Цифрлық трансформация – экономика тірегі

0
1782

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады.

Мемлекет басшысының бұл Жолдауында елдегі саяси реформалар қорытындыланып, алдағы кезеңде іске асыратын кешенді экономикалық және әлеуметтік реформаларға қажетті іс-қимыл жоспары таныстырылды. Президент Жолдауының басты әрі біріктіруші идеясы – цифрландыруды кең көлемде дамыту және жасанды интеллектіні жаппай енгізу болып табылады.

Соның ішінде еліміздегі индустрия салаларын қазіргі заман талаптарына сай ілгері дамытудың қадамдары, инфрақұрылымдық қауіпсіздік мәселесі, ең бастысы, ел қауіпсіздігін жаңаша бағалау, соған қажетті нақты шаралар қабылдау реті айқындалды. Президент бұл жолы экономикалық реформалардан бөлек, технологиялық серпіліс, инвестициялық әлеуетті арттыру және цифрлық егемендікті қамтамасыз ету мәселелеріне басымдық берді. Осы тұрғыдан алғанда Жолдауда көтерілген бастамалар білім мен ғылым саласына, әсіресе, жоғары оқу орындарына үлкен жауапкершілік жүктейді. Мемлекет басшысы Жолдауда «Қазақстан үш жылдың ішінде цифрлық елге айналуы керек» деп нақты мақсат қойды. Бұл бағыттағы алғашқы және нақты қадамдардың бірі – Жасанды интеллект министрлігін құру. Мұндай құрылым университеттерге ұлттық цифрлық жобаларға тікелей қатысуға жол ашады. Адами капитал сапасын арттыру, ғылым мен білімді инновациялар мен ұштастыру жөніндегі міндеттер туралы, жалпы ғылым – білім – инновация үштігін нығайту, цифрландыру қарқыны мен ауқымын арттыру туралы Президент өз Жолдауында қадап айтты.  

Жолдауда жеті бағытқа айрықша назар аударылды. Олар: инвестициялық саясат, өнеркәсіпті нығайту, аграрлық секторды дамыту, көлік және туризм саласын өркендету, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту, кәсіпкерлікті қолдау және адами капиталды жетілдіру. Бұл шаралардың барлығы тұрақты әрі серпінді экономикалық өсім қалыптастыруға бағытталған. Нәтижесінде әрбір азаматтың өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік беретін болады. Яғни, ендігі кезекте негізгі басымдық экономикалық даму мен цифрлық трансформацияға беріліп отыр.

Президент ұсынған бастамалар өте ауқымды әрі жүргізіліп жатқан реформалардың қисынды жалғасы болып табылады. Ал, олардың негізгі мақсаты – қуатты және өркендеген мемлекет құру. Қазақстанның экономикалық дамуының жаңа парадигмасы еліміздің бәсекелік артықшылықтарын тиімді пайдалануға және өндіріс саласындағы еңбек, капитал, ресурстар, цифрлық технология сияқты негізгі факторлардың әлеуетін барынша ашуға негізделеді. Осылайша, еліміздің экономикасының басым секторларын дамытуға ден қоюылуы қажет.  

Соның ішінде Мемлекет басшысы Тоқаев Қазақстан үшін төрт басымдықты атап өтті. Яғни, еліміздің кем дегенде төрт бағытта үлкен мүмкіндіктері бар екендігін, мәлімдеді. Осы төрт бағытта Қазақстан өзін-өзі қамтамасыз етіп қана қоймай, өңірлік және тіпті жаһандық ауқымда тон орната алатындығы айтылды. Цифрландыру және жасанды интеллект, көлік транзиті, энергетика, агроөнеркәсіптік сектор және, әрине, адами капитал ерекше. Цифрландыруға және жасанды интеллектті енгізуге келетін болсақ, біздің елімізде серпіліске қол жеткізуге мүмкіндік бар екендігі айтылды. Яғни, техноло­гиялық даму және инновация – Қазақ­станның ғылым, технология және цифр­лық экономика саласындағы әлемдік көшбасшылардың қатарынан көрінуі.

Осыған орай, еліміздегі индустрия салаларын қазіргі заман талаптарына сай ілгері дамытудың қадамдары, су, жер қатынастарын реттеу, инфрақұрылымдық қауіпсіздік мәселесі, ең бастысы, ел қауіпсіздігін жаңаша бағалау, соған қажетті нақты шаралар қабылдау реті айқындалды.

