Өткен жылғы дерек бойынша, елімізде 139 бала өз-өзіне қол жұмсаған. Әр бесінші суицид оқиғасының бірі буллингпен байланысты. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің мәліметінше, 2025 жылы кәмелетке толмағандар арасында 139 суицид және 293 суицид жасау әрекеті тіркелген.
Қазақ жастарын өмірмен қоштасуға не итермелейді? Оларды осындай ауыр әрі орны толмас шешім қабылдауға қандай себептер мәжбүрлейді?
Мамандар балаларды өз-өзіне қол жұмсауға итермелейтін негізгі себептердің бірі ретінде мектептегі буллингті атайды. Суицид оқиғаларының 22 пайызында шешуші түрткі – қатарластарының немесе жоғары сынып оқушыларының тарапынан көрсетілген қорлау мен қудалау.
БУЛЛИНГ ТУДЫРАТЫН СЕБЕПТЕР
Психологтер мен білім беру саласының мамандары жасөспірімдер арасындағы буллингтің туындауына ықпал ететін бірнеше негізгі себепті атап көрсетеді. Олардың қатарында өзін-өзі төмен бағалау, отбасындағы назар мен қолдаудың жеткіліксіздігі, жеке тұлғалық болмысты қалыптастырудағы қиындықтар және құрдастар ықпалы бар. Отбасылық психолог, суицидолог, психология магистрі әрі Just Support қорының жетекшісі Светлана Богатыреваның айтуынша, буллинг – балалар арасындағы жай ғана жанжал емес, ол көбіне психологиялық зорлық-зомбылықпен қатар жүретін жүйелі қудалау.
«Буллинг – бұл әлеуметтік мәртебе үшін күрес, өзін өзгелерден жоғары қоюға ұмтылу, көшбасшылыққа талас. Мұндай жағдайда белгілі бір топ немесе жеке адам басқа біреуді әдейі кемсітіп, басып-жаншуға тырысады. Ол үшін физикалық күш көрсету, психологиялық қысым жасау немесе әлеуметтік желілер арқылы жасалатын кибербуллинг сияқты зорлық-зомбылық түрлері қолданылады», – дейді Светлана Богатырева.
Маманның сөзінше, егер жасөспірім ұжым тарапынан буллингке ұшыраса, ең алдымен, оны өзін қорғай білуге үйрету маңызды. Бұл жерде әңгіме күш қолдану туралы емес, психологиялық беріктік жайында болып отыр. Жасөспірім өзінің жеке шекарасын анық біліп, өзгелерге өзіне мұндай қарым-қатынасқа жол бермейтінін нық жеткізе алуы қажет. Өйткені, ішкі сенімділік буллингтің алғашқы белгілерінің өзін тоқтатуға көмектеседі.
«Ал, егер буллинг ұзақ уақытқа созылып, оған ұжымдағы көптеген бала қатысатын болса, мұндай мәселені жасөспірімнің жалғыз өзі шеше алмайды. Мұндай жағдайда беделі мен ықпалы бар ересектердің араласуы қажет. Олар – сынып жетекшісі, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, қажет болған жағдайда осы мектепке бекітілген кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор немесе мектеп директоры болуы мүмкін. Сонымен қатар, оқиғаға қатысы бар барлық тараптың ата-аналары міндетті түрде хабардар етілуі тиіс. Ата-аналар, мектеп өкілдері және балалар ұжымы бұл мәселені құқықтық негізде бірлесіп шешуі қажет. Қандай әрекеттерге жол берілмейтіні, қандай мінез-құлық нормаларды бұзатыны нақты айқындалуы керек. Балалар бір-бірін жақсы көруге немесе міндетті түрде қабылдауға тиіс емес. Бірақ, әркім өзгенің жеке шекарасын құрметтеуге міндетті. Себебі, бұл – қоғамда өмір сүрудің басты қағидаларының бірі, ал балалар осыны кішкентайынан бойына сіңіруі қажет», – дейді психолог.
Сарапшының пікірінше, буллингтің алдын алу неғұрлым ерте басталса, оны тоқтату да соғұрлым жеңіл болады. Ал, қудалау тұрақты түрде ұрып-соғу, қорлау сияқты физикалық зорлық-зомбылыққа ұласқан жағдайда мәселе күрделене түседі. Мұндай кезде құқық қорғау органдарының араласуынсыз жағдайды шешу қиын. Сондықтан, буллингті тек психологиялық мәселе деп қарастыру жеткіліксіз. Бұл – ең алдымен балалардың қоғамдағы және ұжымдағы мінез-құлқын құқықтық тұрғыдан реттеуді қажет ететін маңызды әлеуметтік мәселе.
СУИЦИДТІК ОЙЛАРҒА ЖЕТЕЛЕЙТІН ФАКТОР
Буллинг жасөспірімдердің психологиялық саулығына ауыр соққы болып тиеді. Оның салдары депрессияға, үрей мен мазасыздықтың күшеюіне, тіпті ең ауыр жағдайда суицидтік ойлардың пайда болуына дейін апаруы мүмкін. Мамандардың айтуынша, қорлық көрген көптеген бала өзіне деген сенімінен айырылып, өзін қоғамнан оқшауланғандай сезінеді әрі қалыптасқан жағдайдан шығар жол таппай қиналады.
