«QAZAQ»-ТЫҢ АНЫҚТАМАСЫ:
Esil University – Қазақстан астанасындағы заманауи, жетекші университет. Оқу орны жоғары интеллектуалдық әлеуетімен, мықты беделімен және жиырма жылдан астам даму барысында қалыптасқан ерекше жұмыс стилімен мақтана алады.
Esil University-дің негізгі мақсаты – білім беру мен ғылыми зерттеулерді біріктіруге негізделген тиімді білім беру жүйесін құру арқылы бәсекеге қабілетті, жоғары білікті мамандарды даярлау.
Университетте білім беру мемлекеттік білім беру гранттарымен, жергілікті атқарушы органдардың гранттарымен және келісімшарт негізінде бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейлерінде қазақ және орыс тілдерінде ұсынылады.
Біздің стратегиялық мақсатымыз – түлектер арасында жоғары табысқа жететін заманауи, мобильді, ықшам (6000 студентке дейін) университет құру.

«ESIL UNIVERSITY СЕРПІНДІ ДАМУЫНЫҢ БАСТЫ КӨРСЕТКІШІ – БІЛІМ АЛУШЫЛАР САНЫНЫҢ ЖЫЛ САЙЫН АРТУЫ»
– Аяпберген Алданайұлы, 1913 жылы Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов сынды Алаш арыстары негізін қалаған «Qazaq» газетіне өзіңіз басқарып отырған іргелі білім ордасының ахуалы турасында кеңірек әңгіме қозғау үшін уақыт бөлгеніңіз үшін шынайы алғысымызды білдіреміз. Ел астанасындағы заманауи үлгідегі оқу орны маман даярлауда басты басымдықты не нәрсеге беріп отыр? Сұхбатымыздың кіріспесін университеттің бүгінгі күнге дейін жеткен жетістіктері жайында әңгімеден бастасақ.
– Рақмет. «Qazaq» газетінің отандық баспасөз тарихындағы орны бөлек. Сондықтан Сіздердің басылымға сұхбат беру мен үшін үлкен мәртебе.
Университеттің тарихы тереңнен бастау алады. 1999 жылы әйгілі Нархоздың елордалық филиалы ретінде іргетасы қаланып, кейіннен Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университеті ретінде елімізге танылды. Ал 2022 жылы жаңа стратегиялық көзқарасқа сай ребрендинг жасалып, Esil University болып өзгердік. Бүгінде Esil University еңбек нарығына экономикалық және цифрлық бағыттар бойынша бәсекеге қабілетті мамандар даярлап отырған жетекші оқу орны ретінде қалыптасып келеді.
Университетіміздің серпінді дамуының басты көрсеткіші білім алушылар контингентінің жыл санап артуы. Мысалы, 2022 жылы студенттер саны 2100-ді құраса, 2023-2024 оқу жылында 2384-ке, 2024-2025 оқу жылында 3243-ке, ал ағымдағы 2025-2026 оқу жылында 4843 студентке жетіп отыр. Біз еңбек нарығының тамырын дөп басып, дәл қазір үлкен сұранысқа ие заманауи мамандықтар мен жаңа біліктілік бағдарламаларын белсенді енгізіп жатырмыз. Біздің басты басымдығымыз сапалы білім мен тәжірибені ұштастыру болып қала береді.
– Ынтымақ ырысқа бастайды, толағай табыстарға жол ашады. Университеттің шетелдің жетекші білім ордаларымен байланысы қандай? Қарым-қатынастар оңтайлы жолға қойылған ба? Қандай бағыттар бойынша бірлесе жұмыс істеп, өзара тәжірибе алмасып жатырсыздар?
– Халықаралық ынтымақтастық – біздің дамуымыздың негізі. Қазіргі таңда Esil University 97 шетелдік серіктеспен тығыз байланыс орнатқан. Бізде студенттерге әлемдік деңгейде білім алуға кең мүмкіндіктер жасалып отыр. Мысалы, Оңтүстік Кореяның Kangnam University, Польшаның University of Economics and Applied Sciences және Францияның College de Paris оқу орындарымен қос дипломды бағдарламаларымыз сәтті жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, ERASMUS+ бағдарламасы аясында Испанияның Valladolid University университетімен, сонымен қатар Венгрия, Түркия, Әзірбайжан және Оңтүстік Кореяның жетекші ЖОО-ларымен академиялық ұтқырлық бағдарламалары жүйелі түрде іске асырылуда.
