Көк байрақ желбіреген сайын қазақтың жүрегінде азаттыққа деген мақтаныш сезімі оянады. Өйткені, мемлекеттік рәміздер – Тәуелсіз елдің белгісі ғана емес, ғасырлар бойы еркіндік үшін күрескен бабалардың арманы мен аманатының көрінісі. Көк Тудың әрбір бедерінде халқымыздың тарихы, Елтаңбаның әрбір өрнегінде елдік рух, Әнұранның әрбір жолында ұлттың үні жатыр. Бүгінгі ұрпақ үшін рәміздердің қадір-қасиетін терең түсіну – Тәуелсіздіктің бағасын танумен тең. 4 маусым – Рәміздер күні қарсаңында мемлекеттік нышандардың тарихи мәні, Алаш идеясы мен бүгінгі ұрпақтың елдік санасындағы орны туралы әңгіме өрбіту мақсатында Сәтбаев университетінің профессоры, алаштанушы ғалым Досалы Салқынбекпен ашық әңгімелескен едік. Ғалым мемлекеттік рәміздердің терең тарихы, Көк Тудың киесі, Алаш арыстарының аманаты және ұлттық құндылықтарды ұлықтаудың маңызы жөнінде тағылымды ойларымен бөлісті.

МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ РУХ
– Досалы Исаханұлы, қазіргі қолданыстағы мемлекеттік рәміздеріміз қалай дүниеге келді?
– Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік рәміздері – егемен елдің ең қастерлі құндылықтарының бірі. Олар халқымыздың азаттыққа деген ұмтылысын, ұлттық болмысын, рухани мұратын айқындайтын қасиетті белгілер саналады. Мемлекеттік рәміздерінің дүниеге келу тарихын сөз еткенде, алдымен егемендік алғанға дейін қандай рәміздерді пайдаланғанымызға тоқталған жөн. Өйткені, кез келген мемлекеттің рәміздері оның саяси болмысы мен тарихи кезеңінің айнасы болып саналады. 1991 жылдың 16 желтоқсанына дейін біз Кеңес Одағының құрамындағы Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының рәміздерін қолданып келдік. Алайда ол рәміздер дербес ұлттық мемлекеттің келбетінен гөрі, кеңестік идеологияның сипатын танытатын белгілер еді. Басқаша айтқанда, олар КСРО-ның ортақ рәміздік жүйесінің негізінде жасалып, сол кездегі саяси құрылымның мәнін бейнеледі.
Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан кейін ел алдында аса маңызды міндет тұрды. Олжаңа мемлекеттің тәуелсіздігін, егемендігін, ұлттық ерекшелігін және рухани құндылықтарын айшықтайтын төл рәміздерді қабылдау болатын. Өйткені, мемлекеттік рәміздер кез келген елдің дербестігін әлемге танытатын, халықтың бірлігі мен тұтастығын білдіретін қасиетті нышандар. Сондықтан, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ жаңа Ту, Елтаңба және Әнұран қабылдау мәселесі күн тәртібіне шығарылды. Бұл тарихи қадам жас мемлекетіміздің халықаралық аренадағы беделін нығайтып қана қоймай, халқымыздың азаттық рухын асқақтатуға жол ашты. Бұрынғы Қазақ КСР-нің мемлекеттік рәміздеріне назар аударсақ, олардың дербес ұлттық сипатынан гөрі кеңестік идеологияның белгілері басым болғанын көреміз. Мәселен, сол кездегі Ту КСРО-ның негізгі туымен өте ұқсас еді. Айырмашылығы ретінде тек көгілдір жолақтың енгізілгенін ғана айтуға болады. Ал, Елтаңба да мазмұны мен құрылымы жағынан одақтас республикаларға ортақ кеңестік үлгіде жасалды.
Әнұран мәселесі тіпті ерекше назар аударуды қажет етеді. Себебі, оның мәтінінде тәуелсіз мемлекет рухына мүлде сәйкес келмейтін, кеңестік идеологияны дәріптейтін жолдар болды. Мысалы:
Дақ салмай Лениннің жасампаз салтына,
Ұрпағы қосты даңқ Отанның даңқына.
