Адамзат дамуының тарихында айрықша орын алатын ХХ ғасыр аяғында ұлан-ғайыр Еуразия кеңістігінде тәуелсіз жаңа мемлекеттер пайда болды. Тарихтың шешуімен, тағдырдың жазуымен өзінің байырғы ата-бабасынан келе жатқан ата жұртында қазақ халқы да шаңырақ көтеріп, ту тікті. Қазақстан Республикасы деп аталатын жаңа мемлекет Біріккен Ұлттар Ұйымының толық мүшесі болып, мемлекеттік рәміздерін анықтады. Мемлекеттік шекарасын белгіледі, ұлттық теңгесін шығарды. Әлем алдында қазақ халқы өзге халықтармен терезесі тең дәрежеде сөйлесе алатын болды. Жаңа дәуір қарсаңында қазақ деген ұлт барын, ол құрған зайырлы тәуелсіз мемлекет барын бар әлем тани бастады.
Бүгінде жаһан таныған еліміз дамудың жаңа кезеңіне бағыт алды. Соңғы жылдар белесінде Қазақстанның әлем алдындағы беделі артып, абыройы асқақтай бастады. Халықаралық қауымдастықта бәтуалы сөз айтып, арағайындық таныту да біздің елімізге жүктеліп келеді. Бұл – салиқалы саясаткер, кәнігі дипломат Қасым-Жомарт Тоқаевтың ілкімді іскерлігінің арқасында жүзеге асқан нәтижелі істер. Бүгінде еліміз бірқатар халықаралық және өңірлік ұйымдардың құрылуының басы-қасында тұрса, кейбіреулерінің белсенді бастамашысы болды. Соның бірі – қазіргі таңда беделді халықаралық бірлестікке айналған Түркі мемлекеттері ұйымы. Күні кеше «екі дүние есігі, ер түріктің бесігі» атанған қастерлі де қасиетті Түркістанда Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті өтті. Халқымыздың біртуар перзенті, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловша пайымдағанда «Түркістанның тұтас, түркі тілдес халықтардың түгел» болуына көздейтін ұйымы бірнеше жылдан бері тағдырлас, тамырлас жұрттың ынтымағын нығайтып келеді.

ЫНТЫМАҚТЫҢ ОЗЫҚ ҮЛГІСІ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымын одан әрі дамытуға мүдделі. Түркі ықпалдастығын тереңдету – ортақ мұрат. Біз «Түркі әлемі» атты жаңа брендті дәріптеуіміз керек. Сонда ғана түркі халықтарының ынтымағы барынша нығайып, әлеуеті арта түседі», деп мәлімдеген болатын.
Кейінгі жылдары Орталық Азияны мекен ететін түркітілдес мемлекеттердің саяси-экономикалық жағынан күшеюінің куәсі болып отырмыз. Егер өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары түркі әлемінде Түркия мемлекетінің беделі артып, түркі дүниесіне қатысты негізгі ұсыныстар мен шешімдерді сол ел қабылдап келсе, кейінгі уақытта Қазақстан секілді жаңадан тәуелсіздік алған түркітілдес мемлекеттің түркі әлеміндегі салмағы біршама артты. Біз бұл жерде өзіміздің бауырлас мемлекеттерімізбен ешқандай бәсеке мәселесін сөз етіп отырғанымыз жоқ. Қайта, керісінше, түркітілдес жеке мемлекеттің күшейгені жалпы түркі әлемінің күшейгені деп есептейміз.
Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) біздің елдің бастамасымен дүниеге келгені баршаға мәлім. Осы орайда 2009 жылы Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі (Түркі Кеңесі) ретінде негізі қаланған ұйымның ең бірінші саммиті 2011 жылы Алматыда ұйымдастырылғаны тегін болмаса керек. 2021 жылы атауы өзгерген Түркі мемлекеттері ұйымына Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркия мүше болды. Сондай-ақ еліміз – Түркі әлеміне тиесілі өзге де құрылымдардың, атап айтқанда, Мәдениет министрлерінің басын қосатын Түрксой, парламентаралық ынтымақтастықты дамытуымен айналысатын ТүркПА, білім және ғылым саласын қамтитын Түркі академиясы құрылуының негізгі бастамашысы.
Қазақстанның бастамасымен құрылған Түркі инвестициялық қоры – түркі мемлекеттерінің экономикалық ықпалдасуының алғашқы қаржы институты. Жарғылық капиталы 1 млрд долларды құрайтын қордың жұмысында мүше елдерде маңызды салалардағы ортақ инфрақұрылымдық жобаларды қаржылай қолдау мәселесіне баса назар аударылады.