Ерекше мақтанышпен айта кететін жайт, 2023 жылы Esil University Қазақстанда тұңғыш рет Ұлыбританияның беделді CMI (Chartered Management Institute) халықаралық ұйымымен келісімге келді. Төрт білім беру бағдарламамыз СМІ Recognition мәртебесін алып, студенттеріміз оқу бітіргенде халықаралық деңгейдегі сертификатталған диплом алу мүмкіндігіне ие болды.
– Ғылыми әлеуетті нығайту – бәсекеге қабілетті елдер қатарына енудің басты қадамы. Мемлекет басшысы отандық жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу ұйымдарының алдына ғылыми әлеуетті арттыру мәселесін қояды. Esil университеті кадрлар даярлаудан басқа, сондай-ақ іргелі ғылымның дамуына өз үлесін қосып келе ме?
– Иә, Esil University кадрлар даярлаумен қатар, ғылыми-зерттеу қызметін дамытуға да ерекше мән береді. Бүгінде университеттің ғылыми әлеуетін нығайту бағытында нақты нәтижелер бар. Атап айтқанда, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру және гранттық қаржыландыру аясында жалпы көлемі 3,9 млрд теңгеден астам ғылыми жобалар жүзеге асырылуда. Оның ішінде, жер қойнауын пайдаланушылардың қаражаты есебінен жүзеге асырылатын келісімшарттық тақырыптар бойынша 3,2 млрд теңгеден астам қаражат тартылған.
Ғылымды одан әрі дамыту үшін университет тарапынан жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Профессор-оқытушылар құрамы гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру конкурстарына белсенді қатысуға ынталандырылуда. Сондай-ақ ғылыми инфрақұрылымды жетілдіру, аудиториялық қорды жаңарту, жаңа зертханалар ашу бағытында жұмыстар атқарылуда.
Бұдан бөлек, университет оқытушыларының Scopus және Web of Science сияқты халықаралық дерекқорларда индекстелетін журналдарда ғылыми мақалалар жариялауына жүйелі түрде қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, 2022 жылдың басынан бүгінгі күнге дейін университет ғалымдарының қатысуымен аталған дерекқорларда 250-ден астам ғылыми мақала жарияланды. Сонымен қатар, авторлық куәліктер алу, ғылыми әзірлемелерді тіркеу және зерттеу нәтижелерін тәжірибеге енгізу мәселелері де назардан тыс қалған емес.
Жалпы алғанда, Esil University ғылымды дамытуға, ғылыми әлеуетті арттыруға және отандық жоғары білім мен зерттеу кеңістігінің бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге өз үлесін қосып келеді.


«ESIL UNIVERSITY ТҮЛЕКТЕРІНІҢ ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСУ КӨРСЕТКІШІ ӨТЕ ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ»
– Мемлекет басшысының алға қойған міндетін нәтижелі еңсеру үшін бірқатар істер қайта сарапталып, терең талдау жүргізілді. Ғылымды өркендету үшін кадрлық әлеует жоғары болуы тиіс екендігі белгілі. Бұл тұрғыда жас ғалымдардың алар орны орасан. Университеттегі жас ғалымдардың үлес салмағы қандай және оларды ынталандыру мақсатында қандай игі істер қолға алынуда?
– Біздің профессорлық-оқытушылық құрамымыздың ғылыми әлеуеті айтарлықтай жоғары. Университетте жалпы саны 224 оқытушы еңбек етсе, олардың әрбір екіншісі ғылыми дәрежеге ие. Атап айтқанда, оқу орнында 17 ғылым докторы, 55 ғылым кандидаты және 40 PhD докторы қызмет атқарады. Сонымен қатар, 99 магистр білім беру үдерісі мен ғылыми-зерттеу жұмыстарына өз үлесін қосып келеді.
