Әдетте біз жақындарымыз, әріптестеріміз не жанымызда жүрген жандар жайлы шешіліп айта бермейміз. Тіпті, ұзақ жылдар бойы тығыз араласып келген жақын жандарымыздың ешкім қайталай алмастай өмірлік жолы, ерлікке пара-пар тосын тағдыры болғандығын да кездейсоқ біліп қалатын жағдай жиі ұшырасып жатады. Соншалықты бейқамдымызға, шексіз салғырттығымызға уақыт өте келе өкініп жататын кездеріміз де аз емес. «Темірді қызған кезде соқ» демей ме дана халқымыз, әрбір ерекше жан туралы айтылуы тиіс ретті сөзді дәл мезгілінде жеріне жеткізе айтқанға не жетсін!
Әсілі, Жер бетінде жақсылық, ізгілік әрқашанда зұлымдықтан басым. Олай болмаса, мына дүниенің тепе-теңдігі бұзылып, адамзат баласы әлдеқашан құрдымға кеткен болар еді. Ә.Кекілбай «Жақсы болудың жақсылық жасаудан басқа жолы жоқ» дейді… Рас сөз. Барлық замандарда жақсылықты жасаушылар сол дәуірдің қайталанбас қаһармандары, жалған дүниедегі ізгі тірлікті жалғастырушылар. Сондай жақсы адамдардың бүгінгі таңда да арамызда жүргенін біз көбіне-көп жадымыздан шығарып алып жатамыз. Қолда барда алтынның қадірі болушы ма еді!? Осындай жасампаз жандардың атын атап, түсін түстеу, жасаған еңбектерін мезгілінде айтып отыру олардың өзінен гөрі артындағы қалың елге, жақындарына, шәкірттері мен өсіп келе жатқан ұрпаққа керек. Өз мүддесінен гөрі ортақ мүддені биік тұтқан, ақылымен, талантымен, еңбегімен көптің қажетіне жараған жандарды ескеріп отыру, мезгілінде насихаттау – жақсылыққа, ізгілікке, сауапты іске қолдау көрсету, тілектестік білдіру болып шығады. Қоғам тарапынан болатын мұндай рухани сергектік жастарға «болмасаң да ұқсап бақ» дегенді еске салып, жасампаздыққа үндемей ме.
«Ернеуден ағып жатқан суды жұрт шатырдан ағып жатыр деп ойлайды. Ал шын мәнінде ол көктен жауып тұр ғой» дейді Шығыстың көне киелі жазбаларында. Жекелеген тұлғалар бойынан көрінетін өнер мен мінез, даналық пен тағылым сол жандарды туғызған, өсірген, тәрбиелеген, оқытқан ортаның, халықтың, ата-ананың қасиетін сездіріп, әлеуетін білдіретін бірден-бір көрсеткіш. «Ел болса ер туғызбай тұра алмайды, ер туып жоқ елді бар қыла алмайды» деген аталарымыз. Біз де биылғы жылы 70 жасқа толып, ғылымда үлкен олжа салған Көбейсін ағамызды мерейлі жасымен құттықтап, елдің есіне салуды жөн санап отырмыз. «Жақсы сөз – жарым ырыс», бір-бірімізге келгенде жайшылықта онсыз да жылы сөзге тым сараңбыз. Ендеше, ең болмаса осындай мерейтойды пайдаланып, жүрекжарды пікірімізді ортаға салып отырайық дегіміз келеді.
1956 жылы Қызылорда облысының Шиелі ауданында дүниеге келген көрнекті ғалым, педагог және денсаулық сақтау ісін ұйымдастырушы, медицина ғылымдарының докторы, профессор, С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ортопедия-стоматология кафедрасының меңгерушісі К.Д.Алтынбеков 70 жылдық мерейтойын атап өтуде.