Еліміздің көпвекторлы саясатында бауырлас түркі мемлекеттерімен тығыз қарым-қатынастарды одан әрі нығайту – басым бағыттардың бірі.
ОРТАҚ МҮДДЕ МЕН ОРТАҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР
Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті – тек дипломатиялық кездесу ғана емес, түркі интеграциясының жаңа кезеңін айқындаған маңызды саяси алаң болды. Қасиетті Түркістан төрінде өткен жиын тарихи-мәдени сабақтастық пен геосаяси мүдделер тоғысқан ерекше формат ретінде назар аудартты. Саммит барысында мемлекет басшылары өңірлік қауіпсіздік, экономикалық ынтымақтастық, көлік-логистика, цифрландыру, инвестиция, білім және мәдени-гуманитарлық байланыстар төңірегінде ортақ ұстанымдарын білдірді.
Бүгінде әлемдік саясатта жаңа күш орталықтары қалыптасып жатыр. Энергетикалық дағдарыс, логистикалық тізбектердің үзілуі, аймақтық қақтығыстар мен санкциялық текетірестер мемлекеттерді жаңа серіктестік форматтарын іздеуге мәжбүрлеуде. Осындай жағдайда Түркі мемлекеттері ұйымының рөлі күшейе түсуде.
Ұйымға мүше елдер Еуропа мен Азияны байланыстыратын стратегиялық кеңістікте орналасқан. Сондықтан, көлік дәліздерін дамыту, Транскаспий халықаралық бағытын күшейту, ортақ сауда инфрақұрылымын жетілдіру мәселелері саммиттің негізгі тақырыптарының біріне айналды.
Сарапшылардың пікірінше, Орта дәліздің дамуы түркі мемлекеттерінің экономикалық тәуелсіздігін арттырып қана қоймай, жаһандық транзиттік жүйедегі ықпалын да күшейтеді. Бұл бағытта Қазақстанның рөлі ерекше. Өйткені, еліміз Еуразия кеңістігіндегі негізгі транзиттік хабтардың біріне айналып келеді.
Соңғы жылдары Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы сауда айналымы айтарлықтай өсті. Алайда, ұйым әлеуеті бұдан әлдеқайда жоғары. Сондықтан, саммит барысында инвестициялық ынтымақтастықты күшейтуге ерекше назар аударылды.
Түркі инвестициялық қорының жұмысы – осы бағыттағы маңызды бастамалардың бірі. Бұл құрылым ортақ инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға, кәсіпкерлік байланысты нығайтуға және шағын әрі орта бизнесті қолдауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ цифрлық экономика, жасанды интеллект, инновация және финтех салаларындағы әріптестікті тереңдету мәселелері де көтерілді. Бұл – ұйымның тек тарихи-мәдени бірлестік емес, заманауи технологиялық кеңістік қалыптастыруға ұмтылып отырғанын көрсетеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жиын барысында бірқатар ұтымды ұсыныстарды ортаға салып, алда атқарылар жұмыстарды саралады.
Қазақстан Президенті тарапынан көтерілген бастамалар қатарында ұйымға мүше елдер арасында электрондық құжаттар мен цифрлық қолтаңбаны өзара тануға қатысты жұмысты бірлесе жүргізу, ғарыш саласын бірлесе игеру сынды бағыттар бар.
Мемлекет басшысы «Ғарыш саласы – түркі мемлекеттерінің бәсекеге қабілетін арттыруға ықпал ететін негізгі фактордың бірі. Бұл бағытты жүйелі түрде дамыту үшін елдеріміздің ғылыми, технологиялық және қаржылық әлеуеті жеткілікті. Әсіресе, спутник байланысы, навигация және мониторинг саласында бірлескен жобаларды жүзеге асырып, ықпалдастығымызды кеңейте түсу қажет», деп атап өтті.
Бұл бастама арқылы түркі елдерінің технологиялық дербестігі нығайтып, инновациялық әлеуетін арттыруға мүмкіндік туады.
Бұдан бөлек, білім-ғылым саласына қажетті мамандар даярлайтын оқу орталықтары мен ғылыми мекемелер құру, Түркі елдерінің жасанды интеллект орталықтарының желісін қалыптастыру да көтерілді.
