Білімнің бастауы – балабақшада

0
2274

Бүгінде үздіксіз білім беру еліміздің ертеңі, өсіп келе жатқан жас ұрпақтың білімінің тереңдігімен өлшенеді. Білімді, жан-жақты қабілетті ұрпақ – ұлтымыздың баға жетпес қазынасы. Білім беру балабақша табалдырығынан басталады. Яғни, барлық білімнің бастауы – балабақшада.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында жас ұрпақтың сапалы білім мен тәрбиемен қамтылуының маңыздылығына ерекше тоқталған. «Қазақта «Ел боламын десең, бесігіңді түзе!» деген сөз бар. Сондықтан, мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болуы керек. Алайда, бізде екіден алты жасқа дейінгі балалардың жартысынан астамы ғана балабақшаға барады. Мұндай олқылыққа жол беруге болмайды. Балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешу қажет», – дейді Мемлекет басшысы.

Тәрбие мен білім – егіз. Мектеп жасына дейінгі балаларды дамыту мәселесі мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігі болып отыр. Егемен еліміздің талабына сай мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру, заманға сай білімді де тәрбиелі ұрпақ тәрбиелеу – білімді, жан-жақты, жігерлі тәрбиешілердің еншісінде. Ал, балабақшада баланың бір күні таңғы жаттығудан басталады. Таңғы ас, одан кейін оқу қызметі, яғни қызмет түрлі ойындар арқылы жүргізіледі. Таза ауада серуен, түскі ас, түскі ұйқы, ұйқы ашар жаттығу, бесін ас, таза ауада серуенмен өтеді. Тәрбиешілер бір күнді екінші күнге ұқсамайтындай етіп өткізуге тырысады. Күнде түрлі ойындар, іс-шараларға дайындық, балалармен жұмыс жасалады.

Шу қаласындағы «Астана» бөбекжай-бақшасын бүгінде Гүлбану Жинақбаева басқарады. Гүлбану Қасымқызы басшылық ететін балабақшада 40-қа жуық қызметкер жұмыс істейді. Балабақша 100 балаға арналған. Осы ұжымға келер алдында ол 2020-2023 жылдары «Мөлдір» бөбекжай бақшасында логопед болды. Сол саланың қыр-сырын білетін маман екені жасырын емес. Сондықтан, елімізде педагогтардың кәсіби мерекесінде Гүлбану Қасымқызын да құттықтасақ артық болмайды.

Жалғанда ұстаз көрмеген, я мұғалімнің алдында оқушы болмаған тұлға кемде-кем шығар. Ал осынау мамандықтың ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген абзал жандарға деген алғыс-ризашылық шексіз.

«Ұстаз болу – жүректің батырлығы,
Ұстаз болу – сезімнің ақылдығы.
Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,
Ұстаз болу – адамның асылдығы», – деген Ғафу Қайырбековтің өлең жолдары соған дәлел болса керек.

Ендеше, өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкіртінің жанына нұр құйып жүрген ұстаздардың жөні де, жолы да бөлек.

Ұстаздық қасиетке барынша адалдық танытып, бар саналы ғұмырын осы салаға арнаған, ұстаздарға қандай мақтау, мадақ айтсақ та артықтық етпейді.

Сізді мерейлі мерекеңізбен шын жүректен құттықтай келе, мықты денсаулық, отбасыңызға амандық, шығармашылық өрлеу мен табыстар тілеймін!

Бала – болашағымыз, бала – қуанышымыз. Сондықтан, балабақшамыздың жұмысы әрдайым жемісті болып, іші тек қуанышқа, шаттыққа толсын!

Құрметпен, Мөлдір БЕГІМБАЕВА, Жанәділ Мәуленнің анасы.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here