Одақтас, ұрандас елдердің қамқоры,
Көп алғыс айтамыз ұлы орыс халқына, – деген тармақтар сол кезеңдегі саяси жүйенің көзқарасын айқын аңғартады.
Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейінгі маңызды міндеттердің бірі – егемен елдің болмысын, ұлттық рухын және тарихи мұратын бейнелейтін жаңа мемлекеттік рәміздерді қабылдау болды. Бұл бағытта арнайы мемлекеттік комиссия құрылып, бүкілхалықтық шығармашылық байқау жарияланды. Елдің түкпір-түкпірінен келген жүздеген жоба сараланып, үздік нұсқалар таңдап алынды. Нәтижесінде, 1992 жылғы 4 маусымда Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі қазіргі Мемлекеттік Ту мен Мемлекеттік Елтаңбаны ресми түрде бекітті. Бұл – жас мемлекеттің тарихындағы ерекше маңызға ие күндердің бірі болды. Ал, Мемлекеттік Әнұран сол жылдың желтоқсан айында қабылданды. Әуені бұрынғы күйінде сақталғанымен, мәтіні толық жаңартылып, тәуелсіз Қазақстанның рухын бейнелейтін жаңа мазмұнға ие болды. Оның сөзін белгілі ақындар Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев, Мұзафар Әлімбаев және Жадыра Дәрібаева жазды. Осылайша, еліміздің жаңа әнұраны халқымыздың азаттық жолындағы күресін, елдік мұратын және болашаққа деген сенімін паш ететін маңызды рухани құндылыққа айналды. Жаңа мәтінде қазақ халқының бастан өткерген тағдыры, еркіндік жолындағы күресі мен қайсарлығы терең көрініс тапты. Әнұранның:
Жаралған намыстан қаһарман халықпыз,
Азаттық жолында жалындап жаныппыз, – деген жолдарының өзінен-ақ ел рухы мен ұлт болмысы айқын сезіледі.
Әсіресе, «Тағдырдың тезінен, тозақтың өзінен аман-сау қалыппыз» деген тармақтың астарында үлкен мағына жатыр. Қазақтың дәстүрлі тұрмысында «тез» деп ағашты иіп, белгілі бір қалыпқа келтіретін құралды атаған. Киіз үйдің уығын жасау кезінде қолданылатын осы құрал арқылы ағаш шыңдалып, қажетті пішінге енеді. Ақындар бұл ұғымды халықтың қилы кезеңдер мен ауыр сынақтардан сүрінбей өткен тағдырымен шебер астастырған. Дегенмен, уақыт өте келе бұл әнұранның мәтінін халықтың, әсіресе жас буынның жаттап айтуы күрделілеу болды. Сондықтан, ел арасында бұрыннан кеңінен танылған, халық жүрегінен орын алған «Менің Қазақстаным» әнін мемлекеттік әнұран ретінде қабылдау туралы шешім қабылданды. Осылайша, 2006 жылдың қаңтарынан бастап композитор Шәмші Қалдаяқов пен ақын Жұмекен Нәжімеденовтің шығармасы Қазақстан Республикасының жаңа Мемлекеттік Әнұранына айналды. Ал, 2007 жылғы 4 маусымда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заң қабылданды. Осы заңға сәйкес 4 маусым елімізде Мемлекеттік рәміздер күні ретінде ресми түрде белгіленді. Бүгінде Көк Туымыз, шаңырақ бейнеленген Елтаңбамыз және асқақ Әнұранымыз – Тәуелсіз Қазақстанның тұғыры мен тұтастығын айқындайтын қасиетті нышандар. Олар әр азаматтың жүрегінде Отанға деген сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімін ұялатып, ел бірлігі мен ұлттық рухтың мәңгілік символы болып қала береді.
– Бүгінгі жастар Ту, Елтаңба, Әнұранның рухани мәнін қаншалықты терең сезінеді?