Президент Түркі кеңесіне мүше мемлекеттердің IT хабтарының бірлескен орталығын ашуды ұсынды. Орталыққа «Turkic ai» атауын беріп, оны Астанадағы Alem.ai орталығында орналастыруға толыққанды мүмкіндік бар. Бірлескен хаб ортақ мүдделерімізді ілгерілетуге ықпал етері сөзсіз.
Саммит аясында ортақ ақпараттық кеңістік қалыптастыру мәселесі де өзекті тақырып болды. Қазіргі таңда ақпараттық қауіпсіздік пен медиасаясат ұлттық мүдденің маңызды бөлігіне айналды. Сондықтан, түркі елдерінің медиа, кино, білім және мәдени жобаларды бірлесіп жүзеге асыруы интеграцияны тереңдете түседі.
Әсіресе, жастар саясаты мен білім саласындағы ынтымақтастықтың маңызы зор. Түркі университеттері арасындағы байланыс, академиялық алмасу, ортақ білім беру бағдарламалары – болашақтағы интеллектуалдық интеграцияның негізі.
«БАСТЫ МАҚСАТ – ҚАЙТА ТҮЛЕГЕН ТҮРКІСТАНДЫ ТӨРТКҮЛ ДҮНИЕГЕ ТАНЫТУ»
Саммиттің Түркістанда өтуінің символдық мәні зор. Түркі халықтарының рухани астанасы саналатын көне шаһар бүгінде түркі ықпалдастығының жаңа идеялары талқыланатын стратегиялық орталыққа айналып келеді. Бұл – Қазақстанның түркі әлеміндегі тарихи миссиясын айқындай түсетін маңызды қадам.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымын тек мәдени-гуманитарлық кеңістік ретінде емес, нақты экономикалық және саяси ықпалдастық институты ретінде дамыту қажеттігін атап өтті. Бұл ұстаным қазіргі халықаралық ахуал тұрғысынан аса өзекті.
Бүгінде Түркістан – көне мен келешекті тоғыстырған шырайлы шаһар. Аймақтың экономикалық әлеуеті жыл өткен сайын артып келеді. Былтыр облыстың экономикасы 9,3 пайызға өсті, оның көлемі 10 миллиард доллардан асты. Аймаққа 3,5 миллиард доллар инвестиция тартылды.
Мемлекет басшысы атап өткендей, алқалы жиынды күмбездері көк тіреген тағдырлы һәм талайға Түркістанда өткізудің мақсаты – атажұртта бауырлас елдердің көшбасшыларымен жүздесу, қайта түлеген Түркістанды төрткүл дүниеге таныту.
«Түркістан – атажұртымыздың мызғымас темірқазығы. Екі дүние есігі, ер түріктің бесігі атанған шежірелі шаһар. Көне қала қашанда түбі бір түркі жұртының қасиетті қара шаңырағы саналған. Түркістан төріндегі Әзірет Сұлтан кесенесі – рухани тұтастық пен тарихи сабақтастық символы. Қожа Ахмет Ясауи бауырлас елдердің дүниетанымын кеңейтуге зор үлес қосты. Адамзатқа ортақ құндылықтарды барынша дәріптеді. Халықты жақсылыққа, жасампаздыққа, адалдыққа шақырды. Біз киелі орданың тарихы қандай терең болса, болашағы да сондай жарқын боларына нық сеніммен қараймыз», деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Ясауидің тағылымды ойлары мен хикметтері – түркі халықтарының баға жетпес байлығы екендігіне ерекше назар аударды.
«Ұлы бабамыз дәріптеген құндылықтар әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Сондықтан, біз Ясауидің гуманистік идеяларына баса мән беріп отырмыз. Қазір елімізде «Адал азамат», «Әділетті Қазақстан», «Таза Қазақстан» және басқа да бірегей бастамалар табысты жүзеге асырылып жатыр. Басты мақсатымыз – ұлт сапасын барынша жетілдіріп, мемлекеттігімізді нығайта түсу. Түптеп келгенде, осы ауқымды жұмыстың негізі Ясауи ілімінен бастау алады», деді Қазақстан Президенті.
Түркі руханиятының темірқазығы – Ясауи тұлғасын дәріптей отырып, халықтарымыздың арасындағы мызғымас бауырластық тамыры нығая бермек.
ТҮРКІСТАН САММИТІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҚ РЕТІНДЕГІ РӨЛІН АЙҚЫНДАДЫ
Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымының институционалдық дамуына тұрақты түрде бастамашы болып келеді. Астана ұйымның саяси салмағын арттыруға, экономикалық мазмұнын кеңейтуге және халықаралық беделін күшейтуге мүдделі.
