Болашақты бағдарлаған бес басымдық

0
836
Фото: Ақорда

Дала данышпаны, адамзаттың «екінші ұстазы» атанған Әбу Насыр әл-Фараби «Қайырымды қала тұрғындары» атты әйгілі еңбегінде адамдар ізгі істерде бір-біріне көмектесуі арқылы шынайы бақытқа әрі толағай табысқа қол жеткізетінін айтқан. Шығыс пен Батыс әлемінің үздік жетістіктерін үйлестіріп, өркениеттер тоғысында озық ой айтқан ғибратты ғұламаның қайырымды қала мен қайырымды қоғам туралы ілімі – өте құнды. Ұлы кемеңгердің пайымынша: «Адамдарды бір-біріне көмектесу үшін біріктіретін қала – қайырымды қала, ал бақытқа жету жолында бір-біріне қол ұшын беретін қоғам – қайырымды қоғам».

Егемендіктің елең-алаң шағынан бері елімізде атқарылған елеулі істер бүгінде өз нәтижесін беруде. Осы кезеңде ел еңсесі тіктеліп, әлеуметтің әлеуеті артты, қоғам қуаттанып, мемлекеттік жүйе тұрақтанды. Десе де қол жеткен табыспен тоқтап қалуға болмайды. Заманның жаңарып, дәуірлердің алмасуы – табиғи заңдылық. Қазіргідей дүбірге толы, аумалы-төкпелі әлемде мемлекет іргесінің берік, ел азаматтарының ынтымағы бекем болуы айрықша маңызға ие. Адамзаттың ақылманына айналған әл-Фарабидің де адамдардың бірлікте болуы мен әділеттіліктің салтанат құруын – кемел қоғам құрудың негізі ретінде астын сызып атауы бекер емес.

Ширек ғасырдан астам уақыт бойы дамудың дара жолымен келе жатқан Қазақстан ұлт болып ұйысып, жұрт болып жұмылу арқылы жаңа биік белестерді бағындыруға бет алды.

Күні кеше ғана мемлекетіміздің жоғары заң шығарушы органы – Парламенттің кезекті сессиясы аяқталып, Тәуелсіз Қазақстанның дамуындағы тұтас бір дәуір қорытындыланды. Осылайша, тереңнен тамыр тартқан мемлекеттігіміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Биылғы шілде айынан бастап Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы заңды күшіне енді. Ата заңмен қатар, мемлекеттік билік жүйесі де түбегейлі жаңа сипатқа ие болмақ.

Әділеттілік, тәртіп және тазалық сынды қағидаттарды басты ұстаным еткен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Палаталарының бірлескен отырысында Қазақстанның болашақ даму бағытын айқындайтын бес басым басымдықты жариялады.

МЕМЛЕКЕТТІК БИЛІКТІҢ ЖАҢА АРХИТЕКТУРАСЫ ҚҰРЫЛАДЫ

Президент тоқталған алғашқы мәселе – мемлекеттік биліктің жаңа құрылымын қалыптастыруға қатысты. Қазақстан президенттік республика болып қала береді. Бұған дейін бұл жайт төңірегінде қоғамды пікірталастар өрбіп, біраз жорамалдар айтылған болатын. Десе де Президент – мемлекеттің ең жоғары лауазымды тұлғасы болып қала бермек. Ол Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы, барлық құқық қорғау органдарының басшыларын тағайындайды, елдің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайды, Қазақстан атынан халықаралық аренада өкілдік етеді.

Алдағы уақытта парламенттік жүйені одан әрі трансформациялау тетіктері іске қосылып, бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса бермек. Алғаш рет шақырылатын Құрылтайдың алдында барлық бюрократиялық рәсім түріндегі кедергілерді жою, заң шығару ісінің жеделдігі мен сапасын арттыру сынды міндеттер тұр. Сондай-ақ құрылтайшылар жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуірінде қарқынды жұмыс істеуге тура келеді. Бұл – өте маңызды. Мемлекет басшысы айтқандай, Қазақстанның жаһандық бәсекеге қаншалықты дайын екені осыдан көрінеді.

