Даңқты желаяқ Әмин Тұяқовтың ғұмырына үңілсек, біріне-бірі байланысты бірнеше желіні көреміз. Бұл желілер бір-бірімен сабақтаспаса, кенет бірікпесе, қазақ спортының жеңіл атлетика жылнамасында жаңа жетістік мен жаңа тарих болмас па еді? Әмин ағаның өмірбаяны жан-жақты жазылды, айтылды, сараланды. Біз бүгін жаңаша ойланып, басқа қырынан келіп, нәзік желілердің арқауын қарастырып көрелік. Оның үстіне, 12 ақпанда қазақ жеңіл атлетикасының аңызы, КСРО-ның бірнеше дүркін чемпионы әрі рекордшысы, бір дәуірдің символына айналған спринтер Әмин Елемесұлы 89 жасқа толды.

Бірінші желі: тұяқ
Соғыс басталған жылы кішкентай Әмин төрт жаста еді. Әкесі мен кіші әкесі майданға аттанды. Әулетте жалғыз ер адам – Әмин болды. Әжесі барын беріп, тарықтырмай өсіруге, ең бастысы, әулеттің жалғыз ер кіндіктісін сақтауға жанын салды. Аталар жолы жалғасу үшін де. Тұяқтың әулеті болашаққа жету үшін де. Міне, сондықтан да Тұяқтың кішкентай тұяғының орны ерекше еді.
Әмин аға өскен ауыл Шайыр деп аталады. Шағын ғана қоныс. Орта мектебі жоқ еді. Шайырды айтамыз-ау, ол кезде бүкіл аудандағы жалғыз орта мектеп аудан орталығында ғана. Бастауыш сыныпты бітірген соң, Әмин тұрғыластарымен бірге орта мектепке ауылдан барып-келіп оқыды. Екі ара біраз жер. Кейде таң қараңғысынан кетіп, кеш бата қайтуға тура келеді. Сабаққа кешігетін кездер де жоқ емес. Сондайда – жүгіреді. Сыныптастармен бәстесіп, екі араны қанша уақытта артта қалдыратынын есептейді.
Әмин ағаны сұқбатқа шақырғанымызда: «Менде арнайы дайындық қайдан болсын? Ол кезде тойып тамақ ішу бір арман болды ғой… Заман қиын еді», – деген-ді. Шынында да, бала жасынан жүгіруді серік етпесе, мәжбүрліктен жүгірмесе, бала Әмин кейін аса мәртебелі қашықтықта КСРО, Еуропа рекордшысы атанар ма еді?
Және бір арқау мынадай. Әке соғыстан ауырып келді. Кіші әке қанатының астына алды. Бала Әмин қиялымен шартараптарға кететін. Алматыда оқығысы келетін. Бірақ отбасы жағдайы ауыр, әкесін тастап қайда кетсін? Осы кезде кіші әкесі қайтыс болды. Ол кісі мұғалім еді. Әминге көп үміт артатын. Өздері жетпеген биікке осы перзенттер жетеді деп сенетін. Сондықтан, әжесінің құшағынан босап шыққан жас түлек Гурьевке аттанды. Сондағы педагогикалық институттың студенті атанды. Үйден келетін көмек те жоққа тән. Алматы қол бұлғап, алыста, қиял жетпейтін кеңістікте қала бергендей еді…
Екінші желі: бапкерлер
Соғыстан кейін көзін ашқан буын үшін педагогикалық институт та жаман емес еді. Оны бітірген жас маманды қай ауыл, қай түкпір болса да қуана қарсы алатын. Әмин Елемесұлы да осы жолмен жүрер еді. Мықты ұстаз болар еді. Бірақ, өмірдің сәті дегенді қойсаңызшы! Гурьев педагогикалық иститутына Алматыдан медицина институтын бітіріп, Анжелика Куликова деген маман келді. Ол институт қабырғасында қоғамдық негізде жеңіл атлетика тобын ашты. Оншақты жігіт жүгіру спортымен айналыса бастады. Әмин де осы қатарда еді.
Сонда алыстағы Атырауға Куликова бармаса, онда ол жеңіл атлетика секциясын тегін ашпаса, Әмин ағаның есімі алты алашқа, қала берді, әлемге мүлде естілмес еді ғой. Міне, өмір желісінің бірі осы.