Еліміздің қазірдің өзінде 190-нан астам мемлекетті қамтитын электрондық үкіметтің даму деңгейі бойынша БҰҰ рейтингінің алғашқы 25 елінің қатарына кіретіні белгілі. Бірақ ешбір жағдайда мұнымен тоқтап қалуға болмайтындығы, сондай-ақ жоғары технологиялар экономика мен мемлекеттік басқарудың барлық салаларын дамытудың локомотивіне айналдыруды қадап айтты.   Сонымен қатар, Үкімет озық цифрлық шешімдер мен жасанды интеллектті кеңінен енгізу үшін қолайлы ортаны қалыптастыру жөніндегі жұмысты бірнеше рет күшейтуге міндетті екендігі айтылып өтті.  

Президент атап өткендей, елімізде деректерді сақтау мен өңдеудің қуатты архитектурасын құру, технологиялық өнімдерді жаппай экспорттауды бастау міндеті тұр. Жасанды интеллектті табысты цифрландыру және кеңінен енгізу елдің энергетикалық әлеуетіне тікелей байланысты, деп атап өтті ол.

«DIGITAL QAZAQSTAN» атты біртұтас тұжырымдамалық құжат әзірленеді. Президент ұсынған заңнамалық бастамалардың ішінде жаңа Цифрлық кодекстің қабылдануын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, құжат жасанды интеллект пен платформалық экономиканы қолданудың негізгі бағыттарын айқындап, барлық саладағы жаңғырту жұмыстарына құқықтық негіз болады. Цифрлық активтердің толыққанды экожүйесі қалыптасады. Сонымен, Қазақстан үш жыл ішінде жаппай цифрлық ел болады.

Келешекте өңірде және әлемде  энергия тапшылығы тұрақты түрде өсетін болады. Мәселе еліміздің энергияға деген сұранысын қанағаттандыруға ғана тіреліп тұрған жоқ. Біз үшін ел экономикасының ондаған жыл бойы қарқынды дамуына берік негіз болатын жаңа энергетика саласын қалыптастыру. Сондықтан Қазақстан электр энергиясымен толық өзін-өзі қамтамасыз етуге қол жеткізіп қана қоймай, әлемдік энергетикалық нарықта ірі экспорттаушы болуға тиіс. Бұл уақыт талабы. Бұл қадам энергетика саласын кешенді түрде, жан-жақты ойластырып дамыту қажеттігін көрсетеді. Осыған орай бір емес, үш атом электр стансасын салып, толыққанды ядролық кластер қалыптастыру қажет деп есептейтінін Президент айтып өтті.

Экономиканы қарқынды дамыту үшін тек мемлекет қаржысына сүйену жеткіліксіз екені анық айтылды. Яғни, Президент Жолдауында атап өтілген маңызды мәселелердің бірі – инвестиция тарту, оны ұлттық қауіпсіздік пен елдің бәсекеге қабілеттілігінің басты факторы ретінде қарастырды. Инвестиция тарту  – орталық атқарушы органдардың  ғана міндеті болмауы керек. Келешекте «Инвестицияға тапсырыс» өндірістің сұранысына сай жасалатын болады.

Президент сондай-ақ үдемелі экономикалық өсуді қамтамасыз ету үшін біздің барлық бәсекелестік артықшылықтарымызды пайдалану маңызды екенін айтып өтті. Яғни,  Қазақстанды Еуразияның негізгі транзиттік хабтарының біріне айналдыру үшін түбегейлі қадамдар жасау қажеттігі айтылды. Еліміздің жол желісін салу және қайта құру экономиканың дамуына қуатты серпін беретіндігі, кем дегенде 12 мың шақырым автомобиль жолдарын жұмыспен қамту мәселесі қадап айтылды. Нәтижесінде елді мекендердің көліктік қолжетімділігі айтарлықтай жақсарады, адамдардың іскерлік белсенділігі мен әлеуметтік ұтқырлығы арта түсетіндігі айтылды.

