Спорт пен бірлік тоғысқан Бөлексаз

0
221

Қысқы табиғаттың саф ауасы мен ақ ұлпа қарға көмкерілген Бөлексаз баурайы биыл ерекше ажарға бөленді. Себебі бұл жерде тек спорттық жарыстар емес, салауатты өмір салтын дәріптеген рухани серпіліс өтті. Салауатты өмір салты – ұлт саулығының темірқазығы. Табиғатпен үндескен спорт қана адамға сергектік пен жігер сыйлап, рухты шыңдайды. Осы асыл мұратты ту еткен «Денсаулық» фестивалі биыл да Кеген төрінде жалғасын тауып, Бөлексаз ауылының көркем табиғатында спорт пен бірліктің, сергек өмірдің мерекесіне айналды.

Облыстық полиция департаменті мен Кеген ауданы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған дәстүрлі шараға 500-ден астам өңір тұрғыны, мемлекеттік қызметкерлер, жастар мен спорт сүйер қауым қатысты. Ақ ұлпа қарға оранған Бөлексаздың кең жазығы спорт пен бірліктің, сергектік пен салауаттың символына айналды.

Фестивальдің салтанатты ашылуында Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев, облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бөлім бастығы, полиция майоры Әлішер Ахметжанов, аудандық мәслихат төрағасы Алмасбек Нұғыман, «Өлке тынысы» ЖШС директоры, ақын Кәдірбек Құныпияұлы, облыстық «Алатау арайы» газетінің бас редакторы Қуаныш Тұнғатар, аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Көпжасар Нұрлыбай қатысушыларды салауатты өмір салтын ұстануға шақырып, жүрекжарды лебіздерін білдірді.

– Бүгінгі шараның түпкі мұраты – спортты кеңінен насихаттап, ұжымдық бірлікті бекемдеу, мемлекеттік қызметкердің оң бейнесін қалыптастыру. Ең бастысы – жас ұрпақты зиянды әдеттерден арашалап, салауатты өмір салтына үндеу. Жастарға айтарым: спортты өмірлік серігіңізге айналдырыңыздар, денсаулықты ең қымбат қазына деп біліңіздер. Есірткі мен жат әдеттерге жол жоқ. Салауатты өмір салты – жарқын болашаққа бастайтын даңғыл жол, – деді аудан әкімі Нұрбақыт Молдахметұлы.

Фестивальдің жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан спорт әдіскерлері Ғани Байжұмаұлы, Самат Әлімғожаев, Мұрат Тобажанды, сондай-ақ «Денсаулық фестивалі – 2026» аясындағы маңызды іс-шараларды кеңінен насихаттап, қоғамға жедел әрі шынайы ақпарат жеткізудегі белсенді еңбегі үшін «Өлке тынысы» ЖШС ұжымы Алғыс хаттармен марапатталды.

Фестиваль аясында сөз алған осы ауылдың тумасы, ақын Кәдірбек Құныпияұлы жастардың спортқа бет бұруын қуанышпен қабылдайтынын жеткізді.

– Жастарымыз зиянды әдеттерге әуестенгенше, қысқы және жазғы спорт түрлерімен шұғылданғаны – үлкен олжа.  Біздің кезімізде ағаларымыз Бөлексаздан шаңғымен шығып, Жаманбұлақ арқылы Дәмер сайын кесіп өтіп, Тасбұлаққа дейін баратын. Сол жақсы дәстүрдің қайта жаңғырып келе жатқаны көңіл қуантады. «Денсаулық» фестивалі жыл сайын өз жалғасын таба берсін, – деді ол.

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шыңғыс Тұрсынов қатысушыларға ақ батасын берсе, бас төреші Гайдар Мұқанқожаев жарыс ережесімен таныстырды.

Фестивальдің негізгі бәсекесі – шаңғы жарысы. Бұл сайысқа қатысқан әуесқой спортшылар Бөлексаз ауылының сайлы алқабында сынға түсті. Жарыс ерлер мен әйелдер арасында жас ерекшеліктеріне қарай іріктеліп, қатысушылар 1 және 3 шақырым қашықтықты бағындырды. Сонымен қатар шанамен сүйреу, арқан тарту, бұқа тарту, қол күрес, бөрене көтеру секілді ұлттық және күш сынасу спорт түрлерінен де тартысты жарыстар ұйымдастырылды. Жарыс қорытындысы бойынша І орынды Кеген ауылдық округінің командасы, ІІ орынды Бөлексаз ауылдық округінің командасы, ал ІІІ орынды Кеген аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің қызметкерлері иеленді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дипломдар, медальдар және бағалы сыйлықтар табысталды. Салауатты өмір салтын насихаттауды мақсат еткен бұл фестиваль – спорт арқылы ұлт саулығын нығайтуға бағытталған тағылымды бастама. Бөлексаз баурайында өткен бұл мереке көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлап қана қоймай, денсаулықтың шын мәніндегі ең үлкен байлық.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Бөлексаз баурайында өткен «Денсаулық фестивалі» – жарыс қана емес, ұрпаққа үлгі, қоғамға серпін берген тағылымды шара болды. Ақ ұлпа қардың үстінде өткен тартысты бәсекелер адамдарды бір мақсатқа ұйыстырып, денсаулықтың ең үлкен байлық екенін тағы бір мәрте айқындады. Осындай игі бастамалар арқылы салауатты өмір салты күнделікті дағдыға айналып, қоғамның денсаулыығы жақсара бермек.

Индира БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here