Жас ғалымдар мен магистранттарды ғылымға тарту үшін университетте заманауи ғылыми-зерттеу инфрақұрылымы қалыптастырылған. Қазіргі таңда оқу орнында 14 ғылыми-зерттеу зертханасы мен 12 оқу зертханасы жұмыс істейді. Соның ішінде Ахмет Байтұрсынұлы және Міржақып Дулатұлы атындағы зертханалар жас зерттеушілердің ғылыми әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды алаңдардың бірі болып отыр. Сонымен қатар, Г. Сейтқасымов, С. Байзақов, А. Нұрымов секілді көрнекті ғалымдардың атындағы арнайы зертханалық кешендер де студенттер, магистранттар мен жас ғалымдардың ғылыми ізденістеріне жол ашуда. Бұдан бөлек, жастарды гранттық жобаларға белсенді тартып, олардың зерттеу жұмыстарына материалдық тұрғыдан қолдау көрсетіп келеміз.
– Түлектерді жұмыспен қамту – оқу орнының басым міндеттерінің бірі. Жұмыс берушілердің университет бітірушілеріне деген сұранысы қандай деңгейде?
– Бұл – біздің ең басты мақтанышымыз. Мемлекеттік зейнетақы төлеу жөніндегі орталықтың ресми мәліметіне сәйкес, Esil University түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші 82%-ды құрайды. Бұл – еліміз бойынша өте жоғары әрі сапалы көрсеткіш.
Біздің түлектер елордамыздың және еліміздің ірі қаржы институттары мен компанияларында еңбек етеді. Олардың қатарында Kaspi.kz, ForteBank, Jusan, Nurbank, Bereke Bank, «Қазақстан темір жолы», «Қазақмыс», Hilton Hotels&Resorts, Kazakh Tourism секілді алпауыт мекемелер мен мемлекеттік органдар бар. Жұмыс берушілер тарапынан біздің түлектерге сұраныс өте жоғары.


«УНИВЕРСИТЕТТЕ ЖАҢА ЖАТАҚХАНА МЕН ЗАМАНАУИ ОҚУ КОРПУСТАРЫ ПАЙДА БОЛАДЫ»
– Жоғары оқу орындары еңбек нарығына бейімделген кадрлар даярлауы тиіс. Бүгінде отандық университеттердің алдына осындай міндет қойылып отыр. Бұл тұрғыда Esil университетінде қандай нақты қадамдар жасалуда?
– Біз теориямен қатар практикаға, цифрландыруға және инновацияға аса мән береміз. Осы мақсатта университетте бірегей ESIL DIGITAL ALLEY (Цифрлық аллея) құрылды. Мұнда студенттердің заман талабына сай білім алуы үшін «Жасанды интеллект зертханасы», «Робототехника және 3D-технологиялар зертханасы», «HIKVISION Lab» оқу зертханасы және «Цифрлық инклюзия орталығы» жұмыс істейді.
Сонымен қатар, қазіргі заманауи маманның бойында digital skills, яғни цифрлық дағдылар болуы шарт. Осы мақсатта бізде ең заманауи құрылғылармен жабдықталған ESIL MEDIA HUB және EdSmart мультимедиялық интерактивті студиясы іске қосылды. Бұл кешендер біздің оқытушыларымыз бен студенттерімізге заманауи контент жасауға, жобаларын мультимедиялық форматта қорғауға және цифрлық технологияларды еркін меңгеруге мүмкіндік береді. Біздің мақсатымыз – түлектеріміздің еңбек нарығында кез келген заманауи құралмен және бағдарламамен еркін жұмыс істей алуы.
– Мемлекет басшысы Үкіметке жатақханалар салу, жоғары білім мен ғылым инфрақұрылымын одан әрі дамыту бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді. Жоғары оқу орындары үшін жатақхана мәселесі – күрмеуі қиын түйткілдің бірі. Esil университетінде студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету деңгейі қандай?
– Иә, инфрақұрылымды кеңейту және студенттерге қолайлы жағдай жасау – университет дамуының маңызды бағыттарының бірі. Бүгінде Esil University-де оқу процесі 2 оқу корпусында жүргізіледі. Университеттің 200 орынға арналған жеке жатақханасы бар. Сонымен қатар, студенттерді орналастыру мәселесін шешу үшін Астана қаласындағы жеке жатақханалармен келісімшарттар жасалып, қосымша 350-ге жуық орын қарастырылған.
