Мәулен Әшімбаев боччадан Қазақстан чемпионатының жеңімпаздарын марапаттады

0
483

Бүгін Астанада боччадан ел чемпионаты өз мәресіне жетті. Бір аптаға жалғасқан сайыс елордадағы Инклюзивті спорт орталығында өтті. Жарыстың салтанатты жабылу рәсіміне Қазақстан бочча федерациясының Президенті Мәулен Әшімбаев қатысып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттады.

Мәулен Әшімбаев биыл чемпионат жоғары деңгейде өткенін және ойындар бәсекеге толы болғанын айтып, әр атлет ерік-жігер мен асқақ рухтың озық үлгісін көрсеткенін тілге тиек етті. Сондай-ақ ол тамаша нәтижелерімен жанкүйерлерге айрықша әсер сыйлағаны үшін барлық қатысушыға алғыс білдірді. Федерация Президенті Мемлекет басшысының қолдауымен бүгінде елімізде параспорт қарқынды дамып келе жатқанына да ерекше назар аударды.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тікелей қолдауымен қазір Қазақстанда инклюзия мәдениетін қалыптастыру және параспорт саласын одан әрі ілгерілету үшін ауқымды жұмыс атқарылып келеді. Боччадан осындай іргелі жарыстардың тұрақты әрі жүйелі түрде өткізілуі соның бір нәтижесі екені анық. Жыл өткен сайын ел чемпионатына қатысушылар қатары артып отыр. Сондай-ақ әр өңірде боччамен айналысушылар саны көбейіп, олардың ұлттық деңгейдегі жарыстарға жолдама алуы да жиілей түскенін атап өткен жөн. Сіздер өздеріңіздің қажыр-қайраттарыңызбен спортта ешқандай шекара болмайтынын және еселі еңбек әрдайым жеңіске жетелейтінін тағы бір мәрте дәлелдеп бердіңіздер. Сондықтан барша спортшыларға және сайыстың осылай жоғары деңгейде өтуіне үлес қосқан төрешілерге, жаттықтырушылар, ата-аналар мен жанкүйерлерге және серіктестерге Федерацияның атынан зор алғысымызды білдіреміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Жалпы, биыл дүбірлі доданың географиясы кеңейіп, оған елдің 16 өңірінен 127 спортшы қатысты. Олар төрт спорттық санаттары бойынша өзара мықтыны анықтады. Осы орайда аталған сайыста 24 атлет алғаш рет бақ сынағанын айта кеткен абзал. Мұндай көрсеткіштер паралимпиадалық боччаның өңірлерде қарқынды дамып келе жатқанын және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың спортпен жүйелі түрде айналысуға деген қызығушылықтары артып отырғанын білдіреді.

Биылғы бәсекеде BC1 санатында ерлер арасында Жетісу облысының спортшысы Қуаныш Асқарбеков чемпион атанса, әйелдер арасында Алматы қаласының өкілі Алина Карамышева жеңіске жетті. BC2 санатында ерлер сайысында Маңғыстау облысының спортшысы Азамат Аманша бірінші орынды иеленсе, әйелдер арасында Астана қаласының өкілі Итиана Шыңғысханова топ жарды. Сондай-ақ BC3 санатында ерлер арасында Батыс Қазақстан облысының спортшысы Ринат Қалмияровқа, әйелдер арасында Жамбыл облысының өкілі Дилафруз Махмадулоеваға тең келер ешкім болмады. Ал BC4 санатында ерлер арасында Түркістан облысының спортшысы Розахмет Валиев жеңімпаз болса, әйелдер арасында Алматы қаласының өкілі Ақзияш Таубалдиева жеңіс тұғырынан көрінді.

Айта кетейік, жарыс қорытындысы бойынша халықаралық деңгейдегі алдағы сайыстарға қатысу үшін боччадан Қазақстан ұлттық құрамасы жасақталады.

Қазақстан бочча федерациясы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here