Кез келген өркениетті қоғамның даму деңгейі мен тұрақтылығы тек оның экономикалық қуатымен емес, ең алдымен, азаматтарының заңға деген құрметімен өлшенеді. Бүгінгі цифрлық және құқықтық мемлекет құру кезеңінде әрбір адамның өз құқықтары мен міндеттерін білуі – жай ғана қажеттілік емес, қауіпсіз тұрмыстың басты кепілі. Алайда, заң үстемдік ететін орта қалыптастыру үшін мемлекеттік тетіктер ғана жеткіліксіз. Ол үшін әрбір азаматтың бойында жоғары құқықтық мәдениет болуы шарт. Ал кез келген мәдениеттің іргетасы, сөзсіз, қарапайым құқықтық сауаттылықтан бастау алады. Құқықтық сауатсыздық қоғамды қандай тығырыққа тірейді? Әр адам өз құқығын қорғауды қалай үйренуі керек? Бұл мақаламызда осы өзекті сауалдар төңірегінде ой өрбітіп, еліміздегі құқықтық сананың деңгейін талдап көрмекпіз.
ЗАҢ МЕН СОТ АЛДЫНДА БӘРІ ТЕҢ
Жаңа Конституцияда құқықтық мемлекеттің негізгі қағидаттарының бірі – баршаның заң мен сот алдындағы теңдігін және кемсітушілікке тыйым салуды нақты айқындайды. Бұл дегеніміз – әрбір адам тегіне, әлеуметтік жағдайына, жынысына, ұлтына, тіліне, дініне немесе өзге де жағдаяттарға қарамастан тең құқықтарға ие болады. Түсінікті тілмен тәпсірлегенде, әрбір отандасымыз заң алдында тең жауаптылықта болады және мемлекет тарапынан тең қорғалуға құқылы.
Жаңа Ата заң адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін күшейте отырып, жеке бостандық пен әділ қылмыстық сот ісін жүргізудің негізгі кепілдіктерін конституциялық деңгейде бекітеді.
Адам құқықтары мен бостандықтары – әркімге туғаннан тиесілі ажырамас, абсолютті әрі иеліктен шығарылмайтын құндылықтар. Бұл құқықтар тұлғаның қадір-қасиеті мен бостандығын қорғауды көздейді және азаматтық, саяси, экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтарды қамтиды.
Жаңа Конституцияның тағы бір ерекшелігі – әр адамға жеке бас бостандығы мен жеке басына қол сұғылмау құқығына кепілдік беріледі, сот шешімінсіз адамды заңда көзделген мерзімнен артық ұстауға болмайды. Күзетпен ұстауға сот шешімімен ғана рұқсат етіледі және оған шағым жасау құқығы беріледі. Енгізілген тағы бір жаңашылдықтың бірі – әр адамға ұсталған сәтте бостандығын шектеу негіздері және оның құқықтары түсіндіріледі. Сонымен қатар, ұсталған адамның, күдіктінің, айыпталушының тиісінше ұсталған, күдікті ретінде танылған немесе айып тағылған сәттен бастап адвокат көмегін пайдалануға құқығы бар.
Заң саласының сарапшыларының айтуынша, жеке бас бостандығы мен қолсұғылмаушылық құқығы адамның ажырамас құқықтарының қатарына жатады. Ол адамды негізсіз қамаудан, ұстаудан және оқшауланудың кез келген нысандарынан қорғауды білдіреді. Жеке бас бостандығы, ең алдымен, негізсіз бас бостандығынан айырудан қорғауды көздейді. Бұл құқықты шектеуге тек заңда тікелей көзделген жағдайларда және тәртіппен ғана жол беріледі.
Бұдан былай қамауда ұстауға тек соттың шешімі бойынша және шағымдану құқығын беру арқылы жол берілетін болады. Ешбір орган немесе лауазымды адам қамауға алуды яки қамауда ұстауды өз бетінше санкциялауға құқылы емес.