Әрине, студенттер саны артқан сайын жатақханаға деген сұраныс та өсіп келеді. Сондықтан біз бұл мәселені уақытша келісімшарттар арқылы ғана емес, ұзақ мерзімді инфрақұрылымдық шешімдер арқылы да реттеуді көздеп отырмыз. Осы мақсатта 350 орынға арналған жаңа жатақхана құрылысы жобалау кезеңінде. Құрылыс жұмыстары биыл басталып, нысанды 2027 жылы аяқтау көзделуде.
Бұдан бөлек, университеттің оқу инфрақұрылымы да кеңейтілуде. Қазіргі таңда ауданы 5000 шаршы метр болатын жаңа заманауи оқу ғимаратының құрылысы жүргізіліп жатыр. Оны осы жылдың күзінде пайдалануға беру жоспарланған. Жаңа ғимаратта заманауи аудиториялар, жеке спорт залы, коворкинг орталығы және студенттердің жан-жақты дамуына арналған қолайлы кеңістіктер болады.
– Рейтинг – бәсекеге қабілеттіліктің көрсеткіші. Университеттердің түрлі рейтингтегі позициясы оның білім кеңістігіндегі орнын айшықтаса керек. Соңғы жылдар белесінде Esil университетінің бұл тұрғыдағы көрсеткіштеріне тоқталып өтсеңіз. Жалпы өзіңіздің рейтингке деген жеке көзқарасаңызды білсек…
– Рейтингке көзқарасым түзу. Бұл сыртқы тәуелсіз бағалау әрі білім нарығындағы шынайы бәсекелестік алаңы. Мен үшін ең басты рейтинг – түлектеріміздің сұранысқа ие болуы мен жұмыс берушілердің алғысы. Дегенмен, ресми көрсеткіштер де біздің дұрыс бағытта келе жатқанымызды дәлелдейді.
Бүгінде Esil University отандық және халықаралық сарапшылар тарапынан жоғары бағаланып отыр. Мысалы, Білім сапасын қамтамасыздандыру бойынша тәуелсіз агенттіктің (IQAA) қорытындысы бойынша еліміздегі үздік гуманитарлық-экономикалық жоғары оқу орындарының алғашқы бестігіне ендік. Ал мамандықтар бөлінісіне келсек, «Маркетинг және жарнама» бағыты бойынша республикада үздік үштікке, ал «Менеджмент» пен «Статистика» саласында төртінші орынға тұрақтадық. Тәуелсіз Аккредиттеу және рейтинг агенттігінің (IAAR) жалпы есебінде де 87 ЖОО ішінде 13-орында тұрмыз.
Бұл сандар біздің жай ғана статистика емес, білім сапасына деген адалдығымыздың және еңбек нарығындағы мықты позициямыздың айғағы.


«ESIL UNIVERSITY ҮЛКЕН СҰРАНЫСҚА ИЕ ЗАМАНАУИ МАМАНДЫҚТАРДЫ БЕЛСЕНДІ ЕНГІЗУДЕ»
– Алғашқы еңбек жолыңыздан бастап күні бүгінге дейін отандық жоғары оқу орындарында түрлі лауазымдарда еңбек етіп, мемлекет пен қоғам дамуына өзіндік үлесіңізді қосып келесіз. Бұл – үлкен тәжірибе. Ал енді университетті жаңа белеске шығару жолындағы жүйелі жоспарыңыз жайында сөз қозғап, болашақ мақсаттар жайында әңгіме өрбітсек.
– Біздің басты мақсатымыз – Esil University-ді Қазақстанда ғана емес, Орталық Азия өңірінде де танымал, цифрлық және академиялық әлеуеті жоғары, халықаралық деңгейдегі кәсіпкерлік университет ретінде дамыту. Осы мақсатта университет инфрақұрылымын кеңейту, шетелдік студенттерді тарту және қос дипломды білім беру бағдарламаларының санын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, біз жастарға тек білім беріп қана қоймай, оларды ұлттық рухта тәрбиелеуді мақсат тұтамыз. Оқу орнымыздағы «Қазақтың бес арысы» бұрышы, Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы атындағы аудиториялар осы мақсатқа қызмет етеді. Міржақып Дулатов айтқандай: «Жалғыз білім үйретуге емес, сонымен бірге жақсы тәрбиені қоса беру керек».
– Аяпберген Алданайұлы, өскен орта, туған жеріңіз турасында ой қозғасақ… Қандай отбасыда өстіңіз, балаң арманыңыз жайында да тілге тиек етіп өтсеңіз.
