Мұстафа Шоқай шындығы

0
3992
Назерке Болатқызының суреті.

Алматыда «Арыс» баспасынан Алаш арысы – «Түркістан» деп туысқан түрік халықтарының бірлігі, бостандығы мен тәуелсіздігі үшін күресіп өткен Мұстафа Шоқайдың өмірі мен қызметі туралы биыл үш кітап шықты, олар – «Мұстафа Шоқай: Саясаткер. Эмигрант. Ұлы тұлға», «Мұстафа Шоқай: Кемел ой иесі» («Алаш арыстары» сериясы) және «Менің Мұстафам» («Мұстафа Шоқай әлемі» сериясы). Кейінгі екі кітапқа демеушілік жасаған саяси қуғын-сүргінге ұшыраған қазақ зиялыларының мұрасын зерттеуші – «Арыс» қоры. Кітаптардың авторы – көрнекті қоғам қайраткері, саяси ғылымдар докторы, профессор, шоқайтанушы Әбдіжәлел Бәкір. Бұл басылымдар шоқайтанушылар, саясаткерлер, тарихшылар, қаламгерлер, басқа да ізденушілер үшін құнды жәдігер әрі ұлы қайраткердің биыл желтоқсанда толатын 135 жылдығына лайықты тарту.

ШОҚАЙТАНУШЫНЫҢ КІТАБЫНДА НЕ ТУРАЛЫ ЖАЗЫЛҒАН?

Түрік әлемінің қайсар көсемі Мұстафа Шоқайдың саяси қызметін, шығармашылық мұрасын зерттеу Әбдіжәлел Бәкірдің өмірлік мұратына айналғалы қашан. Кеңестік заманда билеуші Коммунистік партияның саясатымен өмір сүрген, комсомол, партия органдарында жауапты қызметтер атқарып жүрген кезеңдерде Әбдіжәлел Бәкірдің ұлтым деп соққан жүрегінің адастырмас темірқазығы, көрінбей жол сілтеушісі Мұстафа Шоқай болған еді. 2016 жылдан Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде Мұстафа Шоқай ғылыми орталығының ғылыми жетекшісі. Оның бұған дейін де 2020 жылы «Мұстафа Шоқай: өмірі мен қызметі, шығармашылығы» деген кітабы жарық көрген. Әбекең шоқайтанушы ғалымдарды, қаламгерлерді ұйымдастырып, «Мұстафа Шоқай» ғылыми-тарихи танымдық энциклопедиясын құрастыруды аяқтады, бұл кітап та баспада, көп ұзамай қолымызға тиеді. Әбекеңнің қайта-қайта мәселе қоюымен Астанада №51 мектеп-гимназияға Мұстафа Шоқай аты берілді, мектепте Мұстафаның мұражайы бар, онда Мұсекеңнің жұбайы Мария сақтап қалған бірсыпыра заттар қойылған.

Аталған кітаптардың мазмұны бірін-бірі толықтырған, сабақтас дүниелер болғандықтан мақаламызды «Мұстафа Шоқай: Саясаткер. Эмигрант. Ұлы тұлға» кітабын талдауға арнаймыз. Жинаққа ғалымның 2020-2025 жылдары жазылған отыз бір мақаласы топтастырылған. Бұл еңбектер уақытысында «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», «Айқын», «Астана ақшамы», «Қазақ», «Сыр бойы», «Оңтүстік Қазақстан», «Ақмешіт апталығы» елдік және жергілікті газеттерінде, «Ақиқат», «Жұлдыз», «Таң-Шолпан», «Құтты білік» журналдарында жарияланған. Әртүрлі мерзімдік басылымдарда әр кезде жарық көрген мәнді дүниелердің бір жинаққа топтастырылуы оның маңызын арттырып тұр.

Мұстафаның өмір деректерінің хронологиясынан, кіріспе мақаладан басталған жинақ «Мұстафа Шоқай – саяси қайраткер», «Мұстафа Шоқай эмиграцияда», «Мұстафа Шоқай және Түркістан тәуелсіздігі», «Мұстафа Шоқай – энциклопедист ғалым» деген төрт бөлімнен, қорытынды мақаладан тұрады. Жинақты оқып шыққанда ХІХ ғасырда Сыр бойын Қоқан хандығы билеген заманда елге егелік еткен әйгілі Торғай датқа әулетінде Наршоқы деген жерде дүниеге келген ауыл баласы Мұстафажанның өсу, замандастарынан оза терең білім алу, оң-солын тану, отар халқының күйкі тұрмыс-тіршілігіне қанығып, еліне теңдік әперуді мұрат тұту, сол ұлы мақсат үшін ымырасыз күрес жолына түсу, осы азапты істе шыңдалып, түрік әлемінің танылған, мойындалған дара да дана, аса көрнекті көшбасшы қайраткері деңгейіне көтерілген Мұсекеңнің қалыптасу барысына, соқтықпалы өміріне қанығасыз. Тек туған халқының ғана емес, ділі, діні, тілі, түбі бір туысқан түрік жұрттарының бостандығы мен тәуелсіздігі, осы қасиетті іс үшін оларды ұйысқан бірлікке шақырып, тоқтаусыз күреспен өткен мұқалмас қажыр-қайратына тәнті боласыз.

