Ұстаз мерейі: Дүйсен Аңсабаевқа «Талдықорған қаласының құрметті азаматы» атағы берілді

0
185

І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасында ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп келе жатқан ұлағатты ұстаз, педагогика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, Қазақстан Жазушылар одағының және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын Дүйсен Сандыбайұлы Аңсабаевқа «Талдықорған қаласының құрметті азаматы» атағы берілді. Бұл құрмет – ғалым-ұстаздың білім мен ғылымға, әдебиет пен мәдениетке, қоғамдық өмірге қосқан елеулі еңбегіне берілген жоғары баға.

Дүйсен Сандыбайұлы 1954 жылы Алматы облысы Кербұлақ ауданының Қоянкөз ауылында дүниеге келген. 1971 жылы Амангелді орта мектебін тәмамдап, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының филология факультетіне оқуға түседі. 1975 жылы «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығын алып, еңбек жолын ұстаздықтан бастайды.

Еңбек жолында мектеп мұғалімі, аудандық білім бөлімінің әдіскері, «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы, Ауыл шаруашылығы қызметкерлері аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы секілді жауапты қызметтер атқарған.

Ал, 1995 жылдан бастап І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде аға оқытушы, доцент, филология факультеті деканының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарып, талай жастың білім алып, кәсіби қалыптасуына үлес қосып келеді.

Ғалымның ғылыми ізденістерінің негізгі бағыты – қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі, соның ішінде лирикалық шығармаларды оқытудың тиімді жолдарын зерделеу.

2004 жылы «Орта мектептің 5-9 сыныптарында лирикалық шығармаларды оқыту» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғаған.

Ғылыми-педагогикалық еңбектерінде оқушылардың поэзияны қабылдау ерекшеліктері, оқырмандық мәдениеті мен эстетикалық талғамын қалыптастыру мәселелеріне басымдық береді.

Дүйсен Аңсабаев – 90-ға жуық ғылыми-әдістемелік мақаланың, бірқатар оқу және әдістемелік құралдардың авторы. «Орта мектепте лирикалық шығармаларды оқыту», «Шығыс әдебиеті», «Қазақ әдебиеті пәнінен өндірістік-педагогикалық іс-тәжірибе әдістемесі» секілді еңбектері білім беру саласындағы мамандардың көмекші құралына айналды.

Ұстаз-ғалымның шығармашылық әлемі де айрықша. Оның поэзиясында туған жер, ана тілі, ұлттық бірлік, адамгершілік пен ұрпақ сабақтастығы секілді тағылымды тақырыптар кеңінен көрініс тапқан. «Өлеңім – өмірбаяным», «Жүректегі жазулар», «Балаларға базарлық» жыр жинақтары, «Қызылжардың қыраны», «Талантқа тағзым», «Асқар тау – әке, Айдын көл – ана», «Кием менің Күреңбелім» секілді кітаптары бар.

Ақын шығармашылығының тағы бір маңызды арнасы – Ілияс Жансүгіровтің мұрасын зерттеу және насихаттау. Дүйсен Сандыбайұлы университетте құрылған «Ілиястану» ғылыми-практикалық орталығының қызметіне белсене кірісіп, Жетісудың ұлы перзенті Ілияс Жансүгіровтің шығармашылық мұрасын насихаттауға үлес қосты. Дарынды жастардың ұлттық әдебиетке қызығушылығын арттыру мақсатында «Ілияс ізбасарлары» әдеби бірлестігін құрып, студенттерді ақындық өнерге баулыды.

І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің ұжымы Дүйсен Сандыбайұлын «Талдықорған қаласының құрметті азаматы» атануымен шын жүректен құттықтайды!

Ұлағатты оқытушы, көрнекті ғалым Дүйсен Сандыбайұлының мерейі – университетіміздің де мерейі болмақ. Ұстаз еңбегі ұлықталып, шығармашылық жолы кейінгі ұрпаққа өнеге бола берсін!

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here