«Торғай жеріне тәнті болған Өз-аға»: рухани сабақтастыққа ұласқан тағылымды басқосу

0
933

Алматыдағы Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінде Өзбекәлі Жәнібековтің 95 жылдығына арналған «Торғай жеріне тәнті болған Өз-аға» атты дөңгелек үстел өтті. Ұлттық  мәдени мұраны жаңғыртудың көрнекті көшбасшысы, мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым-этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің 95 жылдығына арналған тағылымды шараға қатысушылар құнды естеліктер мен ғылыми баяндамалар жасады.

Рухани басқосуды ұйымдастырудағы негізгі мақсат – халқымыздың тарихи-мәдени мұрасын сақтап, ұлттық өнер мен дәстүрдің талай көмескіленген арнасын қайта жаңғыртуға өлшеусіз еңбек сіңірген Өзбекәлі Жәнібековтің азаматтық және ғылыми тұлғасын кейінгі ұрпаққа кеңінен таныту, оның өнегелі өмір жолын бүгінгі күннің рухани сұраныстарымен сабақтастыру болды. Бұл мақсат шара барысында толық орындалды деуге негіз бар. Өйткені, дөңгелек үстел әдеттегі мерейтойлық жиын аясынан әлдеқайда асып, Өзбекәлі Жәнібековтің дәуірі, болмысы, ұлтқа қызмет ету ұстанымы туралы терең ой қозғалған жоғары деңгейдегі рухани жүздесуге айналды.

Жиынның шырайын кіргізген басты ерекшелік – мінберге шыққан азаматтардың қайраткерді сырттай зерттеуші ретінде ғана емес, оның өмір жолын көрген, бірге қызметтес болған, шығармашылық және ғылыми мұрасын зерделеген тұлғалар ретінде сөз алуы еді. Сондықтан, әрбір баяндамада дерекпен қатар жүрек сөзі, тарихи оқиғамен қатар жеке естелік, ғылыми тұжырыммен бірге адамдық болмыс көрініс тапты.

Тағылымы мол басқосудың сөз тізгінін музей-үйдің аға ғылыми қызметкері, алаштанушы Әділет Ахмет ұстады.

Дөңгелек үстелде алғашқы болып сөз алған мәдениет саласының үздігі, Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің жетекшісі Бауыржан Өзбекәліұлы әкесі туралы сыр шертіп, оның азаматтық ұстанымы мен мәдениетке деген айрықша көзқарасын көпшілікке жеткізді.

Өзбекәлі Жәнібековтің еңбегін бағалағанда оның белгілі бір қызметтерін ғана санамалап қою жеткіліксіз. Ол ұлттық мәдениетті тұтас құбылыс ретінде қарастырған тұлға еді. Музей, театр, музыка, қолөнер, салт-дәстүр, тарихи ескерткіш – бұлардың барлығын бір-бірінен бөлек емес, ұлттық рухтың өзара сабақтас арналары деп білді.

Осы тұста жиынға қатысушылар Өзекеңнің музей ісін дамытуға, халықтық өнердің ұмыт бола бастаған үлгілерін жинауға, дәстүрлі мәдениетті зерттеуге қосқан үлесін ерекше атап өтті. Оның бастамасымен көптеген жәдігерлердің елге қайтарылып, музей қорларына жинақталғаны, ұлттық өнердің бірқатар саласының қайта жаңғырғаны сөз болды.

Өзбекәлі Жәнібеков туралы айтылған естеліктердің өзінен-ақ оның «қызметтік міндетін атқарған басшы» ғана емес, ұлттық құндылық үшін жеке жауапкершілік сезінген қайраткер болғанын аңғаруға болады.

Дөңгелек үстелдің «Торғай жеріне тәнті болған Өз-аға» деп аталуының мәні де жиын барысында кеңінен ашылды.