Түркістан саммиті Қазақстанның тек географиялық емес, идеялық және дипломатиялық орталық ретіндегі рөлін де айқындады. Бұл – еліміздің көпвекторлы сыртқы саясатының маңызды бағыты.
Сонымен қатар, Қазақстан түркі интеграциясын прагматикалық сипатта дамытуға басымдық беріп отыр. Яғни, ұйым нақты экономикалық тиімділік әкелетін, халықтардың әл-ауқатын арттыратын жобаларға ден қоюы тиіс деген ұстаным айқын байқалады.
Саммит қарсаңында Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер басшылары Түркі өркениеті орталығының қазығын қағып, іргетасын қалады. Кешеннің негізгі идеясы – түркітілдес халықтарды әлем тарихында елеулі орны бар, терең философиясы мен мемлекеттілік дәстүрі қалыптасқан ұлы өркениет ретінде дәріптеу. Мұнда ортақ тарихи мұраны ғылыми тұрғыдан зерделеуге, жүйелеуге, мәдени туризм мен халықаралық ынтымақтастықты дамытуға айрықша мән берілмек.
Орталықтың архитектуралық шешімі ерекше символикалық мәнге ие. Кеңістікте түркі дүниетанымындағы Тәңір, Ергенеқон, Көкбөрі, Жерұйық, Дала, Өмір ағашы сияқты маңызды ұғымдар бейнеленеді.
Ал, мазмұндық құрылымы жағынан экспозициялар бірнеше тақырыптық аймақтарға бөлінеді.
Көрермендер тарихи оқиғаларды терең сезіну үшін виртуалды және толықтырылған шынайылық (VR, AR), голография, жасанды интеллект, иммерсивті дыбыс пен жарық секілді озық технологиялар қолданылады.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
«Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген аталы сөз – бәрімізге ортақ. Түркі әлемі әрдайым тату болып, алға қойған мақсатынан ауытқымай, бірлесе дами беруі керек». Бұл – ел Президентінің алқалы жиында айтқан сөзі. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев 15 мамыр күні Түркістанда өткен Түркі мемлекеттері ұйымы бейресми саммитінің қорытындысы бойынша жиналыс өткізіп, маңызды халықаралық іс-шараға жан-жақты дайындалған облыс әкімі Нұралхан Көшеров пен өңір тұрғындарына ризашылығын білдірді. Бұл туралы Президенттің кеңесшісі – Баспасөз хатшысы Айбек Смадияров мәлімдеді. Осы атқарылған жұмыстың арқасында түркі жұртының қасиетті қарашаңырағы саналатын Түркістан қаласы мәдени-гуманитарлық ықпалдастықтың әлеуетті орталығы ретінде ірі халықаралық іс-шараларды өткізуге әзір екенін көрсетті. Президенттің айтуынша, шет мемлекеттердің басшылары мен саммитке қатысушылар көлік жолдарының сапасына, жасыл желегі мол көшелердің, саябақтардың тазалығына жоғары баға берген. Мемлекет басшысы облыс және қала әкіміне еліміздің ғана емес, тұтас өңірдің жауһары – көне Түркістан шаһарын дамыту мен абаттандыру жұмыстарына айрықша мән беруді тапсырды.
Ең бастысы – бүгінде Түркі мемлекеттері ұйымы ортақ бастамалар көтеріліп, өзара қолдау табатын теңдессіз сұхбат алаңы ретінде қалыптасты. Басқосуда қабылданған шешімдер Түркі елдерін одан әрі қарқынды дамытуға зор ықпалын тигізері сөзсіз.
Жалпы алғанда, Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті түркі әлеміндегі ынтымақтастықтың жаңа сапалық кезеңге өткенін көрсетті. Бұрын мәдени-гуманитарлық деңгейде қабылданған ұйым бүгінде экономикалық, көлік-логистикалық және геосаяси ықпалдастықтың маңызды платформасына айналып келеді.
Түркістандағы кездесу ортақ тарихи тамыр ғана емес, ортақ стратегиялық мүдде де бар екенін аңғартты. Алдағы кезеңде ұйымның ықпалы артып, түркі кеңістігі Еуразиядағы маңызды интеграциялық орталықтардың біріне айналуы әбден мүмкін.
Түбі бір түркі жұртының бірлігі нығайып, берекесі арта берсін!
Жандар АСАН,
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің бас сарапшысы, арнаулы тілші









