Арқалыққа – 70 жыл: жаңарған қаланың жаңа тынысы

0
1192

Арқаның ару қаласы – арайлы Арқалық шырайлы мерекесін дүркіретіп атап өтті. Тарихы мен келешегі астасқан, аға буын мен жаңа толқын бас қосқан дүбірлі думан екі күнге ұласты. Арқалық жетпіс жылдық белесін жанданып-жаңаруға жол ашатын айтулы оқиғалармен қарсы алып отыр. Мерейтойда шежіресінен сыр шертіліп, шешімін тапқан шаруалар түгенделіп қана қойған жоқ. Шаһарды одан ары дамыта түсуге бағытталған ірі бастамалар, ілкімді жобалар жария етілді.

Қайсар қаланың қарышты қадамы

Мерейтой тағылымды тарихты таразылап, бүгінгі жаңғыруды бағамдаған аумақты да салмақты іс-шаралармен басталды. Солардың маңдайалдысы – «Жасампаз дәуірдегі жаңғырған қала» атты салтанатты жиын. Мәністі мәжілісте Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов шаһардың өткені мен бүгініне тоқталып, алдағы даму бағыттарына шолу жасады.

«Арқалық – Тұран даласының төрінде орналасқан, шежіресі бай, ерлік пен бірліктің куәсі болған ерекше қала. ХХ ғасыр ортасында өндірістің алып ошағы ретінде бой көтерген бұл шаһар өңірдің экономикалық және мәдени-зерделі орталығына айналды. Қаншама қиын кезеңді бастан кешірсе де, еңсесін түсірмеген қайсар қала. Сондықтан, 70 жылдық белес – алдымен осы қаланың өркендеуіне тер төккен ардақты азаматтар мен еңбек майталмандарының мерейтойы», – деп сөзді әріректен бастады Құмар Іргебайұлы.

Тағдырына алуан ауыртпалық, қилы қиындық бұйырса да, келешекке деген сенімі аласарып көрмеген айбарлы қаланың бүгінде «екінші демі» ашылғандай. Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен Арқалықты және жалпы Торғай өңірін дамыту шаралары қолға алынды. Бірақ, бәрі қаржыға келіп тіреледі. Өңір басшысының дерегінше, қалаға төрт жыл ішінде 91 млрд теңге бөлінген. Биылдың өзінде 36 млрд теңге бағытталыпты. Қомақты қаражат инфрақұрылымды дамытып, тозығын азайтып, озығын көбейтуге, өмір сапасын арттыруға жұмсалды. Мысалы, кейінгі үш жылда 17 шақырым жылу беру желісі жөнделген. Нәтижесінде, жарамсыз желілер үлесі 90-нан 50%-ға дейін төмендеген. Той қарсаңында 65 тұрғын үйдің қасбеті, 88 үйдің шатыры жаңарыпты. Елуден астам көше, отыз аула жөнделіп, 51 балалар және спорт алаңдары салынған. Қазір бос тұрған екі үй қалпына келтіріліп жатыр. Перзентхананың күрделі жөндеуі аяқталуға жақын. Алға құрылып отырған жоспарлар әлі де көп.

«Арқалық медицина колледжін жаңғыртуды көздейміз. Қазіргі қалпын білесіздер. Жобалық-құндық құжаты дайын. «Қамқорлық» оңалту орталығын ашамыз. «Қазақстан халқына» қоры есебінен жабдықталады. Облыстағы алғашқы «Келешек мектебі» осы Арқалықта ашылады. Ы.Алтынсарин атындағы пединститут университетке айналды. ІТ, экотуризм, медиа және қоғамдық коммуникация мамандықтары ашылды. Келешекте контингентті 5 мың студентке дейін ұлғайту жоспарда бар. «Қазақстан» кинотеатры ғимараты спорт кешені болып қайта құрылып, спорт интернаты, күрес залы мен стадион жаңартылады», – деді өңір басшысы.

Сондай-ақ, өңір басшысының айтуынша, Арқалық ауруханасын көп бейінді өңіраралық орталық ету туралы шешім қабылданды. Мұнда бұрын-соңды болмаған МРТ және ангиограф аппараттарын орнату үшін ауруханаға қосалқы ғимарат салынуда. Бұл аппараттармен жұмыс істейтін білікті мамандарды тарту көзделіп отыр.

«Жүрек ауруларына, нейрохирургиялық және травматологиялық бағыттар бойынша операциялар жасалатын болады. МРТ аппаратының көмегімен инсультті, ісіктерді және жүрек ауруларын ерте анықтауға мүмкіндік туады. Бұл көп бейінді ауруханада мамандандырылған және жоғары технологиялы медициналық көмектің толыққанды жүйесін қалыптастыруға жол ашады. Заманауи  медициналық технологияларды халыққа барынша жақындатады», – деді бұл жөнінде облыс әкімі.

Қазір жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен хоккей кортының құрылысы жүріп жатыр. Кейінгі үш жылда қалаға 100 млрд инвестиция тартылған. Оның 70 пайызы – жеке инвестиция. Климаттық, географиялық және логистикалық ерекшеліктері ескеріліп, агроөнеркәсіп секторы экономиканы дамытудың басым бағыты ретінде белгіленіп отыр. Бұл салада ірі инвестжобалар іске асып, 1 мың жаңа жұмыс орны құрылмақ. Сондай-ақ, мал шаруашылығын өрістетудің кешенді жоспары іске аса бастады. Облыстың оңтүстік өңірлері және Абай, Ұлытау облыстарына ғана арналған «Жайлау» бағдарламасы бар. Отандық және импорттық асыл тұқымды мал сатып алуға субсидия бар. Малды ұшақпен тасымалдауға да субсидия беріледі.