– Мемлекеттік рәміздер – тәуелсіздігіміздің ең қасиетті белгілері, елдігіміздің еңселі көрінісі. Бүгінде жастардың ғана емес, жалпы қоғамның Ту, Елтаңба және Әнұранға деген құрметі артып келе жатқанын нақты мысалдардан анық байқауға болады. Мәселен, Шымкент қаласындағы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионның шатыры құлаған кезде, қауіп-қатерге қарамастан азаматтардың қиранды астында қалған Мемлекеттік Туды аман алып шығуы – рәміздерге деген шынайы құрметтің жарқын көрінісі. Бұл оқиға қоғамда үлкен қолдау тауып, көпшіліктің жүрегіне ерекше әсер қалдырды. Сондай-ақ 2020 жылы Өзбекстандағы Сардоба су қоймасының жарылуынан кейін Мақтаарал мен Жетісай аудандарын су басқан ауыр күндерде бір полиция қызметкерінің тасқын суды кешіп өтіп, ағып бара жатқан Қазақстанның Мемлекеттік Туын құтқарып қалуы да халықтың патриоттық сезімін оятқан ерекше оқиғалардың бірі болды. Бұл әрекет елге деген сүйіспеншіліктің, мемлекеттік нышандарға деген адалдықтың айқын дәлелі еді. Осындай жағдай Түркістан облысы Сайрам ауданының орталығы Ақсукент ауылында да орын алды. Ғимарат үстіндегі Мемлекеттік Ту өртене бастағанда, жергілікті тұрғын өз өмірін қатерге тігіп, көк байрақты аман сақтап қалды. Мұндай әрекеттер кездейсоқ жасалмайды. Оның астарында Отанға деген құрмет, ұлттық құндылықтарға деген жанашырлық жатыр.
Бүгінде әлеуметтік желілерде кішкентай бүлдіршіндердің Мемлекеттік Әнұран орындалған сәтте қолдарын жүрек тұсына қойып, тебірене қосылып тұрғанын жиі көреміз. Бұл өскелең ұрпақтың бойында патриоттық тәрбиенің қалыптасып келе жатқанының айқын белгісі. Себебі, рәміздерді құрметтеу тек заң талаптарын орындау ғана емес, ол туған елдің тарихын, тәуелсіздігін және болашағын құрметтеу деген сөз.
Менің ойымша, қазіргі қоғамда мемлекеттік рәміздерге деген құрмет жылдан-жылға нығайып келеді. Әсіресе, жастар арасында ұлттық құндылықтарға деген қызығушылық артып, елдік сана күшейе түсуде. Дегенмен, бұл бағыттағы жұмыстар ешқашан тоқтамауы тиіс. Өйткені, Мемлекеттік Ту, Елтаңба мен Әнұранға деген құрмет – Тәуелсіздікті қадірлеудің, Отанға деген сүйіспеншіліктің және ұлттық рухтың өлшемі болып қала береді.
АЛАШ АҢСАҒАН АЗАТТЫҚТЫҢ АЙҒАҒЫ
– Алаш зиялылары ұлттық идея мен елдік сананы қалыптастыруда ерекше рөл атқарды. Тәуелсіз Қазақстан рәміздерінен Алаш рухының қандай белгілерін байқайсыз?
– ХХ ғасырдың басында қазақ даласында азаттықтың ақ таңы үшін арпалысқан ұлы қозғалыс – Алаш қозғалысы дүниеге келді. Бұл қозғалыстың көш басында халқының тағдырын өз тағдырынан биік қойған, ел сенімі мен үмітін арқалаған Әлихан Бөкейхан тұрды. Қазақ жұрты оны бекерден-бекер «Ұлт көсемі» деп атаған жоқ. Оның: «Қазақтың қан тұқымында қасиет бар, тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын» деген сөзі бар ғұмырын халқына арнаған азаматтық ұстанымының айқын көрінісі еді.
