Ахмет музейінде «Тәуелсіздік аңсаған Алаш арыстарының мұрасы» атты дөңгелек үстел өтті

0
900

2025 жылдың 23 қазанында Алматы қаласында Республика күніне орай Алаш қайраткерлерін ұлықтауға арналған «Тәуелсіздік аңсаған Алаш арыстарының мұрасы» атты дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелдің мақсаты – Алаш арыстарының мұрасын насихаттау және Алаш көсемдерінің бірі, ғалым, ақын, аудармашы, ұлт руханиятының шамшырағы болған Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен еңбегін дәріптеу, жас ұрпақ санасында ғалым мұрасын жаңғырту болды. Арыстар мұрасын саналы ғұмырында зерттеп-зерделеген, алаштану ғылымына айрықша үлес қосқан ғалым Ғарифолла Әнесті еске алуды мақсат еткен басқосу жоғары деңгейде өтті.

Басқосудың сөз тізгінін алаштанушы Әділет Ахметұлы ұстады. А.Байтұрсынұлы музей-үйінің жетекшісі, ахметтанушы ғалым Р. Имаханбет қонақтарға ыстық ықыласын білдіріп, шараның жемісті болуына тілектестік білдірді.  

 Белгілі алаштанушы, түркітанушы ғалым Аманқос Мектептегі «Арыстар және Ғ. Әнес» атты естелікке толы баяндама жасады. Баяндамада Алаш арыстары ақталғаннан кейін алаштану ғылымының қалыптасу тарихын, алғашқы болып Ресей мұрағаттарынан «Қазақ» газетінің елге жеткізілуі мен ғалым тұрған үйдің мұражайға айналу барысындағы Ғ. Әнес және өзге де қайраткер ғалымдардың жанкешті еңбектерін еске алып өтті.  

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Филология факультетінің 2-курс магистранттары Алаш арыстарының шығармаларынан үзінді оқып, бейнежазба арқылы көрсетті.

Ахметтанушы, филология ғылымдарының кандидаты Айсұлу Төреқұлқызы Ойсылбай «Ахметтің «Әдебиет танытқышы»» атты ғылыми баяндама жасады. Ғалым өзінің Шолпан Ахметқызымен кездесуден бастап, аталған ғылым саласына қалай келгені, кейін «Әдебиет танытқыш» тақырып болған кесек еңбегінің жарыққа шығу барысын баяндап берді.   

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Филология факультетінің 2-курс магистранты Гүлна Асқарова «Махамбет» атты рухты термені орындап, көпшіліктің ықыласына бөленсе, жас алаштанушы, Алматы қаласы №215 мектептің ұстазы Жанболат Абайхан Ахмет мұрасын жас ұрпаққа жеткізу әдістемесі жөнінде өзіндік пікірін білдірді.   

Алаштанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы Ғ. Әнестің жарқын бейнесі  туралы бейнежазбаны А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты қызметкері дайындап, саналы ғұмырының санаулы сәті қалғанға дейін алаштануға аса ауқымды үлес қосқан тұлға еске алынды.  

Шара аясында Ғ. Әнестің «Алаш тарихы – шерлі шежіре», «Ахметтану» қатарлы бес кітабының тұсауы кесіліп, таныстырылымы өтті. Кітаптар ғалым қайтыс болғаннан кейін бір жыл ішінде ұрпақтарының құлшынысымен баспадан шыққан.

Филология ғылымдарының докторы, профессор, ғалым Ғ. Әнестің жұбайы Бағдан Қатайқызы Момынова шара ұйымдастырушыларға ағынан жарыла алғысын білдіре отырып, Ғарифолла Қаболқайырұлының арыстар мұрасы мен өзге де тақырыптарда шығарған еңбектерінің ғылыми мәні, қайраткер ғалымның өмірлік және ғылым жолындағы азаматтық ұстанымы туралы, тыңнан дара жол салған өзгеше еңбектері туралы тоқталып өтті. Көңіл толқытқан, қатысушыларға салмақты ой салған басқосудың соңы еркін пікір алмасуға ұласты. Құрметті қонақтарға музей-үй атынан сый-сияпаттар көрсетілді.   

Жансая Сман,
«Алматы қаласы музейлер бірлестігі»
КМКҚ А. Байтұрсынұлы музей-үйінің
қор сақтаушысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here