Екі ғасыр тоғысында 1890 жылы дүниеге келген Мұстафа Шоқайдың тағдыр сыйлаған елу жылдан сәл ғана асқан өмірінің жиырма жылдан астамы шет елдерде – эмиграцияда өтті, кеңес заманында елде алашшылар бастан кешкен қуғын-сүргіннен, қастандықтардан, өлімнен сөйтіп аман қалды. Солардан қалған аманат-өсиеттей тәуелсіздік үшін күресін терең энциклопедиялық білімімен, қарымды қаламымен, табанды ісімен, сындарлы да салиқалы сөзімен жүргізді. Патшалық Ресейдің отарлық әрекетін одан әрі жалғастырған кеңес өкіметінің «пролетариат диктатурасы», «ұлттар теңдігі», «әлемдік революция» деген қызыл ұрандармен бүркемеленген ішкі және сыртқы саясатына, әсіресе ұлттар мүддесіне, ұлт-азаттық қозғалыстарға қатысты жымысқы айла-амалдары туралы мәліметтерді сырт қауесеттерден емес, кеңестік ресми деректерден, И.В.Сталиннен бастап, КСРО, республикалар басшыларының, қайраткерлерінің баяндамаларынан, одақтық бас басылымдар – «Правда», «Известия», жергілікті «Социалистік Қазақстан», «Казахстанская правда», «Правда Востока», «Туркменская искра» сияқты партиялық баспасөзден дөп тауып, сүзіп алып, ұлттар мүдделеріне келгенде саяси екіжүзділіктің сыр-сипатын он тілде жазған еңбектерінде әлемге жайып, ымырасыз әшкерелеп отырды және ең мойындалары – М. Шоқай көрінеу жала жауып, кеңестік шындықты бұрмалап отыр деп ешкім де қарсы уәж айта алған емес.

Осылай кеңес өкіметінің қас жауына айналған Мұстафа Шоқай рухы, мұралары туған еліне Тәуелсіздік жылдары оралды. Том-том болып еңбектері қайта-қайта басылды, қайраткер туралы мақалалар ұдайы жарияланып келеді, ғылыми-зерттеу диссертациялар қорғалуда, көркем, деректі фильмдер шықты, театрларда пьеса да қойылды, есімі көшелерге, мектептерге берілді, ескерткіштері орнатылды, оның күрескерлік қызметі мен шығармаларын зерделеуге арналған ғылыми-танымдық конференциялар өткізіліп жатады. Алайда, Мұсекеңнің халқына қалтқысыз қызметі, әсіресе өміршең мол мұрасы туған еліне әлі толық танылып болған жоқ деп пайымдайды автор. Өйткені, газет-журналдардың, кітаптардың таралымы аз. Мұстафа Шоқай шығармаларының 1999 жылы басылған екі томдығы, толықтырылып 2007 жылы шыққан үш томдығы қазір табыла бермейді. 2012-2014 жылдары жарық көрген ең ауқымды басылым – он екі том толық жинағы, өкінішке қарай, бір мың данадан ғана шықты, олар тіпті облыстық кітапханалардың өзіне жетпей қалды. Бұл он екі томның электрондық нұсқасы кейін таратылды. Бөлек зерттеуді сұранып тұрған төрт жүздей хаттары қазақ тілінде және орыс тілінде жинақ болып жарық көрді. Алайда, әркімнің қолынан шыққан, бір орталықтан қаралмаған бұл аудармаларда бірізділік жоқ.

Мұсекенің тек Кеңес Одағындағы, оның ішінде қазақ, күллі туысқан түрік жұртындағы қоғамдық ахуалды ғана емес, әлемдік саясаттың беталысы, халықаралық жағдай туралы он тілде жазылған сан қырлы бір мың бір жүзден астам мақаласының үштен екісі әлі ана тілімізге аударылмаған, атап айтқанда, орыс тіліндегі 400-ден астамы, француз тіліндегі 130-дан астамы, сондай-ақ ағылшын, неміс, поляк, түрік, грузин, өзбек, шағатай тілдеріндегі мақалалары әлі түгел рухани қазынамызға қосыла қойған жоқ, зерттеушілер назарынан тыс, яғни Мұсекең мұрасы ана тілімізде толық ғылыми айналымға түспеген, көпшіліктің оқып-білуіне ұсынылмаған. Осы орайда Ә. Бәкірдің қолға алуымен дайындалып, баспаға енді ұсынылған Мұсекеңнің «Яш Түркістанда» шағатай тілінде жарияланған мақалалары толық қазақшаланған үш том, француз тіліндегі еңбектері де қазақ тіліне аударылған бір том осы олқылықты келешекте едәуір толтыратын болады, бұл кітаптар биылғы жылдың аяғына дейін жарық көреді. Аталған еңбектер шоқайтануды тереңдете түсуге қосылған сүбелі үлестер. Бұл кітаптардан Мұсекенің өмірі мен күрескерлік қызметіне қатысты талай өзекті сұрақтың жауабын оның өзінің еңбектерінен таба алатын боламыз.