Әлиханның төңірегіне ұлттың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған біртуар тұлғалар топтасты. Қалың ұйқыдағы елдің санасын сілкінтіп, рухын ояту үшін Ахмет Байтұрсынұлы «Маса» болып ызыңдап, қараңғылық пен надандықтың пердесін түрді. Ал, 1909 жылы Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ!» деген жалынды үндеуі бодандық бұғауындағы халықтың жүрегіне азаттық отын жақты. Ұлт бостандығын аңсаған сол дәуірдің өр рухты перзенттері халықты бірлікке, елдікке шақырды. Солардың бірі Сұлтанмахмұт Торайғыров: «Алаш туы астында күн сөнгенше сөнбейміз, енді Алашты ешкімнің қорлығына бермейміз!» деп ұлт намысын қайрап, азаттық идеясының мәңгілік ұранына айналған жалынды сөздерін қалдырды. Алаш арыстарының күресі – тек бір кезеңнің тарихы емес, ол тәуелсіздікке бастар ұлы жолдың рухани негізі, ұлттың мәңгі өшпес азаттық мұратының символы болып қалды.
Алаш арыстары қазақ мемлекеттілігін жаңғырту жолында аянбай еңбек етті. Олар партия құрды, автономия жариялады, елдің ертеңі үшін күресті. Тарихи жағдайларға байланысты олардың асыл армандары толық жүзеге аспаса да, ұлт тәуелсіздігі жолындағы идеялары мен өшпес мұраттары кейінгі ұрпаққа аманат болып қалды. Бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан – сол Алаш қайраткерлері аңсаған азаттықтың жемісі. Мемлекеттік Туымыз, Елтаңбамыз бен Әнұранымыздан Алаш рухының асқақ үнін, елдік пен еркіндікке деген ұмтылысын көруге болады. Сондықтан, Алаш мұрасын қадірлеу, мемлекеттік рәміздерді құрметтеу және көк байрағымызды әрдайым биік ұстау – әрбір азаматтың қасиетті борышы. Бұл Алаш арыстарының аманатына адалдықтың, Тәуелсіздікке деген шынайы құрметтің айқын көрінісі.
– Күні кеше саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні аталып өтті. Сталиндік қуғын-сүргін саясаты қазақ халқына қандай зардап әкелді?
– Сталиндік қуғын-сүргін саясатының қазақ халқына әкелген зардабы туралы сөз қозғағанда, ең алдымен халқымыздың «орны толмас қаза» деген сөзі еске түседі. Өйткені, ХХ ғасырдың 30-жылдарында жүргізілген күштеп ұжымдастыру мен отырықшыландыру саясаты қазақ даласында бұрын-соңды болмаған демографиялық апатқа ұласты. Кеңестік биліктің солақай реформаларының салдарынан миллиондаған адам аштықтың құрбаны болып, халық өз санының жартысына жуығынан айырылды. Зерттеушілердің пайымдауынша, егер сол зұлмат жылдардағы ашаршылық орын алмағанда, бүгінгі таңда қазақ халқының саны әлдеқайда көп болар еді. Сондықтан, бұл нәубеттің салдары тек өткеннің қасіреті емес, оның әсері қазіргі демографиялық ахуалдан да айқын байқалады. Ұлан-ғайыр жерді мекендеген халқымыздың санының аз болуы – тарихи апаттардың тікелей салдары.
Біз тарихқа тек өткен күннің естелігі ретінде қарамауымыз керек. Бүгінгі қоғамның көптеген әлеуметтік, экономикалық және демографиялық мәселелерінің тамыры сол кезеңдерге барып тіреледі.
Сталиндік қуғын-сүргіннің ең ауыр зардаптарының бірі – қазақ халқының рухани және зияткерлік әлеуетіне жасалған соққы болды. Бүгінгі зерттеулерге сүйенсек, 1937-1938 жылдары Қазақстанда 100 мыңнан астам адам қуғындалып, олардың 25 мыңға жуығы ату жазасына кесілген. Бұл жай ғана статистика емес, бұл ұлттың маңдайалды азаматтарынан, елдің болашағын қалыптастыратын қайраткерлерінен айырылған кезең.