«Жерлестер, Торғай өңірін дамытқымыз келсе, алдымен мал шаруашылығын дамыту керек, мемлекет барлық қажетті жағдай жасады. Торғай жері – ата-бабамыз ежелден мал шаруашылығымен айналысқан жер. Сондықтан, қолдау көрсетіліп жатқан кезде оны пайдаланып қалыңыздар. Кейін шарттар өзгеруі мүмкін. Арқалық маңайындағы ауылдар мал шаруашылығын қарқынды дамытуға тиіс, ал Арқалық ет пен теріні қайта өңдеумен айналысуы қажет. Бұған біздің кең-байтақ жеріміз де, жеткілікті ресурстарымыз да, әлеуетіміз де толық жетеді. Арқалық, Амангелді және Жангелдин жерінде миллиондаған мал болуы керек», – деп үндеу тастады жерлестеріне өңір басшысы.

Облыс әкімі сөз соңында қиын-қыстау кезеңдерде еңсесін түсірмей, атакүлдіктен табан аудармай, туған жерді сақтап қалған, осы қаланың түтінін түзу ұшырған Арқалық халқына алғысын білдірді.

Шаһар шежіресі куәгерлер көзімен

Осы салтанатты жиында мемлекет және қоғам қайраткерлері, тарихшы-профессорлар, қаланың құрметті азаматтары мен байырғы тұрғындары сөз алды. Олардың қай-қайсысы да Арқалықтың толысуы мен тоқырауының, жандануы мен жаңғыру кезеңдерінің куәгерлері. Сондықтан да болар – әр баяндамашы өздерінің өмір белестерін осы шаһармен байланыстыра отырып ой толғады, шынайы лебіздерін арнады. Мерейтойға арнайы келген меймандардың бірі – Қостанай облысының бұрынғы әкімі Сергей Кулагин Торғай халқымен рухани жақындасып, ортақ мүдде жолында тізе қосып еңбек еткен жылдарын еске алды.

«Сонау 90-шы жылдар мені осы өлкеге алып келді. Бірақ, мені саусақпен санарлық-ақ жыл әкім болды деп ойлайтын кісілер бар. Расында, Торғай өңірінде компартияның ең жас мүшесі кезімнен бастап, 24 жыл жұмыс істедім. Сол кезден білетінім, ең ізгі, ең адал, ең еңбекқор адамдар осы өлкеде. Кейін де мұнда әкім болып қызмет етуге қуана-қуана келіп, ерекше құлшыныспен, дархан халқымен бірлесе жұмыс істедім. Мұны өмірімнің ең үлкен белесі санаймын. Қазір қарқынмен дамып келе жатқанын көріп тәнті болып отырамын. Бұл үшін Мемлекет басшысына алғыс айтамыз. Құмар Іргебайұлының да алға қойылып отырған міндеттерді мінсіз атқарарына сенімім зор», – деді Сергей Кулагин. 

Тарихи деректерге сүйенсек, кезіндегі кенді кент құрылысы күрт көтеріліп, экономикалық-әлеуметтік ахуалы тұрақтаған, халқы қалың қауқарлы қалаға айналған. Айталық, 1989 жылы тұрғындар саны 82 мыңға жетіпті. Бүгіндері мұнда 29 мың адам тұрады. Сонау шақтарда қала құрылысының басы-қасында болған тұлғалардың бірі – Арқалықтың құрметті азаматы, белгілі меценат Сапар Ысқақұлы еді. Отыз жылдай облыс және қала құрылысын басқарған ол осындағы көп ғимаратта қолының табы қалғанын айтады.

«Мен Арқалықта 1953 жылдан бастап тұрдым. Мектепті осында бітірдім. Қаланың қалай салынғаны, қалай қанат жайғаны көз алдымда. 1968 жылы құрылысшы ретінде жұмыс істеген алғашқы нысаным – жиын өтіп отырған осы мәдениет сарайы. Сол кезде прораб болғаным есімде. Сол тұста Өзағаң бастаған мықты команда келіп, қаланы көтерді. Біз бауырмал балшық-сазын кешіп жүріп, таңнан кешке дейін жұмыс істедік. Солай өсіп-өркендеді. Одан кейін облыс орталығы ретінде екі рет ашылып-жабылды. Өкінішті, әрине. Бірақ, бүгінде қайта жанданып келеді. Астанада өмір сүрсем де жүрегім Арқалықта», – деді ол.   

Қала тарихы Торғай боксит алқабының игерілуінен басталатыны баршамызға белгілі. Екі мәрте ашылып-жабылған Торғай облысының орталығы ретінде де түлеген еді. Осы аймақтың өндірістік қана емес, мәдени-рухани ордасы болып орнықты. Жиында шаһар шежіресі туралы да бастан-аяқ баяндалды. Тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтында ұзақ жыл қызмет атқарған профессор Құрманғали Дәркенов қаланың алғашқы кірпіші қаланған сәтінен бастап деректерді жіпке тізді.

