Көлсай өлкесінің қорғанына айналған жаңа бекет

0
142

Көлсайдың көркем табиғатын көмкерген қалың орман мен асқар таулардың арасындағы Саты ауылы бұл күні ерекше серпіліске бөленді. Көкжиекке көз салған жанға тыныштық пен тұмса табиғаттың әсемдігін сыйлайтын мекен енді қауіпсіздіктің жаңа шебімен нығая түсті. Өйткені ел жадында сақталатын маңызды күндердің бірінде, Алматы облысының көркем табиғатымен әйгілі Кеген ауданына қарасты Саты ауылында ел қауіпсіздігі жолындағы елеулі тарихи сәттің бірі орын алды. Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әріновтің қатысуымен еліміздегі 178-ші «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құрылымының жаңа тірек пункті салтанатты түрде ашылды.

Салтанатты іс-шараға Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов, Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Молдахметұлы, жаңа нысанның қысқа мерзімде бой көтеруіне қолдау көрсеткен кәсіпкер Қанат Үскенов, Кеген ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы Қадыр Даурен Ринатұлы бастаған сала өкілдері, мекеме басшылары, ардагерлер мен ауыл тұрғындары қатысты.

Бұл күн Саты ауылы үшін жай ғана жаңа нысанның ашылуы емес, ел бірлігі мен туған жерге деген жанашырлықтың жарқын көрінісіне айналды. Ауыл тыныштығы мен адам өмірінің қауіпсіздігіне деген мемлекет қамқорлығының, ел азаматтарының ортақ жауапкершілігінің нақты көрінісі. Жаңа өрт сөндіру бекеті Саты мен Көрметі ауылдарының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, табиғаттың інжу-маржаны саналатын Көлсай көлдері ұлттық паркінің қорғалу деңгейін жаңа сатыға көтермек. Табиғаты таңдай қақтыратын, жыл сайын мыңдаған турист ағылатын бұл өңір үшін мұндай қауіпсіздік нысанының маңызы айрықша. Әсіресе аптап ыстық пен құрғақшылық күшейетін жаз айларында жедел әрекет ететін ерікті құтқарушылардың болуы тілсіз жаудың алдын алып, тұрғындар мен туристердің алаңсыз тынығуына үлкен кепіл.

– Саты ауылында ашылған «Ауыл құтқарушылары» тірек пункті – Кеген өңірі үшін аса маңызды әрі тарихи бастама. Бұл нысан ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, табиғаты көркем Көлсай өңірінің экожүйесін қорғауға үлкен үлес қосады. Әсіресе жаз айларында туристер саны артатындықтан, өрт қауіпсіздігін күшейту күн тәртібіндегі басты мәселенің бірі.

Мемлекет басшысының халық қауіпсіздігін арттыру жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асып жатқан бұл жоба – ел мен жерге деген жанашырлықтың нақты көрінісі. Осындай игі іске қолдау көрсеткен Төтенше жағдайлар министрлігіне және азаматтық жауапкершілік танытып, демеушілік жасаған кәсіпкер Қанат Үскеновке аудан халқының атынан алғыс білдіремін. Ең бастысы – бұл бекет шалғай ауылдардағы төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Халықтың амандығы мен табиғаттың тұтастығы баршамызға ортақ құндылық, – деп лебізін білдірді Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Молдахметұлы.

«Ауыл құтқарушылары» жобасы ауылдық жерлердегі қауіпсіздік мәдениетін нығайтып, ел азаматтарының туған жерге деген жанашырлығы мен жауапкершілігін арттыратын маңызды бастама. Бұл тірек пункті енді тек өртпен күресетін орын ғана емес, ауыл тыныштығы мен табиғат байлығын қорғайтын сенімді қалқанға айналмақ.

Бұл жоба Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің ауылдық аумақтардағы өрт қауіпсіздігі жүйесін күшейтуге бағытталған арнайы ведомстволық бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отыр. Шалғайдағы елді мекендерді тілсіз жаудан қорғау мақсатында құрылған ерікті өрт сөндіру жасағына мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп, қажетті материалдық-техникалық база толықтай қамтамасыз етілді. Салтанатты шара барысында жаңа бөлімшеге арнайы өрт сөндіру техникасы, заманауи байланыс құралдары, кәсіби өрт сөндірушілерге арналған арнайы киімдер мен жедел әрекет етуге қажетті барлық техникалық жабдықтар табысталды. Бұл ауылдық жерлердегі қауіпсіздік қызметінің әлеуетін арттырып, төтенше жағдайларға дер кезінде ден қоюға мүмкіндік беретін маңызды қадам.