Әмин Елемесұлы табиғатынан желаяқ екенін бірден аңғартты. Ол қатарластарының бәрінен озып, бірден үшінші разряд нормативін орындады. 1954 жылы 100 метрге жүгіру сынында 12,3 секунд нәтижемен Гурьев қаласының чемпионы атанды. Ол ол ма, бір жылдан кейін Қазақстан Республикасының спартакиададасына Гурьев облысы атынан қатысып, келесі разрядтың нормасын орындады. Осы кезде ол республика құрамасы басшыларының көзіне түсті.
Өз естелігіне жүгінсек.
«Ол кезде арық едім, киімім де жүдеу еді. Алтыншы орын алдым. Мүмкін, бағым жанған шығар, спорт комитетінің өкілі Әбен Артықов деген кісі мені «келешегі бар қазақ баласы» деп құрамаға алды. Сол жылдары Қазақстан құрамасында Губин, Шейдин, Лосев, Попруга сияқты қысқа қашықтыққа жүгіретін спортшылар болы. Олар мені келемеж қылды. «Национальный кадр» дейді, бәлен-түген дейді. Ол кезде менің орысшам да шамалы. Тілім жеткенше «көрсетермін сендерге, бәріңді ұтамын» дедім. Ұттым. Бәрі өз арамызда болған әңгімелер ғой. Кейн олардың барлығымен ара қатынасымыз түзу болды. 100, 200, 400 метр қашықтықтарда олардың бәрін артқа тастадым. Олар да түсіне бастады» («Жас Алаш» газеті, 20.04.2004 ж).
Иә. Тағы бір өмір желісін жіберіп алмайық. Әбен Артықов Әминнің бойынан ұшқын байқап, ұлттық құрамаға қоспаса, оның спорттағы жұлдызды жолы болар ма еді? Міне, талантты тани білу деген осы. Бұл күндері Ә.Елемесұлы Әбен ағаны құрметпен еске алады.
1959 жылы Әмин Қазақстан спартакиадасында қысқа қашықтықтардың бәрін жеңіп алды. Келесі жылы институтты тәмәмдап, күзде Одессада өткен «Буревестник» ұйымы орталық кеңесінің бүкілодақтық жарысына барды. Сол жерде 100 және 200 метрге жүгіруден спорт шебері нормасын орындады, 100 метрде (10,4 сек.) жеңімпаз атанды. Армияшылардың бапкерлері осы жерден қазақ желаяғын байқап, әскерге алдырды.
Бұл да бір желі. Институтты бітірген соң спорттан қол үзбей, бүкілодақтық жарысқа баруында да жақсы арқау жатыр. Сол жылдары ЦСКА сияқты күшті ұйым қатарына алынбаса, Әмин ағаның спорттағы сапары тәмәм болуы да мүмкін еді. 1961 жылы қаңтар айында өткен ЦСКА біріншілігінде әскер Әмин 60 метрде топ жарды. Бұл жарысты КСРО құрамасының бас бапкері Гавриил Коробков та тамашалаған еді. Әминге келіп: «Мен сені құрамаға аламын. Келісу жағын өзім шешемін, билетті де өзім табамын, сен команданың Мукачевода өтіп жатқан оқу-жаттығу жиынына кел», – деп шақырды. Содан бастап, яғни 1961 жылдан 1968 жылға дейін түбектің түлегі Әмин Тұяқов КСРО құрамасы сапында өнер көрсетті. Алғаш құрамада Борис Токаревтің қол астында жаттықты. КСРО-ның алты дүркін чемпионы атанды, түрлі халықаралық жарыстарда топ жарды. Құраманың Э.Озолин, Н.Политико сияқты мықтылары алғаш Тұяқовқа тосырқай қараған. Бірақ, таланттын тез мойындады. Бойы шағын ғана жігіт (171 см) аз уақытта жел жетпес жүйрік екенін дәлелдеді.