«Соғыстан кейінгі кезеңде Кеңес одағы үшін алюминий өндірісіне қажетті шикізат базасын кеңейту маңызды болды. Торғай өңірінде жүргізілген зерттеулер нәтижесінде бокситтің мол қоры анықталды. Геологтар бұл өңірді өнеркәсіптік тұрғыда игеру қажет екенін дәлелдеді. 1956 жылғы кеніш құру туралы шешім Арқалықтың болашақ қала ретінде дамуының саяси-экономикалық іргетасы еді. Кейін қала құрылысына қомақты қаржы бөлініп, тұрғын үйлер, өндірістік нысандар, инженерлік желілер салына бастады. Мұндағы мақсат – жұмысшылар поселкесін ғана емес, толыққанды өнеркәсіптік-әкімшілік орталық қалыптастыру еді. Ал, талай сынақты арта қалдырып, бүгінгі жаңарған келбетін көріп, Мемлекет басшысының саяси-экономикалық, әлеуметтік тұрғыда түбегейлі өзгерістер жасағалы отырғаны анық. Бұл бастамаларды қолдау – біздің ортақ міндетіміз», – деді тарихшы.

Ал, қаланың қанат жаюына қажыр-қайратын жұмсаған тегеурінді тұлғалар, басқару жұмыстарында белсенділікпен көзге түскен алғадай азаматтар туралы кезінде Торғай облысы әкімінің орынбасары болып қызмет еткен қайраткер Амангелді Садырбеков сыр шертті. Қазақтың біртуар қайраткерлері Еркін Әуелбеков пен Өзбекәлі Жәнібековтің тәрбиесін көріп, тәлімін алған, өңіріміздің 70-90 жылдар аралығындағы өркен-өрісін, олқы-кемісін, әлеуметтік-қоғамдық дамуын өз көзімен көріп, ортасында жүрген куәгерлердің бірі ретінде кең көсіле сөйледі.

«Сол дәуірдің куәсі болып, қайнаған оқиғаның ортасында болған біздің ұрпақ сол кезеңдердің қадір-қасиеті мен мән-маңызын, қиыншылығын басқалардан артық сезінеді. Сондықтан, Арқалық мерейтойына арнайы шақырылып, Торғай облысына қызмет еткен аға буын атынан сөз сөйлеуге мүмкіндік берілгеніне дән разымын. Жетпіс жыл – қала үшін көп уақыт емес. Бірақ, тағдыры қаламен тығыз байланысты азаматтардың өмір талайы мен еңбек жолы ұмытылмауға тиісті тарих», – дей келіп, алғыс арқалаған ағалар мен үзеңгілес азаматтар туралы естелік айтты.

Арқалықтың сонау «Қызылқозы» аталатын кезінен бастап, Торғай жерінде қазына кеніштің қалай табылғанын, оны зерттеуге кімдердің еңбек сіңіргенін көзбен көрген аға буын да арамызда бар. Апталап соғатын қысқы дүлей бораны мен сақылдаған сары аязына, ми қайнатар аптап ыстығы мен сағызша жабысқан бауырмал батпағына қажыр-қайратын қарсы қойып, қаланың іргетасын қалаған батыл жандардың толағай еңбектерін көрген балалардың өзі бүгінде қаламен бірге өсіп, қария атанды. Сондай жандардың бірі – қаланың көнекөз, көмбе кеуде тұрғыны Қайырден Жиенбайұлына да сөз кезегі берілді.

«Осы күні сексен алты жасқа келген қариямын. Арқалықтың тұтас тарихы көз алдымда. Қала шетіндегі биік дөңдердің астында қалған Қызылқозы атты ауыл болды. Балалық шағым сонда өтті. Өзімнің кіндік қаным тамған жер – қазіргі Атбасар. Біздің әулет 1930 жылдардың сүргінінде сонда барып тұрақтаса керек. 1948 жылы «Қызылқозыда боксит кені табылып жатыр екен, соны сағалап, туған жерімізге жақындайық» деп, осында оралды. Сондағы ағаларымыздың ауыр да азапты еңбектерінің бәрін өз көзімізбен көрдік. Белге арқан байлап, шұңқырларға түсіп, қайламен кен аралас топырақты омырып, жоғарыға жіберетін. Қаншама жігер-қайрат, арман-үміттің арқасында бой түзеген қала ғой. Кейін өзіміз де қалаға еңбек сіңірдік. Өзбекәлідей тау тұлғаларды көрдік», – деп ақтарыла сөйледі қария.

Бұл кісі де Арқалықтың кейінгі жылдары өзгеріп, өңі кіргеніне көңілі қуанатынын, тоқсанның тоқырауын көрген қаланың қазіргі бет-бейнесін көріп, жаны жадырайтынын айтты. Ол үшін басшылықтағы барлық азаматқа ағалық ақ алғысын жеткізді.

Арқалықтың тағы бір ақжолтай жаңалығы – қаланың ғылыми-зияткерлік өзегі саналатын Арқалық педагогикалық институтына университет мәртебесінің берілуі. Жоба Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен жүзеге асты. Бүгінде университет Ыбырай жаққан білім алауын сөндірмей, жастардың көкірегінде үміт отын маздатып, Арқалықтың жастар қаласына айналуына кепіл болатын білім ордасы десе артық емес. Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университетінің профессоры, философия ғылымдарының кандидаты Гүлбаршын Конкина осы жөнінде мазмұнды баяндама жасады. Мәжіліс соңы тарих қойнауынан қайта оянған, жаңарып-жаңғырған «Шертер» ансамблінің концертіне ұласты.