Ә. Бәкір «Мұстафа Шоқай: Саясаткер. Эмигрант. Ұлы тұлға» кітабында жүрегі елім, жерім, халқым деп соққан, Отанын тәуелсіз етуге арналған күресте Шығыс пен Батыс білім-ілімдерін қос қанаты, өмірлік тәжірибесін – тірегі, терең парасат-пайымын тиегі еткен, әлемде мойындалған ірі тұлға – күрескер Мұстафа Шоқай шындығын өз жұртына жан-жақты таныстыру мұраты болғанын баяндайды. Ал бұл қандай шындық, Алаш қайраткерлерінің ішінде күрес жолы өзгеше Мұстафа жолы қандай жол еді? Бұл ретте айрықша атап айтарымыз: Алаш қозғалысы жетекшілерінің бірегейі Мұстафа Шоқайдың саяси қызметінің мақсаты – Түркістан тәуелсіздігі, шығармашылық мұрасының мазмұны да, Мұстафа шындығының өзегі де, қызыл арқауы да осы – халқының бостандығы, теңдігі.

Алашшылар, олардың ішінде Мұстафа да қымбат «Тәуелсіздік» пайымына бірден келе қоймаған. 1917 жылы Ресей патшасы тақтан түскенде өздерінің енді басталған күрес жолында мұндай төтен жағдайды бұрын бастан кешпеген алашшылар Ресей алда демократиялық, федеративтік республика болуынан үміттенді әрі большевиктер айтып келген ұлттардың өзін өзі билеу ұранына иланды, қазақ жұрты өркендеп, нығайып алғанша әуелі Ресей құрамында автономия құрумен шектеле тұрмақ еді. Алайда, большевиктер уәдесі Мұстафа Шоқай кейін дәл айтқанындай, «қызыл сөздерге боялып», орыс ұлттық рухына негізделген «пролетариат үстемдігі» дейтін отарлау, ұлт саясатындағы екіжүзділік болып шықты. Билікке жеткен большевиктер Мұстафалар 1917 жылдың соңында құрған Түркістан Мұхтариятын (Қоқан автономиясын) да, Әлихандар құрған Алаш Орданы да жойды. Көп ұзамай Кавказ, украин, беларусь, Балтық бойы жұрттары да осындай жағдайға ұшырады, поляктармен, финдермен соғысты. Большевиктер бұрынғы Ресей ұлттық аймақтарының өздерін өздері басқару ниетін қаламады. Ұлттық мүддені аузына алған кімге де болса «ұлтшыл», «түрікшіл», «халық жауы», «сатқын», «шпион» деген сияқты ауыр айыптар тағылып, тағдырлары тәлкекке ұшырады. Осындай жағдайда Кеңес Одағын құраған, ерікті де тең аталған Республикалардың Ресейден басқасының саяси-құқықтық мәртебесі іс жүзінде автономиялық деңгейден көп аса қоймағаны, Мәскеуге тәуелділік күйі тарихтан белгілі.

ОРТА АЗИЯНЫҢ ТҰҢҒЫШ САЯСИ ЭМИГРАНТЫ

Түркістан мемлекетін құрып, Отанына теңдік әпермек болған арда азамат Мұстафа Шоқай Кеңес өкіметі тарапынан қуғынға түскендіктен шет ел асуға, алдында айтқанымыздай жарты өмірін эмигарцияда өткізуге мәжбүр болды. 1918 жылы басталған қуғын салдарынан Әзербайжан, Грузия, Түркия арқылы 1921 жылғы мамырда Францияға жетті, 1941 жылы желтоқсанда Германияда дүниеден өтті.