Осындай биік белестерді бағындырып отырған Көбекеңнің дүниеге келуінің өзі де фольклордағы «ғажайып туу мотивіне» бергісіз бір тағылымды тарих. Ең алдымен, ол әйгілі Бұдабай Қабылұлы, Иманжүсіп Құтпанұлы, Мұстафа Шоқай, Әуелбек Қоңыратбаевтар сынды саңлақтар шыққан текті әулеттен тарайды. Әкесі Дүйсенбай 1930-жылдары Қызылорда педагогикалық техникумында атақты ақын Сырбай Мәуленовпен бірге оқиды. Екеуі Аманкелді Имановтың қарындасының үйінде бірге тұрыпты. Техникумда жүргенде-ақ неміс тілін жетік меңгереді.
Мұғалімдік қызметте жүрген жерінен Дүйсенбай Алтынбеков жиырмаға жетпей 1941 жылы әскерге аттанады. Самарқанда алты айлық курстан өткен соң, 1942 жылы қан майданның алдыңғы шебінен бір-ақ шығады. Сол жылдың сәуірінде Харьков түбіндегі қиян-кескі ұрыста қоршауда қалған тұтастай дивизия құрамында тұтқынға түседі. 1943 жылға дейін бір жыл бойы Польша, Германия, Франция, Югославия жерлерінде қара жұмыста болады. Югославияда өздерін бақылауда ұстаған бір взвод неміс-фашистерінің көзін жойып, югослав партизандарына қосылыпты. Ал 1944 жылы қайтадан Қызыл Армия қатарына өтіп, жеңісті Венгрия жерінде қарсы алады. 1945 жылдың желтоқсанында жеңіспен елге оралған Дүйсенбай Алтынбеков 1946 жылы Мереке атты жарына үйленеді. Дүйсекеңнің қилы тағдыр-талайы мұнымен бітпейді.
1949 жылға дейін Сырдың түстігіндегі Таштоп деген елдімекенде мұғалімдік қызметте жүрген жерінен оны тұтқынға алады. Сондағысы, бір жыл немістердің тұтқынында болып, «Отанды сатқандығы» еді. 58-баптың 10-тармағына сәйкес алдымен өлім жазасына кесіліп, артынан 25 жылға ауыстырылған сотталушы Сібірдегі Байкал-Амур теміржолының алғашқы шақырымдары үшін орманды жарып жол салу және Лена өзені бойындағы жаңа порттардың құрылыстарына жегіледі. Одан этаппен айдалып отырып Архангельскіден бір-ақ шығады. 1953 жылы И.Сталин қазасынан кейін ғана «вольное поселение» аталатын «еркіндікке» қол жеткізеді, әйтсе де, «поселенецке» елге қайтуға рұқсат етілмейтін. 1954 жылы теміржолда жұмыс істейтін Сейдахмет атты жездесінің көмегімен әйелі Мереке мен 6 жасар қызы Құралай 4 мың шақырымға жуық жол жүріп, Дүйсекеңді іздеп келеді. Бұл бір кездері күйеулерін іздеп Сібір асатын декабрист жарларының ерлігіндей қазақ қоғамында бұрын болмаған тым тосын да батыл қадам еді. Қиыр Солтүстіктің Архангельск аймағындағы Тайшет атты елдімекенде Дүйсекең осылайша отбасымен табысып, сонда бір жарым жыл тұрады. Жоғарыға өзінің кінәсіз екені туралы үздіксіз арыздана жүріп, ақырында 1955 жылдың күзінде толық ақталып, елге оралады. Арада жарты жылдай уақыт өткенде Көбейсін Дүйсенбайұлы дүниеге келеді. Көбекеңнің әзіл-шыны араластырып: «Менің туған жерім – Архангельск!» деуінің сыры осында. Көне гимнде «тағдырдың тезінен, тозақтың өзінен аман сау қалыппыз» деген жолдар болушы еді, осындай қиямет-қайымда өмірге келген перзентіне ата-анасы «Көбейсін» дегеннен басқа қандай ат қоюы мүмкін!?