Тағдырында тағылымның табы бар

Мерейтой рухани мәні терең іс-шаралармен де есте қалды. Қай-қайсы да қаланың қилы тағдыры, қатпарлы тарихы, қалыптасу жолымен үндес. Оны жергілікті жұрт қана емес, сырттан келген қонақтар да жоғары бағалаған сыңайлы. Есімі елге мәлім қайраткерлер, ғалым-жазушылар, өзге облыс делегаттары қатысқан «Рух сардары» атты кеш соның айшықты айғағындай.

Тарих безбеніне салсақ, 70 жыл бір қаланың ғұмыры үшін аса көп уақыт та емес. Бірақ, Арқалықтың жүріп өткен жолына үңілсек, бұл мерзімді тұтас бір дәуірге балауға болар еді. Кеншілер кенті болып құрылып, кейін саяси-экономикалық, өндірістік-әлеуметтік, мәдени-рухани орталыққа айналды. Даңқы дүркіреп құлпырған да, дағдарыс сілкілеп құлдыраған да кездеріне осындағы жансебіл жұрт куә… Ал, енді ең жарқын кезеңдеріне ой жүгіртсек, есімін Арқалықтан бөле-жарып айтуға келмейтін ерен тұлғалар еске түседі. Ендеше, қала мерейтойында қабырғалы қайраткерлерінің қаперге алынуы заңдылық. Торқалы тойдың кең ауқымды бағдарламасында бұл да ескеріліпті.

Тұсында Арқалықтың еңсе көтеруіне еңбегі сіңген бір тұлға болса, ол Өзағаң – Өзбекәлі Жәнібек еді. Мемлекет және мәдениет қайраткері, тарихшы-этнографтың өзі де өмірінің ең сәулелі сәттерін Арқалықпен байланыстыратынын айтумен өткен екен. Биыл оның туғанына да 95 жыл толып отыр. «Рух сардары» атты еске алу кеші осыған орай ұйымдастырылды. Бұл іс-шарада Өзағаңның балалары мен ағайын-туыстары, елге есімі белгілі заңғар тұлғалар және қайраткердің туған жері Түркістан облысынан арнайы келген делегация төбе көрсетті. Кеш шымылдығын Арқалық қаласының әкімі Әмірхан Асанов құттықтау сөзімен ашты.    

«Бүгін біз қос күнге ұласатын Арқалықтың 70 жылдығын біртуар тұлға Өзағаңа арналған еске алу кешімен бастап отырмыз. Бұл – елдің ардақты азаматына деген ерекше ықылас-құрметіміздің белгісі. Ол Торғай облысының идеология жөніндегі хатшысы болып жүрген уақытта өңірдің мәдениетін көтеріп, тарихын түгендеуге ұшан-теңіз еңбек сіңірді. Арқалықта және Торғай өңірінде С.Қожамқұлов атындағы қазақ театрының, Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық институттың, «Дала өлкесі тарихы» облыстық музейінің, облыстық филармонияның, «Шертер», «Ғасырлар пернесі» ансамбльдерінің, «Торғай әуендері»  фестивалінің, облыстық радио мен «Торғай таңы» газетінің, Шақшақ Жәнібек мұражайының негізін қалады. Мұнда Өзағаңның кәсіби біліктілігі, ұлтына деген сүйіспеншілігі мен жанкешті еңбегі жатыр», – деді қала әкімі.

Торғай мен Түркістан – географиялық тұрғыдан алыс болғанымен, рухани тұрғыдан жақын мекендер. Ал, Өзбекәлі Жәнібек осы жақындықты сабақтастыра түскен тұлғалардың бірегейі еді. «Ер түріктің бесігінен» бір шоғыр қауымның мерейтойға арнайы келуі соны айғақтағандай. Делегацияны бастап келген Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов Өзағаң елінің ақ сәлемін жеткізіп, той иелеріне ізгі тілегін жолдады. Түркістан облысы әкімінің құттықтау хатын және арнаулы сый-сияпатын Әмірхан Асановқа құрметпен табыс етті.

«Арқалық – қазақ даласындағы құтты қалалардың бірі. Кенге де, дәнге де, тұлғаға да бай өлке. Ал, бұл шаһардың біздің өңірмен бір байланысы – жерлесіміз Өзағаңның Торғай даласында қызмет етуі, мәдениеті мен руханиятына өшпес із қалдырғаны. Келгеннен бастап «Жастардың қорғаны» атына ие болғаны оған деген осы халықтың ерекше ықыласының нышаны. Сіздердің бейресми гимндеріңізге айналған «Арқалықтың ақ таңы» әнін шығартуы ол кісінің Торғай өңіріне деген ілтипатының белгісі. Осыдан келіп, екі өңірдің, екі қаланың, екі облыстың рухани жақындастығын аңғарамыз. Биыл сәуір айында Арқалықтан бір топ делегация Түркістанға іссапармен келген болатын. Өзағаңның туған жері Отырарда болып, басына барып құран бағыштады. Облыс орталығының киелі, көрікті орындарын аралады. Сондықтан, қос өңір сабақтастығы жылдан жылға нығайып келе жатыр. Тойларыңызға ортақ болып отырғанымыздың да басты себебі сол», – деді Мадияр Әліпов.