Қуғын-сүргін құрбандарының басым бөлігі халыққа қызмет етемін деген білімді, көзі ашық, ұлт тағдырына бейжай қарамаған тұлғалар еді. Олар ғылымда, білімде, мәдениетте, әдебиетте және мемлекеттік басқару саласында халқына әлі талай еңбек сіңірер шағында өмірден зорлықпен аластатылды. Соның салдарынан қазақ қоғамының табиғи дамуы тежеліп, ұлттық интеллигенцияның тұтас бір буыны жойылды.
Бұл қасіреттің салдары тек тарих беттерінде қалған жоқ. Оның зардабы ұлттың рухани жадында, қоғамдық санасында әлі күнге дейін сақталып келеді. Сондықтан, ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы ашаршылық пен қуғын-сүргінді тек тарихи немесе демографиялық тұрғыдан ғана емес, оның адам психологиясына, денсаулығына және ұрпақтар сабақтастығына тигізген әсері тұрғысынан да зерттеу қажет.
Белгілі америкалық зерттеуші Сара Камерон да осы мәселеге назар аударып, ашаршылықтың медициналық және әлеуметтік салдарын терең зерделеу қажеттігін айтады. Бұл орынды пікір. Өйткені, аштық, үрей, қуғын мен қорқыныш халықтың тұрмыс-тіршілігіне ғана емес, ұлттың болмысына да өз ізін қалдырды. Сондықтан, сталиндік саясаттың зардабын толық түсіну үшін оны өткеннің қасіреті ретінде ғана емес, бүгінгі қоғамға әсер еткен тарихи сабақ ретінде қарастыруымыз қажет.
«МАҒАН ТУДЫҢ АВТОРЫМЕН БІРГЕ ЖҰМЫС ІСТЕУ БАҚЫТЫ БҰЙЫРДЫ»
– Алаштанушы ғалым ретінде ұлт тарихын терең зерттеп жүрсіз. Тәуелсіз Қазақстанның көк байрағына қарап тұрып, ең алдымен қандай тарихи сабақ ойыңызға оралады?
– «Төбеңнен елдік нұрын тұрған құйып,
Өмірде еш нәрсе жоқ Тудан биік…» деген ақын Несіпбек Айтұлының жыр жолдары қазақ үшін тудың мәні мен маңызын дәл бейнелейді. Шынында да, көшпенділер өркениетінің тарихында Ту – жай ғана белгі емес, елдің намысы, рухы мен тағдырының символы болған. Бұған 1726 жылғы Ордабасы құрылтайы айқын дәлел. Үш жүздің игі жақсылары бас қосқан сол тарихи жиында қазақ қолының туын ұстау мәртебесі Қанжығалы Бөгенбай батырға сеніп тапсырылған. Сонда абыз қариялар: «Бұл туда еңіреген елдің мұңы, ананың көз жасы, бабалардың арманы мен халықтың үміті бар. Ерлік туын жықпа!» деп бата берген деседі. Сол сөзді естіген жұрттың жанары жасқа толып, жүрегі толқыған екен. Мемлекеттік рәміздер туралы сөз қозғағанда, ең алдымен көз алдымызға қасиетті Көк Туымыз келеді. Ал, сол Тудың авторы – халқымыздың көрнекті суретшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен Оңласынұлы Ниязбеков. Ол тек Мемлекеттік Тудың ғана емес, Алматы қаласы Елтаңбасының, қаланың Құрметті азаматы белгісінің, батыр Бауыржан Момышұлына арналған монументтің және көптеген сәулет өнері туындыларының авторы ретінде ел тарихында өшпес із қалдырған тұлға.