Кеңес өкіметінің сипатын, басшылық қағидатын, бағдарын, бастан өткен тәжірибелерді, алыста қалған ел ішіндегі ахуалды Еуропада жүріп саралай, қорыта келе Мұстафа ұлтының азаттығы үшін күрес амалын жаңаша ойластырды. 1923 жылы Парижде «Orient et Occident» журналында француз тілінде жарық көрген «Ресей саясаты және Түркістан ұлттық қозғалысы» деген мақаласында Түркістан жұрты енді Ресей құрамындағы автономия емес, ұлттық тәуелсіздігі үшін күресетінін алғаш тұжырымдады. Осыдан былай Еуропадағы жиындарда жасаған баяндамаларында, жарияланған жүздеген мақаласында, саяси қайраткерлермен пікір алысқан, таласқан хаттарында Түркістан тәуелсіздігі, ұлттық рух оның айнымас ұстанымының, айтар сөзінің үнемі өзегі болып келді. Осылай түрік әлемінің ұлы перзентіне айналды.

Мұсекең Түркістан деп шырылдағанда қандай халықтарды, қандай өлкелерді айтқан дейтін болсақ, ол жалпы Түркістанды Батыс Түркістан, Шығыс Түркістан және Оңтүстік Түркістан деп үш аймақ ретінде қарастырған. Шығыс Түркістан – қазір Қытайға қарайтын Шыңжан (қытайша – Жаңа жер), Оңтүстік Түркістан – қазіргі Ауғанстан аумағы, Батыс Түркістан немесе Ұлы Түркістан – Орта Азия мен Қазақстан (қазір Орталық Азия). М. Шоқайдың мақсаты – осы тәуелсіз Ұлы Түркістанды құру. Ол Еуропада оқуда жүрген Түркістан жастарына арнап 1936 жылы Берлин радиосы арқылы сөйлеген сөзінде «Бүгін Қазақстан, Қырғызстан, Қарақалпақстан, Түркіменстан һәм Тәжікстан деп, жат үкімет күшін алты жұмхұриетке бөліп тұрған Түркістан – бөлінбес, айнымас бір өлке. Халқының қаны бір, тілі бір, діні бір» деп жар салды.

Осы орайда Кеңес Одағын іс жүзінде дара билеген И.В. Сталин бұған дейін-ақ сонау 1925 жылдың 29 мамырында Ресей Коммунистік (большевиктер) партиясының Қырғыз (қазақ) өлкелiк комитетiнiң бюро мүшелерiне арнайы жолдаған хатында «Бiз өкiметтi жастарды саяси жəне идеологиялық тəрбиелеудi партияда жоқ буржуазиялық интеллигенттерге табыстау үшiн алғанымыз жоқ. Бұл шайқас толығымен жəне еш қалдықсыз коммунистердiң пайдасына шешiлуi қажет. Олай болмаған жағдайда Қырғызстанда (Қазақстанда) шоқайшылардың жеңiске жетуi əбден мүмкiн. Ал бұл Қырғызстандағы (Қазақстандағы) коммунизмнiң идеологиялық жəне саяси күйреуiмен теңбе-тең» деп жазды. Кеңес басшысын ертеден шошындырып, арнайы хат жазуға мәжбүр еткен бұл жәйт Мұсекең сыртта жүріп-ақ атқарып жатқан белсенді күрескерлік еңбегінің бағасы деуге тұрады.

Қаламы қаруы Мұсекеңнің саяси ұстанымы мен жалынды публицистік қарымы өзі ұйымдастырған, 1929-1939 жылдары Германияда Берлинде шығып тұрған «Яш Түркістан» журналында жарияланған 224 мақаласынан мейлінше анық көрінеді. Бұл он жылда ол Кеңес Одағына топтастырылған халықтардың бодан күйі, бастан кешіп жатқан озбырлық – сыпыра тәркілеу, орасан қырғын аштық апат, қанқұйлы саяси қуғын‑сүргін, басқа да елеулі-елеусіз оқиғаларды қалт жібермей білікті талдаған, өткір сын-пікірлер айтқан мақалаларын, «Кеңестер билеген Түркістан» әйгілі кітабын жазды, кеңестік ресейлік биліктің отаршылдық саясатының шынайы сипатын күллі әлем алдында ашып берді. Мұсекеңнің мыңнан астам еңбегінің екі жүз елудейінің атауында «Түркістан» қайталануы оның мақсатының өзегі екенін көрсетеді.

 Осылай басты мұраты айқын Мұстафа Шоқай мақалаларында Тәуелсіздік үшін қасиетті күрестің әлемдік тәжірибесін талдап, Түркістан Тәуелсіздігімен байланыстырып, қорытып отырды. «Орыс тепкісіндегі Түркістанның ұлттық қозғалыстарынан. Жеңілмес ұлтшылдық», «Түркістан лениншілдеріне жауап», «Ұлт мәселесі төңірегінде», басқа да мақалаларында Түркістанда отарлық жағдайда қалыптасқан саяси-құқықтық, экономикалық жəне əлеуметтік мәселелер жан-жақты сараланып, патшалық Ресейдің орыстандыруға ұмтылған отарлау жүйесі кеңес жағдайында да жергілікті халықтың жерін біржолата иемденуге, тілін, ділін, дінін жоюға бағытталғаны ашып көрсетілді.

