Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында ағартушы-педагог, жазушы, этнограф, қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсарыұлының туғанына 185 жыл толуына арналған «Ағартушылықтың алтын діңгегі» атты тақырыптық көрме ұйымдастырылды.

Көрменің мақсаты – Ыбырай Алтынсарыұлының бай рухани мұрасын насихаттау, оның ұлттық білім беру мен мәдениет тарихындағы ерекше орнын айқындау, сондай-ақ жас ұрпақтың тарихи сана-сезімін қалыптастырып, рухани құндылықтарға деген қызығушылығын арттыру.
Көрмеге Ыбырай Алтынсарыұлының өмірі мен шығармашылығына, ағартушылық қызметіне, педагогикалық көзқарастары мен ғылыми мұрасына қатысты сирек басылымдар мен архивтік деректерге байланысты 17 еңбек қойылды.
Алғашқы экспозицияда Ыбырай Алтынсарыұлының қолжазба мұрасы №354 «Рукопись И. Алтынсарина» атты архивтік материал (сейф қорында сақталған) көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар ағартушының ислам діні негіздерін түсіндіруге арналған «Шәрәйт-ул-Ислам (Мұсылманшылықтың тұтқасы)» еңбегінің 1884 жылы Қазан қаласындағы Университет баспаханасында араб графикасымен жарық көрген сирек басылымы (инв. №10026) қойылса, көрменің маңызды жәдігерлерінің қатарында 1899 жылы Санкт-Петербургте басылған «Мактубат. Қазақ тіліндегі хрестоматия» кітабы (инв. №9747) мен Ыбырай Алтынсариннің қазақ балаларына орыс тілін үйретуге арналған алғашқы әдістемелік еңбектерінің бірі саналатын «Начальное руководство к изучению киргизов русскому языку» атты оқулығының 1879 жылы Орынборда жарық көрген түпнұсқа басылымы (инв. №9856) ұсынылды.
Экспозицияның екінші бөлімінде Ыбырай Алтынсарыұлының ғылыми, этнографиялық және педагогикалық мұрасын жан-жақты танытатын басылымдар қойылды. Мәселен, экспозицияда Ыбырай Алтынсарыұлының қазақ балаларына арналған тұңғыш оқулықтарының бірі саналатын «Киргизская хрестоматия» («Қазақ хрестоматиясы») кітабының 1879 жылы Орынбор қаласында И.И. Евфимовский-Мировицкий баспаханасында жарық көрген бірінші басылымы (шифр: 894.342 А-528, инв. №142341, сейф қоры), сонымен қатар, ағартушының қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті мен әдет-ғұрыптарын ғылыми тұрғыдан сипаттаған «Очерк обычаев при сватовстве и свадьбах у киргизов Оренбургского ведомства» атты этнографиялық еңбегі (Орынбор, 1870; шифр: 392 А-528, инв. №15314) орын алды.
Көрменің екінші экспозициясында Ыбырай Алтынсарыұлының ұстазы әрі көрнекті шығыстанушы-ғалым Николай Ильминскийдің «Воспоминания об Алтынсарине» атты 1891 жылы Қазан қаласында жарық көрген естелік кітабы (инв. №9750, сейф қоры) оқырман назарына ұсынылды. Сондай-ақ, экспозицияға Орынбор Императорлық орыс географиялық қоғамы бөлімінің «Записки Оренбургского отдела ИРГО» жинағының алғашқы шығарылымында жарияланған Ыбырай Алтынсарыұлының «Очерк обычаев при похоронах и поминках у киргизов Оренбургского ведомства» атты зерттеу еңбегі (Орынбор, 1870. – Б. 117–122) қойылды. Бұл еңбек қазақ халқының жерлеу және ас беру дәстүрлерін ғылыми тұрғыдан сипаттаған алғашқы этнографиялық зерттеулердің бірі саналады.