Торғай – Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы бастаған Алаш зиялыларының ізі қалған, ұлт тарихының аса маңызды кезеңдері тоғысқан қасиетті мекен. Бұл өңірдің әрбір тарихи жәдігері, әрбір ескі ғимараты мен мәдени мұрасы ұлттық жадтың бір бөлшегі екені жиында бірнеше қырынан айтылды. Өзбекәлі Жәнібековтің Торғайға барған сапарлары, сол өңірдің мәдени тынысын жандандыруға қатысты атқарған жұмыстары туралы айтылған естеліктер осы атаудың жай ғана көркем тіркес емес екенін дәлелдеді. Кей деректерде оның Торғай өңіріне келгеннен кейін тарихи жәдігерлерді жинауға, өлкетану музейін дамытуға, театр мен мәдениет ошақтарының жұмысын жандандыруға ерекше көңіл бөлгені айтылады. Тіпті, сол кезеңде «Шертер» ансамблін құру сияқты бастамалардың жүзеге асуы да Өзекеңнің ұлттық өнерге деген көзқарасының кеңдігін көрсетеді.

Өзбекәлі Жәнібеков туралы жарияланған естеліктерде оның Торғай өңірінің тарихи мұрасына ерекше мән бергені, музей мен мәдениет ошақтарын дамытуға баса назар аударғаны жөнінде деректер кездеседі.

Белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов өз сөзінде Өзбекәлі Жәнібековтің тұлғасын ұлттық руханияттың үлкен мектебі ретінде бағалады. Ақынның пайымынша, Өзекеңнің ерекшелігі – қандай лауазымда жүрсе де, сол қызметті жеке мансаптың емес, елдің мәдени мұратын жүзеге асырудың мүмкіндігі ретінде қарастырғанында.

Оның Алаш арыстарын ақтау ісіне араласуы, ұлттық мерекелер мен дәстүрлердің қайта жаңғыруына ықпал етуі, тарихи жәдігерлерді елге қайтаруға күш салуы – бір-бірінен бөлек жұмыстар емес, бір мақсатқа бағытталған жүйелі қызмет еді. Бұл ретте Өзбекәлі Жәнібековтің Наурыз мерекесін қайта жаңғырту, Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне қатысты тарихи мұраны қорғау, ұлттық өнерді насихаттау бағытындағы еңбектері айрықша аталды.

Өзбекәлі Жәнібековтің кезінде көмекшісі болған  Бахтияр Камаловтың естелігі жиынның ең әсерлі сәттерінің біріне айналды. Өйткені, тарихты оқулықтан оқу бір басқа да, сол тарихты жасаған адамның қасында жүрген адамның әңгімесін тыңдау – мүлде бөлек әсер.

Бахтияр Камалов Өзекеңнің жұмыс істеу мәнеріне, талапшылдығына, уақытты бағалай білуіне және кез келген мәселенің түбіне үңілетін әдетіне тоқталды. Оның айтуынша, Өзбекәлі Жәнібеков үшін мәдениет мәселесі «қосымша сала» емес, мемлекеттің рухани қауіпсіздігімен тікелей байланысты маңызды бағыт болған. Осы тұрғыдан алғанда, Өзекеңнің тарихи жәдігерді іздеп табуы да, өнер ұжымын құруы да, музей ашуға атсалысуы да кездейсоқ бастама емес. Оның әр әрекетінің ар жағында «ұлттың жоғалғанын қайта табу» деген үлкен мұрат тұрған.

Қоғам қайраткері, тіл жанашыры Асылы Осман Өзбекәлі Жәнібековтің ұлттық тіл мен руханият мәселесіне деген көзқарасына тоқталды. Жиында оның сөзі арқылы Өзекеңнің ұлт мәселесін тар мағынада қарамағаны аңғарылды. Тіл, тарих, мәдениет, өнер, салт-дәстүр – барлығы ұлттық сананың тұтас жүйесі ретінде бағаланған.

Өзбекәлі Жәнібековтің қызмет жолына көз жүгіртсек, оның қазақтың ұлттық болмысын сақтауға бағытталған көптеген бастамалардың басында жүргенін көреміз. Кеңестік идеология үстемдік еткен кезеңнің өзінде ұлттық мәдениеттің мүмкіндігінше сақталуына жол ашуы оның азаматтық батылдығын көрсетеді.

