Негізгі Заң: жаңа Конституция адам құқықтарын қалай күшейтеді?

0
134
Фото: Аkorda.kz

Елімізде 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституция 1 шілдеден бастап ресми түрде күшіне енді. Жаңартылған Негізгі Заңның басты қағидаттарының бірі – адам, оның өмірі, құқығы мен бостандығы мемлекеттің сөзсіз басымдығы екендігі.

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев жаңа Конституция мемлекеттік құрылымға ғана емес, мемлекет пен азамат арасындағы қатынастар философиясына да әсер ететін ауқымды өзгерістерді бекітетінін айтады.

– Егер бұрын адам құқықтары маңызды құндылықтардың бірі ретінде қабылданып келсе, енді олар Конституцияның бүкіл мәтінінде көрініс тауып, оның негізіне айналды. Адамға бағдарланған және оның құқықтарының басымдығы идеялары Конституцияның өн бойында бар. Олар барлық негізгі қоғамдық институттарға еніп, мемлекет пен азаматтардың бағдарын айқындайды. Негізгі Заң ауқымды конституциялық жаңартудың негіздерін көрсетеді және мемлекеттің одан әрі дамуының іргелі негізі болып табылады, – деп атап өтті Артур Ермекұлы.

Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет Конституцияның кіріспесі адам мен оның құқықтары және бостандығының мүлтіксіз сақталуын тікелей жариялайтыны аса символдық өзгерістердің бірі болды. Конституцияның екінші бөлімінің атауы да өзгерді. Қазір ол «Негізгі құқықтар, бостандықтар мен міндеттер» деп аталады. Атаудың өзі бүкіл конституциялық жүйенің бастапқы нүктесіне айналатын адам құқықтары екенін көрсетеді. Негізгі Заңның жаңа редакциясында өмір сүру құқығы ерекше орын алады. Конституция оны туғаннан бастап әр адамның ажырамас құқығы ретінде бекітеді.

Негізгі Заңның маңызды кепілдіктерінің ішінде кінәсіздік презумпциясының да орны бөлек. Конституция адам сот дәлелдегенге дейін кінәсіз деп саналатынын растайды. Бұл тәсіл азаматтарды қоғамдық айыптаудан қорғайды, сонымен қатар олардың іскерлік және жеке беделін сақтауға ықпал етеді. Сонымен бірге Конституция әділеттілік пен жазаның пропорционалдылығының халықаралық қағидаттарын бекітеді. Ең маңызды кепілдіктердің бірі – сол бір әрекет үшін қайта жауапқа тартуға тыйым салу.

Тағы бір маңызды конституциялық кепілдік – адамның өзіне және жақын туыстарына қарсы куәлік бермеу құқығы. Сонымен қатар, осыған ұқсас қорғаныс діни қызметкерлерге конфессия кезінде алынған мәліметтерге қатысты да қолданылады. Бұл норма азаматтарды өзін-өзі айыптаудан және тергеу барысында болуы мүмкін заңсыз қысымнан қорғауға бағытталған.

Жаңа Конституция сонымен қатар жеке басына қол сұғылмаушылықты қорғауды күшейтеді, әділ сотқа қол жеткізу құқығының қосымша кепілдіктерін бекітеді және сөз бостандығы мәселелерін түбегейлі реттейді. Жеке нормаға сәйкес, сот шешімінсіз адамды тұрғын үйден айыру ғана емес, оны одан шығару да мүмкін емес. Шын мәнінде, Конституция сот кепілдіктерін кеңейтеді және азаматтардың өмірінің ең осал салаларындағы қорғанысын күшейтеді.

Артур Ластаевтың айтуынша, жаңа конституциялық кепілдіктер азаматтарға іргелі құқықтар мен бостандықтардың кең спектрін ұсынады, бірақ оларды заңды және басқа адамдардың құқықтарын құрметтемей жүзеге асыру мүмкін емес.

– Осы новеллалардың барлығы Қазақстан азаматтарына жаңа Конституцияда бекітілген іргелі құқықтар мен бостандықтарға кепілдік берілгенін айғақтайды. Бірақ, оларды пайдалану – үлкен жауапкершілік. Бұл азаматтық жауапкершіліктің жоғары дәрежесін, заңға, қоғамның мүдделеріне және басқа адамдардың құқықтарына құрметпен қарауды білдіреді. Бостандық пен жауапкершілік арасындағы осы тепе-теңдік сақталған жағдайда ғана әділ, құқықтық және гүлденген мемлекет құруға болады. Сондықтан әрбір азамат өз құқығын біліп, қорғап қана қоймай, елдің заңдылығы мен дамуын нығайтудағы өз рөлін түсінуі маңызды, – деп атап өтті 43 жастағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл.

