен тыс та қоғамдық қызметін жалғастыруда. Ал бұл үлгі бүгінде басқа жоғары оқу орындары мен білім беру платформалары үшін бағдарға айналды.

Сондықтан AlmaU-дың табысты тәжірибелері, соның ішінде «Қоғамға қызмет ету» курсы мен «Tolyq Adam» бағдарламасының басқа да элементтері, ғылыми қауымдастықтың назарын аударып, кәсіби диалогтың маңызды тақырыптарының біріне айналды.

2025 жылдың көктемінде AlmaU қабырғасында алғаш рет Халықаралық ICTH 2025 конференциясы өтті. «Tolyq Adam: білім мазмұнын трансформациялау» тақырыбымен ұйымдастырылған бұл алқалы жиын қазақтың ұлы ойшылы Абайдың 180 жылдық мерейтойына арналды.

Конференцияға Қазақстан, Түркия, Ресей, Оңтүстік Корея және өзге елдердің білім, философия, мәдениет және әлеуметтік бастамалар саласының беделді сарапшылары жиналды. Олар толық адамды тәрбиелеудің көкейкесті мәселелерін талқылап, жан-жақты дамыған, кемелденген тұлға қалыптастырудың ортақ жолдарын қарастырды. Жиынның форматы да алуан түрлі болды: салтанатты пленарлық мәжілістерден бастап мазмұнды панельдік пікірталастарға, практикалық шеберлік сабақтарына дейінгі кең өрісті қамтыды.

Конференцияда басты назар білім беру жүйесіндегі гуманитарлық пәндердің орнына аударылды. Әсіресе этика, философия, мәдениет сынды бағыттардың маңыздылығы айқындалды. Сонымен қатар студенттердің қоғам алдындағы жауапкершілігін арттырып, азаматтық белсенділігін дамытуға ықпал ететін тәжірибелік тәсілдерді енгізу қажеттігі көтерілді.

Жиын барысында қазақ тілінің және ұлттық мәдени мұраның елдік болмысты сақтайтын басты құндылық екендігі баса айтылды. Бұған қоса, жастардың адамгершілік тұрғыда тәрбиеленуі, баршаға тең мүмкіндік беретін инклюзивті орта қалыптастыру, сондай-ақ денсаулыққа саналы көзқарасты орнықтыру мәселелері де талқылаудың өзегіне айналды.

Талқылаулардың түйіні тағы бір шындықты айқындады: бүгінгі заманның сын-қатеріне төтеп беру үшін білім – тек ақпарат пен дағды емес, ол білімді құндылықпен ұштастырып, тәжірибемен бекіткен кешенді жүйе болуы қажет.

Дәл осындай ұстаным «Tolyq Adam» бағдарламасының өзегінде жатыр. Бұл бағдарлама AlmaU-дың білім беру стратегиясының іргелі тірегіне айналып, өзінің тиімділігін нақты нәтижелермен және студенттер мен серіктестер тарапынан тұрақты қызығушылықпен дәлелдеп отыр.

Ол көрсеткен басты сабақ – қазіргі заманғы білім тек академиялық даярлықпен шектелмей, тұлғалық кемелдікке, әлеуметтік жауапкершілікке және мәдени саналы ұстанымға жол аша алады. AlmaU түлектері осының айқын дәлелі: олар кәсіби ортаға да, жергілікті қауымдастықтарға да, әлеуметтік бастамаларға да өз үлестерін қосып, қоғамның әр саласында оң өзгерістерге себепкер болып жүр.

Бағдарламаның табысты тәжірибесін кеңейтіп, оны жаңа деңгейге көтеру – келесі заңды қадам болып табылады. Енді бұл бағыт AlmaU білім беру экожүйесінің құрамындағы Tolyq Adam институты арқылы дамуын жалғастырады.

Институттың миссиясы – бағдарламаның ең үздік тәжірибелерін кеңінен таратып, гуманитарлық ғылымдар мен құндылыққа негізделген білім беру саласында зерттеулерді өрістету, сондай-ақ ұлттық және халықаралық серіктестермен ынтымақтастықты нығайту. Бұл институт – идеяның іске, арманның жобаға айналатын мекені. Мұнда білім жеке тұлғаны да, тұтас қоғамды да өзгеріске жетелейтін қуатты құралға айналады.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here