«Жаңадан сайланған депутаттар заң шығару ісінде болжамды сараптамаға, Үлкен дерекқорды басқару арқылы кез келген шешімнің экономикалық салдары мен әлеуметтік тәуекелдерін модельдеуге баса мән беруі керек. Маңызды заң жобаларын сарапшылармен және жауапты қоғам белсенділерімен бірге талқылаған жөн. Цифрлық құралдарды пайдалану қажет. Бұл пікірталасқа қатысушылар санын көбейтіп, мәселені нағыз қоғамдық талқыға салуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Президент.

Құрылтай жалпыұлттық деңгейдегі ашық диалог алаңы ретінде қызмет етіп, қоғамды толғандырған өзекті мәселелерге дер кезінде әрі егжей-тегжейлі назар аударуға басты назар аударатын болады.

Мемлекет басшысы жаңадан құрылатын Халық кеңесінің рөлі турасында да атап өтті.

Осы орайда айта кетерлігі Қазақстан Халық Кеңесі мәслихаттардың, қоғамдық кеңестердің, сарапшылар алаңы мен азаматтық қоғам ұйымдары өкілдерінің басын біріктіреді. Бұрын Қазақстан халқы ассамблеясына тиесілі болған қызметтік міндеттер енді Халық Кеңесіне өтеді. Осылайша, құрылым форматы өзгергенімен, жалпыұлттық бірлігіміздің мәні ішкі саясатымыздың маңызды бағыты ретінде сақталады.

«Халық Кеңесі – тарихымызда алғаш рет конституциялық деңгейде құрылған диалог алаңы. Көпұлтты және әралуан Қазақстанымыздың символы. Бұрын шашыраңқы болған құрылымдар заң шығару бастамасын көтеру құқығына ие болатын Жоғары консультативтік органның аясына бірігеді. Демек халықтың үніне құлақ асу мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігіне айналады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жалпы алғанда, Қазақстанда жүргізілген реформалардың ең басты нәтижесі – азаматтардың маңызды мемлекеттік шешімдерді қабылдау үдерісіне қатыса алуы. Бұл тұжырым – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының басты мақсаты.

Соңғы жылдары елімізде азаматтардың маңызды мемлекеттік шешімдерді қабылдау үдерісіне қатыса алуы ең маңызды нәтижеге айналды. Мұны мемлекеттік басқару жүйесіндегі нақты қадамдар дәлелдейді. Атап айтқанда, референдумдар өткізу арқылы ел тағдырына әсер ететін негізгі мәселелер бойынша халықтың тікелей дауыс беру тетігі қайта оралды, «eOtinish» платформасының енгізілуі – азаматтардың өтініштерін тікелей мемлекеттік органдарға жолдауға және шешім қабылдау процесіне араласуға мүмкіндік береді.

Барлық саяси өзгерістер мен жаңғырулардың түпкі мақсаты – азаматтардың әл-ауқатын арттыру және өңірлердегі тұрмыс сапасын жақсарту.

«ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКАҒА ЖАҢА КӨЗҚАРАС КЕРЕК»

Екінші мәселе – Қазақстан экономикасын жаңа үлгіге көшіру. Соңғы жылдары ұлттық экономика саласында оң ілгерілеу байқалады. Мәселен, Жалпы ішкі өнім ел тарихында алғаш рет 300 миллиард доллардан асты. Оның жан басына шаққандағы үлесі 15 мың доллардан асып, 2019 жылдан бері бір жарым есе артты. Бұл – Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдері арасындағы ең жоғары нәтиженің бірі.

Инфляция бағамы да төмендеп келеді. Ресми деректерге сүйенер болсақ, биылғы бес айдың қорытындысы бойынша оның деңгейі 10,4 пайызға дейін түсті.

«Қазақстанның қаржы жүйесі тұрақты. Ұлттық валютамыз да өз тұғырында нық тұр, сыртқы қауіп-қатерлерден сенімді түрде қорғалған деп айтсақ, қате болмайды», – деп атап өтті ел Президенті.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы индустриялық жоба аясында жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстарға да тоқталды. Қазақстанда көлік, тұрмыстық техникалар, жүк вагондарын, құрылыс материалдарын және басқа да сапалы өнімдер шығаратын заманауи зауыттарды ашу қарқындаған. Тек 2023-2025 жылдардың ішінде 540 индустриялық жоба жүзеге асырылған. Олардың жалпы құны 3,7 триллион теңгені құрайды. Алдағы екі жылда тағы 200-ден астам өндіріс орны іске қосылмақ. Осы мақсатқа шамамен 3 триллион теңге инвестиция тартылады.