Менің Шәкен ағамен жақын араласып, бірге жұмыс істеу бақыты бұйырды. Мемлекеттік рәміздерді насихаттау мақсатында мектептерде, әскери және жоғары оқу орындарында өткен кездесулерге бірге қатыстық. Сол жиындарда Шәкен аға жастарға Тудың дүниеге келу тарихын ерекше ықыласпен әңгімелеп, оның әрбір бөлшегінің астарында тұтас ұлттың тағдыры мен рухы жатқанын әсерлі жеткізетін. Жастардың ең жиі қоятын сұрағы: «Неліктен Тудың түсі көк» болатын. Сонда Шәкен аға: «Көк түс – шексіз аспанның түсі. Ол бейбітшілікті, бірлікті, татулықты, береке мен молшылықты білдіреді. Жер бетіндегі байлықтың бәрін бөлісуге болады, бірақ көк аспанды ешкім бөліп ала алмайды», – деп жауап беретін. Ал, алтын күнді халқымыздың кең пейілі мен мейірімінің белгісі ретінде бейнелегенін, қыран бүркіттің еркіндікке ұмтылған қайсар рухты, биік мұрат пен азаттықты білдіретінін айтатын. Шәкен Ниязбеков Мемлекеттік Туды әзірлеу барысында қазақ халқының сан ғасырлық тарихына терең үңілген. Ол көне дәуірден жеткен ұлттық нышандарды зерттеп, әрбір бейненің тарихи негізіне ерекше мән берген. Бір әңгімесінде әйгілі саяхатшы Марко Полоның жазбаларына тоқталып, Ұлы Дала тұрғындарының бүркітті ерекше қастерлегенін мысалға келтірген еді. Бұл – қыран құстың халқымыздың дүниетанымында ежелден еркіндіктің, тектіліктің және асқақ рухтың символы болғанын көрсетеді. Сондықтан, біздің Көк Туымыз – жай ғана мемлекеттік белгі емес. Ол – ұлт тарихының, бабалар аманатының, тәуелсіздік рухының және болашаққа деген сенімнің көркем бейнесі. Әрбір қазақстандық үшін оның көгінде халқымыздың өткені, бүгіні мен ертеңі тоғысқан.
Алаш қайраткерлері армандаған азаттық бүгінгі ұрпақтың маңдайына бұйырды. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатовқа жазған хатындағы «Алда күнді көретін ұрпақ келеді» деген сөзі де осы күнге арналғандай әсер қалдырады. Сол күнді көрген ұрпақ – біздерміз. Ендеше, Алаштың аманаты – Тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтау, ал Көк Туды әрдайым биікте желбірету бізге парыз. Өйткені, Ту өткеннің мұрасы ғана емес, келешек ұрпаққа табыстар қасиетті сенім мен елдік мұраттың мәңгілік белгісі.
– Мемлекеттік рәміздерге деген құрмет – патриотизмнің өлшемі десек, бұл құндылықты жас ұрпақтың бойына сіңіру үшін ең алдымен неге мән беруіміз керек?
– Мемлекеттік рәміздер – Тәуелсіздігіміздің ең қастерлі белгілері. Өкінішке қарай, соңғы жылдары рәміздерге құрметсіздік танытатын жекелеген келеңсіз жағдайлардың да кездесіп жатқаны жасырын емес. Сондықтан, рәміздерді қадірлеу мәдениетін қалыптастыру бір күндік науқанмен шектелмеуі тиіс. Ту, Елтаңба және Әнұранға деген құрмет – отансүйгіштіктің бастауы. Бұл құндылық балабақшадан басталып, мектепте, жоғары оқу орындарында және жалпы қоғамда үздіксіз насихатталуы қажет. Әлемнің көптеген елдерінде мемлекеттік рәміздерді ұлықтау ұлттық тәрбиенің маңызды бөлігіне айналған. Біз де сол озық тәжірибелерді негізге алып, рәміздердің тарихын терең танытатын музейлер ашу, оқу-әдістемелік құралдар әзірлеу, жастар арасында танымдық жобаларды көбейту секілді бастамаларды жүзеге асыруымыз керек. Өйткені, мемлекеттік рәміздерді құрметтеу, жай ғана заң талабы емес, ол – елге, жерге, Тәуелсіздікке деген сүйіспеншіліктің жарқын көрінісі. Көк байраққа деген құрмет биік болған жерде ұлттық рух та асқақ болады.
– Досалы Исаханұлы, ашық әңгімеңізге алғыс білдіремін.
Әңгімелескен: Индира БІРЖАНСАЛ