Ата заң адам ұсталған сәттен бастап органдардың әрекеттеріне қойылатын талаптарды нақтылау арқылы жеке бас бостандықты қорғауды күшейтеді. Сот бақылауын сақтаумен қатар, бостандықты шектеудің негіздерін және адамның құқықтарын түсіндіру жөніндегі конституциялық міндет енгізіледі. Бұл Конституция деңгейінде Миранда ережесі элементтерін бекітуге және ұсталған сәттен бастап адвокатқа қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Осы орайда Миранда ережесіне тоқталып өтейік. Miranda warning ережесі – бұл құқық қорғау органдарына ұсталған адамға оның құқықтарын міндетті түрде түсіндіру талабы. Нақтырақ айтқанда, үнсіз қалу құқығы, адвокатқа ие болу құқығы және айтылған сөздердің сотта өзіне қарсы пайдаланылуы мүмкін екенін білу құқығы.
Халықаралық тәжірибе мұндай кепілдіктердің қажеттілігін растайды. Мәселен, Түркия Конституциясының «Жеке бас бостандығы және қауіпсіздігі» бөлімінде ұсталған адамды ұстаудың негіздері мен тағылған айыптар туралы дереу хабардар ету міндеті бекітілген. Ал Испания Конституциясына сәйкес әрбір ұсталған адам өз құқықтары туралы және ұсталу себептері жөнінде дереу әрі түсінікті түрде хабардар етілуге тиіс, айғақ беруге мәжбүрленбеуге құқылы және ұсталған сәттен бастап адвокат көмегіне кепілдік берілген құқыққа ие.
Жаңа Конституция кінәсіздік презумпциясын және «үнсіз қалу құқығын» негізгі конституциялық құқықтар деңгейіне көтереді. Сондай-ақ өзіне және жақын туыстарына қарсы айғақ бермеу құқығы, бір құқық бұзушылық үшін қайтадан жауапкершілікке тартуға тыйым салу бекітілді. Бұл жеке тұлғаны қорғаудың тұтас кепілдіктер жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
АЗАМАТТАРДЫҢ ДЕРБЕС ДЕРЕКТЕРІ КОНСТИТУЦИЯ ДЕҢГЕЙІНДЕ ҚОРҒАЛАДЫ
Технологиялардың қарыштап дамуы өмірімізді жеңілдеткенімен, ақпараттық қауіпсіздікке төнетін қатерлерді де еселеп арттырды. Соңғы уақытта Қазақстан азаматтарының жеке мәліметтері, телефон нөмірлері мен банктік деректерінің жаппай желіге тарап кету оқиғалары жиілеп кеткені жасырын емес. Ірі компаниялар мен мемлекеттік базалардың кибершабуылға ұшырауы тек виртуалды әлемнің мәселесі емес, еліміздің әрбір тұрғынының қаржылық қауіпсіздігі мен жеке өміріне тікелей нұқсан келтіретін нақты қауіпке айналды. Қоғамды цифрландыру жағдайында дербес деректерді қорғау қажеттілігі алғаш рет конституциялық деңгейде бекітілді.
Қазіргі күнде азаматтардың дербес деректері, атап айтқанда есімдері, мекенжайлары, медициналық ақпарат, биометриялық деректері цифрлық технологиялардың көмегімен үлкен көлемде өңделеді, сақталады және беріледі. Бұл ақпараттың таралуы, заңсыз жинау және пайдалану, сондай-ақ алаяқтық тәуекелдерін тудырады.
Елімізде дербес деректерді қорғайтын және оларды заңсыз таратқаны үшін жауапкершілік белгілейтін заңдар бар. Мәселен, «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Қазақстан Республикасы заңының 11-бабы меншік иелеріне, операторларға және үшінші тұлғаларға шектеулі қолжетімді дербес деректердің құпиялылығын қамтамасыз ету және оларды дерек субъектісінің келісімінсіз не заңды негіздерсіз таратпау міндетін жүктейді. Биометриялық деректердің құпиялылығы да жеке түрде бекітілген. Сонымен қатар, Қылмыстық кодекстің 148-бабының 1-бөліміне сәйкес, жеке өмірдің құпиялылығын заңсыз бұзу екі жылға дейінгі бас бостандығынан айыруға дейінгі қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Осы ретте айта кету керек, елімізде Цифрлық кодекстің қабылдануымен дербес деректерді қорғау күшейтілді және алғаш рет цифрлық ортада азаматтардың құқықтары кешенді түрде бекітілді. Оның ішінде деректерді жою, анонимдеу және өңдеуді шектеу құқығы қамтылған. Бұдан бөлек, кодексте биометрияны пайдалану мәселелері қарастырылған. Мысалы, 48-бапқа сәйкес цифрлық аутентификация үшін қолданылатын биометриялық деректер дербес деректер болып саналып, «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Қазақстан Республикасының заңына сәйкес қорғалуға жатады.