Алаш қайраткері Қошке Кемеңгерұлының немересі, руханият жанашыры Гүлнар Кемеңгерованың сөзі жиынның тарихи салмағын арттыра түсті. Алаш арыстарының ұрпағы ретінде ол Өзбекәлі Жәнібековтің Алаш қайраткерлерінің мұрасын қайта жаңғыртудағы еңбегіне ерекше тоқталды.

Алаш зиялыларының есімдерін атаудың өзі қиын болған кезеңде олардың мұрасын зерттеу, еңбектерін жарыққа шығару, есімдерін халыққа қайтару үлкен азаматтық ерлік еді. Өзбекәлі Жәнібеков осы істің басында болды. Оның Алаш арыстарын ақтауға атсалысуы – бүгінгі ұрпаққа тарихи әділеттіліктің қалпына келуіне жол ашқан аса маңызды қызмет. Сондықтан, Гүлнар Кемеңгерованың естелігі Өзбекәлі Жәнібеков тұлғасын Алаш мұратымен сабақтастыра қарауға мүмкіндік берді.

«Сазген сазы» ансамблінің дирижері, мәдениет қайраткері Ықылас Нұрғалиевте Өзбекәлі Жәнібековтің ұлттық өнерге сіңірген еңбегін сөз етті.

Бұл жерде бір маңызды жайт айқын көрінді: Өзекең өнерді тек сахнадағы шығармашылық дүние деп түсінбеген. Ол үшін халықтың әні мен күйі, көне аспаптары, дәстүрлі орындаушылық мәдениеті – халықтың тарихи жадының бір бөлігі еді. Сондықтан, оның ұлттық музыкалық аспаптарды жинауға, дәстүрлі өнер ұжымдарының қалыптасуына, халық өнерін ғылыми тұрғыдан зерделеуге көңіл бөлуі бүгінгі мәдени кеңістіктің қалыптасуына тікелей әсер етті. Өзекеңнің Шәмші Қалдаяқов сияқты таланттардың өнердегі жолына қолдау көрсеткені туралы да естеліктер айтылды. Мұндай мысалдар оның талантты танып қана қоймай, оның елге қызмет етуіне мүмкіндік жасауға ұмтылғанын көрсетеді.

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Гүлжаһан Орда Өзбекәлі Жәнібековтің ғылыми-танымдық мұрасына тоқталып, оның этнографиялық ізденістерінің бүгінгі ғылым үшін маңызын саралады. Өзбекәлі Жәнібековтің еңбектерін оқығанда оның халықтың дәстүрлі мәдениетіне сырттай бақылаушы ретінде қарамағанын байқауға болады. Ол халық арасында сақталған өнер үлгілерін, әдет-ғұрыптарды, қолөнер дәстүрлерін жинап, зерттеп, олардың тарихи негізін түсіндіруге тырысты. Осы тұрғыдан алғанда, оның мұрасы тек өткенді сипаттайтын дерек емес, қазіргі ұлттық мәдениетті зерттеуге мүмкіндік беретін құнды ғылыми қазына екені атап өтілді.

Өзбекәлі қорының президенті Әзел Жәнібек қайраткердің мұрасын сақтау мен насихаттаудың бүгінгі міндеттеріне тоқталды. Жиында айтылған ойлардың бірі – тұлғаны тек мерейтой сайын еске алып қою жеткіліксіз екені. Өзбекәлі Жәнібековтің нақты істерін зерттеу, оның еңбектерін жастарға таныту, бастамаларының мәнін қазіргі қоғам тұрғысынан пайымдау қажет.

Бұл ретте «Өз-аға» феноменінің мәні де ашылды. Өзекеңнің ел алдындағы беделі тек атқарған лауазымдарымен өлшенбейді. Оның шынайы беделі –  ұлттың және мәдениеттің жоғын түгендеп, тарихи жадтың үзіліп қалмауына қызмет еткенінде.

