«Кітап оқитын ұлт»: Астанада жастар шығармалар жинағының тұсаукесері өтті

0
235

Астанада талантты жастардың қанатқақты шығармалары топтастырылған жинақтың тұсаукесері өтті. Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназияда ұйымдастырылған іс-шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, педагогтер мен мектеп оқушылары қатысты. Бұл кітап ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кітап оқитын ұлт» интеллектуалдық жобасы аясында жарық көріп отыр.

Жиынды Жандар Асан ашып, қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыруда осы тектес іс-шаралардың маңызы мен мәні жоғары екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде «Кітап оқитын ұлт» интеллектуалдық жобасының іске қосылуы – ел болашағын айқындайтын тарихи қадам болды. Жобаның басты мақсаты – қоғамда кітап оқу мәдениетін жаңғырту, өскелең ұрпақтың аналитикалық ойлау қабілетін арттырып, парасат биігіне жетелеу», – деп атап өтті Жандар Асан.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының осынау тағылымды идеясын іс жүзінде асыру бағытында Шерхан Мұртаза атындағы қайырымдылық қоры ауқымды шараларға ұйытқы болып келеді. Соның айқын дәлелі – тұңғыш рет ұйымдастырылған «Түркібасы – айбыным, «Шынар бастау» – айдыным» атты республикалық жастар байқауы.

«Бірегей рухани жинаққа жоба шеңберінде ұйымдастырылған республикалық жастар байқауының үздік туындылары топтастырылған. Кітапқа енген поэзия, проза және бейнелеу өнері жанрларындағы туындыларда ұлтымыздың алтын бесігі – Ұлысымыздың ұйытқысы саналатын оңтүстіктегі оңды істер, Түркібасы өңірінің тұмса табиғаты мен терең тарихы, Майлыкент аймағының туристік әлеуеті мен рухани пәктігі, қасиетті ана тақырыбы, ата-баба дәстүрі, сондай-ақ ел тарихында өшпес із қалдырған бірегей тұлғалардың ғибратты ғұмыры көркем тілмен өрнектелген», – деді Жандар Асан.

Ал мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұлтанов өз сөзінде кітап оқуды тек жеке іс емес, қоғамдық мәдениет екендігіне кеңінен тоқталды.

«Кітап оқу – адамның ішкі мәдениеті мен мемлекетшілдік санасын оятатын негізгі күш. Дүниеде кітаптан асқан сырлас та, кітаптан асқан ұстаз да жоқ. Кітап оқу – жай ғана ақпарат алу емес, ол – ұлттық кодты сақтаудың, танымды тереңдетудің және сананы жаһандық бәсекеге дайындаудың жалғыз даңғылы. Тек кітаппен дос болған қоғам ғана зиялылық пен өркениеттің шыңын бағындыра алады», – деді Қуаныш Сұлтанов.

Сонымен қатар жиын барысында белгілі журналист, мемлекет қайраткері Нұртөре Жүсіп, қоғам қайраткерлері Жигули Дайрабаев пен Ғалиасқар Сарыбаев, саяси ғылымдар докторы Қайрат Айтбай сөз сөйлеп, жарық көрген жинақтың өскелең ұрпақтың тарихи санасын жаңғыртуға елеулі үлес қосатынын атап өтті.

Осы ретте айта кетейік, биылғы жылдың мамыр айында Түркістан облысының Түлкібас ауданында «Түркібасы – айбыным, «Шынар бастау» – айдыным» атты республикалық жастар шығармашылық байқауы өткен болатын. Байқаудың басты мақсаты – Түлкібас өңірінің тарихы мен бүгінгі жетістіктерін, туристік әлеуетін дәріптеу. Сонымен қатар аудандағы қасиетті орындардың бірі – «Шынар бастау» мәдени-рухани кешенінің ерекшелігін, ана тақырыбы мен Тұрар Рысқұлов, Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртаза, Мекемтас Мырзахметұлы, Мархабат Байғұт сынды тұлғалардың өнегелі өмір жолын өскелең ұрпаққа насихаттау.

Биылғы байқауға 90-ға жуық шығарма келіп түскен. Арнайы сараптаудан өткен ең сапалы, көркемдік құндылығы жоғары 70 туынды осы жинаққа енгізілді.

Кітап беттерінде жарық көрген көзіқарақты жастардың тырнақалды шығармалары – олардың әдебиет айдынындағы сәтті қадамы ғана емес, Тәуелсіз Қазақстанның мәдениеті мен шежіресін ұлықтауға қосқан өлшеусіз үлесі. Жастардың қаламынан туған осынау рухани қазына – «Кітап оқитын ұлтқа» айналу жолындағы, интеллектуалды қоғам құру бағытындағы ең игілікті де жемісті қадамдардың бірі ретінде тарихқа жазылмақ.

Кітап өскелең ұрпақтың тарихи санасын жаңғыртуға, бойындағы ұлттық кодты сақтауға және қоғамда кітап оқу мәдениетін орнықтыруға бағытталған. Жинақ әдебиет сүйер қауымға, жас зерттеушілер мен Отан тарихын қастерлейтін барша оқырманға арналады. Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, бұл игілікті жоба алдағы жылдары да өз жалғасын тауып, жаңа томдары жарық көре бермек.

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here