«Егер жасөспірім өзін ешкім қолдамайды, ешкім түсінбейді деп сезінсе, буллинг суицидтік ойлардың туындауына түрткі болатын факторлардың біріне айналуы мүмкін», – дейді психолог.
Дегенмен, буллингке ұшыраған әрбір жасөспірім суицидке бейім болады деуге болмайды. Алайда, ересектер мен қатарластары тарапынан қолдау болмаған жағдайда мұндай қауіптің арта түсетіні анық.
«Өз тәжірибемде суицид жасауға әрекеттенген жасөспірімдерге кеңес берген кезде, олардың өмірбаянын зерделей отырып, көп жағдайда мектептегі буллингтің болғанын байқаймын. Бірақ, бұл мектепте буллинг болса, міндетті түрде бала суицидке барады деген сөз емес. Бұлай кесіп айтуға болмайды. Дегенмен, олардың арасында белгілі бір байланыс бар. Буллинг – баланың психикалық денсаулығына елеулі зиян келтіретін, оның жан дүниесіне ауыр салмақ түсіретін факторлардың бірі. Сондықтан, мен бұл мәселемен арнайы айналысып жүрмін. Өйткені, буллингтің алдын алу арқылы жасөспірімдер арасындағы суицид жағдайларын азайтуға болады деп есептеймін. Сонымен бірге әділдік үшін айта кету керек, суицидке бейім әрбір жасөспірім міндетті түрде буллингтің құрбаны болған деп айтуға да болмайды. Мұны да дұрыс түсінген жөн. Иә, буллинг қауіп факторларының бірі болуы мүмкін, бірақ бұл екі құбылыстың арасында әрдайым жүз пайыздық байланыс бар дегенді білдірмейді», – дейді Светлана Богатырева.
«СУИЦИДТІҢ ӘРДАЙЫМ ӨЗ ТАРИХЫ БОЛАДЫ»
Суицидологтің айтуынша, суицидтік мінез-құлық – бір ғана себеппен түсіндірілетін қарапайым құбылыс емес. Ол өзара сабақтас көптеген фактордың ықпалымен қалыптасатын күрделі үдеріс. Ғылымда суицидтің психобиоәлеуметтік мәселе екені мойындалған. Яғни, оның пайда болуына адамның физикалық және психикалық денсаулығы ғана емес, өмірдегі қиындықтарды еңсере білу қабілеті де әсер етеді. Сонымен қатар, адамның психологиялық ресурстары – күйзеліске қалай төтеп беретіні, қиын жағдайлардан шығу тәжірибесі де шешуші рөл атқарады.
Суицидтік мінез-құлықтың қалыптасуында әлеуметтік ортаның да ықпалы зор. Мәселен, буллинг, айналасындағылардың қарым-қатынасы адамның психологиялық жай-күйіне елеулі әсер етуі мүмкін. Отбасының қолдауы да айрықша маңызды. Баланың жақындарынан қамқорлық пен жанашырлық сезінуі, өз ойын ашық айтып, мұңын тыңдайтын әрі қиын сәтте жанынан табылатын адамдардың болуы оның эмоционалдық тұрақтылығын нығайтады. Осылайша, биологиялық, психологиялық және әлеуметтік факторлар өзара тығыз байланысып, суицидтік мінез-құлықтың қалыптасуына ықпал ететін тұтас жүйені құрайды.
«Қандай да бір жалғыз себеп міндетті түрде суицидке алып келеді деп айтуға болмайды. Көп жағдайда мұндай қайғылы жағдай түрлі қауіп факторларының біртіндеп жинақталуының нәтижесінде орын алады. Сондықтан, суицид оқиғаларын талдағанда бәріне ортақ бір ғана заңдылық бар деп қарастыру дұрыс емес. Әрбір жағдайды жеке зерттеу қажет: баланың өмірінде не болды, оның тағдыры қалай өрбіді, қандай оқиғалар мен жағдайлар осындай мінез-құлықтың қалыптасуына әсер етті – осының бәрі мұқият зерделенуі тиіс. Кейде белгілі бір оқиға соңғы түрткіге, яғни «соңғы тамшыға» айналып, қайғылы шешімге себеп болуы мүмкін. Алайда, суицидтің себебін тек сол бір оқиғамен ғана байланыстыру – қате тұжырым. Суицидтің әрдайым өз тарихы болады. Сол тарихты терең талдап, оған ықпал еткен себептердің жиынтығын түсінгенде ғана мәселенің түп-төркінін анықтауға болады», – дейді сарапшы.
БУЛЛИНГТІҢ ЖОЛЫН КЕСУ
Психологтің айтуынша, ата-аналар, қамқоршылар, жақындары мен достары, ең алдымен, мәселенің бар екенін мойындауы керек. Өкінішке қарай, мамандар көп жағдайда ересектердің жағдайды соңына дейін байқамауға тырысатынын немесе оның маңызын төмендететінін жиі кездестіреді.