«Отбасы хрестоматиясы» жобасының негізін қалаушы әрі директоры  Бағдат Құдияр ұлттық тұлғалардың өмір жолын бүгінгі ұрпаққа түсінікті тілмен жеткізудің маңызын атап өтті. Осы шараның өзі де осы міндеттің бір көрінісі болды. Жиынға мәдениет пен өнер саласының өкілдерімен бірге зерттеушілер, зиялы қауым және ұлттық құндылықтарға қызығушылық танытқан азаматтардың қатысуы Өзбекәлі Жәнібеков мұрасының қоғам үшін әлі де өзекті екенін көрсетті.

Дөңгелек үстелде Торғай өңіріне қатысты көптеген тарихи деректер мен тағылымды мысалдар ортаға салынды. Торғайдың тарихи тұлғалары, Алаш қозғалысы, ағартушылық дәстүр, халықтың дәстүрлі өнері, музей ісі – мұның барлығы Өзбекәлі Жәнібековтің қызметімен өзара сабақтастырыла қарастырылды. Бұл тұрғыда жиынның басты түйіні – Торғайға деген құрметтің түпкі мәні қазақтың тарихи жадына деген құрметте жатқандығы болды.

Өзбекәлі Жәнібеков Торғайдың қасиетін оның жер бедерінен немесе тарихи атауларынан ғана емес, осы топырақта қалыптасқан ұлттық ой-сана мен рухани дәстүрден көре білді.

«Торғай жеріне тәнті болған Өз-аға» дөңгелек үстелі осылайша бір тұлғаны еске алуға арналған кезекті шара болмастан, ұлттық мәдениеттің тағдыры туралы үлкен әңгімеге айналды.

Дөңгелек үстелге арнайы шақырылған қонақтардың қатарында болған Торғай музейлер кешенінің директоры, аудандық мәслихат хатшысы Гүлбану Сәрсекей де бейнеқұттықтау жолдап, тағылымды шараға жүрекжарды тілегін білдірді. Торғай төрінен жолданған бейнежазбада ол Өзбекәлі Жәнібековтің қасиетті өңірдің тарихи-мәдени мұрасына деген ерекше ықыласын атап өтіп, ұлт руханиятына өлшеусіз еңбек сіңірген тұлғаның өнегесін дәріптеген осындай маңызды басқосуды ұйымдастырушыларға ақжарма алғысын жеткізді. Оның лебізі Алматыдағы жиын мен Торғайдағы тарихи-рухани ортаның арасындағы сабақтастықты айқындай түсті.

Жиын барысында «Алматыкітап» баспасының редакторы Бұлан Жамбыл да сөз алып, айтулы шараға ақжарма тілегін білдірді. Ол ұйымдастырушыларға ризашылығын жеткізіп, Өзбекәлі Жәнібековтің қалдырған мұрасы уақыт өткен сайын маңызы арта түсетін, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын мәңгілік феномен екенін атап өтті. Бұл ой жиынның жалпы рухымен үндесіп, Өзекең мұрасын бір кезеңнің еншісінде қалған тарихи құбылыс емес, бүгінгі және келер ұрпақ үшін де маңызы зор рухани қазына ретінде бағалауға үндеді.

Өзбекәлі Жәнібековпен рухани сабақтастықта болған, ұлт тағдырын жырына арқау еткен белгілі ақын Мұхтар Шахановты да шараға қатысушылар ерекше ілтипатпен еске алды. Осы сәтте ақын, зерттеуші Әділет Ахмет Мұхтар Шаханов дүниеден өткеннен кейін жазған «Алты ай бойы алынбаған Отырар» атты арнауын оқып берді. Жыр жолдары арқылы қазақ руханиятындағы екі ірі тұлғаның – тарихи сананы оятуға, ұлттың рухын көтеруге ғұмырын арнаған азаматтардың өнегесі сабақтастыра айтылып, көпшілікке ерекше әсер қалдырды. Ақынның толғанысты жырды тебіреніспен оқуы жиынның рухани салмағын одан әрі арттырып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