Өмірі өнегемен өрнектелген көрнекті тұлғаның Торғай өлкесінде ізі сайрап жатыр. Абыройын өрге оздырып, мәдени мұрамызды түгендеп, рухымыздың серпілуіне сіңірген еңбегі өлшеусіз. Бұл жөнінде әйгілі тарихшы, қаламгер Қойшығара Салғарин кең көсіліп, көрікті сөз, көрнекті ой айтты.

«Кезінде өзім де осында радиода бес жыл қызмет еттім. Оған қарымымызды аңғарған Өзағаңның өзі ықпал етіп еді. Кейін жақын танысып, ағалы-інілі болып кеттік. Атпал азамат облысқа, осы өңірге керемет еңбек сіңірді. Ол кісінің басты қасиеті – басқасынан бұрын ұлттық құндылықты басты орынға қоятынында… Өмірінің соңғы сәтінде кездескенімде ұзақ әңгімелескеніміз есімде. Сол кезде Торғай халқына разылығын білдірді, жекелеген азаматтарға тәнтілігін жеткізді. Әсіресе, елдік жөнінде көп дүние айтты. Түбі бір түртіп жазар деді ме екен? Бұрынғыдай қауқарлы болмасақ та, құдай қуат берсе, оны да бұйырған күні жазармыз. Қазіргі биліктегі жігіттерге Өзағаңдай ел мүддесіне қызмет етуді тілеймін», – деп тебіреніп, қала мерейтойына лебізін де қоса кетті тарих тамыршысы.

Тұсында Өзағаңмен тізе қосып қызмет атқарған азаматтар да ағайын алдына шығып, ақтарыла сөйледі. Бүгінде ел ақсақалына айналған тұлғалардың бірі – қайраткер, Қостанай облысының құрметті азаматы, кезіндегі Торғай облысы әкімінің орынбасары Амангелді Садырбеков те көзкөрген тұлға туралы естеліктерін көпшілікпен бөлісті.

«Өзағаң келгенде Торғай облысы енді құрылып жатқан еді. Бұл 1970 жылдың тұсы. Қызметке білек сыбана кірісті. Өте белсенді, елгезек, еңбекқор, асқан талапшыл адам болатын. Аудандық комсомол жастарына басшылық жасап, бізді бай тәжірибесімен тәрбиелеп, дамытып-жетілдірді. Өзім бес облыста жұмыс істеген адаммын. Содан білемін – қай жақта да ол кісідей адал ниетті, әділетті адам көрген емеспін. Өзге өңірде қызмет етіп жүрген мені туған жерге ту тігіп, дамуына үлес қосуыма үгіттеген де жан еді. Елге сіңірген еңбегі айтып тауысқысыз еді ғой. Лайым, халықтың бағына жаралған осындай азаматтар көбейе түскей», – деді Амангелді ағамыз.

Ол да мерейтойға құр қол келмепті. Өзінің «Өмірімнің өрнектері» атты кітабын қолтаңбасымен Өзағаңның ұлы Ниетжанға және түркістандық делегация мүшелеріне табыс етті. Осы жиында Өзбекәліге көше беру, бір мектепті қайраткер атымен атау сияқты ұтымды ұсыныстар да айтылып жатты. Ал, ұлы қайраткердің балалары мен туыстары – немере қарындасы Айғаным Серімнің, ұлы Ниетжан Өзбекәлінің естелік-сырлары да тыңдарман қауымды бейжай қалдырмады.

«Әкеме деген құрметтеріңіз үшін шексіз алғыс! Бұл қала маған да жат емес. Өзім де кезінде Арқалықта бір жыл тұрдым. Ал, енді әкемнің Арқалыққа қалай келгенін екінің бірі біле бермейді. Ол 1969 жылы Алматыда комсомолға керемет ғимарат салды. Бір айдан кейін оны Валентин Карпов деген екінші хатшы шақырып алып: «Бұл нысанды КСРО Минтяжстройына бересің», – дейді. Бірақ бұл кісі: «Бермеймін! Бұл жерде елдің әр түкпірінен келіп, қаншама комсомол жұмыс істеді, көтерді. Оны қалай беремін?» – деп қарсы шығады. Содан кейін оны осы өлкеге жібереді. Әйтпегенде бұл жаққа келмес пе еді. Бірақ, әкемнің Торғай өңірінде қызмет еткен бес жылы өмірінің ең бақытты, жарқын шақтары еді. Өзі соңғы деміне дейін солай айтып өтті. Ендеше, Арқалық – мен үшін де әлемдегі ең ыстық қала», – деп тебіренді тектінің тұяғы Ниетжан.

Еске алу кешінде өзге де өнертанушы, ғалым, профессорлар, қос облыстың мұражай қызметкерлері мен көзін көрген шәкірттеріне сөз берілді. Солардың ішінде белгілі өлкетанушы, Торғай өңіріндегі мұражайлар кешенінің директоры Гүлбану Сәрсекеева заңғар тұлғамен алғаш танысқан сәттерін есіне алып, жып-жылы естеліктер айтты.

«Мен бүгінгі баяндамашылардың ең жасымын деп ойлаймын, оның үстіне өзімді бақытты жан сезінемін. Өйткені, Өзағаның көзін көрдім. Сол кісімен кездескен күн бүгінгідей әлі көз алдымда. «Музейлер қаласы» атанып кеткен қарт Торғайда аз уақытта бес музейді біріктірген осы ағамыз еді. Кезінде басқа мамандыққа бас бұрғым келгенде дәл сол кісі: «Гүлбану, еліңнің тарихын сүйсең, осында қал», – деп ақыл-кеңесін айтқан еді. Одан бері де 36 жыл өтіпті. Сонау жас шағымда бүгінгідей ел алдында мінберде Өзағам туралы естелік айтып тұрамын деп ойлаппын ба? Осындай дәрежеге жеткенімнің өзі сол кісінің арқасы», – деп толғанды Гүлбану Сәрсекеева.