Жаңа Конституция Қазақстан үшін жаңа құқықтық қана емес, саяси жаңғырудың неғұрлым күрделі кезеңін де ашты. Енді Негізгі Заңның нормалары мемлекеттік басқаруда, сот жүйесінде, экономикада және әлеуметтік салада қаншалықты дәйекті түрде қолданылатыны шешуші рөл атқарады. Конституциялық Соттың жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін оны қолдану туралы ресми түсіндірмесі осы үдерістің маңызды бөлігіне айналды. Ол құқықтық айқындықты қамтамасыз етуге, нормаларды біркелкі түсіндіруге және өтпелі кезеңдегі мемлекеттік институттардың тұрақтылығын сақтауға бағытталған.

Заң ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Раиса Орсаеваның айтуынша, жаңа Конституция Қазақстан дамуының жаңа кезеңі басталғанын білдіреді.

– Жаңа кезең дегеніміз – жаңа конституциялық тәртіп, мемлекеттік құрылымның жаңа моделі және нақты ережелер жүйесі. Сондықтан Конституциялық Соттың шешімі нақты сұраққа жауап ретінде ғана емес, сонымен бірге жаңа кезеңнің құқықтық архитектурасының элементі ретінде де маңызды. Осы тұрғыда бұл шешім реформалардың сабақтастығын қолдайды деп айтуға болады. Бұл белгісіздікті болдырмауға көмектеседі, Конституция нормаларының біркелкі қолданылуын қамтамасыз етеді және басталған қайта құрулардың тұрақты құқықтық шеңберде жалғасуына жағдай жасайды, – дейді Раиса Әнуарқызы.

Реформаларды жалғастырудың басты мәні – сенімді нығайту. Азаматтар мәлімделген өзгерістердің іс жүзінде жүзеге асырылып жатқанын көргенде, мемлекетке, заңдарға және институттарға деген сенімі артады. Бұл – ұзақ мерзімді дамудың негізгі шарттарының бірі.

Алда тағы бірнеше маңызды кезең бар. Экономикалық жүйені жаңарту, заңдылықты қамтамасыз ету, әлеуметтік әділеттілікті дамыту және мемлекеттік шешімдердің сапасын арттыру жөніндегі жұмысты жалғастыру қажет. Реформалар құжаттарда ғана емес, азаматтардың күнделікті өмірінде де көрініс табуы керек.

Бүгінде қоғам реформалардың басталуын ғана емес, олардың нақты нәтижесін күтуде. Адамдар өмір сүру сапасының жақсарғанын, әділеттілікті, құқықтық қорғауды, тұрақты экономиканы және дамудың нақты мүмкіндіктерін көргісі келеді. Сондықтан жаңғыртудың қорытынды бағасы оның қарапайым адамның өміріне қаншалықты әсер ететініне байланысты болады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұзақ мерзімді стратегиясы дәл осы мақсаттарға бағытталған. Яғни, азаматтардың әл-ауқатын жақсарту, әділ қоғам құру және экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру – оның негізгі басымдықтары. Сондықтан басталған саяси және экономикалық реформалардың толық аяқталуы Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуының маңызды шарты болып қала береді.

Astana International University Жоғары құқық мектебінің профессоры, заң ғылымдарының докторы, ҚР Конституциялық Соты жанындағы Ғылыми-консультативтік кеңестің мүшесі Арыстан Ақпановтың айтуынша, Конституциялық Сот жұмысының үш жарым жылында 88 нормативтік қаулы қабылданған. Оның үштен бір бөлігі қылмыстық сот ісін жүргізу мәселелеріне қатысты болды. Оларды іске асыру қылмыстық іс жүргізу заңнамасының бірқатар нормаларын Конституцияға сәйкестендіруге және азаматтардың құқықтарын қорғау кепілдіктерін күшейтуге мүмкіндік берді. Ол Конституцияда бекітілген кепілдіктердің жалпыға бірдей танылған халықаралық стандарттарға сәйкес келетінін және тәуелсіз, бейтарап әрі әділ сот жүйесінің негізі ретінде қызмет ететінін атап өтті.

– Жаңа Конституцияны әзірлеу кезінде қолдауға лайық көптеген ұсыныс ескерілді. Олардың ішінде 18-баптың 2-тармағының редакциясына қатысты айтарым бар. Алғашқы редакцияда жеке тұлғаның «супер кепілдіктері» болады, оны алғаш ұстауға тек тергеу судьясының санкциясымен ғана рұқсат етіледі делінген еді. Енді бостандықты шектеуге сараланған тәсіл қолданылатын болады. Соған сәйкес адамды 72 сағаттан артық ұстауға болмайды, – деді ол.

Арыстан Нүкешұлының пікірінше, заңнаманы одан әрі жетілдіру азаматтардың құқықтарын қорғау үшін де, сот төрелігі органдарының тиімді жұмысын қамтамасыз ету үшін де іс жүргізу кепілдіктерін дамытуға бағытталуы тиіс. Сонымен қатар, сарапшы Конституцияның жаңа кіріспесінің ерекше маңыздылығын атап өтті.

