Баланы тәрбиелеу – оған жақсы мен жаманды түсіндірумен ғана шектелмейтін жауапты үдеріс. Тәрбие күнделікті өмір барысында, кейде ата-ананың өзі аңғара бермейтін қарапайым әрекеттер арқылы жүреді. Үйдегі қарым-қатынас, үлкендердің қиындықты қалай шешетіні, бір-бірімен сөйлесу мәнері мен берген уәдесіне беріктігі – баланың үнемі көріп, бойына сіңіретін үлгілері. Сондықтан оның алғашқы түсініктері айтылған сөзден бұрын отбасындағы өмір салты арқылы орнығады.
Бала үлкендердің айтқанын ғана емес, іс-әрекетін де қабылдайды. «Адал бол», «жауапты бол», «өзгені құрметте» деген талаптар ата-ананың жеке үлгісімен үйлескенде ғана әсерлі болады. Үлкендер бір-бірімен сыйластықпен сөйлесіп, өз қатесін мойындай білсе, бастаған ісін соңына дейін жеткізсе, мұндай мінез-құлық бала үшін табиғи қалыпқа айналады. Осы тұрғыдан алғанда, ата-ананың жеке өнегесі – тәрбиенің ең ықпалды құралдарының бірі.
Отбасындағы талаптың бірізді болуы да маңызды. Бүгін рұқсат етілген іс үшін ертең жазалау немесе баладан талап еткен ережені үлкендердің өзі сақтамауы оның дұрыс пен бұрысты ажыратуын қиындатады. Сондықтан тәрбие тек қаталдыққа емес, түсінікті әрі тұрақты қағидаларға негізделгені жөн. Бала өзінен не күтілетінін білген кезде өз әрекетіне де саналы қарай бастайды.
Сонымен бірге жақсы тәрбие баланың әр қадамын бақылау деген сөз емес. Оның жасына сай таңдау жасауына мүмкіндік беру қажет. Өз уақытын жоспарлау, жеке заттарын реттеу, үйдегі белгілі бір міндетті орындау, бастаған ісін аяқтау сияқты қарапайым әрекеттер дербестікке үйретеді. Мысалы, баланың өз бөлмесін жинауы немесе дастарқанды жинауға көмектесуі ұсақ міндет болып көрінуі мүмкін. Алайда осындай күнделікті істер арқылы ол ортақ іске үлес қосуды және өз міндетіне жауап беруді үйренеді.
Отбасындағы эмоциялық ахуал да баланың мінезіне тікелей әсер етеді. Ол өзін тек жетістігі үшін емес, тұлға ретінде бағалайтынын сезінуі керек. Үнемі салыстыру, кемшілігін бетіне басу немесе өзге балаларды үлгі ету оның өзіне деген сенімін әлсіретуі мүмкін. Ал жетістігін орынды бағалап, сәтсіздіктен кейін қайта әрекет етуіне мүмкіндік беру табандылықты арттырады. Осындай ортада бала қателіктен қорықпай, одан сабақ алуды үйренеді.
Баланы тыңдай білу де тәрбиенің маңызды бөлігі. Оның пікірі ересектердің көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін. Бірақ ойын ашық айтуына мүмкіндік беру өзара сенімді нығайтады. Үйде мәселені айқаймен емес, әңгімемен шешуге дағдыланған бала кейін өз пікірін мәдениетті жеткізуді, өзгені тыңдауды және ортақ шешім іздеуді оңай меңгереді.
Еңбекке деген көзқарас та бала кезден орнығады. Үйдегі міндеттерді жаза ретінде емес, ортақ өмірдің бір бөлігі ретінде түсіндіру қажет. Өз заттарын күтіп ұстау, үлкендерге көмектесу, тапсырманы уақытында орындау ұқыптылық пен еңбекқорлыққа баулиды. Бала дайын нәтижені ғана емес, сол нәтижеге жеткізетін еңбектің бағасын түсінгені маңызды.
Ата-ананың баладан мінсіз болуды күтпеуі де қажет. Балалық және жасөспірімдік кезең – тәжірибе жинайтын уақыт. Қате таңдау, сәтсіздік немесе пікір қайшылығы тәрбиенің нәтижесіздігін білдірмейді. Керісінше, осындай сәттерде ата-ананың сабыр сақтап, мәселені бірге талқылауы баланың болашақта қиын жағдайдан дұрыс жол табуына көмектеседі.
Тәрбиенің нәтижесі бірден көріне бермейді. Бүгінгі қарапайым әдеттер ертең адамның мінезінен, еңбекке көзқарасынан, өзгелермен қарым-қатынасынан және өз шешіміне жауап бере алуынан байқалады. Сондықтан балаға берілетін ең маңызды нәрсе – көп ақыл айту емес, сенімге, тұрақтылыққа және өзара құрметке негізделген орта.
Тәрбиенің түпкі мақсаты – баланы үнемі бақылауды қажет ететін адам етіп өсіру емес, өз әрекетіне өзі жауап бере алатын тұлға қалыптастыру. Отбасында дербестікке, сыйластыққа және еңбекке үйренген бала бұл қасиеттерді есейгенде де өзімен бірге алып жүреді. Бүгін үйде қалыптасқан мінез бен әдет ертең оның өмірлік таңдауынан көрінеді. Тәрбиенің шынайы нәтижесі де осында.
Еркебұлан Немелбаев,
І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті
Жастар саясаты және әлеуметтік даму бөлімінің дінтанушы психологы,
Жетісу облыстық АТТ мүшесі