Мамандардың пайымдауынша, осы нормаларды Конституция деңгейінде бекіту азаматтарды қорғауды күшейтеді және цифрландыру жағдайында оны тұрақты етеді. Адам өзінің жеке ақпаратын келісімсіз және бақылаусыз еркін пайдалана алмайтынына сенімді болады. Мұндай жаңашылдық азаматтардың цифрлық мемлекеттік қызметтерге және жаңа технологияларға деген сенімін арттыруға септеседі.
Жаңа ережеге сәйкес, адамның есепшоттары, салымдары, операциялары туралы ақпарат құпия болып саналады және оны заңда қатаң белгіленген жағдайларда ғана жариялауға болады. Бұл қағида хат-хабар, телефон әңгімелері мен электрондық хабарламаларға да қатысты. Ешкім заңды негізсіз адамның коммуникациясына араласа алмайды. Заңсыз тыңдау, хабарламаларды ұстап алу немесе банктік құпияны жариялау жауапкершілікке әкеп соғады.
Әлемнің бірқатар елінде дербес деректерді қорғау Конституция деңгейінде бекітілген. Атап айтқанда, Испания Конституциясында ақпараттық технологияларды қолдануды ар-намыс пен жеке және отбасылық өмірдің қолсұғылмаушылығын қорғау мақсатында шектейтінін қарастырады. Өзбекстан Конституциясында «әркім өзінің дербес деректерін қорғауға және дұрыс емес деректерді түзетуге, заңсыз жиналған немесе құқықтық негізі қалмаған деректерді жоюға құқылы».
Аргентина, Колумбия, Бразилия, Венесуэла сынды Латын Америкасы елдерінде дербес деректерді қорғау habeas data принципі арқылы Конституцияларында бекітілген, яғни азаматтар өз деректеріне қол жеткізу, түзету және жою құқығына ие.
Жеке деректерді қорғау – бұл адамның іргелі әрі негізгі құқығы. Конституцияда бекітілген осы негізді іске асыру мақсатында елімізде «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» арнайы Заң қабылданып, жұмыс істеп тұр. Осы құжатқа сәйкес, азаматтың жеке деректері немесе қаржылық ақпараты оның жеке меншігі ретінде бекітіледі. Оны заңсыз жинау, өңдеу немесе үшінші тұлғаларға беру – тікелей Ата Заңды бұзумен тең.
Жеке деректердің қорғалуы тек мемлекет пен цифрлық платформалардың ғана міндеті емес. Бұл – әрбір азаматтың құқықтық сауаттылығына тікелей байланысты мәселе.
Ата Заң бізге құқық бергенімен, оны күнделікті өмірде қолдана білу – өз қолымызда. Түрлі күмәнді ұтыстарға қатысу үшін жеке куәліктегі сәйкестендіру нөмірін жазу, телефон нөмірі мен туған күнді оңды-солды қалдыру, фишингтік сілтемелерге өту – конституциялық құқығымызды өз қолымызбен шектеумен тең. Қорытындылай келе, дербес деректерді қорғау мәселесінде еліміздің құқықтық базасы жеткілікті деңгейде қалыптасқан.
Басты мақсат – Конституция кепілдік берген осы құқықтың іс жүзінде мінсіз орындалуын қамтамасыз ету, цифрлық гигиена мәдениетін қалыптастыру және заң бұзушылардың жазасыз қалмауын қадағалау. Жеке деректер – бұл жай ғана ақпарат емес, түсіне білгенге, бұл – адамның цифрлық әлемдегі бостандығы мен қауіпсіздігі.