– Менің туған жерім қасиетті Торғай өңірі, оның ішінде Амангелді ауданы. Бұл топырақ ертеден ел қорғаған Амангелді Иманов, Әліби Жангелдин, сондай-ақ ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы сынды ұлт жанашырларының ізі қалған, рухы сіңген қастерлі мекен. Мен бала күнімнен осы өлкедегі үлкен тәрбиені көріп өстім. Ата-анам өз ортасында тәлім-тәрбиесімен танылған, қарапайым мектеп мұғалімі және есепші қызметін атқарды. Өмір бойы туған өлкесінде еңбек еткен ардагер атамыздың тәрбиесінде болдым. Соның нәтижесінде мектепті Алтын белгімен, ал университетті қызыл дипломмен тәмамдадым. Осы іргелі тәрбие мен білімге деген құштарлық мені ерте жастан ғылым жолына жетеледі. Нәтижесінде 25 жасымда кандидаттық диссертация, 33 жасымда докторлық диссертация қорғадым. Осыдан кейін жоғары білім беру саласында жауапты басқарушылық қызметтерге араласа бастадым.
– Әңгімеңізге рақмет.


ҚЫСҚА ҚАЙЫРҒАНДА:
– Тиімді маман: ол қандай?
– Тиімді маманның бойындағы ең басты қасиет біліктілік пен жауапкершілік. Ол үнемі ізденісте жүретін, өзгерістерге тез бейімделгіш, цифрлық технологияларды жетік меңгерген және өз ісінің нағыз кәсіпқойы. Адам қаншалықты білікті болса да, бойында жауапкершілік болмаса, тиісті міндеттер мен тапсырмалар уақытылы орындалмайды.
– Қазіргі жастардың бойындағы қандай қасиет ұнайды?
– Еркіндік, батылдық, жаңашылдыққа құштарлық және шекарасыз ойлай алу қабілеті. Қазіргі жастар үнемі ізденіс үстінде жүреді. Ең бастысы, олар цифрлық дәуірге өте тез бейімделген. Қазіргі тілмен айтқанда, өте креативті, яғни үнемі дамуға және жаңашылдыққа дайын тұрады.
– Өмірде өз жолын табу үшін ең басты қандай қасиет болуы керек?
– Мақсатқа деген адалдық, еңбекқорлық және ешқашан берілмейтін қайсар мінез. Сонымен қатар, үнемі ізденіс үстінде болу керек. Ізденіс нәтижесінде алған жаңа біліміңді өмірде жүзеге асыра білу маңызды. Және тағы да айтарым жауапкершілік. Өз алдыңдағы, орта алдындағы жауапкершілікті сезінген адамның жолын тағдырдың өзі айқындап береді.
– Достардың көп болуы мүмкін бе?
– Таныстар көп болуы мүмкін, ал шынайы, қиын сәтте табылатын нағыз дос әрқашан санаулы болады. Шын мәніндегі достық – адалдыққа, қамқорлыққа және өзара сенімге негізделеді. Өмірдің әр кезеңінде әртүрлі адамдар жолығуы мүмкін, бірақ шынайы достар балалық шақтан, мектеп пен университет жылдарынан басталады. Сондықтан олардың көп болуы мүмкін емес.
– Болашақтан не күтесіз?
– Еліміздің ғылымы мен білімі өркендеп, жастарымыз әлемдік аренада топ жаратын жарқын күндерді күтемін. Біздің қоғамның жасампаздығы тек үлкен жетістіктер мен дамуға алып келуі тиіс. Мен Қазақстанды әлемдегі ең дамыған, өмір сүруге қолайлы әрі қауіпсіз елдердің қатарынан көрінетініне сенімдімін.
– Адал адам, ол қандай?
– Сөзі мен ісі бір жерден шығатын, ар-ұжданы алдында таза және өзгенің еңбегін бағалай білетін жан. Адал адам өзінің ішкі берік ұстанымдары бар және жауапкершілікті терең түсінетін тұлға. Ондай қасиет пен тәрбие алдымен отбасынан, мектептен басталып, кейін кәсіби қызметте шыңдалады. Ол өз ортасының, отбасының және әріптестерінің алдындағы міндетін адал атқарады.
Сұхбаттасқан: Жандар АСАН












