Тәуелсіздік – тағдыр сыйлаған ең ұлы бақ

0
155
Фото: egemen.kz

Қазақстан, пай-пай, пай, ардағым-ай,

Сен менің Шолпанымсың жанған ұдай.

Өзіңде өмір сүрген қандай бақыт,

Өлмейтін махаббатым, арманым-ай. Ақын Мұқағали Мақатаев туған жерге деген шексіз сүйіспеншілігін осылай жырға қосты. Расында да, адам баласы үшін туған Отаннан қымбат, туған жерден қасиетті ұғым жоқ. Сол қасиетті мекеннің тәуелсіз аспанында еркін тыныстап, азат елдің азаматы атану әр қазақтың маңдайына жазылған ең үлкен бақ. Биыл Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасқанына 35 жыл толып отыр. Бұл тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен, ұлт тағдыры үшін ғасырларға татитын кезең. Азаттықтың ақ таңы өздігінен атқан жоқ. Ол  сан ғасыр бойы елдігін аңсаған бабалардың арманы, қанымен жазылған тарихы, ұрпаққа аманат болған қасиетті мұраты.

Қазақ даласы небір ауыр кезеңдерді бастан өткерді. Жер үшін болған шайқастар, елдіктің сынға түскен сәттері, ат тұяғы дүбірлеген майдандар, найза мен қылыштың сартылы бәрі осы қасиетті даланың шежіресіне айналды. Халқымыз ашаршылықтың қасіретін де көрді, қуғын-сүргіннің зардабын да тартты. Соғыс жылдарының ауыртпалығын көтерді. Талай зобалаңды бастан кешіріп, «Елім-ай» деп еңіреген күндер де болды. Алайда қандай сын сағат туса да қазақ халқының рухы сынған жоқ. Намысын қолдан берген жоқ, елдігін жоғалтпады. Ұрпағына жерін аманаттап, мемлекетінің іргесін сақтап қалды. Қайсарлық пен бірліктің арқасында бүгінгі бейбіт өмірге жетті.Сондықтан оны сақтау, нығайту, келешек ұрпаққа аман жеткізу  әрбір азаматтың қасиетті борышы. Егемендіктің тұғыры биік болуы үшін елдің ынтымағы мен бірлігі, татулығы мен тұрақтылығы бәрінен қымбат.

Бүгінде мемлекетіміздің дамуы, халқымыздың әл-ауқатының артуы, Қазақстанның әлемдік қауымдастықтағы беделінің нығаюы – тәуелсіздіктің нақты жемісі. Елдің болашағын баянды ету, экономиканы дамыту, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту, Қазақстанды әлемдегі ең дамыған мемлекеттердің қатарына қосу жолында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған реформалардың түпкі мақсаты да  елдің тұрақты дамуы мен халықтың әл-ауқатын арттыру. Қазақстан  бүгінде жүзден астам этнос өкілдері бір шаңырақ астында татулық пен келісімде өмір сүріп жатқан мемлекет. Бұл бейбітшілік пен өзара сыйластықты басты құндылық санаған халқымыздың кемел болмысының айқын көрінісі. Бірлік бар жерде  береке бар. Тыныштық бар жерде тұрақты даму бар. Туған Отанның әр таңы  үмітке толы. Әр кеші  бейбіт өмірдің шуағы. Азат елдің көгінде желбіреген Көк Ту халқымыздың рухын асқақтататын қасиетті рәміз. Осы бейбіт күннің, тәуелсіз аспанның қадірін ұғыну әрбір азаматтың перзенттік парызы.Тәуелсіздік бізге тағдыр сыйлаған ең ұлы бақ. Оның бағасын білу  өткенге тағзым, бүгінге жауапкершілік, болашаққа аманат. Сондықтан елдің тыныштығын, халықтың бірлігін, мемлекетіміздің тұғырын нығайту баршамыздың ортақ міндетіміз. Көк байрағы көгімізде мәңгі желбіресін! Қазақ елінің мерейі үстем, еңсесі биік, болашағы баянды болғай. Тәуелсіз Қазақстанның тұғыры әрдайым берік болып, ұрпақтан-ұрпаққа аман жетсін!

Шұғыла Рымжан, Алматы қаласы

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here