Осыдан соң Өзағаң өмірге әкелген атақты «Шертер» ансамблінің алғашқы қарлығаштары, жұлдызды меймандар да сөз алып, халықты сүттей ұйытып, салмақты ой-пікірлерін, тілек-лебіздерін жеткізді, сый-сияпат алмасты.

Жиын аясында атақты «Арқалықтың ақ таңы» туындысы, Өзбекәлі Жәнібек рухына және Арқалықтың 70 жылдығына арналып шығарылған жаңа әндер шырқалды. Қайта жаңғырған «Шертер» ансамблі әлеуметті әсем әуенмен тербетіп-тебірентті.

Арқалықтың алтын қақпасы

Арқалықтың мәртебелі мерейтойына тамаша тарту! Жетпіс жылдық жаңа асуында қаланың темір жол вокзалы жаңа келбетке еніп, қайтадан есік ашты. Ел игілігіне күрделі жөндеуден соң беріліп отыр. Жаңарған нысанның ашылу салтанатына қала тұрғындары мен қонақтар қатысып, қуанышты сәттің куәсі болды.

Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру аясында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы еліміздің көлік-логистика мүмкіндігін арттыруға бағытталған бірқатар ірі жобаны қолға алған еді. Соның аясында ел көлемінде 125 темір жол вокзалы жөнделіп жатыр. Қостанай облысында күрделі жөндеуден кейін төртінші болып Арқалық теміржол вокзалы ашылып отыр.

Вокзалдың ішкі-сыртқы келбеті жан танымастай жаңарып, замануи кейіпке еніп, жолаушыларға қолайлы жағдай жасалды. Вокзал маңы да толық абаттандырылып, қала ажарына көрік қоса түсті. Мерейтойлы шаһардың қақпасы іспетті нысанның жөнделуі Арқалық тұрғындарына айырықша қуаныш сыйлағандай.

Вокзалдың ашылуына арналған салтанатты жиында облыс әкімі Құмар Ақсақалов сөз алып, қалың көпшілікке құттықтау лебізін жолдады. Атқарылып жатқан жұмыстар Арқалықтың 70 жылдығына ғана арналған бір реттік іс-шара емес, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін жүйелі жұмыстардың бір бөлігі екенін айтты.

«Ел экономикасын дамыту үшін, әрине, ең бірінші қатынас болуы керек. Сондықтан, Арқалық қаласы және оған көршілес Амангелді, Жангелдин аудандарының экономикасын дамыту үшін біз үш бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Олар – теміржол қатынасын жетілдіру, автомобиль жолдарын жаңғырту және әуе қатынасын дамыту. Бүгінде бұл бағыттардың барлығында да Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес нақты жұмыстар атқарылып, оң нәтижелер байқалуда. Бүгінгі вокзалды өздеріңіз де көріп жатқандай, жолаушыларға іште де, сыртта да сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік жасалды. Өтінішімізді орындағаны үшін «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы басшылығына алғыс айтамыз. Алдағы уақытта вагондарды жаңарту жұмыстарын жалғастыра түсеміз», – деді облыс әкімі.

Салтанатты іс-шарада ҚР Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов та көлік инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстарының ел көлемінде қарқынды жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Әуелі бүгінгі қуаныштарыңызбен құттықтап қоюға рұқсат етіңіздер! – деді вице-министр. – Бүгінде Перзидент тапсырмасы аясында Қазақстанның барлық дерлік өңірінде теміржол вокзалдары жаңару үстінде. Қостанай облысында бұл бағдарламаға 6 вокзал енген. Оның төртеуіндегі жұмыстар толық аяқталды. Ал, Қостанай мен Тобыл қалаларындағы теміржол вокзалдарын тамыз айының соңында пайдалануға беріледі. Бүгінде Арқалық вокзалы шынымен де заманауи келбетке ие болды. Инженерлік желілерінен бастап, ғимараттың әр бұрышы жаңартылды, жаңа құрылғылар орнатылды. Бейнебақылау камераларымен, өрт белгі бергіштерімен қамтылды. Толықтай соңғы талаптарға сай келеді. Бүгінде вокзал келу-кету нүктесі ғана емес, қаланың басты келбеті, визит картасы, басты қақпасы саналады. Оның үстіне қаланың дамуына жаңа серпін береді деп сенеміз».

Ол «Астана-Арқалық» бағытында жолға шығарылған жаңа пойыз туралы да мәлімет бере кетті. Тыңнан іске қосылып отырған вагондар Петропавл зауытында өндірілген. Толығымен заман талабына, жолаушылар сұранысына сай келеді. Жәнібек Тайжанов өзі де күн бұрын Арқалыққа осы вагондардың бірімен жеткенін, біржолата сынақтан өткізіп келгенін айтты. Ол алға тартқан басты ерекшелік – үздіксіз, ақысыз Wi-Fi бар елдегі алғашқы пойыз Арқалыққа сапарлап келді. Қалалықтар бұл жаңалықты да естіп, разылықпен қошемет соқты. Арқалықтықтар атынан темір жол саласының ардагері Темірбай Сәтмырзин құрметпен ортаға шақырылып, сөз кезегі берілді.