«Сол құрамада екі қазақтың – Ғұсман Қосановтың және Әмин Тұяқовтың болғанын өзімнің бақытым деп санаймын. 1956 жылдан бастап жыл сайын «Алыптар кездесуі» деген атаумен КСРО-АҚШ жолдастық кездесулері өтіп тұратын. Бір рет – сол елде, бір рет – біздің елде. 1965 жылы біз сол эстафетаны жаңа рекордпен (39,3 сек.) ұттық. Мен 200 метрге жүгіруден екінші орын алдым. 20,6 секундта жүгіріп өттім. АҚШ сапында атақты екі жүйрік бар еді, Р.Пламмерді ғана алға жібердім. КСРО-ның 1956 жылдан мұрты бұзылмай келе жатқан рекордын жаңарттым. Бізге «КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері» деген атақ берді» («Жас Алаш», 12.04.2004 ж). Ал, бұл кезде еңбек сіңірген спортшы атағын алу үшін олимпиада жеңімпазы болуың керек еді.
Үшінші желі: олимпиада
Әмин Елемесұлы олимпиадаға неге бармай қалды? Жоқ, баруын барды ол кісі. Бірақ, соңғы сәттерде бапкерлердің қитұрқы ойы кедергі жасады. Негізі, 4х100 м эстафетада Э.Озолин, Н.Политико, Ғ.Қосанов және Ә.Тұяқов жүгіруге тиіс еді. Алайда, аға бапкер Бартенев соңғы сәтте Әминнің орнына Борис Савчукті қосып жіберді. Коробков құрама мүшелері алдында эстафетаға Тұяқов емес, Савчук қатысатынын жариялады. Әмин аға осы сәттерді жиі еске алатын секілді. «Тіпті кейде таңға ұйықтамай шығамын» дейді күрсініп. «Мінез жетпеді ме, әлде басқа жағдайлар әсер етті ме, құрама бапкерлері алдында өзімді қорғай алмаған сияқтымын» дейді. Иә, Бартенев пен Тұяқовтың ара қатынасы аса керемет емес еді. Оның үстіне Савчук сол Бартеневтің немере інісі болып шықты. Ал, спорттық талап бойынша, эстафетаға қатысу жолы Тұяқовтікі еді. Бір жыл бұрын, 1964 жылы Киевте өткен КСРО біріншілігінде 100 метрге жүгіруде Әмин Елемесұлы қола жүлде жеңіп алды, Савчук жеңімпаздар қатарын маңайлай да алған жоқ.
Осылайша, олимпиадаға барып тұрып, қатыспай қайтты қазақ желаяғы. КСРО құрамасы эстафетада бесінші орында қалды. «Әмин сапта болғанда, біз сөзсіз жеңер едік» деген сөз жиі айтылады осы күні сол кездегі қаһармандар аузынан. Кім біледі?..
Бұл енді – бір ауыр желі. Осы уақытқа дейін спорттан өз несібесін өз дарынымен тауып келе жатқан жігітті таныстық, көлденең кедергі олимпиада дуынан айырды. 1967 жылы ел біріншілігінде спринтте тағы үздік шыққанда, сол баяғы Бартенев Әминді жиынға шақырған жоқ. Сөйтіп, аса талантты қазақ желаяғы спорттан қол үзді.
Төртінші желі: жақсы адамдар
Әмин аға ғұмыр жолында үнемі жақсы адамдар жолығып отырғанына шүкірлік етеді. ЦСКА сапында әскери борышын өтеген соң Мәскеуде қала беруіне болар еді. Бірақ, Тұяқовтың бір ауыз сөзін сол кездегі еліміздің спорт саласының басшысы Қаркен Ахметов жерге тастаған жоқ. Алматыға алдырып, үй берді. Өмір жолы дұрыс қалыптасуына әсер етті. Біраз уақыт жұмыссыз жүргенде, Қажымұқан атындағы спорт мектеп-интернатына бапкерлікке алдырған да – Қаркен аға.
Тобықтай түйін
Тәуелсіздіктің елең-алаңында Әмин Тұяқов жеңіл атлетикадан Қазақстан құрамасының бас бапкері болды. Талай дарынға өріс ашты. «Бір мықты жеңіл атлетті тәрбиелеп шығару үшін 10-11 жыл керек. Қазір заман басқа, жаттығу жүйесі де басқа. Ғұсман екеумізден кейін қазақ жастарының жеңіл атлетикадан атойлап шықпауы әлі түн ұйқымнан айырады» дейді ардагер спортшы.
Есей Жеңісұлы












