Көптен күткен қуаныш: қайта жаңғыртудан өткен Шу вокзалы пайдалануға берілді

0
1107

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Шу қаласындағы қайта жаңғыртудан өткен тарихи теміржол вокзалының ашылу рәсіміне қатысты.

Жаңғырту жұмыстары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың теміржол вокзалдары мен олардың инфрақұрылымын жаңарту және абаттандыру жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылды.

Жобаның жалпы құны 6 млрд теңгеден асады. Сонымен қатар, вокзал маңындағы аумақты абаттандыруға 524 млн теңге бағытталды.

Жоба аясында вокзал ғимараты толық күрделі жөндеуден өткізіліп, инженерлік желілері жаңартылды. Ғимараттың ішкі және сыртқы әрлеуі заманауи талаптарға сәйкестендіріліп, тарихи нысанның сәулеттік келбеті жаңғыртылды. Күту залдары мен жолаушыларға қызмет көрсету орындары жаңа жабдықтармен қамтамасыз етілді.

Бұдан бөлек, ерекше қажеттіліктері бар азаматтар мен балалы жолаушылар үшін қолайлы жағдай жасауға басымдық берілді. Арнайы күту орындары қарастырылып, вокзалда кедергісіз орта қалыптастырылды.

Өңір басшысы бұл жоба Шу қаласы үшін ғана емес, Жамбыл облысының көлік инфрақұрылымын дамыту тұрғысынан да маңызды екеніне назар аударды.

– Теміржол – елдіктің күретамыры. Шу – тарихымыздың темірқазығы. 1989 жылы пайдалануға берілген бұл нысан алғаш рет күрделі жөндеуден өтіп отыр. Президенттің тапсырмасы аясында облысымыздағы Тараз, Шу, Түрксіб, Отар және Боранды станцияларындағы бес теміржол вокзалын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жобалардың жалпы құны 14,1 млрд теңгені құрайды.

Бұған дейін жерлестеріміз Жуалы ауданындағы жаңғыртудан өткен Боранды бекетінің және ғасырға жуық тарихы бар Т. Рысқұлов ауданындағы «Түрксіб» вокзалының жаңарған келбетіне куә болды. Тараз бен Отар вокзалдары да жаңғырту бағдарламасына енгізілді. Осындай маңызды жобаларды қолдап, еліміздің, оның ішінде өңірлердің көлік инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөліп отырған Мемлекет басшысына облыс жұртшылығы атынан шынайы алғысымды білдіремін, – деді Ербол Шырақбайұлы.

Облыс әкімінің айтуынша, Шу қаласының еліміздің теміржол саласында өзіндік орны бар. Қалада 20-дан астам теміржол мекемесі шоғырланған. Мұнда мыңнан астам теміржолшы еңбек етеді.

– Шу – болат жолмен тағдыры біте қайнасқан шаһар. Әйгілі «Шу – Мойынты» теміржол желісінің құрылысына қатысқан ардагерлер мен осы салада ұзақ жылдар бойы маңдай терін төккен теміржолшылар қаланың тарихын қалыптастырып, кейінгі ұрпаққа өнегелі жол қалдырды, – деді аймақ басшысы.

Жаңғыртылған вокзалдың ашылу рәсіміне теміржол саласының ардагерлері, еңбек ұжымдарының өкілдері және қала тұрғындары қатысты.

Айта кетейік, ауданы 8 141,03 шаршы метрді құрайтын бес қабатты вокзал ғимараты жаңарды. Қасбет, шатыр, ішкі үй-жайлар, инженерлік жүйелер, перрон және вокзал аумағы өзгерді. Қасбеті травертинмен, жертөлесі – қазақстандық мәрмәр плиткамен қапталған. Ішінде заманауи жанбайтын материалдар, дыбыс өткізбейтін төбелер және тозуға төзімді еден жабындары қолданылды. Вокзал 1-класқа жатады.

Орташа тәуліктік жолаушылар ағыны шамамен 1591 адамды құрайды. Станция арқылы Шуды Бурабай курортымен, Алматы, Астана, Семей, Маңғыстау, Ақтөбе, Шымкент, Түркістан, Тараз, Орал, Атырау, Қостанай, Көкшетау, Қызылорда, Петропавл мен Сарыағаш қалаларымен, сондай-ақ Ресеймен, Қырғызстанмен және Өзбекстанмен байланыстыратын 48 жолаушылар пойызы өтеді.

Жоба «Қазақстан темір жолы» ұлттық компанияның өз қаражаты есебінен Қазақстан Республикасының Үкіметі, Көлік министрлігі, «Самұрық-Қазына» АҚ және Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен іске асырылды.

Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ

Жауап қалдырыңыз

Please enter your comment!
Please enter your name here