Қазір жер жүзінде геосаяси текетірестер белең алып тұр. Соған қарамастан, Қазақстан бейбіт әрі эволюциялық жолмен дамып келе жатыр. Яғни, дамудың жаңа бағдары белгіленді. Экономиканы әртараптандыру ісіне тың серпін бердік. Соңғы кезеңдері еліміздің экономикасы алты пайызға артты. Өңдеу өнеркәсібі тау-кен саласымен салыстырғанда жылдам өсіп жатыр. Біз осы қарқынды жоғалтпауымыз керек. Бұған дейін жасалған қолайлы жағдайды тиімді пайдаланып, жаңа инвестициялық кезеңді бастауымыз қажет. Үкімет және әкімдер экономиканың құрылымын өзгертуге баса назар аударуға тиіс. Еліміздің тұрақты дамуына мүмкіндік беретін жаңа тетіктерді қарастырған жөн. Басты мақсат – елімізді өндіруші емес, өңдеуші мемлекет болуы керек. Жұмысты дұрыс үйлестіре білсек, бұл – қолдан келетін шаруа. Экономика өскен сайын әлеуметтік теңсіздік азайып, орта топ (яғни орта класс) күшейе түсуі керек. Сонда ғана біз еліміздің әлеуетін күшейте аламыз. Ол үшін кез келген істің басты өлшемі тиімділік болуға тиіс. Яғни, әрбір шешім, әрбір жоба ең алдымен елге пайдалы болуы қажет.

Президент елдің негізгі қозғаушы күші идеялар мен инновациялар болып табылатын қоғамның постиндустриалды моделіне біртіндеп жақындап келе жатқанын атап өтті. Біз озық технологияларға негізделген білім экономикасын құруымыз керек. Қазақстан жаппай цифрландыру және жасанды интеллектті жедел дамыту аумағына айналуға тиіс. Бұл біздің стратегиялық міндетіміз. Бұл технология жақын арада әлемді түбегейлі өзгертеді. Біз заманауи цифрлық көшпенділер өркениетінің прогрессивті стандарттарына сай болуымыз керек. Бұл салада біздің жастарымыздың әлеуеті, менталитеті мен талантының арқасында «қазақстандық серпіліске» нақты мүмкіндігіміз бар екендігі қадап айтылды.

Қазіргі дәуір – қоғам өмірі­нің бар­лық саласын қамтитын өз­ге­ріс­­тер кезеңі. Адамзат қоғамы­ның­ одан әрі өсіп-өркендеуінде ғы­­лымның атқаратын орны ерекше.­ Ғылым да, білім де ұлттың баға жетпес қазынасы десек, қазақ ғылымы тәуелсіздік жылдарында өзгелермен терезесі тең болу үшін дамудың айқын жолын таңдап келеді. Сондықтан қазір Мем­леке­ті­міз­­­­­дің басшысы отандық ғылымға баса назар аударып отыр. Әсіресе, университеттердің ғылыми әлеуе­тін күшейтуге мән беру қажет еке­нін тілге тиек етіп жүр.

Жаһандану үрдісі қарқын алған заманда жоғары білім беру мен ғылым саласындағы дамудың инновациялық бағыттары өз жемісін бермек. Міне осыған орай ғылым және жоғары білім саласы  тарапынан айқындалған міндеттерді іске асыру жолында барлық әлеует­ті жұмылдыру – сапалы кадр­лар даярлаудың негізі болаты­ны анық. Яғни, «Біздің негізгі миссиямыз –  еліміз үшін білікті, бәсекеге қабілетті және талантты жас мамандарды даярлау», – болып табылады. Интеллектуалды ұлт қалыптастыру елдің дамуына үлкен өзгерістер әкелетіні белгілі. Әділетті Қазақстанның жаңа тұрпатты жастарын отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ етіп тәрбиелесек, еліміз өзінің мақсат-мұраттарына қол жеткізетіні сөзсіз. Интеллектуалды ұлт қалыптастыру елдің дамуына үлкен өзгерістер әкелетіні белгілі.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Халықаралық қатынастар факультетінің профессор-оқытушылары мен студенттері Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын жылы жүзбен қабылдады. «Жолдау – елімізді ұйыстыратын, халқымызды біріктіретін маңызды құжат. Жалпы, Президенттің биылғы Жолдауы – тек бағыт-бағдар емес, ел болашағын қалыптастырудағы интеллектуалдық технологиялық серпілістің бастауы. Әділетті  Қазақстанның жаңа тұрпатты жастарын отаншыл, білімпаз, еңбекқор, креативті, тәртіпті, адал, әділ етіп тәрбиелесек, еліміз өзінің мақсат-мұраттарына қол жеткізетіні сөзсіз.     

Жаппар ЖҰМАН,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
Халықаралық қатынастар және әлемдік экономика кафедрасының профессоры,
ҚР ҰҒА құрметті академигі, экономика ғылымдарының докторы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here