Ұлтымыздың атын қорлатпайық!

0
1392
Фото: Qazaq1913.com

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің назарына!

«Орыс араққа ғашық, ал арақ қазаққа ғашық» деген әзіл аралас әңгіме бар. Мына сұмдыққа қарап, мен айтар едім:

«Арақ қазаққа қалайша ғашық болмасын, егер сол қазақтар өз ұлтының атын бөтелкенің сыртына жабыстырып шығарып жатса», – деп.

Күлетін емес, жылайтын әңгіме, әрине.

Ұлтымыздың атын қорлатпайық!

Талай отбасының шырқын бұзып, талай азаматты аттан түсірген бұл ащы судың зиянын айтып тауыса алмаспын. Алайда, «айтылмаса, сөздің атасы өледі» дегендей, менің намысыма тиіп, жаныма батқан бір мәселені айта кетейін.

Менің қаламда «Қазақ» деген атаумен арақ шығады. Бұл құрғыр арақты бірнеше жылдан бері көріп жүрмін. Көрген сайын ашуым келеді. Бірақ, қолымда еш құзырет болмаған соң: «Менің дауысым кімге жетеді?» – деп, іштей тынып жүре беретінмін. Бірақ, бүгін супермаркетте өзбек ағайынның «Өзбегім» деген адал сусынын (салқын шай) көрген кезімде қатты намыстанып кеттім. Біз неге өз ұлтымыздың атын солай ардақтамаймыз? Неге біз «Қазақ» деген қасиетті ұғымды қор қылып қойдық?

«Әй, бала, бізде «Қазақстан» деген шоколад та, шай да бар ғой», – деп айтатын шығарсыздар. Иә, бары рас, бұл – қуанарлық нәрсе. Бірақ, «Қазақстан» деген коньяктар да бар ғой. Хош, ол атаулар елімізді әлемге танытып, брендке айналған өнімдердің атауы деп өзімізді жұбатайық. Алайда, неге біз өз ұлтымыздың атын адамзатты қор қылатын шайтанның суына жабыстырамыз? Неге арам сусынға ұлтымыздың атын жазамыз? Неге біз ондай деңгейге түсіп кеттік?

Сол бөтелкенің сыртына ата-анамыздың, руымыздың атын жазып шығарса, қандай күйде болар едік? Ондай кезде ұйықтап жатқан намысымыз оянып, жау тигендей аттандап кетерміз.

Ал енді ұлтымыздың аты жазылған араққа қалайша жайбарақат қараймыз? Қазақ деген – мен, сен, біз емеспіз бе? Қазақ деген – бойымыздағы қанымыз, рухымыз, арымыз, ұятымыз, иманымыз, намысымыз емес пе?

Кешегі жауынгер бабалар қазақ деп ұйқы көрмей, елді жаудан қорғаған жоқ па? Қазақ деген репрессияда атылып кеткен 25 мың зиялымыз емес пе? Қазақ деген кешегі елдің қамын жеген Алаш арыстары емес пе? Қазақ деген 86-да жан берген Қайрат, Ербол, Сәбира, Ләззаттар емес пе?

Ендеше, неге біз қазіргі ұрпаққа «қазақ» деген қастерлі атауды араққа жабыстырып таныстырып жатырмыз?

Осы арақты шығарушы қазақтар мен оны сатып алып ішетін қазақтарда ешқандай ұят, намыс, ұлтына деген сүйіспеншілік жоқ екен.

Кезінде осы «қазақ» деген атауды жоғары ұстаған ұлт зиялылары Орынбордың төрінде ұлт басылымдарының атасына айналған «Қазақ» газетін шығарған жоқ па? Сол «Қазақ» газеті мұқым елдің көзін ашып, жоғын жоқтаған жоқ па? Қазақтың оқығандары мақала жазып, байлары сол газетке мал-дүниесімен жәрдем берген жоқ па?

Ал Сәкен Сейфуллин ұлтымызды «қырғыз» деген атаудан арылтып, «қазақ» деген атауды қайтарған жоқ па?

Ақын Жұбан Молдағалиев:
«Мен – қазақпын, мың өліп, мың тірілген», – деп, рухымызды қайраған жоқ па?
Міржақып Дулатов болса:
«Алыстан “Алаш” десе – аттанамын,
Қазақпын – “Қазақ” десе мақтанамын.
Болғанда әкем – қазақ, шешем – қазақ,
Мен неге қазақтықтан сақтанамын?!» – деп, қазақ екенін мақтан тұтқан жоқ па?

Ал қазір біздерге ұлтымыздың атын қорлайтындай не күн туды? Намыс қайда, ағайын? Ұят қайда?

Ардақты ағайын, ұлтымыздың атын бұлай қорлатып қою намысымызға сын, сүйегімізге таңба емес пе? Біз бұл сорақылықты ел болып тоқтатуымыз керек. Біз бар қазақты арақтан арашалап ала алмасымыз анық, алайда өз ұлтымыздың атын бұл қорлықтан арашалап алуымыз керек!

Жалғыз менің дауысым ешкімге жетпейді. Осы арақпен қыруар ақша тауып отырған кәсіпкер бір адамның айқайына бола арам судан ұлтымыздың атын алып тастамасы анық. Біз өкіметке уәж айтып, аталған араққа шағым түсіруіміз керек. Бұл мәселені депутаттар халықтың атынан қозғауы керек. Баспасөз жарыса жазып, елдің атынан көтеруі керек. Ұлтымыздың атын араққа жабыстыруға заңмен тыйым салдыруымыз керек.

Мен аталған кәсіпорынға осы мәселе бойынша өз шағымымды жолдадым. Бұл жалғыз менің емес, күллі қазақтың шағымы деп білемін. Дегенмен, 23 маусым күні «ГЕОМ» ЖШС басшылығынан жауап хат келді (хаттың көшірмесін редакцияға ұсынамын). Көңіл көншітерлік жауап қайтармады. Өте өкінішті. Ұят жағдай.

Қысқасы, бұлар әбден ойласып, «ақылды» жауап тауыпты. Қысқаша мағынасы былай: «Өкіметіңе салық төлеп, жемсауын толтырып отырмыз. Бізге заңмен тыйым жоқ. Стандартқа сай лицензиямыз бен сертификатымыз бар. Оның үстіне “Қазақ” сөзі қорғалмаған элементтер қатарына жатады, сондықтан алып тастау мүмкін емес», – деген. Жалпақ тілмен айтқанда: «Маған ақша тапсам болды, ар-ұят маңызды емес», – дегендей жауап болды.

Ұялмасаң, білгеніңді істе дейміз. Басқа не дейміз? Бізде қандай дәрмен бар?

Серікбол НАЗАРБЕКҰЛЫ,
Ақтөбе қаласы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here