Бүгінгі кейіпкерлеріміз өнердің ерекше саласын таңдаған қос шебер – Жазира Жұмашева мен Әсел Әбілхан. Алматыдағы өнерсүйер қауым шеберлердің «Дала бейнелері» атты шығармашылық көрмесіне куә болды. Шеберлердің қарым-қабілеті, талантынан бөлек, ойлау жүйесі де ешкімге ұқсамайды екен. Себебі, олар көңіл көкжиегіндегі, қиял әлеміндегі бейнелерді өмірге әкеледі, туындыға айналдырады.
Жазира Бақтыбайқызы педагог-зерттеуші, ҚР Суретшілер одағының мүшесі болса, Әсел Жанасқызы педагог-модератор, ҚР Қолөнершілер одағының мүшесі. Бір қызығы, он саусағынан өнер тамған, талғам мен эстетикаға құштар қос тұлға Алматы қаласындағы «Орал Таңсықбаев атындағы сәндік-қолданбалы өнер колледжінің» арнайы пән оқытушылары екен. Яғни, шеберлердің өзінен озар шәкірттері бар әрі жыл сайын тәрбиеленіп жатыр деген сөз. Шәкірттермен тікелей тәжірибе алмасумен қатар кейіпкерлеріміз өз шығармашылықтарын да естен шығармай, кескіндеме және көркем-қолданбалы өнер – текемет үндескен шығармашылық көрме ұйымдастырып жүргені ерлікпен бірдей.

«ЕЛІМІЗДІҢ ӘР ТҮКПІРІНДЕ ӨТЕТІН КӨШПЕЛІ КӨРМЕ ӘЗІРЛЕНУДЕ»
Қос қолөнершінің «Дала бейнелер» атты көрмесіне қойылған туындыларын – ұлттық болмыс пен заманауи эстетиканың бір кеңістікте тоғысуы деп таныдық. Сонымен қатар, қайталанбас туындыларға қарап қазақ даласының рухын, тынысын, әр туындының тарихпен егіз екенін және автордың жан-дүниесін бейнелейтін көркем шығармалар екенін көруге болады.
Кейіпкерлеріміз әр туындысында дәстүрлi өнердiң, соның iшiнде қол өнерi – текеметтің өзiндiк заңдылықтарына сүйене отырып, тұтастылық пен бiрлiк, масштабтылық пен гармонияны көрсетеді. Сонымен бірге, әсемдiк пен уақыт талаптарын функциялық қолданыстарына сай үйлесiмдi шешiм тапқан бірегей шығармашылық өнер туындыларына куә боласыз.
Жазира Бақтыбайқызы мен Әсел Жанасқызының тұстастай шығармашылығы, бірлескен туындылары – қазақи болмыстағы, ұлттық мазмұнға толы кескіндеме және текеметтен құралған. Нақтырақ айтсақ, «Дала бейнелері» көрмесіне қос шебердің 30-дан астам көркем туындылары қойылған. Бұл туындылардан бөлек, жарық көрмеген бірнеше жұмыстары да дайын тұр екен. Шеберлердің айтуынша, ол туындыларды алдағы айларға жоспарланып отырған еліміздің әр түкпірінде қойылатын көшпелі көрмеге әзірлеуде.
Байқауымызша, әрбір туындысында авторлар қазақ болмысының образдық ерекшеліктерін көрсетуге тырысады. Қазақ қолөнерінде киіз басу өнері халықтық шығармашылықпен, дүниетанымдық көзқараспен бiрлiкте қарастырылатындықтан оны қазақтың ұлттық бейнесi деп айтуымызға болады. Форма, түс, бояу үйлесімділігі, тұрақты мазмұндық мәнге ие және форма белгiлi бiр рәмiздiк мағынамен байланысты.


«МАҚСАТ – БІРСАРЫНДЫ СТИЛЬДІ БҰЗУ»
Жазира мен Әсел шығармашылығы – таптаурын, бір сарынды стильден гөрі, көрерменді бей-жай қалдырмайтын туындыларымен ерекшеленеді. Шеберлер көрменің көркемдік атмосферасын арттыру мақсатында Құдырет Серікханұлының орындауында «Төремұрат» күйімен (Құрманғазы Сағырбайұлының күйі) үйлестіріпті.
Талантты, ойлы қос шебер «Орал Таңсықбаев атындағы сәндік-қолданбалы өнер колледжінің» директоры өнертанушы, магистр, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері – Жұмахметова Зура Жұмахметқызына ерекше алғысын айтады. Себебі, шеберлерге шәкірт тәрбиелеумен қатар авторлық жұмыстарын жарыққа шығаруға, шығармашылық адамына қажет қолайлы жағдай жасауға ұмтылған басшы әрдайым құрметке лайық. Өзгелер үйренер игі қасиет деп ойлаймыз. Шеберлер Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Көркемөнер академиясының толық мүшесі Сәуле Сыздыққызынан үйренерлері көп екенін айтады. Көптеген танымал гобелендік полотнолардың авторы болғандықтан Сәуле Бапанова өнертанушыларға етене таныс.
Жалпы, қолөнер туындылары – адамның көркемдік әлемінің бояуын қанық ететін ұлы дүние. Сондықтан, қос шеберіміздің алдағы уақытта жоспарланып отырған көшпелі көрмесі өнердің алтын шыңжырын жалғастыру мақсатында жас жеткіншектер осындай туындыларды көзбен көріп, қолмен ұстауы керек деген оймен ұйымдастырылады.
Кейіпкерлеріміздің туындылары – тек білікті ұстаздардың ғана емес, нағыз өнер адамының, өнер зерттеушілерінің сан түрлі техникадағы еңбектері, ерекше әсерге бөлейтін қайталанбас қолтаңбалы бейнелер. Бұл өнер туындыларының терең мазмұны біздің ұлттық бірегейлігіміз жарқын көрінісі деп білеміз.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Қос шебердің басты мақсаты – тарих пен танымға деген сүйіспеншіліктерін көркем шығармалар арқылы паш ету, болашақ ұрпаққа өміршең өткен шақты, рухани байлықты көрсету. Өнердің ерекше бағытын таңдаған қос ару, өнерге тұнған жүрек иелері – Жазира Жұмашева мен Әсел Әбілханға сәттілік тілейміз.
Әлия ІҢКӘРБЕК