Сөйткен Көбейсін Дүйсенбайұлы 1973 жылы №150 «Ортақшыл» қазақ орта мектебін жақсы бітіріп, Алматы мемлекеттік медицина институтына түседі. 1979 жылы ол кездері өте сирек «Стоматология» мамандығы бойынша тәмамдап, еңбек жолын Жезқазған облыстық стоматология емханасында бастайды. Содан бергі оның өмірі жанкешті еңбек пен үздіксіз ізденістен тұрады.
Жарты ғасырдан асатын еңбек өтілінің қырық жеті жылы денсаулық сақтау саласына арналып келеді. Осы жылдар ішінде ол жас маманнан ғылыми-педагогикалық қауымдастықтың белгілі көшбасшысына айналды, еліміздегі ортопедиялық стоматологияның дамуына зор үлес қосып келеді. К.Д.Алтынбеков 200-ден астам ғылыми еңбектің авторы. Олардың қатарында монография, мемлекеттік тілдегі оқулықтар мен оқу құралдары, электрондық білім беру ресурстары және әдістемелік ұсынымдар бар. Оның ғылыми жарияланымдары отандық және халықаралық (АҚШ, Швеция, Норвегия, Германия, Түркия, Үндістан, Ресей, Татарстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан) жоғары импакт-факторлы басылымдарда жарық көрген.
Көбейсін Дүйсенбайұлы еліміздегі стоматология бойынша білім беру стандарттары мен бағдарламаларын жасауға ауқымды үлес қосқан айтулы маман. Пәндік комиссияның төрағасы ретінде ол мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары мен үлгілік оқу бағдарламаларын әзірлеуге тікелей қатысып, елдегі медициналық кадрларды даярлауға көп еңбек сіңірді.
Бүгінгі таңда ғылым мен өндірістің өзара байланысы аса маңызды. Ол туралы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев ғылыми қауымдастықпен кездесуінде: «Барлық ғылыми әзірлеме қолданбалы мәнге ие болуға тиіс. Экономиканың нақты секторларына белсенді енгізілуі керек», – деген еді. Осы орайда, Көбейсін Дүйсенбайұлының ҚР Әділет министрлігінде тіркелген 35-тен астам өнертабысқа берілген патенттері оның зерттеулерінің жоғары инновациялық бағыты мен деңгейін айқын көрсетеді.
Заманауи диагностика және ортопедиялық емдеу әдістерін, цифрлық технологияларды және отандық стоматологиялық материалдарды әзірлеуге және енгізуге бағытталған гранттық бағдарламалар бойынша ол Қазақстанның табиғи шикізатынан алынған «Медициналық гипс» және кобальт-хром негізінде «Stomet-1kz», «Stomet-2kz» қорытпаларын клиникалық тексеруден өткізіп, олардың алғашқы өндірістік партиясын жарыққа шығарды. Осы еңбектерінің нәтижелері бойынша АҚШ, Швеция, Норвегия, Германия, Түркия, Үндістан, Ресей, Татарстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан елдерінде өткен халықаралық конференцияларда ғылыми баяндамалар жасады.
Ол стоматология факультетінің деканы, Ғылыми стоматологиялық протездеу орталығының директоры, «Стоматология» РҒКО-ның орынбасары, «Президент іс басқармасы» орталығының стоматологиялық бөлімшесінің меңгерушісі, университет ғылыми кеңесінің мүшесі, сондай-ақ «Өмір және денсаулық туралы ғылым» бағыты бойынша Ұлттық ғылыми Кеңестің мүшесі қызметтерін абыроймен атқарды.
Диссертациялық кеңестердің жұмысына, сондай-ақ клиникалық медицина саласындағы сараптамалық қызметке әрдайым белсенді қатысқан Көбейсін Дүйсенбайұлының жетекшілігімен көптеген шәкірттері кандидаттық, PhD докторлық және магистрлік диссертацияларын сәтті қорғап шықты. Қазақ ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі.