Жиынды Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің жетекшісі Райхан Имаханбет қорытындылап, арнайы келген зиялы қауым өкілдеріне, қонақтарға, зерттеушілер мен мәдениет жанашырларына шынайы алғысын білдірді. Ол осындай тағылымды басқосудың Өзбекәлі Жәнібеков мұрасын насихаттау ісіндегі маңызын атап өтіп, шараға қолдау білдірген азаматтарға ризашылығын жеткізді. Қорытынды сөзден кейін Райхан Имаханбет өзінің зерттеу еңбектерін, сондай-ақ Алматы қаласы музейлер бірлестігі жанынан жарық көрген құнды кітаптарды қатысушыларға арнайы сыйға тартты. Бұл тарту – жиынның мазмұнын жай ғана тыңдап тарқамай, тарихи-танымдық дүниелерді өзімен бірге алып, одан әрі оқып-зерделеуге мүмкіндік берген ерекше тағылымды сәт болды.

Шараның сіргежиярында қатысушылар Өзбекәлі Жәнібековтің өмірі мен шығармашылық мұрасына арналған арнайы көрмені бірге тамашалады. Көрмеге қойылған жәдігерлер мен құжаттар, фотосуреттер мен тарихи материалдар қайраткердің сан қырлы қызметінен сыр шертіп, дөңгелек үстелде айтылған естеліктерді нақты деректермен толықтыра түсті. Көпшілік үшін бұл көрме Өзекеңнің тұлғасын сөзбен ғана емес, тарихи жәдігерлер арқылы тануға мүмкіндік берген мазмұнды қорытынды болды.

Осылайша, Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйіндегі рухани кездесу сөзбен басталып, тағылымды көрмемен түйінделді. Бірі естелік айтты, бірі ғылыми пайымын ортаға салды, енді бірі ақындық толғанысын арнады. Ал, барлығының басын біріктірген ортақ мұрат – Өзбекәлі Жәнібековтің ұлтқа қызмет етудегі өнегесін ұлықтау және оны кейінгі ұрпақтың рухани қажетіне жарату болды.

Жиын барысында айтылған естеліктер мен ғылыми пайымдар Өзбекәлі Жәнібековтің бір ғана саланың маманы болмағанын тағы бір мәрте дәлелдеді. Ол – тарихты зерттеген ғалым, ұлттық мәдениеттің жанашыры, музей ісінің ірі ұйымдастырушысы, өнердің қамқоршысы, Алаш мұрасын жаңғыртуға күш салған қайраткер және ең бастысы, ұлт алдындағы жауапкершілікті терең сезінген азамат еді.

Өзбекәлі Жәнібеков туралы бұрыннан айтылып жүрген естеліктерде де оның қайсарлығы, білімдарлығы, мәдениет пен өнерге ерекше ықыласы және тарихи мұраға деген жауапкершілігі жиі аталады.

Шараның жоғары деңгейде өтуіне музей-үйдің тарихи атмосферасы да ерекше әсер етті. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының шаңырағында өткен бұл кездесу екі ұлы тұлғаның мұратын рухани тұрғыдан тоғыстырғандай әсер қалдырды.

Жиын соңында қатысушылар Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің экспозицияларымен танысып, тарихи жәдігерлерді тамашалады. Ең бастысы, осы күні музей төрінде Өзбекәлі Жәнібековтің есімі ғана аталған жоқ. Оның  «ұлтқа қызмет ету», «тарихи мұраны сақтау», «мәдениетті қорғау», «өткенді қадірлеу» ұстанымдары туралы тағылымды әңгіме өрбіді.  Сондықтан, «Торғай жеріне тәнті болған Өз-аға» атты рухани басқосудың негізгі нәтижесі де осында – Өзбекәлі Жәнібековтің өнегелі жолы еске алынып қана қоймай, оның ұлттық мұраттары бүгінгі ұрпақтың ойымен қайта сабақтасты. Ал бұл – 95 жылдық мерейтойдың ең үлкен мәні әрі шараның діттеген мақсатына толық жеткенінің айқын көрінісі.

Қарақат Жалғасбаева,
«Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМКҚ
Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің қызметкері

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here