«Ауыл құтқарушылары» жобасының басты мақсаты шалғай елді мекендердегі халықтың қауіпсіздігін күшейтіп, төтенше жағдайларға жедел әрекет ету мүмкіндігін арттыру. Бүгін Саты ауылында ашылған 178-ші тірек пункті – осы бағыттағы жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі. Көлсай секілді табиғаты ерекше, туристер көп келетін өңірлерде қауіпсіздік мәселесі әрдайым басты назарда болуы тиіс. Сондықтан бұл бекет тек ауыл тұрғындары үшін ғана емес, ұлттық парк аумағын қорғауда да маңызды рөл атқарады. Өрттің алдын алу мен оны дер кезінде ауыздықтау табиғатты сақтаудың ең тиімді жолы. Біз ерікті өртке қарсы құрылымдарды дамыту арқылы кәсіби бөлімшелер жеткенше алғашқы әрекет ету уақытын барынша қысқартуға күш салып келеміз. Бұл бастама – мемлекет пен қоғамның ортақ жауапкершілігінің үлгісі. Осындай игі іске қолдау білдірген азаматтарға алғыс айтамын. Халық қауіпсіздігі біздің басты міндетіміз, – деді Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов.

Жаңа өрт сөндіру бекетінің салынуы мемлекет пен бизнестің өзара тиімді әріптестігінің жарқын үлгісі. Ең бастысы, нысан құрылысына бюджеттен бірде-бір теңге жұмсалмаған. Ел қауіпсіздігіне бейжай қарамаған жергілікті кәсіпкер Қанат Үскеновтің қолдауымен ғимарат небәрі 25 күн ішінде бой көтеріп, пайдалануға берілді. Бұл туған жерге деген жанашырлық пен азаматтық жауапкершіліктің нақты көрінісі. Құтқарушылардың тәулік бойы сапалы әрі жедел қызмет атқаруына барлық жағдай жасалған. Ғимарат ішінде шақыртуларды қабылдайтын заманауи диспетчерлік пункт, кезекші құрамға арналған жайлы демалыс бөлмелері, кең асхана, сондай-ақ арнайы техникалар мен өрт сөндіру құралдарын сақтайтын арнайы бокстар қарастырылған. Осындай маңызды бастамалар ауылдық аймақтардың қауіпсіздігін күшейтіп қана қоймай, ел ішіндегі бірлік пен ортақ жауапкершіліктің де айқын белгісіне айналып отыр.

Ауылдың қауіпсіздігі бәрімізге ортақ мәселе. Әсіресе табиғаты көркем, туристер көп келетін Саты ауылы үшін мұндай өрт сөндіру бекетінің маңызы өте зор. Сондықтан осы игі іске аз да болса үлес қосып, ел игілігіне қызмет ететін нысанның бой көтеруіне қолдау көрсету біз үшін үлкен жауапкершілік әрі мақтаныш. Ең бастысы, бұл бекет халықтың қауіпсіздігіне қызмет етіп, табиғатымызды тілсіз жаудан қорғауға септігін тигізсе екен дейміз, – деп пікір білдірді кәсіпкер Қанат Үскенов.

Енді Саты ауылындағы бұл жаңа тірек пункті табиғатты қорғау мен адам өмірін сақтаудағы сенімді қорғандардың біріне айналмақ. Жаңа бекетте жергілікті еріктілерден құралған арнайы жасақ тәулік бойы тапжылмай кезекшілік атқаратын болады . Бұл туған жердің тыныштығы мен табиғаттың қауіпсіздігін өз жауапкершілігіне алған ауыл азаматтарының шынайы жанашырлығының белгісі .Соңғы бір жылдың өзінде Алматы облысы аумағында осындай 12 ерікті өртке қарсы құрылымның ашылуы өңірдегі қауіпсіздік жүйесінің жаңа деңгейге көтерілгенін аңғартады. Төтенше жағдайлар министрлігі атап өткендей, «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасының басты мақсаты кәсіби өрт сөндіру бөлімдері шалғай орналасқан ауылдарда төтенше жағдайларға жедел әрекет ету уақытын барынша қысқарту. Бұл бастама әсіресе табиғатпен етене өмір сүретін ауылдар үшін аса маңызды. Себебі бір сәттік алапат өрт тек орманды ғана емес, бүтін бір экожүйені, ауыл тыныштығын, адамдардың өмірі мен еңбегін қауіпке тігеді. Ал енді Көлсайдай көркем мекеннің қауіпсіздігіне бейжай қарамайтын ерікті жасақтың болуы табиғат байлығын келер ұрпаққа аман жеткізудің нақты кепілі. «Ауыл құтқарушылары» жобасы қауіпсіздік пен жанашырлықтың, елдік пен бірліктің айқын көрінісі. Бұл туған жерге деген құр сөз емес, нақты іспен дәлелденген қамқорлық.

Саты ауылында ашылған жаңа өрт сөндіру бекеті бірліктің, жанашырлықтың және елге деген адал қызметтің айқын белгісі. Мемлекет қолдауы, еріктілердің табандылығы мен азаматтардың туған жерге деген сүйіспеншілігі тоғысқан бұл бастама ауыл қауіпсіздігін күшейтумен қатар, табиғатты қорғаудың да маңызды тетігіне айналып отыр. Көлсайдай көркем өлкенің амандығын күзететін бұл бекет енді тек өртпен күресетін орын емес, халықтың үміті мен сенімін арқалаған қасиетті мекен болмақ. Себебі туған жердің тыныштығын сақтау, әр азаматтың жүрегіндегі ең үлкен жауапкершілік.

ИНДИРА БІРЖАНСАЛ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here