КЕҢЕСТІК ЖҮЙЕНІҢ ҚАЙСАР СЫНШЫСЫ

Ә. Бәкір Мұсекеңнің қайсар қызметін, мол шығармашылығын саралай отырып, онда айтылған ойларды бүгінгі күнмен, Мұсекең армандаған Тәуелсіз Қазақстан жағдайымен байланыстыра, салыстыра тұжырымдайды. Осы ретте Мұсекең күресіндегі қағидатты бір мәселеге назар аударады. Мұстафа Шоқай Ресейді сынағанда орыс халқын емес, патшалық билік ұстанымын ұластырып әкеткен кеңестік жүйені, олардың сабақтас ұлттық саясатының әділетсіздігін сынады дей келе, Мұсекең «Біз барлық халықты құрмет­теу­ге тиіспіз. Мемлекет үшін бір халықтың өзге халықтан айырмасы жоқ. Геогра­фия­лық жағдайымыз да Ресеймен дос­тық және бейбіт қатынаста болуымызды та­лап етеді» деп жазғанын орынды алға тартады.

Мұстафа Шоқай бүкіл шығармашылығының басты тақырыбы болған «ұлт тәуелсіздігі» ұғымын халықтың тікелей ұлттық рухымен байланыста, ажырағысыз қарағанын көрсете келе Ә. Бәкір оның «Большевизм – түрікшілдіктің жауы» мақаласында «Ұлттық рухсыз ұлт тəуелсiздiгi болуы мүмкiн бе? Тарих ондайды көрген жоқ та, бiлмейдi де. Ұлт азаттығы – ұлттық рухтың нəтижесi. Ал ұлттық рухтың өзi ұлт азаттығы мен тəуелсiздiгi аясында өсiп дамиды, жемiс бередi» деген өсиет сөзіне арнайы тоқталады. Мұсекеңнің осы ойларының айтылғанына ғасырға жуық уақыт өтсе де оның тағылымдық мәні мен маңызы әсте кеміген жоқ. Жас ұрпақтың бойына ұлттық рухты сіңіре беру бүгін де өзекті, аса қажеттілік деп ой түйеді саясаткер, философ ғалым Ә. Бәкір.

Мұстафа Шоқай 1931 жылы «Ақ – Қызыл» мақаласында «Ұлттық рухтың негізі – ұлттық тіл» деп түйіндесе, 1937 жылы «Кеңес Одағындағы ұлттық мемлекет мәселесі» мақаласында «Орыс мектептерінде оқып, орысша тəрбие алған орыс емес ұлт зиялылары, өздері меңгерген ғылым-білімдерін туған халқының игілігіне жұмсай алмай, орыс зиялыларының тобын көбейтіп, орыс білімін толықтыру үшін қызмет етті» деп күйініпті. Осы орайда Ә. Бәкір батпандап бірнеше буын ұрпақ бойына сіңген бұл рухани дерттен қазақ қоғамы бүгінгі Тәуелсіздік жағдайында да арылмағанын қынжыла атап көрсетеді.

Мұстафа Шоқай «Біздің жол» мақаласында «Большевиктер Түркістан республикалары түрі – ұлттық, мазмұны – пролетарлық деседі. …Ал біздің мұратымыз Түркістанда түрі жағынан да, мазмұны жағынан да ұлттық мемлекеттік құрылымға қол жеткізу. Сонда ғана халқымыз өз жерінің нағыз қожасы бола алады» деп саяси күрестің мақсатын нақтылай түскен екен. Ұлы күрескер бұл пікірін «Түркістан ұлттық күресінің себептері мен мақсаттары», «Кеңестік Орта Азия федерациясынан Түркістан ұлттық тәуелсіз мемлекетіне», «Тәубеге келген «алашордашылар», «1937 жыл» және басқа мақалаларында дамытып, тәуелсіздікті ұлттық мемлекеттілікке жетудің басты амалы ретінде жан-жақты қарастырады.

МҰСТАФА ШОҚАЙ ҰЛТ ЗИЯЛЫСЫН ҚАЛАЙ ТҮСІНІП ЕДІ?

