Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті – сапалы білім мен ұлттық тәрбиені қатар өріп, бойжеткендерді парасаттылыққа баулитын бірегей орта. Университет талай буын қазақ қыздарын жан-жақты білікті маман, жауапкершілігі жоғары белсенді азамат етіп тәрбиелеп келеді. Терең тарихы мен өнегелі мектебі бар бұл оқу орны – қыздардың рухани әрі интеллектуалдық дамуының негізгі діңгегі. Мұнда қалыптасқан асыл қасиеттер бойжеткендердің болашақта саналы таңдау жасап, ел игілігіне адал қызмет етуіне жол ашады.

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Парасат мектебі» концепциясы аясында Жаратылыстану факультетінде «Парасат кеңістігі» апталығы бастау алды.
Апталықтың негізгі мақсаты – студенттер арасында парасаттылық, адамгершілік, жауапкершілік, рухани мәдениет пен ұлттық құндылықтарды дәріптеу.
Іс-шаралар Жаратылыстану институтының директоры басшылығымен, профессор-оқытушылар құрамы мен студенттердің белсене қатысуымен ұйымдастырылды. Апта бойы жастарды мазмұнды кездесулер, танымдық жобалар, рухани-мәдени шаралар мен шығармашылық бастамалар жүзеге асты.
Парасат – адамның тек білімінен ғана емес, оның ісінен, сөзі мен қарым-қатынасынан көрінетін асыл қасиет. Осы апталық шеңберінде институтта «Парасат формуласы» атты интерактивті іс-шара ұйымдастырылды.
Студенттердің бойында адалдық, өзара құрмет және саналы таңдау жасау дағдыларын қалыптастыруға бағытталған кездесу дәстүрлі баяндамалардан өзгеше, жанды әрі еркін форматта өтті. Сонымен қатар, апталық аясында «Ғылыми идеядан ғылыми нәтижеге дейін» атты танымдық әрі тәжірибелік семинар өтті. Семнар спикері ҚР ҒЖБМ ҒК Генетика және физиология институты ШЖҚ РМК бас директоры Калекешов Асқар Маралұлы.


Факультеттің ғылыми бағытын айқындап, жас ғалымдар мен студенттердің ізденімпаздығын арттыруға бағытталған бұл шара профессор-оқытушылар құрамы мен студенттердің белсенді қатысуымен жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Семинардың негізгі мақсаты – білім алушыларға ғылыми-зерттеу жұмыстарының қисынды логикасын, яғни алғашқы гипотеза мен идеядан бастап, нақты, дәлелденген ғылыми нәтижеге қол жеткізудің кезең-кезеңімен өту жолдарын түсіндіру және академиялық адалдық құндылықтарын қалыптастыру.
«Парасат кеңістігі» апталығы аясында Пәнаралық зерттеулер орталығында ғылыми ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты кеңейту және бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамыту бағыттары талқыланды.
Ж. Әбішев атындағы Химия-металлургия институтының Термохимиялық процестер зертханасының меңгерушісі, химия ғылымдарының докторы, профессор Шұға Болатқызы және химия ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Жеңісгүл Иманғалиқызымен институт пен университет арасында жасалған екіжақты меморандум аясындағы алдағы жұмыстар қарастырылды.
Сонымен жас мамандар арасында ғылымға қызығушылық пен ғылыми сауаттылықты арттыру мақсатында «Ғылыми әзірлемелерді қорғау: авторлық құқық, өнертабыс және пайдалы модель» тақырыбында семинар ұйымдастырылды. Семинар барысында катысушылар өздерінің зерттеу нәтижелерін патенттеу жолдары мен авторлық құқықты заңды түрде рәсімдеудің қыр-сырын егжей-тегжейлі үйренді. Тәжірибелі сарапшылар ғылыми жаңалықтарды қорғауда жиі кездесетін қателіктерді талдап, жас ғалымдарға бағалы кеңестер берді. Мұндай шаралар жас мамандардың интеллектуалды меншігін қорғап қана қоймай, олардың отандық ғылымның дамуына сенімді түрде үлес қосуына жол ашады.
Бірнеше апта бойы өтетін бұл бірыңғай алаң – еліміздің болашағы саналатын студенттер мен жастардың бойында адамгершілік құндылықтарды қалыптастыруға және саналы таңдау жасауға бағытталған өнегелі білім кеңістігіне айналады.
Маржан Нурбекова,
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің
қауымдастырылған профессоры, ғылым кандидаты