БҰЛЫҢҒЫР ЗАМАНДА ЗАҢ МЕН ТӘРТІП ҮСТЕМДІК ҚҰРУЫ ТИІС
Соңғы жылдары Қазақстанның құқықтық бейнесі түбегейлі өзгеріс үстінде. Бүгіндері заң үстемдігі мен әділеттілік қағидаты мемлекеттік саясаттың негізгі өзегіне айналды. Алайда, кез келген демократиялық қоғамның тұрақтылығы тек мінсіз жазылған заңдарға емес, әрбір азаматтың құқық пен жауапкершілікті қатар сезінуіне тікелей байланысты. «Адам және заң» ұғымы – бұл мемлекет пен жеке тұлға арасындағы өзара құрмет пен міндеттемелердің алтын көпірі, негізгі өзегі.
Бұдан бөлек, отандастарымыздың құқықтық сауаттылығы мен белсенділігі айтарлықтай артты. Ел тұрғындары өз құқықтарын қорғауды, сот жүйесіне жүгінуді және заңсыздықтарға қарсы үн қатуды үйренді. Конституциялық Соттың қайта құрылуы және оған әрбір қазақстандықтың тікелей шағымдану мүмкіндігін алуы – ел тарихындағы үлкен бетбұрыс деп қарастыруға болады. Жүргізіліп жатқан реформалар азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін арттырып, құқық қорғау тетіктерін қолжетімді ете түсті. Алайда, құқықты білу – мәселенің тек бір жағы ғана. Екінші мәселе – жауапкершілік. Құқық пен жауапкершілік – егіз ұғым. Біз өз құқығымызды талап еткен жерде, өзгелердің де құқығын құрметтеу жауапкершілігі туындайды. Қазіргі қоғамда «Заң және Тәртіп» қағидатын орнықтыру бағытында елеулі жұмыстар атқарылуда. Әсіресе, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңнаманың қатаңдатылуы және вандализм, қоғамдық орындардағы бұзақылық үшін жауапкершіліктің артуы қоғамда үлкен қолдауға ие болды.
Әлеуметтік желілердің дамуы да жауапкершілік мәселесін жаңа деңгейге шығарды. Кибербуллинг, жалған ақпарат тарату және өзгенің ар-намысына тию секілді құқық бұзушылықтар заң аясында қатаң реттеле бастады. Бұл сөз бостандығын шектеу емес, керісінше, цифрлық кеңістіктегі мәдениет пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, өзгеге құрметпен қарау.
Қазақстанның дамыған мемлекеттер қатарына қосылуының басты кепілі – саналы азаматтық қоғам. Заң барлығына ортақ және бірдей орындалғанда ғана әділеттілік орнайды. Әрбір қазақстандық өз құқығын қорғай отырып, қоғам алдындағы міндетін толық түсінгенде, біз құқықтық мемлекеттің шынайы үлгісін қалыптастыра аламыз. Іргесі берік, заңы үстем ел болу – әрқайсымыздың күнделікті таңдауымыз бен жауапкершілігіміз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдағы тәртіп пен мәдениет мәселесіне тоқталып, «Заң және тәртіп» қағидатын берік орнықтырудың маңызын атап өтті.
«Қоғамда осы қағиданы түбегейлі орнықтыру үшін барлық құзырлы органдар арасында ортақ көзқарас пен ортақ ұстаным болуға тиіс. Бұл – ең алдымен, ешқандай құқық бұзушылыққа жол бермеу қағидасы, яғни кез келген заңсыздыққа қарсы тұру деген ұстаным. Сондықтан мемлекеттік органдардың осы бағыттағы жұмысын барынша қолдау қажет. Сонда ғана елімізде құқық бұзушылыққа, озбырлық пен зорлық-зомбылыққа қарсы сана-сезім қалыптасады, қоғамға жат кез келген әрекетке төзбеушілік пайда болады», – деген болатын ел Президенті.
Расында да, бүгінгідей бұлыңғыр заманда ең басты міндет һәм мақсат – еліміздің егемендігін, жеріміздің тұтастығын нығайту. Ол үшін бірлігіміз бекем болуы керек. Ол үшін қоғамда заң мен тәртіп үстемдік құруы тиіс.
Жандар АСАН,
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің бас сарапшысы, саяси шолушы