«Бұл – қазынаға түсетін салық көлемі артады, өндіріске озық технологиялар енгізіледі және ең бастысы, жаңа жұмыс орындары ашылады деген сөз. Іске қосылған жобалардың арқасында қазірдің өзінде 50 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны пайда болды. Қалған жобалар жүзеге асқан соң тағы 20 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылады», – деді Президент.

Бұдан бөлек, отандық кәсіпкерлерді қолдау, тұрғын үй құрылысы, таза ауыз сумен қамтамасыз ету, отандық фармацевтика, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерін қолдау бағытындағы ауқымды іс-шараларға тоқталды. Әсіресе, Мемлекет басшысы Қазақстанға тартылған тікелей шетел инвестицияның қазіргі ахуалына кеңінен маңыз берді.

Былтыр Қазақстанға тартылған тікелей шетел инвестициясының көлемі 14 пайызға артып, 20 миллиард доллардан асты. Ең бастысы, капитал негізінен өңдеу өнеркәсібі, көлік-логистика, қаржы және цифрлық инфрақұрылым сынды маңызы зор салаларға бағытталуда.

ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ДАМЫТУ ҮШІН АУҚЫМДЫ ҰЛТТЫҚ ЖОБА ІСКЕ АСЫРЫЛАДЫ

Еліміздің энергетикалық және инфрақұрылымдық негізін нығайту – маңызды міндеттердің қатарында. Қазақстан ауқымды экономикалық трансформация алдында тұр. Алайда жаңа экономикалық үлгіге қадам басу үшін ең алдымен елдің «жүйке жүйесі» саналатын – энергетика, инженерлік желілер мен көлік-логистика инфрақұрылымын ретке келтіру қажет. Осы мақсатта елімізде теңдесі жоқ ауқымды Ұлттық жоба іске қосылмақ. Жобаның басты ерекшелігі – нысандарды түбегейлі жаңғырту. Ауқымды істің қаржылық ауқымы да зор. Тек биылдың өзінде бюджеттен 1 триллион теңгеден астам қаражат бөлінеді. Бұл қадам мемлекеттің стратегиялық салаларды дамытуға деген нақты бекінісін көрсетеді.

Еліміздің энергетика саласына да үлкен трансформация жасалуда. Үкіметтің соңғы мәліметтеріне сүйенсек, Қазақстанның энергетикалық теңгерімдегі «жасыл» қуаттың үлесі тұрақты түрде өсіп, 7 пайызға жеткен. Экономиканың өсу қарқыны тоқтамайтынын ескерсек, алдағы жылдары энергияға деген қажеттілік тек арта түспек. Осы өсімді жабу үшін 2029 жылға дейін елімізде 13 гигаваттан астам жаңа қуат көзі пайда болады.

«Алдағы үш жылда Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жоғары экологиялық стандарттарға сай келетін технологияларды пайдаланатын үш жылу электр станциясын салуымыз керек. Мұны созуға болмайды. Әйтпесе істен гөрі сөз көбейіп кетті», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Еліміздегі автокөлік жолдарының сапасын жақсарту міндеті де назарға алынып отыр. Былтыр 13 мың шақырым автокөлік жолын жөндеу жұмысы басталды. Оның 6 мың шақырымы қолданысқа берілді. Мұндай ауқымды жұмыс ел тарихында бірінші рет жасалды. Келесі жылы автокөліктерді өткізу бекеттерін жаңғырту ісі аяқталуы керек.

Елімізде автокөлікпен жүк тасымалдау ісі теміржол саласымен иық тірестіретін деңгейге жетті. Бес жыл ішінде тасымалданған жүк көлемі екі есе еселеніп, 6 миллион тоннаға бір-ақ секірді. Мұны кіріс те растайды. Атап айтқанда, былтыр автокөлік тасымалынан түскен табыс 1,5 триллион теңгеге жетіп, теміржол саласының кірісімен теңесті. Бұл фактілер отандық автокөлік тасымалының экономикалық әлеуеті орасан зор екенін айғақтайды.

ЖАҢА ДӘУІРДІҢ ЖАҢА ЕРЕЖЕЛЕРІ ҚАНДАЙ?

Қазақстанның алдында тұрған басты мақсаттың бірі – толыққанды цифрлық мемлекет құру. Бүгінгі таңда жоғары технологиялар мен цифрлық трансформация мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын басты факторға айналды. Бұл бағытта Қазақстан тек заман ағымына ілесіп қана қоймай, жаһандық деңгейде көш бастап келеді.