Осыдан соң вокзалдың лентасын қию рәсіміне кезек берілді. Құрметті міндетті «Қостанай оңтүстік электр сервис» мекемесінің жас маманы Арман Таңатқанов пен Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университетінің 3-курс студенті, республикалық «Үздік студент – 2026» байқауының жеңімпазы, халықаралық «Үздік 100 студент» байқауының лауреаты Ақния Құлажанова орындады. Келбеті келіскен, ажары жаңарған ғимаратты ашып беру рәсімінің жастарға ұсынылуының да символдық мәні бар.

Қызыл лента қиылып, жаңарған вокзалдың есігі ашылған сәтте жиналған жұртшылықтың қуанышы ерекше сезілді. Қала тұрғындары есігі айқара ашылған нысанды аралап, оның жаңа мүмкіндіктерімен танысты. Ал, вокзал басшылығы меймандарға жөндеу жұмыстары жөнінде, сондай-ақ «Астана-Арқалық» бағытындағы жаңғыртудан өткен жаңа вагондар туралы қосымша мәліметтер берілді.

«Жаңа да айтылғандай, алты вагон жаңартылды. Қазір құрамда соңғы үлгідегі үш купе және үш плацкарт вагоны бар. Заманауи игіліктердің бәрі қарастырылған, ауа баптағыш, әр жолаушыға жеке сейф, қолайлы қуаттағыш және бастысы тегін Wi-Fi орнатылған. Жолаушылар да қуанып жатыр», – дейді жолаушылар вагонының жолсерігі Дастан Міржақыпұлы.

Ал, вокзал ішінде ана мен балаға арналған жайлы бөлмелер, тынығу орындары, балалар ойнайтын аймақ қарастырылған. Асхана жаңартылып, кассалар жұмысы да цифрландырылыпты. Вокзал ғимараты ғана емес, перрондар да жөндеуден өткен. Бір сөзбен айтқанда, Арқалықтың басты қақпасы бұрынғы қалпымен мүлдем салыстыруға келмейді. Жалпы, жетпіс жылдық тарихы бар Арқалық үшін жаңарған теміржол вокзалы – жай ғана күрделі жөндеуден өткен нысан емес. Бұл – шаһардың өткеніне құрметпен қарап, келешегіне сеніммен қадам басып келе жатқанының белгісі.

Жолдар түйісетін, әуе қатынасы жанданатын қала

Бүгінде шаһардың көлік-логистика инфрақұрылымы түбегейлі жаңару үстінде. Арқалық арқылы өтетін, елдің төрт тарабын байланыстыратын ауқымды автожол құрылыстары қарқынды жүріп жатыр. Осы жобалардың жүзеге асу барысы, бүгіні мен ертеңі қаланың кіреберіс қақпасында егжей-тегжейлі таныстырылды.

Әлбетте, өңірдегі жол салу жобалары туралы сөз болғанда «Орталық – Батыс» автомагистралінің құрылысы бірден ойға ілігеді. Арқалық, Амангелді, Торғайды көктеп өтетін күретамыр – облыстың оңтүстік өңірлерінің «қанын толықтырып», қуатын еселемек. Президент пәрменімен қолға алынған қомақты жобаның құрылысы қарқынмен басталды. Атап айтқанда, қазір транскаспий магистралінің 50 шақырымдық Торғай-Ырғыз учаскесінде жұмыс қызу жүріп жатыр. Құрылыс барысы онлайн режиміндегі видеомен көрсетілді.

«Жобаға 221,8 млрд теңге жұмсалады. Видеодан көріп тұрғандарыңыздай, дәл осы сәтте Торғай-Ырғыз аралығындағы 17-блокта жұмыс жүріп жатыр. Құрылысқа тоқсан адам және алпыс техника жұмылдырылған. 21 шақырым тегістеліп үлгерді. Жалпы Арқалықтан Ақтөбе облысына дейінгі қашықтық – 401 шақырым. Екі жыл көлемінде осы екі аралық жалғанады», – деді «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ Қостанай облыстық филиалының басшысы Серік Қарабеков.

Айта кетейік, Астана – Атбасар – Есіл – Қарабұтақ – Ырғыз маршрутының қазіргі ұзындығы – 1438 шақырым. Осы ауқымды жоба аяқталғаннан кейін ол 542 шақырымға қысқарады. Жоспар бойынша, құрылыс 2028 жылы аяқталуға тиіс.

Сондай-ақ, «Жезқазған – Арқалық – Петропавл» жобасының іске асу барысы туралы да мәлімет берілді. Бұл жоба толық аяқталса, Арқалық және Астана, Қарағанды, Қызылорда арқылы өтетін бағыттарын қоса есептегенде, «Қостанай – Қызылорда» тас жолы 1615 шақырымға кемімек. Бұл бағыттағы жұмыс биыл толық аяқталады.

«Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асып жатқан бұл ірі жобалар осы өңірдің дамуына зор серпін береді деп сенеміз. Ал, Арқалық қаласы еліміздің төрт бағытын біріктіретін орталыққа, логистикалық хабқа айналады. Осы арқылы мыңдаған адам тартылып, кәсіптің сан түрі ашылып, тіршілігі қыза түседі. Сондықтан, Арқалықтың болашағы жарқын деп есептеймін», – деді Құмар Ақсақалов.