Адвокат Григорий Громовтың айтуынша, әлемдік тәжірибені қолдана отырып, уақыт өте келе адвокатураның деңгейі жоғарылайды. Әрине, мұның бәрі азаматтардың құқықтарын қорғауға ықпал етеді, өйткені азаматтар адвокатура институты арқылы тікелей адвокаттарға жүгіне алады. Жалпы, адвокатура институтының дамуына байланысты адамның өзін қорғалған сезінуіне негіз бар. Адвокатура мен прокуратураның теңдігі мәселесі шамамен 20 жыл бойы кәсіби ортада талқыланып келеді. Бүгінде адвокатура тек қызмет көрсету саласы ретінде қабылданады. Алайда жаңа Конституцияның қабылдануы бұл институтты конституциялық деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, «Адвокатура туралы» заңға конституциялық заң мәртебесін беру мүмкіндігі қарастырылуда.

Күшіне енген жаңа Конституция саяси жүйені түбегейлі жаңғыртуды және азаматтардың құқықтық кепілдіктерін нығайтуды көздейді. Жалпыұлттық референдумда Негізгі Заңның қабылдануы билік архитектурасына әсер еткен ауқымды институционалдық өзгерістермен байланысты болды. Атап айтқанда, бір палаталы құрылтай құру, вице-президент институтын енгізу және президенттік басқару нысанын сақтай отырып, адам құқықтарын қорғау тетіктерін күшейту көзделді.

– Өзгерістердің көбі билік жүйесіне әсер еткенін түсіну керек. Яғни, бізде екі палаталы Парламенттің орнына бір палаталы Құрылтай құрылып, вице-президент лауазымы енгізіліп, жоғары мемлекеттік органдарды қалыптастыру тәртібі өзгеруде. Мұндай өзгерістерді бұрынғы Конституцияға жекелеген түзетулер енгізу арқылы жүзеге асырғаннан гөрі, жаңа Конституция қабылдау әлдеқайда дәйекті әрі заңды шешім болды, – дейді Халықаралық қатынастар жөніндегі сарапшы Ілияс Бақтығалиев.

Оның айтуынша, жаңартылған Негізгі Заңның басты мақсаты – мемлекеттік аппаратты басқарудың базалық негіздерін бұзбай, оны ауқымды түрде жаңғырту.

– Мұндағы басты идея – бұрынғы президенттік модельден бас тартпай, мемлекеттік жүйенің өзін түбегейлі жаңарту. Президент шешуші рөлін сақтайды, Құрылтай бақылау өкілеттіктерін кеңейтеді, ал азаматтардың құқықтары бұрынғыдан да толық жазылады. Менің ойымша, бұл – мемлекетті басқару тиімділігін биліктің өзіне қойылатын қатаң талаптармен үйлестіруге бағытталған қадам, – деп атап өтті спикер.

ҚР Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның Төрағасы Жақып Асанов жаңа Негізгі Заң күшіне енгеннен бері Адам құқықтары жөніндегі комиссияның жауапкершілігі едәуір артқанын айтты. Оның пікірінше, комиссия бар проблемаларды талдаудың және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың конституциялық кепілдіктерін жетілдірудің негізгі тетіктерінің біріне айналуда.

– Жаңа Конституция адам құқықтарын қорғау кепілдіктерін едәуір нығайтты. Негізгі Заңда Миранда ережесін бекіту, іс жүргізу кепілдіктерін күшейту, сот арқылы қорғалудың конституциялық тетіктерін жетілдіру сияқты құқықтар мен бостандықтарды қамтамасыз етудің заманауи құқықтық тетіктері дамытылды. Сонымен қатар, Конституция жеке өмірге қол сұғылмаушылық құқығын қазіргі цифрлық шындыққа бейімдеді. Бұл біздің Негізгі Заңымызды басқа елдердің көптеген конституцияларынан ерекшелендіреді. Мұның бәрі Қазақстанның жаңа саяси-құқықтық мәдениетке көшуін көрсетеді. Оның өзегінде адам, оның қадір-қасиеті мен ажырамас құқықтары тұр, – деп атап өтті Жақып Қажманұлы.

Комиссияның жаңартылған құрамының үштен біріне жуығы жаңа мүшелерден құралған. Оның құрамына мемлекеттік органдардың, сот жүйесінің, адвокатураның, құқық қорғау ұйымдарының, ғылыми қоғамдастықтың және азаматтық сектордың өкілдері кірді. Кәсіби тәжірибе мен тәуелсіз сараптаманың мұндай үйлесімі адам құқықтарын қорғаудың өзекті мәселелерін жан-жақты әрі әртүрлі көзқарасты ескере отырып қарастыруға мүмкіндік береді.

Тобықтай түйін

Күшіне енген Конституция мемлекеттік басқару архитектурасын өзгертіп қана қоймай, мемлекет пен азамат арасындағы қарым-қатынастың түбегейлі жаңа философиясын қалыптастырды. Адамның құқықтары мен бостандықтары ең жоғары конституциялық құндылық ретінде бекітілді, ал «Заң мен тәртіп» және «Әділ Қазақстан» қағидаттары мемлекеттік саясаттың іргелі бағдарына айналды.

Жансая ШЫҢҒЫСХАН

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here