К.Алтынбеков өміріндегі тағы бір маңызды кезең – Түркияда Стамбул университетінің докторантурасында жүріп, ортопедиялық стоматологияны толық меңгеруі және жаңа заманауи әдістемелерді Қазақстанға әкелуі еді. Қазақстанға келгеннен кейін ол Алматыда «Жаңа технологияларды әзірлеу және қолдану негізінде стоматологиялық протездеу әдістерін жетілдіру жолдары» тақырыбы бойынша докторлық диссертациясын өте жоғары деңгейде қорғап шықты.
Көбейсін Дүйсенбайұлымен көп жыл қатар еңбек етіп келе жатқан жандардың бірі – медицина ғылымының кандидаты, профессор Бахыт Жақенқызы Нысанова әріптесі туралы жүрекжарды пікірін былайша сабақтайды: «Көбейсін Дүйсенбайұлымен бізді көпжылдық бірлескен жұмыс, ғылыми ізденістер және, әрине, адами қарым-қатынас байланыстырады. Ол жоғары кәсібилік, принципшілдік және шынайы мейірімділік үйлесім тапқан сирек тұлғалардың бірі. Мына бір оқиға есімде қалыпты. Ғылыми жобалардың бірін белсенді түрде жүзеге асырып жатқан кезең еді: уақыт тығыз, нәтижелер мұқият тексеруді талап етті. Көбі мұндай жағдайда формальді тәсілмен шектелер еді, бірақ Көбейсін Дүйсенбайұлы нәтижелерді өзі қайта-қайта қарап, жас қызметкерлермен әрбір детальді талқылап, сабырмен түсіндіріп, бағыт-бағдар беріп отырды. Сол кезде оның тәжірибесі мен лауазымына қарамастан, команданың әрбір мүшесін қаншалықты дұрыс бағалайтынын байқадым. Ол үшін тек нәтиже алу ғана емес, маман тәрбиелеу, ойлауға, талдауға, күрделі міндеттерден қорықпауға үйрету маңызды еді.
Көбейсін Дүйсенбайұлының тағы бір ерекшелігі – жаңа идеяларға ашықтығы. Мол тәжірибесіне қарамастан, ол заманауи технологияларды қызығушылықпен қабылдап, цифрлық шешімдер мен инновациялық материалдарды енгізуді белсенді қолдайды. Бұл қасиет ғылым қарқынды дамып жатқан қазіргі кезеңде ерекше маңызды. Оның жанында жұмыс істеу – үздіксіз үйрену деген сөз. Тек кәсіби дағдыларды ғана емес, жауапкершілікті және адамдарға деген құрметті меңгересің. Көбейсін Дүйсенбайұлының отандық стоматология мен медициналық білім беруді дамытуға қосқан үлесі әлі де көптеген жылдар бойы жас мамандар үшін бағдар болатынына сенімдімін. Оған шын жүректен зор денсаулық, жолында жаңа жетістіктер тілеймін». Бұл шынайы да әділ пікір…
Бір кездері тағдырдың талқысы мен санқилы сынағынан аман қалып, ертеңіне мол үмітпен қараған Дүйсенбай атамыз бен Мереке апаларымыз ұрпағының өркен жаюын қалап перзенттеріне «Көбейсін» деген есім-сой берсе, бүгінгі күні біз де ғылымның биік шыңын бағындырған, төрткүл дүниенің ғалымдарына өзін мойындатқан ағамыздың ізбасар шәкірттерінің, төл перзенттерінің көбейе беруін, көбейе беруін тілейміз! «Қуанышты бөліссең – көбейеді» деген аталарымыз… Қуанышыңыз мол, мерейлі белесіңіз құтты болсын!
Мамай АХЕТОВ,
филология ғылымдарының кандидаты, PhD