Осыдан соң Құмар Іргебайұлы бастаған қауым Арқалық әуежайын бетке алды. Бүгінде бұл нысанның құрылысы толығымен аяқталып тұр. Заманауи құрылыс талаптарына сай келетін сәнді де сапалы әуежай айналдырған он айдың ішінде салынып бітті. Жалпы ауданы 3 мың шаршы метрге жуықтайды. Ұшу жолағының ұзындығы – 2,5 шақырым, ені – 45 метр. Енді аздаған құжаттама шаруалары ғана қалып отыр. Қысқасы, ашылатын күн алыс емес.

«Әуежай іске қосуға толықтай дайын. Таяу күндері соңғы сертификатымызды аламыз. Әуе маршруты үш бағытта болады. Көлік министрлігінің қолдауымен 10-15 тамызда осы үш бағытты субсидиялау конкурсы өтеді. Қостанай-Арқалық және Астана-Арқалық бағыттарының билеті – 10 мың теңге, Алматы-Арқалық маршруты 25 мың теңге болады. Министрлік қажетті қаржыны бөлді. «SCAT» әуе компаниясымен алдын ала келіссөз де жүргізілді», – деп мәлімет берді Қостанай облысы әкімінің орынбасары Берік Таңжарықов.

Бір айта кетерлігі, Көлік министрлігі бастамасымен «SCAT» компаниясы шағын әуежайларға арнап, Bombardier CRJ200 модельді жаңа ұшақтар сатып алмақ. Аймақтық орта магистралды әуе кемелері Арқалыққа да қызмет ететін болады. Әуежай жолаушылар тасымалының қысы-жазы үзіліссіз қызмет етуін қамсыздандыратын ең озық техникалармен жабдықталған. Нысанда 130 адам қызмет етпек. Қонақтар ұшып келу залынан бастап, барлық бөлім-бөлмелерімен танысып шығып, толымды бағасын берді.

Арқалықтағы аламан – асқақ рух айғағы

Қаланың жетпіс жылдығымен тұспа-тұс келген айтулы оқиғалардың бірі – облыстық спартакиада. Осымен 39-шы рет өтіп отырған дүбірлі дода қалаға жиырма жылдан кейін оралды. Спорт мерекесі шаһар мерейтойымен тұтасып, қалың жұрттың қуанышын еселей түскендей. Айтулы аламанда Қостанай командасы топ жарды. Жарыс жалауын Меңдіқара ауданы қабылдап отыр.

Биылғы спартакиадаға облыстың барлық өңірінен сайдың тасындай іріктелген 200 шақты сайыпқыран жиналыпты. Жеңіс тұғырын бағындырудан үмітті үздіктердің «Жігер» стадионында басы қосылып, жанкүйер жұрт алдында барлық команданың салтанатты шеруі өтті. Командаларды алаңға әр аудан-қаланың әкімі бастап шықты. Оларды сахна төрінде арқалықтық суырыпсалма ақындардың кезектесіп өлеңмен таныстырып отыруы да бір ерекшелік болғандай. Одан соң мерейгер қаланың сақа спортшыларына спартакиада алауын жағу құрметі ұсынылды. Спартакиада қатысушылары мен қалың жұртшылықты облыс әкімі Құмар Ақсақалов құттықтады.

Осылайша, қаланың әр бөлігінде спорттың сан түрінен сайыс қыза түсті. Әсіресе, қалың көпшіліктің ұлттық спортқа деген қызығушылығы ерекше болғанын аңғару қиын емес. Күннің аптап ыстығына қарамай, спортсүйер қауым қала сыртындағы ипподромға көп жиналды. Мұнда ат бәйгесі, көкпар, аударыспақ және күрестен дода қыза түскен. Үш күнге созылған жарыстар үздіктерді анықтап берді.

Топтан озған барлық сәйгүлік жүлдеге ие болды. Мұнан бұрын сүйіншілегеніміздей, аламан бәйгенің бас жүлдесіне автокөліктің кілті табысталды.

Төрт күнге ұласқан спартакиаданың сан салалы спорттық сайыстары да толық аяқталып, мәресіне жетті. Спортшылар сәнімен сап түзеп, спартакиаданың жабылу рәсімі де жоғары сән-салтанатымен көмкерілді.

Спартакиадашыларды қала әкімі Әмірхан Асанов пен облыстық Дене тәрбиесі және спорт басқармасының басшысы Жәнібек Жұрқабаев құттықтап, үздіктерге тиісті жүлделерін табыс етті.

Сайыс қорытындысын спартакиаданың бас төрешісі Бауыржан Сабыржанұлы салтанатты түрде жариялады. Облыс қалалары арасында үшінші орынды Рудный, екінші орынды Арқалық, бірінші орынды Қостанай қаласы қанжығалады. Ал, аудандар арасында үшінші орынды Әулиекөл, екінші орынды Меңдіқара, бірінші орынды Қостанай ауданы еншіледі. Жыл бойы төккен терлері ақталып, жарыста бағы жанған командалардың қуанышында шек болмады.

Осылайша, спортшыларымыз бір мақсат, бір рух, бір жеңіс жолында тағы бір мәрте топтасты. Алда да сайыпқырандарымыз шеберліктерін шыңдайтын қуанышты шақтар мол болғай!

Серік Шайман, Жандос Жүсіпбек

Суреттерді түсірген – Бердіболат Көркембаев

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here