Ел дамуының жаңа белесінде Конституцияға енгізілген өзгерістер азаматтардың киберкеңістіктегі дербес деректерін қорғауға толықтай құқықтық кепілдік берді. Сала мамандарының пікірінше, бұл қадам – шын мәніндегі «Цифрлық Қазақстанды» құрудың негізгі әрі ең басты алғышарты.

Осы берік құқықтық негізге сүйене отырып, мемлекет әлемдік тәжірибеде сирек кездесетін батыл қадамдарға барды. Нәтижесінде, Қазақстан мүлдем жаңа сипаттағы Цифрлық кодекс пен арнайы «Жасанды интеллект туралы» Заңды қабылдаған жаһандағы алғашқы елдердің біріне айналды. Бұл тарихи шешім толыққанды Цифрлық ел болу үшін заманауи инфрақұрылымдық және заңнамалық базаны толық қалыптастыруға мүмкіндік берді. Ең бастысы, бұл жай ғана қағаз жүзіндегі жоспар емес.

Бүгінде еліміз «Үкіметтің жасанды интеллектіге дайындық индексіне» сәйкес Орталық Азияда алдыңғы қатарда тұр. Бірақ бұл – үлкен жолдың басы ғана. Алдағы ауқымды жұмыстың негізгі бағыт-бағдары «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясында айқындалды.

Дегенмен жасанды интеллект мол қуат пен есептеу кеңістігін қажет етеді. Дәл осы себепті «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабы» мегажобасын қолға алудың мәні зор. Аталған жоба әлемдегі жетекші BigTech-корпорацияларды тартатын жойқын гравитациялық алаңға айналады.

«Қазір Жаңа Жібек жолының жоғары технологиялық хабы ретінде еліміздің цифрлық дербестігінің іргесі қаланып жатыр. Бұл ретте ең қуатты компьютерлерде, озық дата-орталықтарда жұмыс істейтін маман болмаса, қаржы желге ұшатынын ұмытпауымыз керек. Сондықтан болашақ архитекторлары мен бағдарлама әзірлеушілерін мектеп партасынан бастап даярлауға кірістік», – деді Мемлекет басшысы өз сөзінде.

Қазіргі күнде Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығының жанынан екі инновациялық мектеп ашылды. Осы оқу жылында Жасанды интеллект университеті ашылады. Бұл – аталған салаға маман даярлайтын Орталық Азиядағы тұңғыш арнаулы оқу орны болмақ.

Ел Президенті атап өткендей, цифрлық трансформация дегеніміз – жоғарыдан төмен қарай барлық басқару тармақтарын, тіпті халықтың басым бөлігін қамтитын ашық әрі қарқынды үдеріс. Қазірдің өзінде жоғары лауазымды басшылардан бастап ауыл әкімдеріне дейін он мыңдаған мемлекеттік қызметші осы салалық білім беру бағдарламасына қатысып жатыр.

«ҚҰБЫЛҒАН ӘЛЕМ ЖАРЫСЫ, АҚЫЛДЫ ЖАННЫҢ ТАБЫСЫ»

Адам капиталын дамыту – еліміз үшін ең басым бағыттың бірі һәм бірегейі.

«ХХІ ғасырда шикізатқа немесе халық санына ғана сеніп отыра беруге болмайды. Мұндай ұстаным кез келген мемлекетті жарға жығады. Мен бұл туралы үнемі айтып келемін. Қазір де қайталаймын: инфляцияға тәуелді емес бір ғана капитал бар: бұл – адам әлеуетінің сапасы», – деп Президенттің атап өтуі бұл мәселенің қаншалықты маңызды екенін айғақтайды.

Қазақстан – әлеуметтік салаға айрықша мән беріп, жүйелі әрі байыпты саясат жүргізіп келе жатқан әлемдегі аз ғана мемлекеттің бірі. Биылдың өзінде осы стратегиялық мақсатқа 19 триллион теңгеден астам қаржы бөлу жоспарланып отыр. Бұл – мемлекет бюджетінің жартысынан көбі.

Елімізде іске асырылып жатқан конституциялық реформалар қағаз жүзінде ғана емес, әрбір қазақстандық отбасының әл-ауқатын арттыруда нақты көрініс тауып отыр. Осы бағыттағы ең батыл да әділетті қадам – жер қойнауындағы табиғи байлықты ел азаматтарының бастапқы капиталы ретінде заңды түрде бекіту болды.