Ә. Бәкір Мұсекеңнің халықтың зиялы қауымы туралы аса маңызды ойларына да арнайы тоқталады. «Ұлттық зиялы деп кімдерді айтамыз?» деп тікелей сұрақ қоюдан басталатын «Ұлттық зиялы» мақаласында Мұстафа Шоқай оқығанның барлығын олардың біліміне қарап зиялы деуге болмайтыны сияқты, белгілі бір ұлттың өкілі болғанына қарап, оны сол ұлттың зиялысы деуге болмайтынын ескертеді. Мұстафа Шоқай өз ойларын әрі қарай өрбіте отырып, «Зиялылар қауымы өздерінің тарихи міндетін орындау үшін не істеуі керек?» деп сұрақ қояды да, «Халықты ұлт деңгейіне көтеру, яғни оны жат үстемдіктің тепкісінен құтқарып, өз мекемелеріне ие, тәуелсіз бір жеке тұлғаға айналдыру сынды негізгі мақсатқа жету үшін ұлттық зиялы қауым мен ол өзі тән болып отырған халық бұқарасы арасында бір ортақ сана болуы тиіс. Міне, осы сананы айқындау, яғни халық тілегін дұрыс және анық бір қалыпқа келтіру, аталған мақсатқа жету үшін іс пен әрекет бағдарламасын жасау зиялылардың міндеті» деп жазды Мұсекең. Ол 1934 жылы «Шығыс Түркістан, сыртқы дүние және біздің міндетіміз» деген еңбегінде «Біз саяси қайраткерлерді оның ұрандарына қарап емес, іс-қимылдарына қарап бағалаймыз» деп көрсетті.

Бүгінде «Тәуелсіздік» бәріміз жиі айтатын қасиетті де құдыретті сөзге айналды. Өйткені, Тәуелсіздік ұғымында қазақ елінің ғасырларға созылған отарлық кезең мен кеңестік қыспақта миллиондардың төгілген қаны, көз жасы, қиылған ғұмыры бар. Мұстафа Шоқай болмысының, саяси күресінің, шығармашылық мұрасының мазмұны мен мәні нақ осы «ұлттық тәуелсіздік», «ұлттық мемлекет», «ұлттық мүдде» деп бекем тұжырымдайды Әбдіжәлел Бәкір.

Ықылым заманнан осы жердің, елдің иесі қазақ халқына тағдыр Тәуелсіздікті өткен ғасырдың 1991 жылы бұйыртты. Еуразия кеңістігінде Ұлы дала – Тәуелсіз Қазақстан атанып, адамзат қауымдастығының тең құқықты мүшесі, әлемдік саясатта өзіндік орны бар дербес мемлекетке айналды. Қазақ Елін дүние жүзі таныды, Қазақ елі де өзін әлемге танытты. Мұсекең арманы орындалды! Біздің бүгініміз үшін де, келешегіміз үшін де қажет тұрпат – «ұлттық мемлекет» аталуы аса маңызды. Мұны қазір ауызға ала бермейтін болдық. Неге? Әлде, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елімізде қазақтың үлес салмағы аздау кезде ұлттық мемлекеттілікті аңсадық та, ал халқымыз елдің басым көпшілігі болғанда көп ұлтты мемлекетке айналдық па? Мәселені бұлай айтуымыздың қағидатты мәні бар. Біздің қазіргі кенжелеу келе жатқан рухани дүниеміздегі қайшылықты мәселелердің барлығы дерлік мемлекеттің ұлттық сипатына жеткілікті көңіл бөлмеуден туындап отыр. Мұнсыз мемлекет құрушы ұлттың мүддесі толық шешілмейтінін, тәуелсіздіктің асыл мұраттары жүзеге аса бермейтінін, сондай‑ақ елдегі басқа халықтың мәселелері де ойдағыдай орайласа қоймайтынын күнделікті өмір көрсетті. Саяси мақсаты да, мазмұны да, әлеуметтік әлеуеті де кеңестік кездегіден өзгеше Тәуелсіз өз мемлекетіміздің ұлттық сипаты басым болуы және ұлттық мүдделерге айрықша көңіл бөлу – аса қажеттілік, Тәуелсіздіктің басты талабы деп ой түйеді зерттеуші ғалым.

Ойды ой жалғап, Ә. Бәкір ХХ ғасыр басында саяси сахнаға шыққан Алаш қозғалысының алғашқы қадамдары, кеше егемендіктің елең‑алаңында еліміздің ұлтшыл азаматтары еркіндіктің туы, рухы ретінде нақ ұлттық тілімізді түсінуі, соның мемлекеттік мәртебесі үшін күресуі тегіннен-тегін емес еді. Ата Заңымызда «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп айқын жазылды. Алайда, мемлекеттік тіл тіпті мемлекеттік жүйеде, көптеген ресми әлеуметтік ортада әлі де төрге мығым шыға алмай, екінші қатарда – аударма тілдің дәрежесінде қалып келеді. Мемлекеттік тілді ең қажетті әрі басты ұлтаралық тіл жағдайына жеткізбейінше ұлттық тұтастықты қамтамасыз ету де, ұлттық мемлекетті орнықтыру да қиын. Бұл орайда Мұстафа Шоқайдың батысша білім‑тәрбие алған зиялы қауымның ұлтына пайдасы жоқ, оны ұлты пайлаланбайды деген тұжырымы бүгін алдан шығып отыр. Адамзат қоғамының дамуында рухани сала мемлекеттің сипатымен, қоғамда ұлттық мүдделердің нақты қойылу деңгейімен және оңды шешілуімен айқындалатыны мәлім. Ұлттық сананы өсірудің маңызды шарты бұған дейін сан жылдар бодандықта қордаланаған ұлтсыздық, рухсыздық психологиядан арылу бағытында пәрменді шараларды жүзеге асыру өмір талабына айналды деп ой түйеді философ ғалым.

