Түлкібаста Орынбек Айтбаевты еске алуға арналған облыстық турнир өтті

0
184

Түлкібас ауданында белгілі спортшы Орынбек Айтбаевты еске алуға арналған дәстүрлі облыстық турнир өз мәресіне жетті. Биыл 30-рет жалауы желбіреген байрақты бәсеке футбол, волейбол және шахмат сынды спорттың үш түрінен ұйымдастырылды. Салауатты өмір салтын ту еткен аймақтық додаға 100-ден астам спортшы қатысып, бақтары мен баптарын сынады.

Бұл спорттық шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халық арасында салауатты өмір салтын орнықтыру, бұқаралық спортты дамыту және ұлт саулығын нығайту жөніндегі тапсырмаларымен тікелей үндеседі. Президент өзінің халыққа Жолдауларында ұлттың әлеуетін арттыру үшін спорттық инфрақұрылымды жақсарту мен бұқаралық жарыстарды жиі өткізудің маңыздылығын ұдайы атап өтіп келеді.

Осы орайда, Түлкібастағы дәстүрлі турнир өскелең ұрпақты белсенді әрі салауатты өмір салтына ынталандырудың жарқын үлгісіне айналды.

Жарыс барысында спортшылар жоғары дайындықтары мен жеңіске деген үлкен ұмтылыстарын көрсетті. Интеллектуалдық дамуды қажет ететін шахмат тақтасында да, физикалық белсенділікті талап ететін футбол мен волейбол алаңдарында да тартысты әрі қызықты ойындар өтті. Турнир қорытындысы бойынша үздік шыққан командалар мен дараланған спортшылар арнайы дипломдармен, кубоктармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Сонымен қатар спорттық дода аясында ел мақтанышы, спорт саңлағы Орынбек Айтбаевтың рухына тағзым етіліп, арнайы ас берілді. Шараға жиналған қауым, ардагерлер мен спортшылар марқұмның өнегелі өмір жолы мен аймақтағы спорттың дамуына қосқан үлесін еске алды.

Қоғам қайраткері, Орынбек Айтбаевтың бауыры Қайрат Айтбайдың айтуынша, мұндай турнирлер салауатты өмір салты қағидасын қоғамда кеңінен енгізіп қана қоймай, ауыл жастары арасынан жаңа чемпиондардың шығуына және спорт арқылы ел бірлігін нығайтуға үлкен септігін тигізеді.

«Бауырымыз Орынбек Айтбаевтың есімін ұлықтап, бұл турнирді отыз жыл бойы үзбей өткізіп келе жатқанымыз – біз үшін үлкен мәртебе. Мемлекет басшысы ұлт саулығы мен бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Біздің де басты мақсатымыз – Президенттің салауатты өмір салтын ұстану қағидасын жастар арасында кеңінен насихаттау, ауыл спортшыларына қолдау көрсету. Бүгінгі додада 100-ден астам спортшы бақ сынасты. Бұл – аймақта бұқаралық спортқа деген қызығушылықтың жоғары екенінің дәлелі. Атсалысқан барша азаматтарға және қолдау көрсеткен аудан жұртшылығына алғысымыз шексіз», – деді Қайрат Орынбайұлы.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here