Домбыра – ұлттық жадымыздың мәңгілік үні. Қазақ халқының рухани әлемінде домбыраның орны ерекше. Ол – халқымыздың музыкалық мәдениетінің ғана емес, тарихи жадының, дүниетанымының және ұлттық болмысының ажырамас бөлігі. Қос ішектен төгілген күй арқылы халқымыздың қуанышы мен қайғысы, елдік мұраты мен ерлік тарихы ұрпақтан ұрпаққа жетіп отырды. Сондықтан домбыраны тек музыкалық аспап ретінде емес, ұлттық кодтың көрінісі ретінде бағалау бүгінгі қоғам үшін маңызды.
Қазіргі музей тәжірибесінде ұлттық мұраны заманауи технологиялармен ұштастыру маңызды бағыттардың біріне айналып отыр. Осы тұрғыдан алғанда, Алматы қаласы музейлер бірлестігіне қарасты Мультимедиалық дәстүрлі музыка орталығы келушілерге дәстүрлі музыканы жаңа форматта қабылдауға мүмкіндік береді. Орталықтағы 3D-голограмма технологиясы арқылы тарихи тұлғалар мен дәстүрлі музыка өнерінің өкілдері көрнекі түрде таныстырылып, келушілердің тарихи оқиғалар мен мәдени құбылыстарды тереңірек сезінуіне жағдай жасалуда. Сонымен қатар, мультимедиалық залда ұсынылатын бейнеинсталляциялар мен арнайы дыбыстық сүйемелдеу арқылы қазақтың күй өнері мен музыкалық мұрасына әсерлі форматта қабылдауға мүмкіндік береді. Мұндай технологиялар дәстүрлі экскурсия мазмұнын байытып қана қоймай, ұлттық өнерді насихаттаудың инновациялық үлгісін қалыптастырып келеді
Мультимедиалық дәстүрлі музыка орталығының тәжірибесі көрсеткендей, цифрлық технологиялар тарихи жәдігерлерді таныстырудың қосымша құралы ғана емес, мәдени мұраны жаңа буынға жақындататын тиімді коммуникациялық алаң болып табылады. Әсіресе, жастар аудиториясы үшін 3D-голограмма, мультимедиалық залмен және визуалды контент арқылы тарихи ақпаратты қабылдауды жеңілдетіп, ұлттық құндылықтарға деген қызығушылықтарын арттырып келеді. Музей саласындағы заманауи экскурсовод – ақпарат жеткізуші ғана емес, ұлттық құндылықтарды насихаттайтын мәдени коммуникатор. Ол тарихи деректерді көркем әңгімелеу әдісімен ұштастырып қана қоймай тарихи деректерге сүйене отырып, келушінің қызығушылығын оятуға мүмкіншілік жасайтын әдіскер. Әсіресе, жастардың тарихи мұраға деген қызығушылығын арттыруда интерактивті тәсілдердің маңызы өте зор. Домбыраның үнін замануи озық 3D технологиялар арқылы тыңдату, күйдің шығу тарихын мультимедиялық форматта көрсету, интерактивті экрандарды пайдалану және виртуалды экскурсия элементтерін енгізу музей қызметінің тиімділігін арттырады.
Ұлттық домбыра күні – музейлер үшін ағартушылық жұмыстарды жаңа мазмұнда ұйымдастыруға мүмкіндік беретін маңызды ұлттық мерекенің бірегейі. Бұл күні музейлік сабақтар, күй тартыстар, челлендждер, шеберлік сағаттары, балаларға арналған танымдық бағдарламалар, квест ойындары, «Домбыраның шығу тарихын білесің бе? » атты тақырыптық экскурсиялар мен цифрлық көрмелер ұйымдастыру ұлттық мәдениетті кеңінен насихаттауға ықпал етеді. Мұндай іс-шаралар жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастырып, ұлттық өнерге деген құрметін арттырады.
Сонымен қатар, осы құндылықты халықаралық деңгейде дәріптеу бағытында Алматы музейлер бірлестігінің директоры Ләззат Құдайбергенқызының басшылығымен музей саласында жаңа реформалар жүргізіліп, жүйелі түрде жұмыстар атқарылып келеді. Алматы қаласы музейлер бірлестігі әлемдік деңгейде халықаралық көрмелер ұйымдастырып, қазақ мәдениеті шетелдік көрерменге кеңінен насихатталуда. Соның айқын дәлелі – қазіргі таңда Қытай Халық Республикасының Шанхай қаласында өтіп жатқан халықаралық көрме. Аталған көрмеде қазақтың қасиетті домбырасынан күмбірлеген күй орындалып, ұлттық аспаптың тарихи, мәдени және рухани құндылығы әлем жұртшылығына таныстырылды. Бұл бастама домбыраны тек қазақ халқының ұлттық мұрасы ретінде ғана емес, адамзаттың ортақ мәдени қазынасының бір бөлігі ретінде дәріптеуге, сондай-ақ ұлттық өнердің халықаралық мәдени кеңістіктегі беделін арттыруға зор ықпал етті.
Ахмет Гүлпия Жұмабекқызы,
Мультимедиалық дәстүрлі музыка орталығының экскурсоводы