Біздің ұлтымызда ұлтшылдық, ұлттық рух әлі де жеткіліксіздеу. Шынтуайтында, алдымен ұлтшыл болмай, мемлекетшіл бола алмаймыз. Халқымыздың шынайы ұлтшылдығы, ата-бабадан ежелден келе жатқан жарасымды салт-дәстүріне бекемдігі, тәуелсіздік мұраттарына болаттай беріктігі мемлекеттің ұлттық сипатын құрары анық. Ұлттық идея, ұлттық идеология, ұлттық мүдде, ұлттық мәдениет, ұлттық болмыс сияқты ұтымды да қасиетті ұғымдарды кейінге ысырудың салдары – билік маңайында жүргендердің кейбіреулері өздері «ұлтсыздық үңгірін» баспана етіп жүргендерімен қоймай, мемлекеттік мәртебелі ана тіліміздің мерейі үшін күрескендерді «ұлтшылдық үңгіріндегілер» деп ғайбаттауы ұлттық рухсыздықтың нағыз көрінісі. Ал Тәуелсіздік пен Ұлттық егіз ұғымдар. Осы орайда Мұстафа Шоқайдың жоғарыда мысалға келтірілген ұлттық рух пен ұлт тәуелсіздігін ажырағысыз байланыста айтқан тұжырымдары адастырмас қағида деп түйіндейді Әбдіжәлел Бәкір. Философ ғалым бүгінгі Тәуелсіздік жағдайында «ұлтшылдық» деген ұғымды оң сипатта түсінуіміз керек. «Ұлтшылдық» ұлтжандылықтан әлдеқайда терең мағыналы, ұлтын шынайы сүюді айқындайтын киелі ұғым. Өз ұлтын сүйе алмаған адам өзге ұлттың да қадіріне жете қоймас деп пайымдайды.

Осы ретте Мұстафа Шоқай ел басына күн туғанда Отанына опасыздық жасады, гитрлершілдермен ауыз жаласты, «Түркістан легионын» құруға белсене қатысты деген кеңестік насихат та осы жинақта теріске шығарылады. Немістер КСРО-мен соғысты бастасымен оны өз мақсаттарына пайдалануды ұйғарған. Мұстафаны тұтқын түркістандықтардың тізімін жасауға, білімін, мамандығын, ұстанымын, бейімін анықтауға жұмсаған. Сол кезде тұтқындар лагерьлерін аралағанда талай азиялық, кавказдық бейшаралардың тұтқын азабынан, анық өлімнен Мұстафаның араласуының арқасында аман қалғаны туралы олардың өздері соғыстан кейін Мұсекеңе ризашылықпен жазған естеліктері, айтқан әңгімелері жеткілікті.

Мұстафа Шоқайдың «Түркістан легионын» құруға немесе Кеңес Одағына қарсы қандай да болсын соғыс мақсатындағы барлаушылық-бүлдірушілік әрекеттерге қатысы жоқтығы 1948 жылдың маусымында КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігі жүргізген тексеру-тергеу барысында толық анықталған. Сол кезде Берлиннен алынған, бүгінге дейін жасырылған бұл құжатты шоқайтанушы тарихшы ғалым, марқұм К. Есмағамбетов Ресей Әскери мұрағатынан осы кейінгі жылдары кездейсоқ тапқан. Өздерін мәдениетті, артық нәсіл санайтын неміс басқыншылардың тұтқындарды адам төзгісіз халде азапта ұстап отырғандарын көрген Мұстафа Шоқай оларға қызмет етуден батыл бас тартады, сол өжет шешімі оның 1941 жылдың желтоқсанында кенеттен қайтыс болуының бір себебі емес пе екен деген де болжам айтылып келеді зерттеушілер тарапынан. Немістер азиялық кеңес тұтқындарынан «Түркістан легионын» Мұстафа қайтыс болғаннан кейін, 1942 жылдың жазында құрғаны мәлім.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Мұстафа Шоқайдың сүйегін Берлиндегі Сүлейман зиратынан, Мұстафаның жары Мария Шоқайдың сүйегін Парижден қазақ топырағына әкеліп жерлеу керек деген ұсыныстар айтылды. Бұл мәселе жөнінде Әбекеңнің ұстанымы басқаша болды. «Аруақтарды қозғамайық, Мұстафа атамыз қазір Еуропа мен Азияны, Батыс пен Шығысты байланыстырып тұрған дәнекердің бірегейі. Одан да Мұстафа атамыз бен Мария анамызға Түркістанда ескерткіш орнатқан жөн болар деген ойын негіздеп ортаға салды. Ғылыми қауым осыған тоқталған. Бірақ, Түркістанда қос арысқа ескерткіш орнату туралы мәселе, өкінішке қарай, айтылған жерде қалды деп қынжылады Әбдіжәлел Бәкір.