Экспозицияның үшінші бөлімінде Ыбырай Алтынсарыұлының шығармаларының советтік кезеңде жарық көрген басылымдары ұсынылды. Атап айтқанда, тұлғаның 1935 жылы Алматы қаласында Қазақстан көркем әдебиет баспасынан жарық көрген «Өлеңдер жыйнағы» атты еңбегі (шифр: 894.342 А-46, инв. №11823), Қ.Жармағамбетов құрастырған «Кел, балалар, оқылық!» атты бастауыш мектеп оқушыларына арналған кітаптың 1948 жылғы басылымы (шифр: 894.342 А-46, инв. №11822) орын алды. Аталған жинақта Ыбырай Алтынсариннің балалар әдебиетіне арналған шығармалары мен тәрбиелік мәні зор мәтіндері топтастырылып, жас ұрпақты білімге, еңбекке және адамгершілікке тәрбиелеу мақсаты көзделген. Сондай-ақ, көрмеге Д.Әбілов, Ә.Тоқмағамбетов және А.Балғынбаев құрастырған «Таңдамалы шығармалары» атты жинақтың 1943 жылы Алматы қаласында Қазақтың біріккен мемлекеттік баспасынан шыққан басылымы (шифр: 894.342 А-46, инв. №11599) ұсынылды. Бұл жинақта Ыбырай Алтынсариннің әдеби, педагогикалық және ағартушылық мұрасының таңдаулы үлгілері қамтылып, оның қазақ мәдениеті мен ұлттық білім беру тарихындағы орны айқын көрсетілген.
Экспозицияның төртінші бөлімінде Ыбырай Алтынсарыұлының өмірі мен шығармашылық мұрасын зерттеуге арналған ғылыми және библиографиялық еңбектер қойылды. Атап айтқанда, көрмеге белгілі педагог-ғалым А.С. Ситдықовтың академик Е.Бекмахановтың редакциясымен жарық көрген «Педагогические идеи и просветительная деятельность И. Алтынсарина» атты ғылыми монографиясы (Алма-Ата: Учпедгиз, 1949. – 194 б.; шифр: 371 А-528, инв. №20511) сонымен қатар, экспозицияда 1966 жылы Қазақ ССР-ның А.С. Пушкин атындағы мемлекеттік республикалық кітапханасы (қазіргі ҚР Ұлттық кітапханасы) шығарған «Ыбырай Алтынсарин» атты көмекші әдістемелік-библиографиялық құрал мен Ыбырай Алтынсарыұлының әдебиеттер көрсеткіші ұсынылды. Аталған библиографиялық басылымдарда ағартушының өмірі мен шығармашылығына қатысты жарияланған кітаптар, мақалалар, ғылыми зерттеулер мен архивтік материалдар жүйеленіп, зерттеушілер мен оқырмандарға арналған маңызды анықтамалық дереккөз ретінде дайындалған.
Экспозицияның бесінші бөлімінде Ыбырай Алтынсариннің әдеби және ағартушылық мұрасына қатысты қазақ баспасөзінде жарияланған алғашқы ғылыми-танымдық мақалалар атап айтқанда, көрмеге көрнекті жазушы, қоғам қайраткері Сәбит Мұқановтың «Қазақ әдебиеті һәм Ыбырай» атты мақаласы қойылды. Бұл еңбек «Қызыл Қазақстан» журналының 1924 жылғы №7–9 сандарында (66–78-беттер) жарияланған. Мақалада автор Ыбырай Алтынсариннің қазақ әдебиеті тарихындағы орнына, оның ағартушылық қызметіне және ұлттық жазба әдебиеттің қалыптасуына қосқан үлесіне жан-жақты талдау жасап, оны қазақ мәдениеті мен руханиятының көрнекті өкілі ретінде бағалайды. Сонымен қатар, экспозицияда «Халық мұғалімі» журналының 1940 жылғы №17–18 санында жарық көрген «Ы. Алтынсарин (1841–1889)» атты ғылыми-танымдық мақала (55–61-беттер) ұсынылды. Аталған мақалада ағартушының өмір жолы, педагогикалық қызметі, оқу-ағарту саласындағы реформаторлық идеялары және қазақ қоғамының мәдени-рухани дамуына қосқан үлесі туралы құнды мәліметтер берілген.
Қорытындылай келе, көрме экспозицияларында ұсынылған сирек кітаптар, қолжазбалар, ғылыми зерттеулер, библиографиялық көрсеткіштер мен мерзімді баспасөз материалдары Ыбырай Алтынсариннің көпқырлы тұлғасын жан-жақты танытуға мүмкіндік береді. Экспозицияларда ағартушының төл еңбектерімен қатар, оның педагогикалық, әдеби және этнографиялық мұрасын зерттеуге арналған ғылыми еңбектер мен тарихи дереккөздер қамтылды.
Баршаңызды «Ағартушылықтың алтын діңгегі» атты көрмеге шақырамыз!
Ертай БІЛӘЛ,
Абай атындағы ҚазҰПУ PhD докторанты,
ҚР Ұлттық кітапханасы Сирек кітаптар мен қолжазбалар қызметінің маманы
Гүлжайна МЫРЗАКЕРІМОВА,
ҚР Ұлттық кітапханасы Сирек кітаптар мен қолжазбалар қызметінің маманы