«Кейде жасөспірім қолын тілсе де, ата-анасы оны «мысық тырнап кеткен шығар» деп ақтап жатады. Сондықтан, мәселені жоққа шығармай, жасөспірімнің көңіл күйі мен мінез-құлқындағы өзгерістерге өте мұқият қарау қажет. Мұны айту оңай болғанымен, іс жүзінде орындау оңай емес. Дегенмен, ең бастысы – жасөспірімнің жан дүниесіндегі өзгерістерді дер кезінде байқап, оған бейжай қарамау. Мәселе анықталғаннан кейінгі екінші маңызды қадам – оның сезімін жоққа шығармау. Оны күштеп «өмірдің жақсы жақтарын көруге» үгіттеудің қажеті жоқ. «Өмір қандай керемет», «алдыңда қаншама мүмкіндік бар», «сенсіз біз қалай өмір сүреміз, біз сені жақсы көреміз» деген сөздер суицидтік ойға берілген адамды бұл шешімнен қайтара бермейді», – дейді суицидолог.
Өзін-өзі өлтіру туралы ойлайтын адам көбіне терең жалғыздықты сезінеді. Ол өз қайғысын ешкіммен бөлісе алмайтындай күй кешеді, тығырықтан шығар жол көрмейді, өмірі тар туннельге қамалғандай әсерде болады. Сондықтан, Светлана Богатыреваның айтуынша, мұндай жағдайда ең маңызды көмек – адамды мұқият тыңдау, оған ішіндегі шерін еркін ақтаруға мүмкіндік беру және өзін қауіпсіз сезінетін орта қалыптастыру.
«Біздің міндетіміз – адамға оның жалғыз емес екенін сезіндіру. Оның жанында өзін қадірлейтін, қолдайтын, қиындықты бірге еңсеруге дайын жандардың бар екенін ұғындыру маңызды. «Өзіңді қолға ал!», «Не ойлап тапқаның?», «Бұл түкке тұрмайтын нәрсе ғой», «Африкадағы балалар аш жүр, ал сен…» деген сияқты сөздер жағдайды одан әрі ушықтыра түседі. Керісінше, түсінуге ұмтылған дұрыс. «Мен сені түсінгім келеді. Айтшы, не болып жатыр? Сен бұл жағдайды қалай қабылдап жүрсің?» деген сөздер әлдеқайда маңызды. Сонымен бірге адамның алдында бұл қиындықтан шығатын жол бар екенін көрсету қажет. Ең соңында міндетті түрде кәсіби маманның көмегіне жүгіну керек. Өйткені, кей жағдайда жай ғана әңгімелесу жеткіліксіз болады. Мұндай сәттерде әр минуттың өзі шешуші мәнге ие», – дейді сарапшы.
Жоғарыда айтылғандардың барлығы буллинг пен жасөспірімдер арасындағы суицидтің қоғам үшін аса өзекті әрі күрделі мәселе екенін көрсетеді. Олардың алдын алу тек кешенді тәсіл арқылы ғана мүмкін. Буллингтің жолын кесу және жасөспірімдерге дер кезінде психологиялық қолдау көрсету талай жастың өмірін сақтап, кездескен қиындықтарды еңсеруіне мүмкіндік береді. Сондықтан, ата-аналар, мұғалімдер мен психологтер бірлесе әрекет етіп, әрбір жасөспірім өзін қауіпсіз сезінетін, қорланудан, кемсітуден қорықпай еркін өсіп, тұлға ретінде көріне алатын орта қалыптастыруы қажет.
ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН
Психологтер буллингке араласқан әрбір адамның жан дүниесінде белгілі бір психологиялық жарақат қалатынын айтады. Сол себептен көмек тек жәбірленушіге ғана емес, буллингті бастаған агрессорға да қажет. Өйткені, өзгені қорлап, кемсіту арқылы өзін дәлелдеуге тырысатын баланың әрекетінің астарында көбіне ішкі жан күйзелісі, реніш пен шешілмеген мәселелер жатуы мүмкін. Ал, оның түп-тамыры көп жағдайда отбасындағы ахуалмен байланысты болады.
Буллинг – күрделі әрі көпқырлы әлеуметтік-психологиялық құбылыс. Мемлекет бұл мәселемен күресудің тиімді тетіктерін жетілдіріп жатқанымен, оған қарсы тұру – баршамызға ортақ міндет. Бұл жауапкершілікті тек мектепке немесе қоғамға ғана артып қою жеткіліксіз. Өйткені, немқұрайлылық буллингтің тамыр жаюына жол ашады. Біз зорлық-зомбылық пен буллингтің кез келген көрінісіне мүлде төзбеушілік қағидатын қалыптастыруымыз керек. Қабылданып жатқан барлық шараның басты мақсаты – әрбір адам мұндай жағдайлар туралы ашық айтып, баланың жанайқайына бейжай қарамайтын қоғам қалыптастыру.
Нұрлайым ЖАҚЫПҚЫЗЫ