Некелері мұсылман рәсімімен қиылған адал жар, арпалысқан саяси күресте, жат жерде тұрмыстық та қиыншылықта қашанда тіреніші бола білген Мария анамыз ері дүниеден өткеннен кейін 28 жыл өмір сүрді. Ол күрескер Мұстафа Шоқайдың ардақты есімі, маңызы зор мұрасы ұмытылмас үшін қолынан келгеннің бәрін бір өзі жасады. «Менің Мұстафам» деген ауқымды естелік жазып қалдырды. Ә. Бәкір Мұсекеңнің азаматтық болмысынан, күрескерлік өмірінен, қызметінен мол мағлұмат беретін бұл жазбаны шоқайтану ғылымының басы деп бағалайды, Мұстафа Шоқайды зерттеушілер алғашқы қадамды Марияның осы естелігін зерделеуден бастауы керек дейді. Бұл естелік «Менің Мұстафам» деген жеке кітап болып шыққанын осы мақаланың басында хабардар еттік, ол Ә. Бәкірдің топтастыруымен Мария жазысқан хаттармен, ғалымның зерттеу мақаласымен толықтырылған.

Мұстафа Шоқайдың саяси қызметі, мол шығармашылық мұрасы тәуелсіз Қазақстан мемлекеттілігінің саяси негіздерін нығайтуға, демократиялық үрдістерді тереңдете түсуге, қоғамдағы ұлттық бірлікті, бірегейлікті және басқа этнос өкілдерімен ынтымақтастықты арттыруға, қол жеткен Тәуелсіздігімізді тұғырлы ете түсуге игі ықпал етері сөзсіз. Мұсекең еңбектерін саралай отырып, Ә. Бәкір ірі ойшыл, шынайы гуманист, энциклопедиялық білімдар, заңғар заңгер, терең тарихшы, қарымды журналист-редактор, сұңғыла халықаралық саяси сарапшы Мұстафа Шоқайдың дүниетанымы мен қайраткерлік болмысы, шығармашылық мұрасы туралы саяси, әлеуметтік, ғылыми мәні зор тұжырымдар мен қорытындылар жасай алған. М. Шоқай сарабдал халықаралық саяси сарапшысы ретінде отандық сыртқы саясат ғылымының негізін салушы деген тың тұжырым ұсынады.

Мұсекең мақалаларының жүзден астамы Еуропадағы, Азиядағы, Африкадағы күрделі халықаралық жағдайлар, қақтығыстар, шиеленістер, дағдарыстар, саяси, экономикалық салдарлар мәселелерін талдауға, оқырмандарына түсіндіруге арналған, халықаралық ахуалды хаттарында да сөз еткен. Бұл еңбектерінде Мұстафа мемлекеттер арасындағы қарым-қатынасқа, саяси қайраткерлер әрекеттеріне берген бағаларының, сараптауларының, тұжырымдарының дұрыстығын тарих көрсетті. Мұсекеңнің Еуропада бірнеше халықаралық ұйымның мүшесі болуы, олардың басшылығына да сайлануы оның саяси қайраткер ретінде танылған, мойындалған беделін білдіреді. 2009 жылы Мәскеуден шыққан «Общественная мысль Русского зарубежья: Энциклопедия» деген кітапта Мұстафа Шоқай кеңестану ғылымының негізін салушылардың бірі деп жоғары бағаланған. Мұсекең дүниеден өткенде бұл да эмигрант, кеңестер құлатқан Украин халық республикасының сыртқы істер министрі болған саяси қайраткер, профессор ғалым А. Шульгин оны әлемдік деңгейлі қайраткерлер Джавахарлал Неру, Ататүрікпен теңестірген.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Мұстафа Шоқай шындығы – шынайы адами қасиеті, бекем күрескерлік болмысы, ауқымды шығармаларының мазмұны мен мәні осы, ол біз сөз етіп отырған «Мұстафа Шоқай: Саясаткер. Эмигрант. Ұлы тұлға» деген жинақта жан-жақты ашылған.

Ақайдар ЫСЫМҰЛЫ,
Қазақстан мәдениет қайраткері,
Қазақ журналистикасының қайраткері

АСТАНА ҚАЛАСЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here