Айта кетерлігі, Қазақстан – мұндай бірегей әрі ауқымды бастаманы батыл іске асырған аймақтағы тұңғыш мемлекет. Бұл жасампаз қағидаттың іс жүзіндегі айқын дәлелі ретінде «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын атауға болады. Ұрпақ болашағын басты орынға қойған бұл жобаның тиімділігі бүгінде өте жоғары екенін уақыттың өзі дәлелдеді. Нақтырақ айтсақ, небәрі үш жылдың ішінде еліміздегі 6,5 миллион баланың арнайы есепшотына 2,3 миллиард АҚШ доллары көлеміндегі орасан зор қаражат тікелей аударылды. Мемлекеттің бұл қадамы – өскелең ұрпақтың сапалы білім алып, баспаналы болуына жасалған ең берік іргетас.

Соңғы үш жылдың ішінде ғана республика бойынша 584 заманауи мектеп пайдалануға берілді. Ең бастысы, бұл оқу орындарының әрбір үшіншісі инновациялық үлгідегі «Келешек мектептері» бірегей жобасы аясында бой көтерген. Мектеп құрылысының қарқыны биыл да бәсеңдемейді. Жыл соңына дейін тағы 84 жаңа білім ошағы есігін айқара ашпақ.

Мемлекеттің аймақтарды дамыту саясатына сай, бұл мектептердің жартысынан астамы дәл ауылдық жерлерде салынып жатқаны қоғам үшін ерекше маңызға ие.

Біліммен қатар, отандық медицина саласы да сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтерілді. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2019 жылдан бері елімізде шамамен 1300 жаңа денсаулық сақтау нысаны бой көтеріп, халыққа қызмет көрсете бастады. Осындай кешенді қолдау мен медициналық қызмет сапасының артуының арқасында отандастарымыздың орташа өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жуықтады. Дүниежүзілік банктің ресми мәліметіне сәйкес, бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан өз аймағында оқ бойы озып, көш бастап тұр.

Реформаның ең басты көрсеткіші – маман иелерінің еңбекақысын жүйелі түрде өсіру. Соңғы үш жылдың ішінде атқарылған ауқымды жұмыстардың нәтижесінде елімізде 1,2 миллионнан астам әлеуметтік сала қызметкерінің жалақысы 50 пайыздан 100 пайызға дейін артты. Бұл – мемлекет тарапынан қоғамға қызмет ету жолын таңдаған азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған нақты әрі маңызды қолдаудың айқын дәлелі. Мұндай қадамдар болашақта да жалғасын тауып, саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыра түспек.

ТАҒДЫРШЕШТІ КЕЗЕҢ

Тарих сахнасында кез келген мемлекеттің даму бағытын түбегейлі өзгертетін, ұлт тағдырына тікелей әсер ететін айрықша сәттер, тағдыршешті кезеңдер болады. Бүгінгі Қазақстан дәл сондай тарихи оқиғаның ортасында тұр. Еліміздің Жаңа Конституциясының заңды күшіне енуі – мемлекеттігіміздің тарихындағы жаңа дәуірдің бастауы. Бұл – мемлекеттің құқықтық жүйесін жаңғыртып қана қоймай, ұлт тағдырына, оның болашақ даму бағытына тікелей ықпал ететін айрықша тарихи оқиға. Тұғырына қонған Ата заңымыз еліміздегі аса ауқымды қоғамдық-саяси үдерістердің сапалы әрі жүйелі жүруіне берік құқықтық негіз қалады. Бұл ретте қоғамда орын алып жатқан түбегейлі әрі серпінді өзгерістердің негізгі қозғаушы күші – Қазақстан халқы екенін уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Ел азаматтары мемлекет тағдыры сынға түскен кез келген шешуші сәтте саяси белсенділік танытып, Отан болашағы үшін дұрыс әрі сауатты таңдау жасауға қабілетті екенін айқын көрсетті. Мұндай жасампаз қасиет – жауапкершілік жүгін сезіне білетін, ішкі бірлігі бекем, рухы асқақ және құқықтық мәдениеті биік ұлттарға ғана тән қасиет.

Жандар АСАН,
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің бас сарапшысы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here